Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ДАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ – АБАТ БАЙТАҚ КЕСЕНЕСІ

2456
ДАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ – АБАТ БАЙТАҚ КЕСЕНЕСІ - e-history.kz

Белгілі түркітанушы ғалым Л.Н.Гумилев: «Әр түрлі халықтар адамдарының бір-бірінен айырмашылығы тек өмір сүру әдеттерінен емес, негізінен, олардың өлген адамға көзқарасынан көрінеді», - деген.

Біз қазақ өлген адамға ерекше құрмет көрсетіп, арулап жерлейміз. Бұл атам заманнан келе жатқан қазақтың салты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», - дейді біздің қазекем.

Аруаққа құрмет көрсетіп, құран бағыштап, кесене тұрғызып сауапқа бөленеміз. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алған жаужүрек батырлар мен ел басқарған хандардың, аузы дуалы шешендер мен өнер қайраткерлерінің, аты аңызға айналған тарихи тұлғалардың барлығына қазақ халқы ертеден күмбез бен кесене тұрғызып келген.  Солардың бірі Абат-Байтақ кесенесі.

Абат-Байтақ сәулет құрылысы Ақтөбе облысының Қобда ауданы Талдысай кентінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Қобда өзенінің аңғарында орналасқан діни жерлеу кешені. Зират XIV ғасырдың соңы - XV ғасырдың бас кезінде салынған. Кесененің құлпы тастарында арабша әріппен адам аттары, қысқаша өмірбаяндары жазылып, ру-таңбалары салынған.

Діни жерлеу кешені сәулетті қоскүмбезді шатырлы құрылыстар тобына жатады. Далалық мәдениеттің ажарын кіргізіп, тарихтың сырын ішке бүккен ғаламат ғасыр жемісі. Кесененің сыртқы, ішкі пішіні төрт бұрышты жобада салынған. Қазақтың сегіз және он алты қырлы өрімдері күмбездің жоғары жағына қарай көтеріліп, жасалынған. 

Бөлменің батыс және шығыс қабырғаларында арқалық ойықтар бар. Күмбез тұғырының сырты мен ойықтарын оймыштап әсемдеген.  Абат-Байтақ кесенесі орналасқан қорымда әр түрлі үлгімен, ою-өрнектермен салынған құлыптастар көп. Құлыптастардың көпшілігі ақ және ақсұр әктастан қашалған.  Бәрінің биіктігі 1,2-2,0 метр аралығында. Олардан ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ шеберлерінің қолтаңбасын байқауға болады.

«Зираттың ортасында 9,52×9,8 м көлемді, екі бөліктен тұратын 11 – қырлы дағыра мен конустық күмбезді Абат – Байтақ кесенесі орналасқан. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған. Ішкі қаланған қабаттарда қаттама кірпіш қолданылған. Абат-Байтақ кесенесі  сәулет нақышы жағынан хорезімдік кесенелер мен ХІІ ғасырдың аяғы - ХVІ ғасырдың бас кезіндегі Арслан, Текеш, Көк-Кесене, Кесене ескерткіштеріне ұқсайды»,-делінген қазақ ұлттық энциклопедиясының анықтамалығында.

Абат-Байтақ кесенесі жерленген батырдың құрметіне қойылған деген деректерде бар. Жоғарыдағы қазақ ұлттық энциклопедиясы келтірген деректерде, Абат Асан қайғы жыраудың баласы деген аңызды көрсетеді. «Халық аузындағы аңыздарға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. Сондықтан, оның атына «Байтақ» деген сөз қосылған («кең»). Бірақ құрылыстың сәулеттік құрылымы  оның төрелерге тән екенін байқатады»,-делінген энциклопедияда.

XIV - XV ғасырдың тарихи ескерткіші Абат – Байтақ кесенесі туралы алғаш рет XVIII ғасырда подпоручия және инженер Ригельман айтқан болатын. Оның деректерінде және тарихшы П.И.Рычковтың деректерінде кесене «Байтан» деп аталынған. Одан кейін ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында тарихшы М.Меңдіқұлов зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1979-1980 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне қарасты «Казреставрация» бірлестігінің Серік Әжіғалиев басқарған экспедициясы зерттеу жүргізіп, жөндеу жұмыстарын қолға алды. 2007 жылы Абат-Байтақ кесенесі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылып, қорым мемлекет қорғауына алынды.

Дайындаған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?