Бұл жердің атауы мен тарихы көбіне нақты тарихи тұлға - Медеу Пұсырманұлына (1850–1908) байланысты. Ол XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында өмір сүрген қазақтың көрнекті кәсіпкері, меценаты, ірі жер иеленушісі және қоғам қайраткері болған. Медеу шатқалы оның қыстауы мен жері болғандықтан, кейін осылай аталған.
Медеу мұз айдыны – әлемдегі ең биік жасанды мұз айдыны. Сонымен қатар ол Қазақстандағы ең танымал спорттық нысандарының бірі.
Медеу мұз айдыны Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, Кіші Алматы шатқалында теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан.
10 500 шаршы метр аумақты алып жатқан, олимпиадалық стандарттағы 400 метрлік жарыс жолы бар бірегй нысан. Кезінде бұл жер «рекордтар фабрикасы» немесе «рекордтар ұстаханасы» атанған. Өйткені мұнда жүздеген әлемдік рекорд орнатылған.
«Медеу» атауы XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ кәсіпкері, меценат және жер иеленуші Медеу Пұсырманұлының құрметіне қойылған.
Медеу Пұсырманұлы 1850 жылы Верный (қазіргі Алматы) маңында туған. Медеу өз дәуірінің іскер, беделді, заманауи көзқарастағы адамы ретінде ерекшеленді. Ол Жетісу өлкесінде саудамен айналысып, Орта Азия мен Солтүстік Қазақстан бағытында шикізат тасымалдап, байлыққа кенелді. Генерал-губернатор Г.Колпаковский, атақты сәулетші А.Зенков, танымал ботаник Э.Баум сынды беделді тұлғалармен араласып, қала құрылысына, әсіресе мәдени-инфрақұрылымға ықпал етті.1898-1899 жылдары тау етегіндегі Кіші Алматы өзенінің жоғарғы сағасында (Кімасар жері) ағаштан 5 бөлмелі үй салдырған. Бұл жерді халық «Медеудің қыстауы» деп атаған.
Кейіннен осы жерде Алматы жұртшылығы демалып, спортпен айналысатын әйгілі мұз айдыны – Медеу бой көтереді. 1920 жылы кеңестік комиссар әрі жазушы Дмитрий Фурманов бұл мекенді демалыс аймағына айналдыру жөнінде шешім қабылдайды. Әрі оған кәсіпкер Медеу есімін беруді ұсынады.

Медеу Пұсырманұлының халыққа жасаған қызметі
Медеу Пұсырманұлы өз заманының ағартушысы ретінде де есте қалды. Верныйда ашылған ерлер гимназиясында 226 оқушының тек 22-сі қазақ болған. Сол аз қазақ баласының мектепке қабылдануына, білім алуына тікелей Медеу қолдау білдірген.
1904 жылы ол қажылыққа аттанып, Меккеге барып қайтады. Ал 1908 жылы қан қысымының асқынуынан өз үйінде дүниеден озды. Оны көзі көргендер, әсіресе халық ақыны Жамбыл Жабаев, «елді білімге үндеген, еліне шын жанашыр болған жан» деп сипаттаған.
Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Медеу Пұсырманұлы туралы зерттеу мақаласында мынадай дерек келтірген.
«1902 жылғы ашаршылықта Медеу аш адамдарға барынша көмектесіп, қазақтың «Балдан тамады, бардан жұғады» дегеніндей, кедей-кепшік, шығайларға көп болысып, жәрдемдесіп, олардың қашанда таптырмас қамқоршысы болған және де ет дайындауда және оны ашыққандарға бөліп беруде үлкен көмек көрсеткен. Әсіресе, патша әскерлеріне де, сол таулардың бөктерінде әскери жаттығу жұмыстарын атқарып жүргендерге де тамақ пен қымыз-сусынды тегін беріп отырған. Халыққа үнемі болысып, жоғын жоқтап отырғандықтан ел-жұрт та оны қатты сыйлаған».
Медеу мұсылман мектебін ашқызып, онда қазақ балаларын жинаған. Верныйдағы ерлер гимназиясында қазақ балаларының оқуына қолдау көрсеткен, 1902 жылғы ашаршылықта аш адамдарға көмектесті, мұсылман мектебін ашқызып, қазақ балаларын оқытқан.

Ол Достық даңғылына алғаш тас төккізген, қаланы көгалдандыруға үлес қосқан. Отарланған елде тұрса да, билеуші буржуазиямен бәсекелесіп, болыс атанады. Ол 1908 жылы Кеңес өкіметі орнамай тұрып, Меккеге екінші сапарынан соң қан қысымынан 58 жасында дүниеден өткен еді. Артында үш әйелінен тараған 12 ұлы мен 8 қызы қалған екен. Зертеушілердің айтуынша, ұрпағы советтерге қарсылық танытпай-ақ, мал-мүлкін өз еркімен тапсырған.
Мұз айдынының құрылысы 1949 жылы басталды. Бірегей құрылыс құрылыс жұмысы екі жылға созылды. 1949 жылдың күзінде басталған құрылысқа 1300-ден астам адам қатысқан. 1951 жылдың 5 ақпанында ашылған.
Ашылған күні 2 әлемдік және 6 одақтық рекорд орнатылған. Алғашқы маусымда 47 әлемдік рекорд тіркелген. Бұл кезде айдынның мұзы табиғи болған. Яғни айдынның қолдану мерзімі тым қысқа болды. қысқы суыққа тәуелді болғандықтан тек 2–2,5 ай жұмыс істейтін.
1951 жылдан бастап республикалық және одақтық жарыстар өткізіліп, әлемдік рекордтар тіркеле бастаған. 1955 жылдан халықаралық жарыстар (Германия, Польша, Венгрия т.б. елдер) өткізілген.
1969-1972 жылдары жасанды мұз төселді. Ол үшін хладагент негізінде жұмыс жасайтын арнайы 140-170 меті құбыр төселді. Осылайша айдынның мерзімі 8 айға ұзартылды. Мұздың алыңдығы 2,3 метрді құрайды.
Айдынның ортаңғы бөлігі хоккей ойынына және мәнерлеп сырғанауға арналған. Кешенде 12,5 мың орындық, 2 жүзу бассейні, спорт залы, мейманхана, асхана, кинозал, кітапхана орналасқан.

1972 жылдың 28 желтоқсанында айдын аумағында қазіргі жасанды мұз айдыны ашылды. Жобаға В. З. Кацев, А. С. Қайнарбаев, инженер С. Б. Матвеев бастаған архитекторлар атсалысты. 1975 жылы оларға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
1980 жылдардың соңында бірнеше рет күрделі реконструкция жасалды.
2001-2002 жылдары фин компаниясының көмегімен тоңазытқыш жүйесі толықтай жаңартылған.
2011 жылғы Азия қысқы ойындарына дайындық мақсатында тағы да күрделі өзгерістен өтті. Сыйымдылығы 8500 орынға дейін қысқартылған, бірақ қауіпсіздік пен инфрақұрылымы біршама жақсарды.
Медеу неге рекордтар ұстаханасы деп есептеледі?
Зерттеушілердің айтуынша, тым биікте орын тепкендіктен оған жердегі көлдердің техникалық суын жеткізу мүмкін болмаған. Сол себепті Медеуге мұздықтардың, тау өзендері мен бұлақтардың кәусар, мөлдір суы толтырылған.
Соның арқасында ол әлемдегі тұңғыш «ең тайғанақ» мұзайдын деп танылды. Қазір кезде ондай эффектіге, тайғанақтық жөнінен ең жоғары сапаға қол жеткізу үшін арнайы технологиялар қолданылады.
Басында айтып өткеніміздей, Медеу мұз айдыны іске қосыла салысымен, бірінші жылында-ақ әлемдегі әрбір үшінші рекорды (375 рекордтың 249-ы) дәл осы Медеуде тіркелген. Медеуге табаны тиген конькишілер «супертайғанақ» айдында әлдебір қанат біткендей, оқтай зулайтынын айтып таңқалғандарын жасыра алмаған.
1952-1988 жылдары Медеу айдынында 350-ден астам әлемдік рекорд орнатылған (кей деректерде 120-дан астам деп көрсетіледі) делінеді. Себебі айдынның орналасқан жері ерекше.
Теңіз деңгейінен 1691 биіктікте жатыр. Мұндай биіктікте ауа құрамы да бөлек, қысым төмен төмен болады. Яғни жылдамдық біршама жоғары болады.
Айдынға табиғи су мұзы қолданылады. Су Кіші Алматы өзенінен алынады. Оның өзі арнайы тазатудан өткізіледі. Яғни Медеудің мұзы «ең тайғақ мұз» деп аталады.

Медеуде бірнеше ірі жарыстар өткізілген:
1974 жылы - Еуропа чемпионаты (әйелдер).
1988 жылы - Әлем чемпионаты.
2011 жылы - Азия қысқы ойындары.
2012 жылы Бенди әлем чемпионаты.
2017 - Қысқы Универсиада өтті.
2029 жылы қысқы Азия ойындары өткелі отыр.
Медеу - жыл бойы жұмыс істейтін туристік және спорттық орталық. Қазаннан сәуірге дейін жаппай сырғанау маусымы ашық болады. Жазда ролик тебу алаңы ашылып, түрлі іс-шаралар өтеді.