Орта Азияның кең даласында өз заманында үстемдік құрған сақ, сармат, ғұн және басқа да көне түркі тайпалары әскери өнердің шыңына жеткен, аса жоғары деңгейдегі әскер құра білген.
Көшпелі бабаларымыз жылқыны ауыздықтап қана қоймай, оны нағыз жауынгерлік күшке айналдырған. Олар жауынгерлік өмірге арналған ауыздық, жүген, ертоқым, үзеңгі, шалбар, садақ сияқты маңызды құрал-жабдықтарды ойлап тауып, әскери істе озық әдіс-амалдарды шебер қолданған. Бабаларымыз жасаған бұл жаңалықтар мен әдістер бүгінгі күнге дейін өзінің маңыздылығы мен өзектілігін жойған емес.
Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрінде тек ату-шабу, найзаласу ғана емес, сонымен қатар анталаған жаудың бетін қайтару, оның мысын басу, күтпеген сәтте тосыннан шабуыл жасап баудай түсіру, қажет болған жағдайда шегіне жүріп шайқасуды жалғастыру сияқты алуан түрлі әдіс-тәсілдер бар. Әрі бұл әдістерді қазақ жауынгерлері терең меңгерді.
Сол секілді көзсіз батылдық көрсету, қызбалыққа салыну соғыста абырой әкелмейтін әрекет саналған. Соғыс өнерін шынайы меңгеру үшін батырлар әскери істің барлық қыр-сырын терең білуі, барлық түрін жетік игеруі қажет болған. Сондықтан олар соғыстан бос уақыттарын әскери жаттығулармен өткізген. Мұндай әскери жаттығулар жыл он екі ай демей, күндіз-түні, қысы-жазы жалғасып жатты. Әртүрлі тойларда өтетін сайыстар, жамбы ату, күрес, бәйге, көкпар тарту сияқты жігіттік ойындар да осындай әскери істі меңгеруге көмектескен. Көшпелілерде аң аулау да соғысқа жаттығудың жұмысын атқарған. Белгілі араб жиһангезі ал-Джахиздың (VIII ғасырда өмір сүрген) еңбектерінде түркештерге қатысты мынадай деректер келтіреді: «Главное оружие тюрков – лук и стрелы, которыми они владеют необычайно искусно: Тюрок стреляет по диким животным, птицам, мишеням, людям...». Түріктер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түріктің төрт көзі бар – екеуі алдында, екеуі артында. Ал Қытай тарихшылары «ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен ұсақ аң, құс атып жаттығады. Гректер, парсылар өз балаларын садақ атуға үйрету үшін сақтарға жіберіп жаттықтырады».

Осындай жоғары деңгейдегі жаттығулар мен мықты тактикаларының арқасында бабаларымыз аз қолмен аттанып үлкен жеңістермен оралып отырды. Бабаларымыздың әскери даналығы мен өнері – қазақтың ұлттық рухының, жауынгерлік болмысының мәңгілік негізі болып қала береді.
Осындай жоғары деңгейдегі жаттығулар мен мықты тактикаларының арқасында бабаларымыз аз қолмен аттанып үлкен жеңістермен оралып отырды. Қазақ әскерінің мұндай айла-тәсілдері қарапайым қару-жарақпен-ақ (садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар, арқан) жоғары ұйымдасқан, от қаруы бар жауға қарсы тұруға мүмкіндік берді. Бұл әдістер сонау Қыпшақ даласынан бастап қолданыста болды. Қазақ хандығы дәуірінде одан әрі дамыды. Кейін мұндай тәсілдер жоңғар шапқыншылығы кезінде (XVIII ғасырдағы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, Аңырақай шайқасы)) өзінің тиімділігін сан мәрте дәлілдеп берді.
Яғни қазақ хандары мен батырлары бұл тактикаларды ғасырлар бойы жетілдіріп, тиімді қолдана білді. Бұл өз кезегінде басында айтып өткеніміздей, сан жағынан басым жауға төтеп беруге жол ашты.
Қазақ әскері негізінен атты әскерден құралған. Негізгі қару-жарақтары садақ, жебе, найза, қылыш, айбалта, қанжар, шоқпар сынды құралдар болды. Отты қару болмаса да қазақ халқы өзінің несібісені бұйырған ұланғайыр даланы абыроймен қорғай білді. Бұл жеңістер тактикалық шеберлікке, жер бедерін шебер пайдалану және көз алдау, түлкі бұлаңға салу, анталап алға ұмтыла бермей, қажет кезде шегіну сынды амалдарға негізделді. Мұндай тактикалар «Көз алдау», «қоян қашты», «Ай қораланды» сынды шартты атаулар берілді. Сол секілді күтпеген жерден қауіп төнгенде «Моңғол диірмені», «Жылжымалы қамал», «жау шебін бұзу» сынды тәуекелі жоғары тәсілдер қолданған. Аса қиын жағдайда ғана жанын шүберекке түйіп, қоян қолтық ұрысқа кіріскен немесе «Жекпе-жек» тәсілін қолданған. Соңғы кездері кейбір тарихшылар көшпелілердің «Жылқының ішін жарып соғысу» деген айрықша тактика болғанын айтады.
Негізгі ұрыс тактикалары:
Қоян қашты
Көшпелі бабаларымыз қолданған әдістердің бірі – «Қоян қашты» деп аталды. Мұны «Шолақ соғыс» тактикасы деп те атап жүр. «Қоян қашты» амалының басты мақсаты – өздері әдейі қашқандай болып артынан түре қуған жау қолын қоршап алып, түгелдей жойып жіберу. Қолдың алдыңғы шебіндегі арнайы жауынгерлер жауға жақындап барып садақпен шабуыл жасайды. Ұзамай кейін шегініп, жаудың біраз біраз бөлігін ілестіре кетеді, сөйтіп, қоршауға түсірген.
Егер жаудың күші аса басым екеніне көзі жетсе, одан бір немесе екі күндік жерге қаша шегініп кетіп, басқа жасырын жолға түсіріп, торуылдай жүріп, қырғынға ұшыратқан. Егер бұл әдіспен ала алмаса, он-он екі күндік жерге шегініп кетіп, қауіпсіз бекіністі жерге орналасып алып, бөлшектеніп жеткен жауды жеңу амалын тапқан. Ашық далада жау әскерімен кездескенде соғысты, әдетте жеңіл қаруланған садақшылар бастаған. Бұл көп жағдайда нәтижелі аяқталатын.
Аңырақай шайқасында (1729–1730 жж.) қазақтардың негізгі қаруы садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар, арқан болғанына қарамастан, жоңғарлардың от қаруына қарсы тұрып жеңген. Әбілқайыр бастаған батырлар жау көпшілігін қоршауға алып, жеке-жеке жойып, тыл байланысын үзіп отырған тактикасының арқасында жеңіске жеткен.

Көз алдау
Сол секілді жауды шатастыру мақсатында алуан түрлі әдістер қолданды. Соның бірі - көз алдау деп аталды. Яғни жауға үрей туғызу мақсатында атқа адам бейнесіндегі киіндірілген қуыршақтар қондырып, әскер санын көп етіп көрсететін. Бұл әдіс жау жағын қорқытуға және психологиялық басымдыққа бағытталған. Қалың қолдың алдына тұтқындарды салу әдісі де қолданылған.
Ай қораланды
Шыңдалған күшті әскерді алыстан оң және сол жағынан жасырын жіберіп, жау көрмеу үшін әрекет ететін. Осылай жау ортаға қамалып, бір жағынан шайқас басталатын. Бұл әдіс Қыпшақ даласындағы көшпенділерден қазақ әскеріне үрдіс ретінде қалыптасқан. Атпен соғысуды қажетсіз деп тапқан жағдайда жауынгерлер аттарының делбесін белдеріне байлап, жебе оқтарын жаудырып, қоян-қолтық келіп қалғанда найза, қылышпен шайқасатын. Жау ойламаған жерден тап берсе, қоршау жасап, шеңбер құруға тырысатын. Содан шайқаса жүріп, шеңберді айнала отырып, қорғаныс ұйымдастыратын.
Жауын айналдыра сырттан қоршап алып, біртіндеп қыса түсуге негізделген бұл әдіс жоңғарлармен қақтығыста жиі қолданылған. Мысалы, 1726 жылғы Сарысу өзені бойындағы Айран төгілген деп аталатын жердегі шайқаста қазақтар осы әдісті пайдаланып, жауға ауыр соққы берген делінеді.
Тұлғама
Жауды қоршап алып, қоршаудағы жауға немесе оның тылына шабуыл жасау. Көне түркі тілінде «қоршап алу» және «қарату» мағынасын білдіреді. Ежелгі қолжазбаларда «Тұлғаманы» Дешті Қыпшақ халқының шабуыл кезіндегі ұлы өнері ретінде сипаттайды. Қыпшақ даласы тұрғындарының бір шабуылы да тұлғамасыз өтпейтінін айтады. Бұл әдіс Аңырақай және Айран төгілген шайқастарда тиімді болған.
Шашыла шабу
Бабырдың жазбасында бұл әдіс те Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тәсілі ретінде сипатталады. Дешті Қыпшақ жауынгерлері бар күшімен жауға шабады. Оқ жетер жерге келгенде кілт тоқтап, садақтарына оқ жаудыратын болған. Сосын едел-жедел аттарынан түседі де, кері бұрылып, тізгіндерін жібере салып, шашыла қашады. Бұл әдіс жауды алдауға және қуғынға түсіруге бағытталған.
Теріден жасалған қайық
Плано Карпини мен Гильом де Рубруктың жазбаларында түркілер мен моңғолдардың өзен кездерінде қолданған айлакерлігі сипатталады. Теріні дөңгелек қап тәрізді тігіп, арқан өткізетін тоғалар қадап, ішін мүлікпен толтырады. Адамдар ат құйрығына байлап, үстіне отырады немесе ескекпен жүзеді. Әр сарбаз теріден тігілген қалта ұстап, сол арқылы өзеннен өтетін.
Байқатпай жиналу
Жорыққа шыққанда әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жиналған. Бұл жауға көп әскердің қайдан келгенін байқатпай, қапыда қалдыруға мүмкіндік берген. Мысалы, 1838 жылы Кенесары Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған.
Жау шебін бұзу
Ашық далада жеңіл қаруланған садақшылар алыстан атыс жүргізіп, жау шебін бұзатын. Моңғолдар мұны «тулучма» деп атаған. Содан кейін ауыр қарулылар кезек-кезек кіргізілген. Шегінуді жау шебін бұзу немесе жасырын күштің үстінен түсіру үшін қолданған.
Моңғол диірмені
Моңғол диірмені (немесе «қазақ шеңбері») деп аталатын әдіс – көшпелі қазақ әскерінің жау кенеттен шабуыл жасаған кезде қолданатын ең тиімді тәсілдерінің бірі болған. Жауынгерлер жылдам қапталдарын қабыстырып, тығыз шеңбер құрады. Содан кейін ат үстінде айнала шауып жүріп, ішінде немесе сыртында тұрған жауға қарай садақтан оқ жаудырады. Жау қоршау ішінде қалса да, сыртында болса да осылай үздіксіз айналып, жебе жаудырып, жеңіске жеткен жағдайлар көп болған.
Жылжымалы қамал
Тағы бір айрықша тәсіл – жылжымалы қамал немесе «қозғалмалы бекініс» әдісі. Жаумен бетпе-бет кездесу қаупі төнген сәтте қазақ жауынгерлері бірнеше қатарға бөлініп сап түзеді. Алдыңғы қатардағы атты әскерлер өз саптарын сүйір үшті, қазық тәрізді формаға келтіреді. Бұл оларға жау шебін оңай тесіп өтуге, жұмсақ жерге қазықтай кіріп, қарсыластың қорғанысын бұзуға өте ыңғайлы болған. Әр топтың арасына және артқы жағына шабуылға шыққан жауды кідірту, баяулату мақсатында арбалар қойылады. Ал сол арбалардың ар жағында қажет кезінде ұрысқа кіруге әзір тұрған қосымша әскер күтіп тұрады.
Егер жау жағының күші басым болып, шабуылды олар бастайтыны анық байқалса, қыпшақтар мен қазақ жауынгерлері басқаша әрекет ететін. Олар өгіз немесе түйе терісімен қапталған арбалардан дөңгелек бекініс құрады. Арбалардың шет-шетіне жағалай жауынгерлер тізіліп, шабуылға шыққан жауға қарай үздіксіз оқ жаудырады. Бұл тәсіл қорғанысты нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жаудың күш-қуатын әлсіретуге мүмкіндік берген.
Кейбір деректерде Аңырақай шайқасында Тілеулі батырдың жылжымалы қамалына тап болған жоңғардың атты әскері тас-талқан болып жеңіліс тапқаны айтылады.
Қазақ ауылдары да соғыс кезінде осылай «алқақотан» отырып, қорғаныс құрған. Яғни қиын жағдайда тау қойнаулары, үңгірлер, шатқалдар секілді табиғи бекіністерді пайдаланған. 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгір осы әдісті қолданып, жоңғар әскеріне қарсы тұрған. Сондай-ақ тастан, балшықтан тұрақты қамалдар, ор қазылып су жіберілген бекіністер де болған.
Зерттеушілердің пікірінше, мұндай әдістер өте көне замандардан, тіпті Оғыз хан дәуірінен бастап қолданылған. Белгілі зерттеуші Жолдас Нұрсұлтанұлы өз еңбегінде «Түрік шежіресі» атты тарихи деректен алынған мәліметтерге сүйене отырып, бұл тәсілдердің түркі-моңғол жорықтарында кеңінен пайдаланылғанын және олардың өте ежелгі екенін дәлелдейді. Ол 1838 жылы ағылшын тіліне аударылған шежіре нұсқасынан келтірілген деректерді талдай келе, былай дейді: «Ертедегі әскери құрылымдардың атаулары – «Ал», «қосын» сияқты сөздер әлі күнге дейін қазақ тілінде сақталып, қолданыста жүр. Бұл – көшпелі түркі халықтарының әскери өнерінің терең тамыры мен үздіксіздігін көрсететін айғақ».

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы
Қазақтың жаугершілік тарихында жылқының ішін жарып соғысу (немесе аттың кеудесін қалқан етіп, ішіне жасырынып ұрысу) – ең соңғы, жанкешті әрі қаһармандық тәсілдердің бірі болған.
Бұл әдіс қалың жау қоршап, басқа амал қалмаған кезде қолданылған. Жауынгерлер жылқының ішіне жасырынып, жауды жақын жерден жебемен (немесе мылтықпен) атып, көп шығын келтірген. Бұл тактика әсіресе қазақ-жоңғар соғыстары кезінде, ел көшіп бара жатқанда жауын тоқтату үшін соңғы тосқауыл ретінде пайдаланылған. Ол өзін құрбан етіп, елді аман алып қалуға арналған соңғы шайқас әдісі болатын.
Бұл тәсілдің ең танымал дерегі 1718 жылдар шамасындағы (Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңі) оқиғаға байланысты айтылады. Жоңғарлардың қалың қолы Жетісу жағынан басып кіргенде, қазақ даласының шығысын күзеткен Қызай руының батыры Құдайназар Тәңірбердіұлы жүз сарбазбен жаудың алдын тосады. Елді (мал-жан, бала-шағаны) Арқа жаққа көшіріп жібереді. Осылайша, өзі жүз жігітпен асуды (Жоңғар қақпасы маңы) күзетеді. Бұл сапта Құдайназардың мерген қызы Күлайым болғаны айтылады. Ол әкесін жалғыз тастамай, жауға қарсы тұрған.
Шайқас ұзаққа созылады. екі күн бойы жауды бөгейді, жақын келгендерді жебемен түйрейді, алыстағыларға тас домалатады. Ақыры оқ таусылып, жылқылар өлгенде, өлген аттың ішін жарып, ішек-қарнын шығарып, қуысына жасырынып соғысады. Құдайназар мен Күлайым аттың кеудесін паналап, соңына дейін атысады. Бірақ соңында екеуі де ерлікпен қаза табады (Құдайназар қызын қорғап тұрып, артынан жебе тиеді, құшақтасқан күйі өледі).
Жүз жігіттің бірде-бірі тірі қалмайды. Кейін елден келгендер оларды жеке-жеке көміп, «Қызай қорымы» деген тас бейіт орнатқан екен. Бұл туралы Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың еңбектері (Еуразия ұлттық университетінің профессоры), Еркебай Қабылжанның «Қызай елі тарихи деректері» жинағы (1999 ж.), Досбер Саурықұлының «Есенгелді батыр» дастаны (Құдайназардың тоғыз ағайынды екені, қызының мергендігі жырланады).
Дастанда былай делінеді:
«Сонымен жауға қарсы садақ атты,
Паналап өлген аттың кеудесіне».
Сондай-ақ, Қабдеш Жұмаділдің «Дарабоз» романында да Құдайназардың жүз жігітпен тосқауылда тұрғаны, қызы Күлайымның ерлігі баяндалады.
Кейбір дерек көздері бұл тактиканы бірінші дүниежүзілік соғыста француз әскерлері қолданғанын айтады. Әрі бұл Еуропа тарихында «таңғажайып ұрыс тәсілдерінің» бірі ретінде жазылған.