Алғашқы қазақ әйел геологы – Патшайым Тәжібаева

Автор:
17.02.2026
3282
Алғашқы қазақ әйел геологы – Патшайым Тәжібаева - e-history.kz

Қазақ ғылымының тарихында ерлермен иық тірестіріп қана қоймай, тұтас бір ғылыми бағыттың негізін қалаған санаулы тұлғалар бар. Солардың бірі – геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Патшайым Тәжібаева. Ол – Орта Азия әйелдері арасынан шыққан тұңғыш геолог-ғалым, Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалаушы. Тағдырдың талай тауқыметін көрсе де, ғылымдағы табандылығы мен зеректігінің арқасында әлемдік деңгейде мойындалған қайраткер.

Патшайым Тәжібаева 1920 жылы қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданына қарасты Қарақия ауылында дүниеге келген. Табиғаты көркем Қазығұрт баурайындағы бұл өңір оның балалық шағының куәсі болды. Әкесі Тәжібай – көзі ашық, заман талабына сай білім алған, орыс тілін жетік меңгерген, мемлекеттік қызметке араласқан азамат болған. Алайда 1930-жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін нәубеті бұл шаңырақты да айналып өтпеді. Әке тағдыры қасіретпен үзіліп, отбасы ауыр сынаққа тап болды. Жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартқан Патшайым бауыры Лашкермен бірге балалар үйінде тәрбиеленді. Қиындық оны жасыта алған жоқ, керісінше, мінезін қайрап, жігерін шыңдады. Білімге деген құштарлығы ерте оянып, мектеп қабырғасында-ақ алғырлығымен көзге түсті. 1936 жылы Алматыдағы педагогикалық училищеге түсіп, алғашқы кәсіби білімін алады. Дегенмен оның көкейінде табиғаттың тылсым сырларын тануға деген ерекше қызығушылық оянып, оны Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің геология-минерология факультетіне алып келді. 1943 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, геология секілді ауыр да жауапты салаға бет бұрады. Ол мұнымен тоқтап қалмай, ғылыми жолды саналы түрде таңдады. Аспирантураға түсіп, шөгінді жыныстар мен кен орындарын зерттеуге ден қойды. 1960 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғап, Қазақстан ғылымындағы тұңғыш әйел докторлардың бірі атанды. Ал 1967 жылы Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайлануы оның ғылыми беделінің ресми мойындалуы еді.

Ол ғылыми жолында академик Қаныш Сәтбаевпен бірге еңбек етті. Ұстазының қасында жүріп, тек теориялық білімді ғана емес, геологиялық барлау ісінің қыр-сырын, далалық зерттеудің машақатын меңгерді. Сәтбаевтың сенімін ақтаған шәкірт Қазақстан аумағындағы шөгінді жыныстардың түзілу заңдылықтарын, кен орындарының литологиялық құрылымын жан-жақты зерттеп, осы бағытта тың ғылыми тұжырымдар ұсынды. Уақыт өте келе ол тек ізденуші емес, өз мектебі бар жетекші ғалымға айналды. Қазақстандағы литология ғылымының жүйелі қалыптасуы дәл осы есіммен тікелей байланысты. Бұған дейін шашыраңқы сипатта қарастырылып келген шөгінді жыныстар мәселесін ол кешенді ғылыми бағытқа айналдырды. Орталық және Батыс Қазақстан аумағындағы кен орындарын зерттей отырып, олардың пайда болу механизмі мен геологиялық эволюциясын дәлелді ғылыми негізде сипаттады. Бұл еңбектер пайдалы қазбаларды іздеу мен игерудің тиімділігін арттыруға нақты ықпал етті. Ғалымның батыл болжамдарының бірі – Құмкөл мұнай кен орнына қатысты жасаған ғылыми тұжырымдары болды. Ол аймақтың геологиялық құрылымын талдай отырып, мұнай қорының мол екеніне ерте кезеңде-ақ назар аударған. Кейінгі барлау жұмыстары бұл болжамның дұрыстығын дәлелдеп, Құмкөл кен орны Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызы бар нысандарының біріне айналды.

Патшайым Тәжібаева 180-нен астам ғылыми еңбек жариялап, литология саласының теориялық негізін тереңдетті. Оның бастамасымен зертханалық талдау жұмыстары жүйеленіп, рентген-құрылымдық зерттеу әдістері енгізілді, арнайы рентген лабораториясы ұйымдастырылды. Бұл жаңалықтар геологиялық материалдарды сапалы талдауға мүмкіндік берді. Ғалым еңбегі тек республика көлемінде ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықта да жоғары бағаланды. Ол Лондонда, Делиде, Токиода, сондай-ақ АҚШ университеттерінде өткен халықаралық конгрестерде баяндамалар жасап, қазақ ғалымдарының әлеуетін әлемге танытты. Бірнеше халықаралық ғылыми қауымдастықтардың мүшесі атанып, отандық ғылымды жаһандық деңгейде мойындатқан санаулы тұлғалардың біріне айналды.

Сондай-ақ ол қоғамдық өмірге де белсенді араласып, мемлекет ісіне жауапкершілікпен үлес қосты. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқаруы – оның азаматтық ұстанымы мен ұйымдастырушылық қабілетінің айқын дәлелі. Бұл лауазымдар кездейсоқ берілген сенім емес, ел алдындағы беделі мен парасат-пайымының нәтижесі еді. Ғылыми дәлдік пен басқарушылық шешімді ұштастыра білген тұлға ретінде ол мемлекет пен ғылым арасындағы байланысты нығайтуға күш салды. Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Патшайым Тәжібаева Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар достығы орденімен марапатталды. 

Ғалым белгілі дипломат Ахмет Аққошқаровпен отбасын құрды. Екеуінің шаңырағында ғылым мен зиялылықтың ерекше рухы қалыптасты. Бақытты жұптың Қарлығаш пен Құралай есімді қыздары дүниеге келді. Кіші қызы Құралай Аққошқарова ана жолын жалғап, ғылымда биік белеске көтеріліп, академик атанды. 

1991 жылы өмірден озған Патшайым Тәжібаева артында тұтас ғылыми мектеп, қалыптасқан бағыт, тәрбиеленген шәкірттер легін қалдырды. Оның еңбектері бүгін де өзектілігін жоймай келеді. Ғалым есімі ірі қалаларындағы көшелер мен білім ордаларына берілді. Ол туралы «Асыл тастар асқар тауда туады», «Ғылымда дара, өмірде дана», «Патшайым десе – Патшайым» атты кітаптардың жарық көруі де оның тұлғалық ауқымын айғақтайды. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жұбан Молдағалиев оны «Бәйтерегі ғылымның» деп жырға қосты. Бұл теңеу – жай көркем сөз емес, тарихи бағалау. Өйткені Патшайым Тәжібаева қазақ қыздарының ғылымдағы биік мүмкіндігін дәлелдеп, ұлттық сананың жаңа деңгейін көрсетті. Ол тек жер қойнауын зерттеген ғалым емес. Ол қазақ ғылымының терең қабаттарын ашып, оның көкжиегін кеңейткен тұлға.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз