Оралдың тарихи ғимараттары (1-бөлім)

Автор:
30.04.2026
30
Оралдың тарихи ғимараттары (1-бөлім) - e-history.kz

Орал қаласы Қазақстанның батысында орналасқан ең көне қалалардың бірі саналады. Қала Жайық өзенінің бойында орналасқан. Оның негізі 1613 жылы қаланған. Алғашында бұл жерде казактардың әскери бекінісі Яицк қалашығы пайда болып, уақыт өте келе ол шекаралық қорғаныс нүктесінен ірі сауда және мәдени орталыққа айналды. Географиялық тұрғыдан алғанда, қала Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасуы арқылы ерекше маңызға ие болды.

XVIII ғасырда Орал өңірі Ресей империясының шекаралық аймағы ретінде стратегиялық рөл атқарды. Осы кезеңде қала Пугачев көтерілісі оқиғаларымен тығыз байланысты болды. Көтеріліс барысында Яицк қалашығы маңызды орталықтардың бірі саналып, тарихи оқиғалардың куәсі болды. 1775 жылы көтеріліс басылғаннан кейін, патша үкіметінің шешімімен «Яицк» атауы өзгертіліп, қала «Уральск» деп атала бастады.

XIX ғасыр Орал қаласының қарқынды дамыған кезеңі еді. Бұл уақытта қала әкімшілік орталық ретінде қалыптасып қана қоймай, сауда қатынастарының маңызды торабына айналды. Жайық өзені арқылы өтетін керуен және су жолдары өңір экономикасының дамуына серпін берді. Қалада жәрмеңкелер ұйымдастырылып, көпестер мен қолөнершілер шоғырланды. Соның нәтижесінде Орал Батыс Қазақстандағы ең ірі экономикалық және мәдени орталықтардың біріне айналды. Дәл осы кезеңде қалада көптеген сәулет нысандары бой көтерді. Әкімшілік ғимараттар, сауда үйлері, оқу орындары, діни құрылыстар мен тұрғын үйлер салынды. Олардың басым бөлігі сол дәуірдің сәулет ерекшеліктерін сақтай отырып, бүгінге дейін жеткен. Классикалық стиль, эклектика және орыс сәулет өнерінің элементтері үйлескен бұл ғимараттар Оралдың тарихи келбетін айқындайды.

XX ғасырдың басында да қала өзінің мәдени маңызын сақтап қалды. Мұнда білім беру мекемелері, театрлар, кітапханалар ашылып, рухани өмір жандана түсті. Орал әр кезеңде түрлі тарихи өзгерістерді бастан өткерсе де, өзінің көне архитектуралық мұрасын жоғалтпай, бүгінгі күнге жеткізе алды. Сондықтан Орал қаласын «ашық аспан астындағы музей» деп атау бекер емес. Қаланың тарихи орталығында сақталған көне ғимараттар мен көшелер өткен ғасырлардың тынысын сезіндіреді. Бұл – тек архитектуралық мұра ғана емес, тұтас бір өңірдің тарихы мен мәдениетінің көрінісі. Орал қаласына барған сапарымызда біз дәл сол тарихи көшелермен жүріп өтіп, көркем ғимараттар туралы азын-аулақ ақпарат жинап келгенбіз. 

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ғимараты

Орал қаласының қақ ортасында орналасқан бұл ғимарат – өңірдің ең көрнекті тарихи-сәулет ескерткіштерінің бірі. Бүгінде мұнда Батыс Қазақстан облысының әкімдігі орналасқанымен, оның тарихы XX ғасырдың басынан басталады. Ғимарат 1904 жылы Ресей сауда-өнеркәсіп банкі үшін арнайы салынған. Сәулет нысаны ренессанс стилінде тұрғызылып, сол дәуірдің іскерлік ортасына тән салтанатты әрі монументалды сипатқа ие болды. Ғимарат тас пен темірден салынып, ақ кірпішпен қапталған. Жобасын сәулетші А. Бунькин әзірлеген, ал құрылыс жұмыстарына Мәскеуден шақырылған инженер Н. Раевский жетекшілік еткен. Ғимараттың сәндік темір өрнектерін шебер П. Лаптишкин жасағаны туралы деректер сақталған.

Үш қабатты құрылыс өз кезеңінде көпфункционалды орталық болған. Төменгі қабаты (жертөле деңгейінде) шаруашылық қажеттіліктерге пайдаланылса, екінші қабатында дүкендер мен сауда орындары орналасқан. Үшінші қабатта банк бөлімшесі мен биржа қызмет еткен. Сонымен қатар мұнда нотариус кеңсесі, дәріхана, шаштараз, мейрамхана және саудагерлердің дүкендері жұмыс істеген.

Ғимараттың сыртқы келбеті ерекше сән-салтанатымен көзге түседі. Алдыңғы портал колонналармен көмкеріліп, олардың арасында мүсіндік элементтер орналастырылған. Кіреберіс алдында екі арыстан мүсіні бар. Қасбеттегі лепнина, балкон торлары мен сәндік элементтер ғимаратқа айрықша көркемдік сипат береді. Сол себепті қала тұрғындары оны бейресми түрде «Ақ банк» деп атаған. 1917 жылғы революциядан кейін ғимараттың қызметі түбегейлі өзгерді. Мұнда жұмысшы, солдат және казак депутаттарының кеңестері орналасты. 1919 жылы РКП(б) губерниялық комитеті мен комсомол органдары жұмыс істеді. Кейін ұзақ жылдар бойы бұл ғимаратта облыстық кеңес мекемелері қызмет атқарды. Қазіргі уақытта тарихи ғимарат өзінің әкімшілік функциясын сақтай отырып, өңірдің басты басқару орталығы – облыс әкімдігі ретінде пайдаланылады. 

Карев үйі

Орал қаласындағы Карев үйі – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қалалық сәулеттің көрнекті үлгілерінің бірі. Ғимарат 1900 жылы ірі көпес Александр Каревтің иелігінде салынған. Үш қабатты, кірпіштен тұрғызылған еңселі құрылыс сол кезеңдегі Оралдың экономикалық қуатын, көпестердің ықпалы мен қаланың сауда орталығы ретіндегі маңызын айқын көрсетеді.

Ғимарат бастапқыда көпфункционалды мақсатта пайдаланылған. Бірінші қабатында түрлі сауда орындары мен дүкендер орналасса, екінші қабатында офицерлер жиналысының клубы жұмыс істеген. Үшінші қабаты қонақүй ретінде қызмет атқарып, қалаға келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдері осында тоқтаған. Кейін бұл жерде коммерциялық клубтар, кітапхана, тіпті алғашқы кинематографиялық көрсетілімдер ұйымдастырылғаны белгілі.

XX ғасырдың басында Карев үйі Оралдың қоғамдық және мәдени өмірінің маңызды орталығына айналды. 1919 жылы мұнда қоғамдық-саяси іс-шаралар өтіп, түрлі жиындар ұйымдастырылды.  Кеңес дәуірінде ғимараттың қызметі бірнеше рет өзгерді. 1920 жылдары мұнда «Қызыл Орал» типографиясы, кәсіподақ кітапханасы, съездер мен театр қойылымдары өтетін залдар жұмыс істеді. 1919 жылдан кейін ғимарат «Еңбек сарайы» деп аталып, қоғамдық кеңістік ретінде пайдаланылды. Кейінірек Кировтың есімі беріліп, тағы бір тарихи кезеңнің белгісіне айналды. Ұлы Отан соғысы жылдары Карев үйі әскери госпиталь ретінде қызмет етті. Соғыс кезеңінде де үшінші қабаттағы қонақүй өз жұмысын тоқтатпай, қалаға келген жазушылар мен мәдениет қайраткерлерін қабылдады. Олардың қатарында белгілі кеңестік және қазақ қаламгерлері болған. Қазіргі уақытта ғимарат өзінің мәдени қызметін сақтап келеді. Мұнда Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана мен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония орналасқан. 

Итальян сәулетшісі Дельмединоның үйі

Орал қаласындағы Дельмедино үйі – қаланың ерте кезеңдегі сәулет тарихынан сыр шертетін маңызды нысандардың бірі. Бұл ғимарат XIX ғасырдың алғашқы жартысында Оралдың тұңғыш кәсіби сәулетшілерінің бірі саналатын Михаил Дельмедино жобасымен салынған. Ол 1821 жылы Оралда болған ірі өрттен кейін қаланы қайта жоспарлау және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін арнайы шақырылған.

Дельмедино Орал қаласында алғашқы бас жоспарлау жұмыстарын жүргізіп, көшелердің жүйесін, құрылыс стилін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Оның жобалары сол кезеңдегі әскери-әкімшілік орталыққа тән классикалық сәулет қағидаларына негізделді. Дельмедино үйі де осы бағыттың айқын үлгісі ретінде қарастырылады. Ғимарат қарапайым әрі үйлесімді пропорцияларымен, қасбетінің симметриясымен ерекшеленеді.

Тарихи деректерге сәйкес, бұл үй атаман резиденциясы орналасқан аймаққа жақын маңда салынған және қаланың әкімшілік бөлігінің құрамына кірген. Сонымен қатар, XIX ғасырдағы Оралдың маңызды ғимараттары – әскери атамандар сарайы мен басқа да басқару нысандары осы сәулетшінің қатысуымен тұрғызылған. Ғимарат ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалардың да куәсі болды. 1919 жылы Азамат соғысы кезеңінде осы үйдің балконынан Михаил Фрунзе халық алдында сөз сөйлегені белгілі. Бұл оқиға ғимараттың тек архитектуралық емес, қоғамдық-саяси маңызын да арттыра түседі. Бүгінде Дельмедино үйі өзінің бастапқы құрылымын сақтап қалған тарихи нысандардың бірі.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық кітапхана ғимараты

Орал қаласындағы бұл тарихи ғимарат – XIX ғасыр сәулетінің айқын үлгілерінің бірі және республикалық маңызы бар мәдени мұра нысаны. Бүгінде мұнда Хамза Есенжанов атындағы облыстық кітапхана орналасқанымен, оның бастапқы қызметі әскери-әкімшілік жүйемен тікелей байланысты болған.

Ғимарат шамамен 1838 жылы Орал казак әскерінің кеңсесі ретінде салынған. Құрылыс сол кезеңдегі атаман В.О. Покатиловтың басқаруымен жүзеге асқан. Кейін бұл мекеме әскери шаруашылық басқармасы болып қайта құрылып, өңірдегі әскери-экономикалық істерді үйлестіретін маңызды орталық қызметін атқарған.

Сәулеттік тұрғыдан алғанда, ғимарат классикалық стильде тұрғызылған. Жобалау және құрылыс жұмыстары әскери сәулетші А.А. Гопиустың жетекшілігімен жүргізілген. Нысанның қасбеті симметриялы құрылымымен, ұстамды декоративті элементтерімен және дәстүрлі классикалық пропорцияларымен ерекшеленеді. Бұл оның сол дәуірдегі ресми әкімшілік ғимараттарға тән стилін айқын көрсетеді. XIX ғасыр бойы және кейінгі кезеңдерде бұл ғимарат Оралдағы маңызды басқару нысандарының бірі болып қала берді. Уақыт өте келе оның функциясы өзгеріп, мәдени-ағартушылық бағытқа ауысты.

Ванюшин көпестерінің үйі

Орал қаласындағы XIX ғасырдың екінші жартысында салынған тарихи сәулет ескерткіштерінің бірі. Ғимарат өз дәуірінде қаладағы ықпалды саудагерлердің бірі болған Ванюшиндер әулетіне тиесілі болған. Бұл нысан сол кезеңдегі көпестердің әлеуметтік мәртебесі мен экономикалық ықпалын айқын көрсететін архитектуралық үлгі ретінде бағаланады. 1917 жылға дейін бұл ғимаратта облыстың алғашқы басқарма органдары орналасып, әкімшілік орталық қызметін атқарған. Осылайша, ол тек тұрғын немесе сауда нысаны ғана емес, өңірдің басқару жүйесінде маңызды рөл атқарған ғимараттардың бірі болды. Ұлы Отан соғысы жылдары нысанның қызметі өзгеріп, мұнда эвакуацияланған Одесса жаяу әскер училищесі орналастырылды. Бұл кезеңде ғимарат әскери кадрларды даярлау ісіне пайдаланылып, елдің қорғаныс жүйесіне үлес қосты. Соғыстан кейінгі жылдары мұнда ауыл шаруашылығы техникумы жұмыс істеп, білім беру мекемесіне айналды. Ал 1984 жылдың қазан айында ғимарат балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық орталық – Пионерлер сарайының қарамағына берілді. Қазіргі таңда бұл ғимаратта мектеп орналасқан.

Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы мешіт

Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешіті – шаһардағы ең көне діни нысандардың бірі. Зерттеулерде оның 1871 жылы салынғаны көрсетіледі (кей деректерде 1832 жыл деп те айтылады). Алғашында халық арасында «Қызыл татар мешіті» атауымен белгілі болған бұл ғимарат Оралдағы мұсылман қауымының рухани орталығы қызметін атқарған.

Мешіттің сәулеті татар архитектура дәстүрінде салынған. Екі қабатты ғимарат қызыл кірпіштен тұрғызылып, сол дәуірдегі мұсылман діни құрылыстарына тән қарапайым әрі үйлесімді стильді сақтайды. Мешіт жанында екі қабатты медресе ғимараты болған. Бұл медреседе діни біліммен қатар, зайырлы пәндер де оқытылып, қазақ және татар жастары білім алған. Кеңес кезеңінде медресе ғимаратының қызметі өзгеріп, алдымен жатақханаға, кейін тұрғын үйге айналған.

Мешіт тарихында бірнеше белгілі діни қайраткерлер қызмет атқарған. Солардың бірі – Қазаннан шыққан Мутыгулла Тухватуллин  және ұзақ жылдар бойы бас имам болған тұлға – Түлбаев Ғабдул-Рахиб. 1917 жылғы тарихи өзгерістерден кейін Ғабдул-Рахиб Оралдан кетуге мәжбүр болып, мешіттегі имамдық қызметті оның ұлы Мұхаммед-Ғариф жалғастырды.

XX ғасырдың 30-жылдары Кеңес үкіметінің дінге қарсы саясатына байланысты мешіт жабылып, оның қызметіне толық тыйым салынды. 1930 жылдан кейін ғимарат түрлі мақсатта пайдаланылды. Ол қуғын-сүргінге ұшырағандарды жинау орны, өндірістік нысан, мүгедектер үйі, жатақхана, диірмен және қойма ретінде қызмет атқарды. 1990 жылдары мешіт ғимараты бос қалып, қараусыз күйге түсті. Есік-терезелері мен ішкі құрылымдары бұзылып, тек қабырғалары ғана сақталған. Кейін жергілікті бастамашыл азаматтардың, соның ішінде татар мәдени орталығы өкілдерінің күш-жігерімен тарихи нысанды қалпына келтіру жұмыстары басталды. 2005 жылдан бастап жөндеу жүргізіліп, мешіттің тарихи келбетін сақтау бағытында нақты қадамдар жасалды.

Михаил Архангел соборы

Орал қаласының тарихи бөлігінде, бұрынғы Курени ауданында орналасқан Михаил Архангел соборы – XVIII ғасырдан сақталған ең көне діни сәулет ескерткіштерінің бірі. Бұл нысан тек шіркеу ғана емес, қала тарихының бірнеше кезеңін бойына жинақтаған маңызды мәдени мұра болып саналады. Алғашында бұл орында ағаштан салынған казак шіркеулері болған. Алайда олар бірнеше рет өрттен жанып кеткеннен кейін, Жайық казактары жаңа ғимаратты таспен тұрғызу туралы шешім қабылдайды. Собордың құрылысы 1740 жылы басталып, 1751 жылы толық аяқталған. Құрылыс жұмыстарына Мәскеуден арнайы шақырылған шеберлер қатысып, ғимарат Мәскеу Кремліндегі Успен соборының сәулеттік үлгісіне ұқсастырып салынған. Сәулетінде Псков-Новгород мектебінің элементтері көрініс табады. Собор орал казактарының жебеушісі саналатын Архангел Михаилдің құрметіне аталған. 

Бұл ғимарат Оралдың әскери және тарихи өмірінде де ерекше рөл атқарған. Архив деректеріне сәйкес, Пугачев көтерілісі кезінде собор қорғаныс нысаны ретінде пайдаланылған. Қаланың осы бөлігі сол кезеңдегі негізгі оқиғалардың орталығы болған. Собор кешеніне 1861 жылы салынған төрт қабатты қоңырау мұнарасы да кіреді. Бұл мұнара ғимараттың сәулеттік ансамблін толықтырып, оның айбынды келбетін айқындайды. XX ғасырда ғимараттың тағдыры күрделі кезеңдерді бастан өткерді. 1930 жылдары діни нысандарға қысым жасалған уақытта собор жабылып, қойма ретінде пайдаланылды. 1943 жылы қайтадан шіркеу қызметіне берілгенімен, 1961 жылы тағы жабылып, өлкетану музейіне айналды. Тек 1988 жылдан бастап ғимарат қайтадан діни мақсатта пайдаланылып келеді.

Орал қаласы туралы фоторепортажымызды арнайы бөлімнен қарай аласыздар. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз