Әдебиеттану сарбазы, әдістеме шебері – 60 жаста

11.02.2026
4154
Әдебиеттану сарбазы, әдістеме шебері – 60 жаста - e-history.kz

Сурет: enu.kz

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының бірлескен ұйымдастыруымен әдебиеттанушы-ғалым, білікті ұстаз, әдіскер-оқытушы Қарлығаш Медетқызы Байтанасованың 60 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетінің әдістемелік және әдіснамалық негіздері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар (дөңгелек үстел-диалог) өтті. 

Аталған ғылыми-әдістемелік жиынның негізгі мақсаты – ғалымның қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі мен әдебиеттану ғылымындағы еңбектерін насихаттау, педагогикалық және ғылыми мұрасын зерделеу, сондай-ақ қазіргі қазақ әдебиетін оқытудағы өзекті мәселелер мен жаңа әдіснамалық бағыттарды талқылау. 

Семинар бағдарламасы профессор Қ.Байтанасованың ғылыми-әдістемелік еңбектеріне арналған кітап көрмесімен басталып, мерейтой иесіне арналған бейнебаян, құттықтау сөздер, жаңа кітаптардың тұсаукесері және ғылыми баяндамалармен жалғасты. 

Ғылыми бөлімде мазмұнды баяндамалар оқылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек «Ұстаз-ғалым Қ.Байтанасова зерттеулеріндегі С.Мұқанов мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, ғалым еңбектеріндегі әдеби мұраға жаңаша көзқарас пен талдау әдістеріне тоқталды. ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, педагог-шебер Күлзипа Қылышпаева «Қазақ тілін меңгертудегі көркем шығарманың рөлі» атты баяндамасында мектеп тәжірибесіндегі әдеби мәтіннің тілдік құзыреттілікті қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Педагогика ғылымдарының докторы Шынар Қапантайқызы «Әдебиетші ұстаз Қ.Бітібаева еңбектерінің құндылық бағдары» тақырыбында сөз сөйлеп, әдебиетті оқытудағы рухани-адамгершілік бағдар мәселесін қозғады. Филология ғылымдарының кандидаты Жанар Ахметова «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты баяндамасында ұстаз тұлғасының тәрбиелік миссиясын айқындады. Назарбаев университетінің оқытушысы, PhD Мұстафа Шоқай «Жаңғыртылған Блум таксономиясы: прозалық туындыны оқыту мен талдаудың тиімді жолдары» тақырыбында заманауи әдіснамалық тәсілдерді ұсынды. Барлық баяндамалар пікір алмасу-диалог форматында жалғасты.

Ғалым жиын барысында университеттің жоғары марапаты – «Күлтегін» медалімен марапатталды. 

Семинар материалдары жинағына енген баяндамаларда Қ.Байтанасованың ғылыми мұрасы жан-жақты талданды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек өз пікірінде

«Академик-жазушы С. Мұқановтың өмірі мен шығармашылығы хақында М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, Р. Бердібаев, Е. Лизунова, Т. Кәкішев, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Ш. Елеукенов Р. Нұрғалиев, Қ.Ергөбек, Р.Тұрысбек, К.Ахмет, Қ. Байтанасова, С. Тайманова, Р. Кажиакпарова, Р. Султанғалиева т.б. жазушы, ғалым, зерттеушілер еңбектерінде, жалпы ел әдебиеті мен оның даму кезеңі, әдеби үдеріске қатысты мақалаларында кең көлемде анық-қанық ой-пікірлер айтылды. Анығында, ел әдебиетінде – халық фольклоры айрықша орын алады. Ақын-жазушылар шығармашылығында да тиісінше сөз етілді. Осы орайда, ұстаз-ғалым Қарлығаш Байтанасованың «Сәбит Мұқанов шығармаларындағы фольклорлық дәстүр» атты зерттеуі де тақырыптық ерекшелігімен ден қойғызып, халық мұрасын байыпты қарастырып, мәнді саралап-салғастырып, кеңінен танып-талдап, жүйелі айқындап, зерделеуімен мәндіОсы реттен келгенде, Қ.Байтанасованың даңқты қаламгер С.Мұқанов мұрасын, ондағы фольклорлық дәстүр тарихнамасын кең түрде қарастырып, ел әдебиетінің даму үрдістерімен, мысал, дереккөздерімен байытып, ғылыми-шығармашылық тұрғыдан зерттеп-зерделеуі мәнді екені анық. Зерттеу бағыты мен жүйесінен – тақырыпқа дайындықпен келіп, еркін ену, маңыз-мазмұнын, мағына-сырын жан-жақты ашу, талдау нысанын, асыл өзегін тап басып, кемел сөз ету, мысал-дереккөздерімен байытып-бекітіп, салыстырып-салғастырып, әр қырынан қарастырып, нәтижесінде жазушы еңбегін – сөз өнерінің талаптары тұрғысынан таразылып, көркемдік-эстетикалық принциптер биігінен қарап, біліми-ғылыми аспектіде байыпта бағалайды. Әрбір тақырып, мазмұн жүйесі жөнінде мәнді бағалау, терең тұжырымдар жасалады» деді. 

Семинар аясында әдебиеттану мен қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне қатысты өзекті мәселелер қамтылып, көркем шығарманы оқыту, жаңартылған білім мазмұны, педагогикалық тәжірибе, әдеби мұраны оқытудағы инновациялық тәсілдер мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктері талқыланды. 

Ғылыми жиын өз деңгейінде қазақ әдебиеті мен әдебиеттану саласындағы зерттеу бағыттарын саралап, педагогикалық тәжірибені жаңғырту мен ғылыми ізденістерді дамытудың маңызды алаңына айналды. Осындай кездесулер ұлттық әдеби білім беру сапасын арттыруға, жас мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге және әдебиет пәнін оқытудағы заманауи әдіснамалық тәсілдерді кеңінен қолдануға тың серпін береді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз