«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жетісу өңірін отарлау әрекеттері

487
Жетісу өңірін отарлау әрекеттері - e-history.kz
ХІХ ғасырдың ортасында Қазақ жерінің солтүстік және шығыс, батыс өңірлері әкімшілік һәм басқару жағынан толықтай Ресейге бағынды. Отарлаушылар бұнымен шектеліп қалуды қаламады

Желбезегін жайған жайындай шығыс-оңтүстікке қарай жылжыды. Бұлардың алдында апайтөс Сарыарқаның шығыс пұшпағы және оған қанаттаса орналасқан нулы-сулы Жетісу өңірі тұрды.

Ресейлік зерттеуші И.Завилишин: «Жетісу өлкесі Ресейдің Орта Азияға қарай жылжуындағы аса бағалы қақпа»,-деп атап өтсе, американдық оқымысты, профессор Олкотт Брилл өзінің «Қазақтар» атты еңбегінде: «Қазақ жерін орыстардың жаулап алуы екі кезеңмен жүзеге асырылды. Біріншісі, І Петр мен Анна Иоановнаның тұсында Кіші және Орта ордалардың территориясы жаулап алынды. Бұл арқылы орыстардың Сібірдегі мүддесіне жол ашылды. Мұнан соң Ұлы жүздің жерін жаулап алудың алғышарттары жасалды. Нақтырақ айтқанда, орыстардың Жетісу өлкесіне отаршылық билік орнату мақсаты айқындалды»,-дейді («Ақиқат» журналы, 1993, № 7, 60-б).

Бұл өлкені отарлауға дейін ресейліктер күллі Қиян дала Қырымды, Еділдің бойын ен жайлаған он сан Ноғайлыны, түркі-қыпшақтардың рухани ордасы Қазанды құлатқан, Қазақ Ордасының Кіші және орта жүздерін бағындырған Ресей империясы әбден күшейіп, мол тәжірбие жинаған болатын.

Отарлаушы Ресейдің Жетісу өлкесін отарлау жөніндегі жоспарының жүзеге асырылу себептерін ашып көрсеткен И.Завилишин: «…Жетісу өңірі Ресей губерниялары үшін жаңа жерлер қажет болған кезде басып алуға қолайлы әрі дайын тұрған және құнарлы өңір», - деп нақтылайды (Завилишин И. Описание Западной Сибири. Т.3. СПб., 1867. с.152).

Патшалық Ресей шенеуніктері бұған дейін түркі-қыпшақ тектестерді бір-біріне айдап салып, қазақтарға ойраттарды тықсыру арқылы мақсатына жеткен болса, Жетісу және Түркістан өңірін бағындыру үшін түркі-мұсылмандармен іргелес отырған түстігіндегі Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарын ағылшындықтар арқылы қаруландырып, тағы да қазақтарды қырып-жоюға айдап салды.

Қоқан мен Хиуа хандығын Үндістанға қарай жылжыған орыс отаршыларын тоқтату мақсатында ағылшын үкіметі жасырын қолдады. Хиуа ханы Мұхаммед Рахым 1812, 1816, 1820 жылдары қазақ иеліктерін шапты. Әсіресе,1820 жылғы ақпанда 10 мың əскерімен 2 мыңға жуық қазақ ауылдарын талқандады. Әсіресе, 1820 жылғы шабуыл Шымкент, Әулиеата, Сайрам, Түркістан өлкесін қатты күйзелтті. Бұндай қақтығысты қалт жібермейтін Ресей билеушілері Қазақияның оңтүстігі мен қырғыз жерін «хиуа қоқандықтардан қорғау қажет» дейтін желеумен арнайы сайлауыт отряд дайындады.

Бұл жұмысты жүйелеу Омбы облыстық басқарма бастығы С.Б. Броневскийдің арнайы тапсырмасы арқылы Ямышев бекінісінің комендаты подполковник В.К.Шубинге жүктелді.

Арнайы тапсырма алған Шубин отряды 1825 жылы шілде айында Жетісудің құнарлы ойпаты Қараталға жетті. Осы арадан отряд екіге бөлінді. Бір бөлігі Қараталда бекініп, хорунжий Нюхалев бастаған екінші топ Жетісуға тереңдей енді. Осылай Жетісу өңірін отарлаудың алғашқы әскери-жорығы басталды.

Тарихшылардың пайымдауынша, Жетісу өлкесінің Ресей құрамына кіруіне түрткі болған басты себеп ретінде жоғарыдағы оқиғаны айтады. Нәтижесінде, 1817 жылы сұлтан Сүйік Абылайханұлы қарамағындағы жалайыр руының 66 мың адамы қоныстанған аймақ Ресей құрамына алынды. 1825 жылы Жетісудың 50 мың адамдық Үйсін болысындағылар өз жерлерінде Ресейлік округтерін ашуға келісім берді.

Кешікпей 1831 жылы Арқа мен Жетісудың шегінде орналасқан Аякөз бекінісі бой көтеріп, оған басқыншы орыс-казак жасағы қоныстанды.

Келесі бір есте болатын мәселе, Жетісу өңірі Қытай елімен шекаралас болғандықтан орыстар қытай факторымен санасуға еріксіз мәжбүр еді. Әрі Қытай-Ресей арасындағы сауда керуен жолы осы өлкені басып өтетін. Осындағы сауда жолының Жетісу өңіріндегі қауіпсіздігін қытай жағы қамтамасыз ете алмаса Ресей «сауда жолының қауіпсіздігі қорғауды» өздері міндетіне алатыны жайлы мәлімдеді.

Тарихшы Құрбанғали Халид, өзінің еңбегінде: «1832 жылы Семейден отряд шығып, Аякөзге келді. Осы жерде Қытай елінің өкілдерімен кездесті. Шәуешектен 300 жасағымен қытай өкілі келді. Орыстар тарапынан майор Нукелов сөйлесті. Орыстар өздерінің қамал тұрғызу себебін «сауда жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» екенін алға тартты. Егер қаламасаңыздар біз кетейік, сендер сауда жолының қауіпсіздігін қорғаңдар деген шарт қойды. Бұл орындалуы қиын шарт.

Себебі, қазақ жеріне дендеп алған орыстар құпия түрде қазақтарды айдап салып, сауда керуендерін тонатып, ол істі қытайлардың бақылау жасамағандығынан болған оқиға ретінде саясиландыру ойыны жатқаны айдан анық екенін, жазады. Сөйтіп, Қытай өкілі сауда жолының кауіпсіздігіне кепілдік бола алмағандықтан, осыны пайдаланған орыс-казак жасағы Аякөзден асып, Үржар-Алакөлге дейін жетті.

Ойда-жоқта пайда болған орыс-казак жасағынан сескенген біраз ел Алатаудың күңгейін мекен еткен Бек сұлтан төренің еліне ауып барады. Оған сұлтан қуанбады, себебі, бұларды індетіп өз бұқарасын қорғаған болып орыс-казак әскері келетіні белгілі еді. Ақыры орыстар келіп Алатауды сұлтанымен қосып қаратып алды. Сөйтіп, азғана уақытта шығысы Зайсан, батысы Балқаш, оңтүстігі Алатауға дейін ұзындығы мен ені 6-7 жүз шақырым ел Ресейге қосылды (Құрбанғали Халид «Тауарих хамса». Алматы, «Қазақстан». 1992 ж.152-б).

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

зерттеуші

Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?