«Іле айдыны» – Қытай қазақтарының рухани тірегі

Автор:
28.04.2026
46
«Іле айдыны» –  Қытай қазақтарының рухани тірегі - e-history.kz

Қытай қазақтарының беделді журналы «Іле Айдыны» қазақ тілінде төте жазумен екі айда бір шығатын әдеби айлық журнал. Қытай қазақ әдебиетінің қара шаңырағы. Қытай қазақтары ақын-жазушыларының алтын бесігі әрі түлеп ұшатын тұғыры. Көркем әдебиетке әуестеніп, оған ықылас аударғандардың таптырмайтын тамаша оқулығы және жалықпайтын ұстазы. «Іле айдыны» журналы басылым көргеннен бастап қазірге дейін қазақ әдебиетінің жазба әдебиет деңгейіне көтеріліп, оның қалыптасып дамуына табан тірер тиянақ, өркендеп өсуіне демеуші әрі жебеуші болды. Сонымен бірге Қытайдағы қазақ оқырмандарына рухани азық болып, оларға өмір таныту оқулығы болу рөлін жасады. Жалпы Қытай қазақ әдебиетін сөз еткенде, біздің тілімізге ең алдымен «Іле айдыны» журналы ілінеді. Оның басылым көру және даму сапарлары табиғи түрде еске түседі.

Журналдың қысқаша тарихы: «Іле айдыны» журналы жарық көргеннен бері қазірге дейін жарты ғасырға жуық сапарын басып өтті. «Іле айдының» тұңғыш нөмері 1979-жылдың 5-6-айларында үш тілде, қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде жарық көріпті. Бірінші нөмеріндегі журналдың алғы сөзінде «Қытай көмунистік партиясының Шинжаң биуросы мен өлкелік халық үкіметінің жанындағы мәдениет істерін меңгеру басқармасы және әдебиет искуства бірлеспесінің дайындық көру жорасы  «Іле         айдыны» журналының қазақ тіліндегі нұсқасын шығаруды ұйғарды. Мұның өзі партиямыз бен үкіметіміздің аз санды ұлттардың әдебиет искуствасына төтенше көңіл бөлетіндігінің айқын бір дәлелі болып есептеледі» деп жазылыпты. «Іле айдыны» журналы жарық көргеннен бастап қоғамдық өмірдің алуан қырмен келген сан қилы толқындарына кез болыпты. Осыған ілесе оның аты да заты да тіпті жазу әрпі де сан рет өзгеріпті. Сан тарау қиыншылықтарды артта қалдырып бүгінге жеткен. 

«Іле айдыны» журналының Қытай қазақ әдебиетіндегі орны мен рөлі: 

«Іле айдыны» журналының Қытай қазақ әдебиетіндегі орны мен рөлін төмендегі бірнеше түйіндерге жинақтауға болады. «Іле айдыны» журналы қытай қазақтарының ұлттық баспасөз істерін қалыптастырып, дамытуда серкелік жене бастамашылдық рөл атқарды. Жұртқа аян, баспасөз саласы мәдениеттің ошағы, ғылым-техникалық білімдердің көпірі, рухани мәдениеттің қамбасы, информация мен оқырмандар арасындағы дәнекер. Ол информация таратады, оқырмандарын түрлі рухани азықтармен қамдайды. Осы арқылы қоғам мүшелерінің мәдениет өрелерінің жоғарлауына, ғылым-техника жақтағы білімдерінің артуына, эстетикалық жақтағы талғамдарының өсуіне көмектесіп, тұтас ұлт мәдениетінің дамуы мен гүлденуіне түрткілік етеді. Адамзат қоғамының сапалық жақтан дамуына қозғаушы болады. Міне сондықтан да баспасөз бір ұлттың жалпы мәдени деңгейінің қандай екендігінің өлшемі мен сынтасы есептеледі. Ақпарат ғылымы ұшқан құстай дамып отырған бүгінгі ғылым-техника заманында осылай. Міне осы тұрғыдан алғанда, «Іле айдыны» журналының 40 жылдық сапары тек Қытай қазақ әдебиетінің даму, гүлдену барысын ғана көрсетіп қалмастан, Қытайдағы қазақ баспасөз істерінің де қалыптасу, даму және гүлдену барысын өте айқын көрсетіп береді. Былайша айтқанда, «Іле айдыны» журналы Қытайдағы қазақ баспасөз саласының қалыптасып, дамуында үлгілік және өнегелілік рөл ойнады. Оның көш басшысы және алдынғы шептегі атойшылы болды. «Іле айдыны» журналымен өресі тең Қытайдағы қазақ баспа ісі мен баспасөзін дамытуға үлес қосып келе жатқан «Шұғыла»,  «Алтай аясы», «Тарбағатай», «Құмыл алқабы», «Боғда» қатарлы қазақ тілінде басылым көретін әдеби журналдар да жарық көріп, қазақ руханиятына елеулі үлес қосып келеді. 

«Іле айдыны» журналы қазақтардың ауыз әдебиетіне жинап, жазба әдебиет деңгейіне көтерілуіне негіз және табан тірер тиянақ болды. Осылайша Қытай қазақтарында жазба әдебиеттің туын тігіп, жалауын қадады. Жұртқа аян, алдынғы ғасырдың 50-жылдарынан ілгері Қытай қазақтарында көкем әдебиет негізінен ауызша шығарылып, ауызша таралу деңгейінен аса дамымаған еді . Ол кездегі өлеңдер «Тұрмыс-салт жырлары» түрінде айтылса, прозалық туындылар «Ертек», «Аңыз» түрінде шығарылатын . Нәтижеде көркем әдебиет бұқаралық деңгейде ғана қалып, нағыз жазба әдебиет өресіне көтеріле алмай, тар өріс ішінде жасап келген болатын. «Іле айдыны» журналы тірлік есігін ашқаннан кейін барып, Қытай қазақ әдебиеті шын мағынасындағы жазба әдебиет деңгейіне көтеріліп, оның жалпыласып , көлемденуіне даңғыл жол ашып, орай жаратты. «Іле айдыны» журналында жарық көрген әр алуан мазмұн, әр қилы жанрдағы көркем туындыларды оқығаннан соң барып Қытай қазақтарында жазба әдебиет шын мәнінде жалпыласа бастады. Осылайша «Іле айдыны» журналы Қытай қазақтарын жазба түрдегі көркем әдебиеттің мықтап даму орайына ие етті. Бұның өзі «Іле айдының» Қытай қазақтарындағы жазба әдебиеттің қалыптасып дамуында айырықша орнын талассыз дәлелдеп береді.

«Іле айдыны» журналы Қытай қазақ әдебиетінде авторлар қосынын тәрбиелеп, үздік қаламгерлерді жетілдіріп беруде ел есінен кетпейтін елеулі де еселі үлестер қосып келеді . «Іле айдыны» журналы алғаш дүние есігін ашқан жарты ғасырдың алдында Қытайдағы көркем әдебиет авторлары жалтаңға шыққан қарағайдай саусақпен санап аларлық қана болса, бүгінгі күнде оның авторлары тұтаса біткен қалың ормандай көзге түседі. Ту баста ол Қытай қазақ әдебиетінің шаңырағын көтерісіп, уығын шаншысқан аға буын ақсақалдарымызды қатарына алып, Қытай қазақ әдебиетінің жазба әдебиет түрінде дамуына жол ашса, көп өтпей білім бұлағынан сусындап үлгерген аға буын қаламгерлерді өз қатарына қосып, Қытайдағы ашылған қозыдай мәдениетке шөліркеген әуесқойларға зәмзәм суындай сусын болды. Одан кейін көктем гүліндей қауашақ ашқан жас буындардың бірінің артынан енді бірін өз қойнына құлата тартып, Қытай қазақ әдебиетінің ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз жалғаса беруіне тамаша дәнекерлік етті. Нәтижеде бүгінгі таңда Қытай қазақ әдебиетінің авторлары толқын-толқын болып көзге түседі. Ендеше, осы «алдынғы толқын ағалар, соңғы толқын інілер» болып көзге ұратын авторлар бүгінгі күнде «Іле айдыны» журналын өздерінің түлеп ұшқан алтын ұясы мен нәр алған бастауларына балайды. Расында, «Іле айдыны» Қытай қазақ әдебиетінің шаңырағы болып қана қалмастан, оның авторлары мен қаламгерлерінің де бастарынан сипап, алға қарай жетелеген үлкен бір мектепке ұқсап кетеді.

5-«Іле айдыны» журналы ұлттық төл әдебиетімізді жалпыластырып дамытумен қатар аударма арқылы дүние жүзіндегі әлемдік өреге көтерілген таңдаулы туындылар мен үздік шығармаларды қазақ оқырмандарына таныстыруда көпірлік рөлдер ойнады. Осының арқасында Қытай қазақтарында не бір майталман әдеби аудармашылар жетісіп шықты. Осындай таңдаулы туындыларды жариялауда «Іле айдыны» тірлік есігін ашқаннан тартып белсенді еді , бұл үрдіс күні бүгінге дейін ізін суытпай жалғасып отыр. Өте-мөте Қазақстан елінің «Іле айдынында» көшіріп басылған үздік туынды- ларының Қытай қазақ әдебиетіне жасаған ықпалы мен тәсірі аз болғаны жоқ. «Шетел әдебиет» деген айдар арқылы Қазақстанның ұлы ақын-жазушыларының көптеген шығармаларын басты. Соның ішінде Бауыржан Жақып ағаның өлеңдері де, Қытайдағы қазақ жастарына зор әсерін тигізді. Ол күні бүгінде Қытай қазақ әдебиетіндегі жас авторларға үлгі-өнеге болып, оларға табылмайтын тамаша оқулық болып келеді . Сонымен бірге «Іле айдыны»  туысқан ұлттар әдебиеті мен оның таңдаулы жетістіктерін таныстыруда да дәнекерлік рөлдер ойнауда. Бұның өзі «Іле айдыны» журналының дүние әдебиетінің асыл жауһарлары мен туысқан ұлттар әдебиетінің оқырман алқауына бөленген жетістіктерін таныстыруда айырықша рөлдер ойнап келе жатқандығын айғақтай қояды.

Әрине бұндай еңбектер әуелде журналдың ауыр жүгін арқалап отырған редакторлардың талғампаздығы деп білуге болады. Редакторлары қиын кезеңді бастан өткеріп бүгінге жетті. Ал бүгінгі күнде осы журналды жалаңдап тұрған қызыл партияның қылышынан қызғыштай қорғап отырған редакторлардың да атқарып отырғаны елеулі шаруа. Журнал алғаш жарық көргенде бесік тербеп өсірген бас редакторы мен қазіргі таңда қырық жылдан астам тарихы бар журналдың шылбырын ұстап отырған бас редакторын таныстырайын: 

Жұмәділ Маман - 1941 жылы 17 қарашада ҚХР Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. Шыңжаң педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін 1959 жылы бітіріп, «Іле жастары» журналы, «Іле өрендері», «Іле» газеттерінің тілшісі, редакторы , аға редакторы болып қызмет атқарды. 1970 жылы «Мәдени зор төңкеріс» тұсында 4 жыл еңбекпен түзетуде болған. 1974 жылдан бастап Іле облыстық Коммунистік Жастар одағы комитетінде үгіт бөлімінің меңгерушісі, «Іле айдыны» журналының бас редакторы, облыстық шығармашылық кеңсе меңгерушісі болды. 1985 — 2002 жылдары Іле облыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігінің төрағасы , «Іле айдыны» (қазақ , ұйғыр , қытай тілдерінде шығатын) 3 әдеби журналдың бас редакторы міндетін атқарған. ҚХР Жазушылар одағы , Фольклор қоғамының мүшесі. «Пионерлерге» (өлең-мысалдар), «Тау жалыны» (дастан), «Қарақат» (өлең-толғаулар), «Ақбар-Сейіт» (роман), «Ақылбай атайдың әңгімелері» (повесть), «Әке бауырындағы бала» (әңгіме-повестер), «Қарқара шоқысы» (әңгімелер), «Тұнық дауыс» (өлең-поэмалар), «Жүмәділ дастандары», «Ән сыры –  жан сыры» (ғылыми мақалалар), «Айхай» (аударма,  әңгіме-повестер), «Күмбезге түскен күншуақ» (повесть-хикаят), «Ашық есік алдында» (эсселер), «Адамның бұлбұлы –  Әсет» (тарихи ғұмырнама) кітаптары жарық көрген.[13]

Мақсат Нұрғазин 

1969 жылы Күнес ауданы Түрген ауылында дүниеге келген.  1986 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықта Іле педагогикалық институтының  тіл-әдебиет факультетінде оқыған.  1988 жылдан бастап алғашқы туындылары баспасөз беттерінде бой көрсеткен.  1992 жылдан 2000 жылға дейін Іле аймақтық радио - телевизия мекемесінде редактор, тілші болып істеген.  2001 жылдан қазірге дейін «Іле айдыны» журналында бас редактор, облыстық жазушылар қоғамның орынбасар төрағасы қатарлы міндеттерді өтеп келеді.  Мемлекеттік радио - телевизия нөмірлерін бағалауда екі рет мемлекеттік, үш рет автономиялы райондық, көп рет облыстық сыйлықтардың иегері.  2003 жылғы қазақ-қырғыз әдебиеті дүлдүл сыйлығының иегері.  «Әдуінгер» (ұлттар баспасы), «Тал бесік» (Қазақстан) қатарлы альманақтарда  өлең - жырлары берілген. «Қайыс арқан», «Ырғай сабау», «Қайдасың, қалқа»,  «Ол екеуміз және туған ел» қатарлы поэма, баллада, жырлары жақсы аңыс қозғаған.[ 13]

Ендеше, осы журналдың күні бүгінге дейін басы қасында жүрген ағамыз Сайдырахман Әбділәзізұлының айтар ойын сараласақ: «1979 жылы  қыркүйек айы Менің «Іле Сыфан» мектебінің арнаулы әдебиет сыныбында оқып жүрген кезім, бір күні  кешкі сабақ пысықтауда отыр едік, қолында бір буда журналы бар сынып жетекшіміз Пәрида Сахариқызы келді. Біз айналысып отырған жұмыстарымызды тоқтатып назарымызды сынып жетекшімізге бұрдық. Өйткені, кейбір келелі жұмыстар болмаса жайшылықта кешкі пысықтауда сыныпқа онша көп келе бермейтін. Қолындағы журналды үстел үстіне қойды да:

Сабақтастар, облыстық партком үгіт бөліміндегі Оқабай Тойынбай деген ағаларын сендерге мына «Іле айдыны» деген журналды арнайы беріп жіберіпті. Бұдан кейін облыс орталығынан осы әдеби журнал шығады екен. Сендер арнаулы әдебиет оқып жатырсыңдар, мұндай журналды көріп, шығармалар жазып, артықшылықтары болса алқап, жетерсіз жерлері болса сын айтып тұруларың керек, - деп алдынғы қатарда отырған маған табыс етті. Біз бірден-бірден таратысып алдық. Журнал кәдімгі өзіміз орта мектепте оқыған латын әрпімен шығыпты. Мен осы кеште «Іле айдыны» журналы мен танысып отырып алдағы өмірлік сапарымның осы журналмен тамырласып жататынын байқамаппын. Көп өтпей 1980 жылдың басында оқу бітіріп, оқыған мектебімнің өзінде оқытушы болып орналастым. Ол кезде баспадан шыққан қазақ кітаптары санаулы ғана, бірен-саран еді. Қолға түскен кітаптардың бәрін қызыға оқып, қызу талқыға түсетінбіз. Сол күндердің бірінде Күнестен Жанетқан Тұтқабекұлы «Іле педогогикалық институтына» ауысып келді. Отбасын ауыстырып  келгенше сол кісімен  жатақхананың бір бөлмесінде тұрдық. Осы кезде аспаннан тілегенімді құдай жерден бергендей қалың кітаптың арасына түстім де кеттім. Қайдан тауып келетінін білмеймін. Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Қасым Аманжоловтың бәрі де атқа бергісіз алтындай дүниелер. «Жоғалып кетпесін, беталды ел көрмесін»  - деп қадағалап табыстап береді. «Аузы күйген  үрлеп ұрттайды» - дегендей,  қорқады білем. Рас, ел жаңа оңала бастаған мезгіл ғой. Қасыңдағы біреу бас алмай жұмыс істеп отырса қол қусырып қарап отыру адамға бара-бара ыңғайсыздық әкеледі екен. Жәкең қолы босай қалған кездерінде көбінесе қаламын қолынан тастамай жазу-сызумен болады. Менде кітап ақтарып қолыма қалам алған болам. Қызық болғанда өстіп жүріп тырнақалды өлеңдерім «Іле айдыны» журналында жарық көрді. Жәнетқан ағаға еліктеуімнің жолы болды. Өзімше менің де жүнім күрбиіп қалды. Жыл соңын ала бір той кешінде Жүмәділ Маман ағамен кездестім, ол кісі маған «Оқабай ағаң бізден басқа орынға жөткелетін болды, бізге бір адам қажет, ойымыз жастардан аламыз ба?! - деп жатырмыз. Осы қызметке келуге жағдайың қалай? »-деп сұрады. Мен дереу екіленбестен мақұлдығымды бердім. Үш төрт күннен кейін бөлімде отыр едім. Оразхан Ахмет ағамыз келіп: «Мен сенің мектептеріңнің бастықтарына сөйлестім, бәрі қосылды. Жөткеп алу қағазыңды да әкелдім, бітіре бер» - деді. Сонымен, мен жұмысымды бітіріп 1981 жылы жаңа жылдың бірі күні « Іле айдыны» журналына қызметке шықтым. Келгеннен кейін редакторлық жұмыстың екінің бірінің қолынан келе бермейтін жапалы да машақатты екенін бірақ білдім»[14, 79-80б] дейді ағамыз. Себебі, латын әрпін оқыған жұрт төте жазуды үйрене қоюы қиынға соғып тұрған кезең болатын. 

Өзінің тұңғыш сандарын латын әрпімен бастаған журнал екі үш жылда бүкілдей төте жазуға өзгеріп болды. Сол кезде мектепте латын  әрпін оқығандықтан, көп адамның танып оқуы көрімдеу болғанымен, жасырары жоқ, ұстаз көрмей өз бетіммен үйренгендіктен журналдың қызметкерлерінің жазуы жан -жақтылық баспасөз талабына толымсыз болып жүрді. Бәрін де қайтадан бастауға тура келді. Латын әрпімен тұңғыш тұсауын кесіп, болашаққа бет алған ұзақ тарихи сапарын бүгінгі төте жазумен бастаған «Іле айдыны» журналдыда 1981 жылы бірінші санынан бастап тағы бір тарихқа қалар үлкен бұрылыс болды. Редакцияны қамтыған «Туынды жарату кеңсесіндегі» қызметкерлер құшағы толған қуанышын «Іле айдыны» журналы өз оқырмандарына былайша алақайлап жеткізді: « ... «Іле айдыны» журналы сынақ ретінде шығарылған 2 жылдан бері қалың оқырмандардың қызу қолдануына ие болды, жоғары дәрежелі партия комитетінің бекітуімен 1981 жылдан бастап ресми таратылатын болды. «Іле айдыны» қазақша, ұйғырша, қытайша маусымдық журнал болып, бүкіл ел көлемінде таратылады. Пошта  мекемелері 1981 жылдың екінші санынан бастап жаза бастайды. Қалың оқырмандардың жер-жердегі пошта орындарына барып жазылуын үміт етеміз. « Іле айдыны» редакциясы».

Елді қуантарлық хабарландырумен бірге батыл да көреген редакторлар Жүмәділ Маман  мен Оразхан Ахмет ел баспақ түгіл, атын естіп ауызға алудан жасқанып жүрген «Абылайхан туралы» Жақып Жүнісұлының тарихи очергін 1981 жылғы бірінші санға басты [15, №1]. Ұйғыр көрнекті сызушысы Мөмін Мұһамадиұлына тапсырылып беріп, көрсетіп жүріп сыздырған Абылайдың нағыз ханға лайық сағым суретінің қоса берілуі тіптен рухты көтерген еді. Абылайханның затына сызылған суретте сай келе кетті. Ол кезде редакцияда телефон жоқ еді, әр жердегі авторлардан құттықтап келіп жатқан хаттар редакцияға қарша борап жатты. Бұл өте қуанышты жәйт еді. Неге қуанбасқа?! Есі бар есті жан арғы ата-бабасын ұмытсын ба, « Абылай        хан» очергінен кейін арасына жыл тастап берілген Доспер Сауырықұлы жазған «Есенгелді» тарихи дастаны да, бір туар әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының дүниеге келгендігін құттықтап арнаулы ашылған.[16; №1]. «Бұлбұлым деп сахараға төккен жыр, төрін берді Таңжарыққа сексен жыл» атты айдарда берілген еске алулар да қалың оқырмандардың ойлаған ойларынан шығып, шөлдеп,  шөліркеп отырғандарында дәл берілген сусындай болды. Осындай жұрт көңілінен шығатын материалдар әр түрлі жанрда жазылып, журнал бетінде жарияланған шығармалар журнал беделін белеске көтере береді. Күн-күн сайын жаңа үмітке жаңа рухани азыққа кенелуге талпынған қалың оқырман қауымның талабын көзде ұстаған ұйым, 1982 жылы Тоғызтарау аудандық кино үйірмесінен Ниғымет Қамзайұлын, 1984 жылы Күнес аудандық оқу –ағарту мекемесінен Қасымқан Уатқанұлын, одан кейін Әлима Ысқаққызын редакцияға ауыстырып алып келді. Редакция адам күші бұрынғыдан молайып толыса түсті. 1985 жылдың  1 саннан бастап 112 бет маусымдық болып шығып келген журнал екі айда бір шығатын қос айлық 96 беттік журналға өзгерді. Осы кезден бастап журналдың бас редакторы Оразхан Ахметов орынбасар редакторы Қасымқан Уатқанұлы болып ресми бекітілді. «Іле айдыны» журналында жарияланған алуан түрлі жанрдағы шығармалардың сандық мәліметін келтірер болсақ, төмендегідей қомақты сандарды көрсетуге болады. Бұл журналдың 10 жылдығына орай жасалған статистика еді:

79 бен 88 жылдар аралығында жарияланған туындылардың жиынтық кестесі

 

Әңгіме,

аудармалар

Романнан

үзінді

Повест

Мақала

Очеркь

Драма,

Сценарий

Дастан,

Толғау,

Баллада 

Өлең

 

Халық ауыз әдебиеті туындылары

79 жыл

11

1

 

8

 

 

2

43

 

5

80 жыл

11

 

 

14

6

 

8

98

 

9

81

Жыл

17

1

 

11

 

 

2

59

 

12

82 жыл

20

 

 

11

3

 

8

88

 

11

83 жыл

21

1

 

17

3

 

 

55

 

9

84 жыл

16

4

2

17

3

 

8

57

 

7

85 жыл

18

 

2

12

3

4

11

77

2

7

86 жыл

25

 

3

8

2

1

9

70

3

6

87 жыл

28

 

9

15

1

3

10

66

 

13

88 жыл

28

1

8

23

1

1

10

84

 

12

Жал

195

8

24

136

22

9

68

697

5

91

 

Кестеде көрсетілген сандар ішінде жұрт назарын бөліп, ел ауқымын қозғап, адамдарға жаңадан ой сала шабыт сыйлайтын талай озық туындылар болды. Оның бәрін бір-бірлеп айтып кептестекте басты бір нешелерін атын атай кетуді жөн көрдік. Мысалға: Оразхан Ахметтің « Ана мен бала» әңгімесі. «Көк белес» повесті, Омарағазы Айтанұлының «Қабыр басындағы ботам» дастаны, Жүмаділ Маманның «Әсет» туралы мақаласы, Құлмұқан Ахметұлының «Жайма шуақ» дастаны, Қасымқан Уатқанұлының «Кешкі кеңес» дастаны, Жақып Жүнісұлының «Абылайхан туралы» тарихи очерігі, Оқабай Тойынбайұлының «Сахарадан сахнаға, сахнадан экранға» атты мақаласы, Болат Кәрібайұлының «Серерадан хат» фантазиялық повесті. Шәкен Оңалбайұлының өлеңдер топтамасы, Жұмабай Білалұлының «Өштемше» әңгімелері, Жәнетқан Тұтқабекұлының «Достар» дастаны. Күнгей Мұқажанұлының «Өгіздің терісі» әңгімесі, Мағаз Разданұлының топтама өлеңдері. Задақан Мыңбайұлының өлеңдер шоғыры, Оразбек Әбділұлының «Жар жолында» тарихи деректі повесті, Оразанбай Егубайұлының «Сахара бұлбұлы» очергі қатарлы туындыларын қабырғалы қазақ жазба әдебиетінің «күні бүгінге дейін құнын жоймайтын асыл қазынасы» - деп әбден айта аламыз.

Әдебиет әлемінде өнер жалғасын үздірмей, баянды тарихымыздың да тағанын қалай білген талай-талай марқұм қаламгерлерде «Іле айдыны» журналы арқылы өздерінің мәңгілік ғұмырын бастады. Осы тұрғыдан келгенде өткен тарихы , алдағы болашақ тұрғысынан журналымыздың көтерген жүгі қомақты. Әдебиетіміздің айбарын асырған жанашыр жандарымыздың аруағы бір аунап түссе екен деп есімдерін толық тап өтуді жөн көрдік. Тілеуқабыл Әбілғазыұлы, Баратбай Рахымжанұлы, Сұлтан Мәжитұлы, Боздақ Дүзменбетұлы, Әбылқайыр Асқарбекұлы,  Дәулетқан Қорлаласұлы, Асқар Татанайұлы, Ян Асқарбекұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Ерғали Әбілқайырұлы, Әбдібек Байболатов, Әбіқақым Шаңбай, Кадіралі Есболатұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Махмұт Әбілқайырұлы, Әлімжан Қатбаев, Разуан Нұрғалиұлы, Қанадыл Тұрысбекұлы, Ақан  Бейқұтұлы, Құмарбек Сахарин, Әзілбек Кіназбек, Әбрешіт Байболатұлы, Құрман Әбдікерұлы, Уәлибек Ахметұлы, Науан Шаймарданұлы, Бағдат Жұмағазыұлы, Әлібек Сексенбайұлы, Байтік Дүйсебайұлы, Жүніс Алпысұлы, Дакіл Мәтқабылұлы, Шамас Әубакірұлы, Сәбит Ниғыметжанұлы, Мұсылымбек Сарқытпайұлы, Әбдікәміл Дәукенұлы, Уалбай Оразалыұлы, Әбдіқадыр Метербайұлы, Жұмағали Құйқабайұлы, Ғалым Қанапияұлы, Айтқали Төлегенұлы, Жұман Әбішұлы, Жүнісбек Нүсіпұлы, Дауытбек Азаматов, Міркамал Жәлелқанұлы, Рахметола Әпшеұлы, Әблез Шәріпұлы, Ырысбек Ауқан, Дәулетқан, Шылбы, Дүйсенбек Тұрлықожаұлы, Қажет  Жақанұлы, Даярбек Зиядаұлы, Тұрғанбай Қылышбак, Қаһарман Мұқанұлы, Тоқтарқан Ахметжанұлы, Болатқан Аппақов, Әлқыдыр Жақсыбекұлы, Қазымбек Арабин.

1980 жылдардың қанаты қарымдалып, қаламы ұштала «Іле айдынымен» бірге жетіскен жас авторлар: Болат Кәрібай, Құрманәлі Жүнісқан, Нұрлан Әбділда, Бағашар Нарынбаев, Әбдықай Маженұлы, Балапан Омарұлы, Балапан Рабатов, Тапей Қайысқан,  Төлеубай Дошықұлы, Бақытжан Иманқұлұлы, Айып Нүспоқасұлы, Ыдырыс Әділқанов, Бауыржан Шормақ,  Тоқтар Нұрмұқанұлы, Оралбек Қожаұлы, Алмагүл Жұмажанқызы, Әзия Мағыпперқызы, Бақытгүл Қасымқанқызы, Көшербай Қырғызбайұлы,  Тұрсынәлі Қашқын, Мәтқабыл Мұқаметкерім, Амантай Әбдікан, Дәлелқан Байботаев, Құрлысқан Талиянқызы, Үмбет Сайранұлы,  Болат Қазезұлы, Зақан Рақышұлы, Тоқтаубай Мәкейұлы, Бейбіт Қырықбайұлы, Әлен Сағатқанұлы қатарлылар болып, 1990  шы жылдары келгенде «Іле айдыны» журналы мазмұн жағынан да, автор жағынан да кемелденіп толысу сатысына көтерілді.

Бұл шеттегі қазақ руханиятының өсуіне, өркендеуіне ерекше үлес қосқан осы басылымның қысқаша тарихы. Бүгінгі бір тұтас қазақ руханиятының бөлінбес бір бөлігі екенін естен ешқашан шығармаймыз. 

 

Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

Астана қаласы әкімдігінің 

«Бірлескен музейлер дирекциясы» 

МКҚК-ның Бас ғылыми қызметкері

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз