Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Желтоқсан – Тәуелсіздік қарлығашы

2855
Желтоқсан – Тәуелсіздік қарлығашы - e-history.kz
NDH тарихи порталының тілшісі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Астана тұрғындарының арасында шағын сауалнама жүргізді

Байқасақ, астаналықтардың көбі 16 желтоқсанды Республика Тәуелсіздігі мен мемлекеттік егеменділік туралы заң қабылданған күн деп емес, 1986 жылғы Желтоқсанның қайғылы оқиғаларымен байланыстырады екен. Әрине таңданатыны жоқ, өйткені, дәл сол қасіретті оқиғалар ұлттық сана-сезімнің оянуына түркті болып, болашақта егемендік алуда зор рөл ойнады. Әлбетте, сол кезде алматылық жастарда Қазақ ССР-нің тәуелсіздігін талап етеміз деген жоспар болған жоқ.

Ширек ғасырдан бері Қазақстан Компартиясының ОК бірінші хатшысы лауазымын атқарған Д.А.Қонаев кеткен соң, оның орнына Г.В.Колбиннің тағайындалуы наразылық туғызды. Кейінірек осы сәт, Колбиннің тағайындалуы кімге пайдалы болды, немесе наразылық бұдан да үлкен бірдеңеге ұласуы мүмкін екендігін билік басындағылар түсінбеді ме деген сияқты көптеген талас-тартыстарды туындатады. Бұл ретте, қазақ халқының наразылығы бірінші хатшының ұлтына қатысты туындамағандығы ұлтшылдық туралы айыптауларға контраргумент болады.

Колбин Г.В. бұл уақытқа дейін СОКП Ульянов обкомында қызмет етті, Қазақстанға ешбір қатысы болған жоқ.  Ал, шеруге қатысушылар бірінші хатшы қылып қазақты емес, «өзіміздікін», яғни, Қазақстанмен байланысты, жергілікті менталитетпен, мәдениетпен, тұрмыс-тіршілік жағдайымен, оның ерекшеліктерімен жақсы таныс адамды тағайындауды талап етті.

Жұртшылық кандидат ретінде: Е. Әуелбеков, В. Демиденко, З. Камалиденов, О. Мирошхин, Н. Морозов, С. Мұқашев, Н. Назарбаев және басқалар сияқты түрлі ұлт өкілдерін ұсынды. 1985 жылы М.С.Горбачев СОКП ОК бас хатшысы болып тағайындалғаннан кейін «жылдамдатуға» бағдар беріледі, бұған тұрғындар жеңіл кекесінмен қарайды, өйткені бұл ұранның астарында ССРО-ның көптеген көрсеткіштер бойынша артта қалғанын мойындау тұрды. Бір мәселе шешілмей жатып, екінші мәселе туындап жатты, бұл онсыз да мәз емес жағдайды одан сайын ушықтара түсті.  

Дәл осындай демократиялық кезеңде жастардың орталықтың үстемдігіне қарсы шығуы парадокс еді. Екінші жағынан, шерудің өтуінің өзі, халықтың өз құқығын және оны қорғау мүмкіндігін түйсіне бастағандығын көрсетеді. Бостандықтың дәмін бір рет татқан тұтқын тар қапасқа қайта оралмайды. Бірнеше жылғы үнсіздіктен кейінгі аяқ-астынан жарияланған «жариялылық» саясаты мол ақпарат ағымында жалған ақпараттың да жайылуына әкеп соқты, ал жалған ақпаратқа оп-оңай сенуге болатын еді.  

Сондықтан да әлеуметтің көңіл-күйіне қарау маңызды болды. Бәлкім, керісінше, мемлекеттік аппарат «пікір алуандығын» өзіне қажетті ыңғайда қолдана отырып, бұны тым жақсы жасаған шығар. Жоғары мемлекеттік лауазымды тұлғаларды айыптаудың тағы да жаңа себептері пайда болды. Мысалы, тағы да Горбачевтың орнықсыз саясаты, осы оқиғалардың туындауына себепші болған оның жігерсіз іс-қимылы туралы сөз қозғала бастады. Тіпті КОКП ОК Бас хатшысы батыстың тыңшысы, ССРО-ны құлату – оның мақсаты деген сияқты әңгімелер де шығып жатты.  

Желтоқсанды ұйымдастырушылардың нақты мақсаттары қандай болмаса да, талаптарын жария ету үшін алаңға шыққан шерушілер өз арман-мұраттарына сенгендігін айта кеткен жөн.  Өз тәуелсіздігі, өз құқығы үшін күрескен түрлі халықтарды туған ел тарихындағы қайғылы парақтар жақындастыра түседі – кейіннен билік құрылымдары өздерінің зорлық әрекеттерінің ізін жою үшін жанталасады. Көптен күткен жаңа күн туған кезде тұрғындар бұл қырғынның ауқымын үрейлене бажайлады: бүкіл алаңда қан дақтары, оларды қайнаған сумен кетіріп жатты. Тауға баратын жолдың бойында мәйіттер жатты. Бұлар - құқыққорғау органдары шығарып тастаған мүрделер болатын. Ұсталғандар дене жарақаттары мен үсік шалудан қайтыс болған.

Басқа құрбандар туралы мәліметтер күмән тудырады. МҚК-да (КГБ) болған тергеуден кейін белгісіз жағдайларда 16 жасар  Ләззат Асанова қайтыс болды. Савицкийдің өліміне кінәлі деп танылған Қайрат Рысқұлбеков сотталып, өлім жазасына кесіледі, кейін өлім жазасы 20 жылдық мерзімге алмастырылады. Бірақ, ол жұмбақ жағдайда қаза тауып, «өзіне-өзі қол жұмсады» деген нұсқа кең тарады. 1992 жылы Рысқұлбеков қайтыс болғаннан кейін толықтай ақталды, ал 1996 жылы Президенттің жарлығымен оған Халық Қаһарманы атағы берілді.

Алаңға келгендердің бір бөлігі шеруге қатысты жалпы дүрлікпеге ілесіп, ниеттестік пен әуестік итермелеп, оған аяқ астынан қатыса да салған шығар. Бірақ, бәлкім, осы сезімдер туған халқының тағдырына алаңдаушылық туғызып, өздерінің азаматтық ұстанымын қорықпай, еркін білдіру құқығын қорғап, өздерінің әділ талаптарын дәл осы кезде дәл солардың қорғауы керектігі сияқты сана-сезімді оятқан болар.

Осы  Желтоқсан-1986 қатысушыларының арқасында қазір тәуелсіз Қазақстан Республикасында өмір сүріп жатқанымызды мойындауымыз керек. 

Мақаланы дайындаған кезде http://www.fergananews.com/, http://www.gorodpavlodar.kz/ сайтының материалдары қолданылды 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?