Нұра Тайтөбені оң жағымен, шығыстан айналып өтеді де, содан әрі Қорғалжын қопасына қарай тіке тартады. Егер осы алаңға құс қанатының үстінен қарасақ, Тайтөбенің өзенге бір жағынан кіріккен түбек сияқты жер екенін аңғарар едік. Осылайша Тайтөбе тек батысынан, яғни қазіргі Астана жағынан ғана ашық табиғи бекініс сияқты. Ертеде жаугершілік заманда төбенің батыс алқабын алыстан орағытқан, өзеннің бір қылта тұсынан шығып, келесі бір бұралаң тұсына дейін тікелей тартатын терең ор болған шығар деп ойлаймын. Сарыарқа жерінде мен көріп жүрген ортағасырлық қалалардың фортификация және жан сақтау мәдениетінің бір белгісі – осы ор. Ортағасырлық қоныстардың барлығы да, әсіресе хан мен сұлтандардың ордалары осылайша тұтқиыл шабуылдардан қорғанады.
Біз Өлеңтінің Әулиекөлге құятын тұсынан Ақкөл-Жайылма қалашығын зерттегенімізде оны да алыстан орағытқан енді, терең ордың ізі сақталғанын анықтаған едік. Тайтөбенің Нұра өзені жағында ескі қалашықтың, үлкен қоныстың орны жатыр, егер зерттеушілер арнайы уақыт бөліп төбенің жан-жағын шұқылап қараса, бұл жерден қадым заманның бірталай ескерткіштері шығайын деп тұр. Ең бастысы, біз Тайтөбенің ұзақ уақыт қорғануға ыңғайлы, оның үстіне адамы да, малы да судан, азықтан тарықпайтын Нұраның табиғи арнасы мен қолдан жасалған саласы арасына орналасқан жер екенін аңғардық.
Біздің қолымыздағы барлық деректерді салыстыра қарасақ, өзгеше көрнекті, бертінде қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұрған. Кейбір зерттеушілер «мола» атауы антика дәуірінің тарихшыларының еңбектерінде кездеседі дейді. Солардың бірі Прокопи «мола» сөзін «қамал» мағынасында қолданады, осыған байланысты «Ақмола» атауын «Батыстағы қамал» деп түсіндіру бар. Біз Ақ моланың алғашқы нұсқасы қалай болғаны туралы ештеме де айта алмаймыз, ескерткіш толық қираған, ал оның ірге тасын арнайы зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген де ғалым болмады. Тайтөбе басында күйдірілген кірпіш ізі жоқ, осыған қарағанда Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткіштері сияқты «дың» түрінде тастан қаланған шошақ құрылыс болды ма деп жобалаймыз. Кезінде биіктігі бірнеше метр болғаны, диаметрінің өзі оншақты метр екендігі көрініп тұр. Осы кесененің жанында орналасқан оғыз-қыпшақ дәуірінің қорған-обалары әлі де бар. Әрине бір мың жылдан аса аяқ асты болып жатқан ескерткіштер тозады. Дегенмен әлі де Тайтөбенің көне тарихынан бағыт-бағдар беріп тұрған сол қорған-обалар. Күтім керек-ақ. Сөз жоқ, қазақтың Ақ мола болып ел есінде қалған кесенесінің ғұмыры кемі мың жылдың ар жағы. Оның не себептен Ақмола атанғаны белгісіз, мүмкін сыртқы сылағы ақ балшық болды ма екен? Қазіргі күні де Тайтөбенің маңайынан ақ балшықты қазып алып жатқан елді көресіз. Подполковник Шубин Ресей басшылығының тапсырмасымен Ақмола округін ашамын деп келген 1830 жылдары ол кесененің орны ғана бар болатын, бірақ Нұраның Тайтөбе жағы ескерткіштің атын сақтап қалды (Ресей деректерінде «урочище Акмула» аталады).
Ақмола өңірі – қазақ хандарына мекен болған жер. 1825 жылғы атақты кеншілер әулетінің өкілі Демидов жазбаларында «По р. Нура вниз до р. Ишима к тому месту, где, по показаниям Шангина и Назарова, обе реки сии и теперь уже почти соединяются, где у горы Ак-Мулы кочует известный в степях хан Вали...» деген мәлімет жүр. Бұл деректе аздаған қателік бар. Шын мәнінде Демидов Ресей патшасы Александр І-ге хат жазған уақытында Уәли хан қайтыс болып еді. Орта жүздің соңғы хандарының бірі, Абылай ханның үлкен ұлы Уәли 1820 жылы Көкшетауда қайтыс болып, Ошақтыкөлде асы берілді. Біздің тарихшылардың Уәли хан 1819 жылы қайыс болды деген А.И. Левшинге негізделген мөлшерінде аздаған қателік бар, себебі құлпытаста 1820 жыл деп көрсетілген.
1830 жылдары біз Тайтөбе маңында Сәмеке ханның немересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлын жиі көреміз. 1838 жылы Кенесары ханның қозғалысы кезінде Тайтөбе атауы саяси оқиғалардың контексінде соңғы рет аталды да, кейін белсенді айналымнан шығып қалды. Бірақ Тайтөбе қазақ сөзін білетін адамдардың жадынан шығуы мүмкін емес. Себебі бұл атау – қазақ халқының эпикалық жырларына еніп кеткен белгілі топонимдердің бірі. Тайтөбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін даулаған Ер Қосай мен Қобыландының арасында адам баласы бұрын-соңды көрмеген жекпе-жек болды дейді Г.Н. Потанин жазып алған қазақтың батырлық ертегілері. «Ер Көкше» мен «Ер Қосайдың» заманы деген қай уақыт мұғдарына келеді дегенге жауап беру өте қиын. Қазақтың аңыздарында Ер Көкше Манастың бірде замандасы, бірде әкесі еді делінеді. Ә.Х. Марғұлан «Манас жыры» Орталық Азия түркілері мен қытайлықтардың арасындағы ұлы соғыстардан бастау алатынын бірнеше қайтара жазған еді кезінде. Ендеше Ер Қосай мен Қобыландының жекпе-жегі де сол заманға қарай қадам басады.
Тайтөбе деген сөздің мағынасы да жауынгерлік заманнан өз шешімін табады, себебі «тай» сөзі оның ертеде қарауыл төбе қызметін атқарғанын білдіреді. Қазақ тіліндегі «тай» сөзінің түпкі мағынасы биік, дөңес, шатыр деген сипатта. Осыдан келіп «тай» сөзі күзет орны, қарауыл қарайтын жер, қарауыл басы деген мағынада дамыған. Көне түркі дәуірінде «тай бегі» (қарауыл басы), «тай білге тұтық» (қарауыл салығын жинаушы) деген мемлекеттік лауазымдар болған (Древнетюркский словарь. Л.,1969. с.527). Бұл ұғымдар әуел баста ұйғырдың жазба әдебиетінде және кеңсе дәстүрі арқылы қалыптасты да, кейіннен Шыңғыс ханның империясында да қолданылды. Қазіргі мұңғыл тілінде сол себепті «тай» деген сөз екі мағынада бірдей пайдаға асып жүр: біріншіден, ол «аялдама, бекет, жолхана», екіншіден, ол «шатыр, үй төбесіне салынған баспана, күзетхана» (Базылхан Б. Моңғолша-қазақша сөздік. Уланбаатар-Өлгий,1984. с.444).
Сонымен Тайтөбе сөзінің ең негізгі, көне мағынасы «қарауыл төбе» болып шығады және бұл атаудың тарихы кемі бір мыңжылдан асып кеткені анық. Қазақ жеріндегі «тай» сөзі қолданылған жер атауларының негізгі бөлігі осы тарихи мағынаны сақтап қалғанын Шу өзеніндегі атақты Тай өткелінен де аңғаруға болады. Бір жағы Ібір-Сібір, бір жағы Түркістан өңіріне жалғасқан керуен жолы осы өткелмен өтеді. Ендеше Бетпақтан шығатын қылкөпірдей жолдың Шудан өтетін тұсы сауданы жүргізуге мүдделі қандай да болсын мемлекеттің қарауыл жасағының бақылауында болуы заңды емес пе?!
Ресей билігі Сарыарқа жерін отарлау барысында 1830 жылдары алғашқы округтарының бірінің орталығын біз әңгіме етіп отырған Тайтөбеден ашпақ болды. 1822 жылы қабылданған «Жаңа Низам» заңы қазіргі күні ғылыми-көпшілік әдебиетте «Устав» деп жиірек аталады (Устав о Сибирских казахах, Устав об Оренбургских казахах). Біздің аталарымыз қазақ өмірін түбегейлі өзгерістерге бастаған осы құжатты «Жаңа Низам» деп атап еді. Осы империялық заңның шешімімен 1824 жылы ертеде хан ордалары тұрған Көкшетау мен Қарқаралыда округтер ашылды. 1830 жылдары кезек Ақмолаға да келді. Осы жерде 1832 жылы тамыздың 22-інде Ақмола дуанының (дуан - арабтың диуан сөзінен, яғни кеңес ететін, билік жасайтын орын, бұл жерде округ орталығы деген мағынада) ашылуына байланысты мерекелік іс-шаралар өткізілді. Маңайдан Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бастап келеген Тоқа, Тінәлі, Қаракесек, Төртуыл, Ораз Темеш, Бөрші, Айтқожа, Тама, Алтын Жағалбайлы, Алтай, Таракты, Қарпық болыстары сый-сияпаттарын алып, бәйгені қызықтап елдеріне қайтты. Бұл оқиғалар туралы біздің қолымызда архив құжаттары бар.
Сонымен Ақмола дуанының ең алдымен Тайтөбеде ашылғаны, сол себептен оның Ақмола атанғаны көп қауымға белгілі болды деп есептейміз. Ал, дуан орталығы қазіргі орнына, яғни Қараөткелге не себептен көшірілді ол жағы көпшілікке белгісіз болар. Бұл мәселенің басын ашып алған дұрыс болар еді. Шежіреші қариялардың ішінде осы мәселені Баянаула азаматтары ағайынды Сейтен, Тайжан аттарымен байланыстыратындары бар. Саққұлақ шежіресіне құлақ түрелік:
«Ақмола қорғанын салуға алғаш белгіленген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола дейтін моланың жаны болатын. Ол – қазіргі қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым жерде. Осы жерден қаланың орынын өлшеп, жаппа үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлері біраз адам болады. Ішінде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегалы төре бар. Сейтен, Тайжанның жайлауы бұдан көп алыс емес. Есіл өзенінің бойындағы Жалғызағаш деген жер еді. Тайжан қаршыға салып жүріп осында келеді. Жөнін білген соң Бегалыға қарсылық білдіреді. Жерін қызғанып: «Кетіңдер, қала салғызбаймын», - дейді. Бегалы ызаланып, күш көрсетіп, ұруға айналған соң, Тайжан жылысып кетіп қалады.
Сейтен, Тайжанның осы дүрбелеңге байланысты жиналған жасақ жігіттері болады. Әлгі ерегестен бір күн өткен соң осы жасақты алып, Тайжан қала салынғалы жатқан жерге келеді. Бегалыны ұрып, саймандарын тартып алып, көлікке әкелген бір жүздей жылқысы бар екен, оны тағы айдап кетеді. «Бұл өлтірген қаршығамның құны» – деп, бақташыға айтып жібереді. (Тайжан жалғыз келген күні төрелер қаршығасын өлтірген болатын). Бұл оқиғадан көп ұзамай, қаланы екінші орыннан салуға ұйғарып, Есіл өзенінің бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. Аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады. Енді оған алдымен Сейтен, Тайжаннан кек алу керек. Сонымен оларға ерген ауылдарды жазалау үшін Бегалыны басшы қылып қырық қазақ-орыс жібереді, міне Қаржастың Кенесары көтерілісіне қосылуына осы себеп болады».
Заманында 17 мың жылқы айдаған Азынабайдың 1838-шы жылы өлгенін, оның сүйегін балалары Әзіретке апарып қойғанын Сейтеннің құлы Тілеген Канатеев өзінің орысқа көрсеткен жауабында айтады. Сонымен қатар оның жауабынан Сейтен мен Тайжанның 1838 жылы Ақмоланы шабуға тікелей қатысқанын көреміз. Осыған байланысты Қаржастың Кенесары әскерінің қатарына еніп кетуі Сейтен мен Тайжанның Ақмолада әскери бекініс салуға наразы қимылдарына байланысты болды деп есептеуге болады.
Бұл наразылық қазақтың көшпелі мал шаруашылығының қажеттіліктеріне байланысты ушықты ма, әлде оған себеп Қоңырқұлжаның келісімімен орыстың Сарыарқаның дәл ортасынан Ақмола бекінісін салып намысқа тиуі ме, әлі де зерттей түскен дұрыс.
Саққұлақ шежіресінде Ақмола қорғанын орыстар 1830 жылы Қараөткелден сала бастады дейді, ал деректерге қарағада бұл 1832-ден кейін, 1838-ге дейін болған оқиға. Алғашқы бетте дуан орталығын қай жерден саламыз дегенде орыстар Қараөткелге де қызыққан, бірақ Қоңырқұлжа сұлтанның ұсынысымен бекіністің іргесін Ақмолада көтермек болған. Оның жазды күні көшіп жүретін жайлауы Сарыоба, Жаман Шұбар, т.б. Ақмолаға таяу жерлер. Шежіре деректерінің ішінде Кенесары хан күлдірмамай мылтығымен Тайтөбенің басында тұрып орыстың қарауылшысын атып өлтірді деген әңгіме бар, мүмкін бұл жерде дуанның әлі де Қараөткелге көшпей тұрған кезі айтылған болар. Нұраның биік оң жағасында Ақмола дуанына арнап салынған алғашқы құрылыстардың орны әлі де сақталған, оларды жақсылап зерттесе бір дерек шығуы кәдік.
Қалай болғанда да Тайтөбе – Есіл мен Нұра аралығындағы елдің қадым заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі тарихының куәсі. Тайтөбе тарихи-мәдени қорық болуға лайық орын, сол себептен ауыл, аудан, қала басшылары осы бір қасиетті төбені сақтауға, көркейтуге басты назар аударулары керек деген пікірдеміз. Тайтөбенің бүгінгі күні онша мәз емес, оның бір жағы ашық карьер, бір жағында құрылыс жүріп жатыр. Нұраның жарын қопарып әрлі-берлі тасыған ірі машиналар. Тайтөбенің табаны аппақ балшық екен, бір бүйірінен үңгіген карьер төбенің қойнын жарқырата ашып тастаған.
Осы жерде пұл тауып жүрген жігіттер төбенің атын да білмейтін сияқты, тіпті төбенің етегіндегі Тайтөбе ауылының да кіреберісінде тақта жоқ. Тайтөбенің басында Маңғыстаудың ұлу тасынан он сегізінші ғасырда өмір сүрген, қарадан шыққан хан болған деп Нияз биге ескерткіш орнатылған. Нияз бидің он сегізінші ғасырда өмір сүргеніне, оның қарадан шығып хан болғанына ешкімнің дауы жоқ. Соңынан қалған ұрпақтары осылай ойласа ойлайтын шығар, олардың да бір ілгешегі бар шығар, мүмкін қазіргі заманда осылай ойлау қажет те шығар?!
Бірақ Нияз бидің орта ғасырлардың жуан ортасында салынған Ақ мола кесенесіне еш қатысы жоқ. Ақмолаға қатысты ескерткіш осы төбенің басында аяқ асты болып жатқан қорғандар, олардың бір-екеуі Нияз биге арнап кесене құрылысы салынғанда жартылай қираған. Нияз кесенесінің табанында не қалды, ол жағынан менің хабарым жоқ. Жақында Тайтөбеге тағы да жол түсті, төбе бұрыңғы қалпынан да нашарлап барады. Алтын іздеушілер болуы керек, біреулер төбе басын шұрқ-тесік қазған. Қарауыл мұнараның ірге тасы, ұстын ағаштан қалған бірдеңелер жатушы еді, енді ол да жоқ. Егер негізгі Ақ мола аталатын моланы күндердің күні зерттеу қажет болатын болса не болмақ?
Бұл күн біздің ұлттық сана мен мәдени деңгейіміздің өсуіне байланысты ертелі-кеш туады. «Мәдени мұра» тек бағдарламамен, үкімет нұсқауымен ғана атқарылатын жұмыс емес, ең басты бағдарлама біздің Қазағым, Елім деп соққан жүрегімізде болуы керек. Тайтөбе – сол Қазақ деп, Ел деп күресетін ұрпақтың ескерткіші, ол бүгін бізге керек болмаса да болашақтағы үрім-бұтақ үшін керек.