Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан құқықтық мәдениеті мен қоғамдық тәртібінің ең маңызды тіректерінің бірі билер соты. Бұл жүйе тек дауды шешетін құқықтық құрал ғана емес, тұтас қазақ қоғамының дүниетанымын, моральдық құндылықтарын және әділдікке деген көзқарасын айқындаған ерекше институт болды.
Билер соты жазбаша заңдарға емес, халықтың әдет-ғұрпы мен өмірлік тәжірибесіне сүйенгендіктен, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, мінез-құлық сипаттарына және қоғамдық қатынастарына барынша жақын болды.
Би – ел арасындағы әділ шешім қабылдаушы, халық мүддесін қорғайтын, ел бірілігін сақтауға ықпал ететін беделді тұлға. Оның сөзі мен шешімі заң орнына жүріп, қоғам ішіндегі дау-дамайдың өршіп кетуіне жол бермеді. Сол себепті билер соты қазақ даласында тек құқықтық емес, саяси, әлеуметтік, тәрбиелік маңызы бар механизм ретінде қызмет етті.
Қазіргі кезеңде дәстүрлі билер сотына қатысты зерттеулердің өзектілігі артып келеді. Себебі бүгінгі құқықтық жүйеде де татуластыру, ашықтық, әділдік және адамгершілік принциптерін күшейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Қазақ қоғамындағы билер сотының қызметін зерделеу барысында бірнеше маңызды байқаулар жасалды. Ең алдымен, билер институтының құқықтық жүйеден гөрі кең көлемдегі қоғамдық механизм болғаны анық байқалады. Билердің шешімі тек жеке дауды шешумен шектелмей, бүкіл ауыл-аймаққа үлгі болып, қоғамда тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуына ықпал еткен. Бұл олардың беделі мен жауапкершілігінің жоғары болғанын көрсетеді.
Зерттеу барысында билер сотының негізгі артықшылықтарының бірі – татуластыруға бағытталуы екені анықталды. Даулардың көпшілігі екі жақты жарастыру, сөзбен тоқтату, мәмілеге келтіру арқылы шешілген. Бұл әдіс қазіргі медиация институтына өте жақын. Қазақ қоғамында ұрыс-керісті создырмай, ел арасына іріткі салмай бітіру басты құндылық болған. Соның нәтижесінде билердің қабылдаған шешімдері көпшілік тарапынан қолдау тауып, дау қайта қозғалмайтын болған. Билердің шешім қабылдау үдерісі, олардың әділеттілік пен моральдық қағидаттарға сүйенуі, халықтың бірлігі мен тұтастығын сақтау мақсатында жұмыс істеуі – бүгінгі қоғамның құндылықтарына да сәйкес келетін тәжірибе [1; 62-бет].
Қазақ билерінің сот жүйесінің ерекше қасиеттерінің бірі оның айқын руханилығында жатыр: билер дауларды шешуде рухани қағидаттарға үлкен мән берген. Би, ең алдымен, қазақ қоғамында қалыптасқан адамгершілік құндылықтарын ұстануға тырысқан. Осы арқылы би соты халқымызға аса құнды рухани мұра қалдырып, моральдық тұрғыдан жоғары сот ретінде өзінің маңыздылығын ешқашан жоғалтпады. «Осылайша, биліктің барлық деңгейінде шешуші күш билер мен старшиналар кеңестері мен съездер түріндегі биліктің өкілді органдары арқылы мемлекеттік басқаруда үстем тап рөлін атқарған би-бабалар болды. Билер өзінің көшпелі қауымын құраған көптеген туыстарына сүйене отырып, мемлекеттің сыртқы ғана емес, ішкі саяси өмірінің барлық мәселелерін шешуге атсалысты, бұл хан сайлауында да көрініс тапты. Бұл кейбір зерттеушілердің пікіріне қайшы бос формальдылық емес, ханның іс-әрекетін бақылау мүмкіндігі болды. Ханның ықпалы мен билігі олардың қазақ қоғамындағы беделінен айтарлықтай төмен болды. Билер тобының әрекеттерін (әскер, мәжбүрлеу аппараты,жазалау санкциялары, т.б.) бақылауға қажетті ресурстары болмағандықтан, хан өз саясатында соңғысының қалауы мен еркіне сүйенді» [2;.21-бет]-деп ғалым Ж.С. Мажитова өз еңбегінде тұжырымдайды.
Сонымен бірге бақылау барысында билердің құқықтық нормаларды қолдануы тек заң мәтініне емес, халықтық сана мен өмірлік тәжірибеге сүйенгені көрінді. Яғни, олардың әрбір шешімі белгілі бір жағдайға бейімделіп, әділдік пен адамгершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Бұл қазіргі құқық жүйелерінде жиі жетіспей жататын жан-жақтылық пен икемділік екенін атап өтуге болады.
Н.А.Козлов 1822 жылы жарық көрген «Обычное право киргизов» деген мақаласында былай деп жазады: «...Халық санасында би атағы мінсіз адалдығымен, табиғи ақыл-ойымен ерекшеленген, халықтың байырғы әдет-ғұрпындағы терең білімдіигерген санаулы адамдарға жатады.. Билер – халықтың тірі шежіресі, оның қорғаушысы немесе заңгері» [4; 18-бет]. Ал, академик С.Зиманов «Билер төрелік қылған қазақ әділ соты ортағасырлық көшпелі қазақ қоғамының мұратындағы ең киелі де, қастерлі қасиеттерін дарыта білген. Бұл сотқа хандардың бұйрығы мен сыртқы күштердің еш қатысы жоқ, тіпті көшпелі қоғам тірегінің қосымшасы да емес. Ол осы қоғамнан тамыр алып, тұрмысы мен даму ерекшеліктерін айқындайды» деп тұжырымдады [5; 25-бет].
Талқылау барысында билер сотының мемлекеттік биліктің бір тармағы ретіндегі рөлі де айқындалды. Олар тек төреші емес, елші, кеңесші, тәрбиеші, кейде дипломат ретінде әрекет еткен. Билердің сыртқы саясатта елшілік миссия атқаруы олардың беделінің аса жоғары болғанын дәлелдейді.
Жалпы бақылау нәтижелері билер сотының қазақ қоғамының құқықтық мәдениетінің негізін қалағанын көрсетеді. Оның ашықтығы, халық алдындағы жауапкершілігі және адамгершілікке негізделген шешімдері осы күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Қазіргі кезеңде медиация, татуластыру орталықтары, қоғамдық кеңестер сияқты институттардың дамуы билер сотының құқықтық тәжірибесінің жалғасы іспетті екені анық. Жүргізілген зерттеу қазақ қоғамындағы билер сотының тек құқықтық институт емес, кең мағынада әлеуметтік, мәдени және тәрбиелік маңызы бар жүйе болғанын айқын көрсетті. Билер соты ғасырлар бойы ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауда, дау-дамайды өршітпей, әділ түрде шешуде негізгі рөл атқарған. Оның шешімдері халықтың әдет-ғұрпы мен өмір салтына сәйкестендірілгендіктен, қоғам тарапынан қабылдауы жоғары болды. Зерттеу нәтижесінде билердің әділдігі мен даналығы қазақ халқының құқықтық санасының қалыптасуына зор ықпал еткені анықталды. Әсіресе татуластыруға бағытталған шешімдері, дауды созбай, мәмілеге келтіру тәсілдері қазіргі медиация жүйесіне жақын екенін байқауға болады. Бұл билер сотының тәжірибесі бүгінгі құқықтық реформаларға да үлгі бола алатынын көрсетеді. Сондай-ақ билер институтының беделі жеке тұлғаның моральдық қасиеттерімен тығыз байланысты болғаны белгілі болды. Би болу үшін тек құқықтық білім емес, адамгершілік, адалдық, шешендік, өмірлік тәжірибе қажет еді.
Сонымен қатар, «Толыққанды би атану үшін жеке қасеттері мен Дала заңының ережелерін білгеннен басқа жетілгендік белгісі деп аталатын екі жоғарғы сыннан өту қажет болды. Біріншіден, ол атақты билер мен ойшылдардың философиялық сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл-парасатымен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет болды. Екіншіден,абыз ақсақалдардың батасын алу керек» - деп С.Зиманов би бабаларымыздың даналық биігін игеру үшін дәстүрлі қазақ философиясынан нәр алғандарын баса көрсетеді [6; 208-бет].Бұл қазақ қоғамында рухани құндылықтардың құқықтық нормалармен қатар жүргенін дәлелдейді.
Қазақ даласындағы би сотының қағидаттарын тереңірек түсіну үшін көшпелі халықтың мәдениетіне сүйеніп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерге, діни нанымсенімдерге, әдет-ғұрыптарға негізделген қазақ философиясының ерекшеліктері мен қалыптасқан дәстүрлеріне шолу жасау қажет. Дәстүрлі қазақ философиясы – қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымының ғасырлар бойы қалыптасып, үздіксіз дамуының жемісі. Философияның ғылыммен де байланысты екенін атап көрсете отыра Т.Рысқалиев «...философияның халық туындысы екенін де, адамдардың сана-сезімімен, көңіл-күйімен, әдет-ғұрпымен, салт-жораларымен, дінімен байланысты болып келетінін естен шығармауымыз керек» - деп ескертеді [7;368-бет].
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері билер сотының қазақ қоғамының құқықтық жүйесін қалыптастыруда, қоғамдық тәртіпті сақтауда және ұлттың бірлігі мен тұтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарғанын көрсетті. Оның тәжірибесі бүгінгі құқықтық мәдениет пен татуластыру институттарын дамытуда құнды тарихи негіз бола алады. Қазақ қоғамындағы билер соты – қазақ халқының құқықтық мәдениеті мен қоғамдық құрылысының ең берік тіректерінің бірі болған ерекше институт. Оның басты күші жазбаша заңдарда емес, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары мен әдет-ғұрпында жатты. Билер соты тек құқық бұзушылықты анықтап, жаза қолданатын жүйе емес, ел ішіндегі татулықты нығайтатын, адамдарды татуластыратын, қоғамның тыныштығын сақтайтын ортақ ақылдың, ұжымдық даналықтың көрінісі болды. Зерттеу барысында билердің әділ билік айтуы, дауларды созбай шешуі, тараптарды жарастыруға ерекше мән беруі қазақ қоғамындағы тұрақтылыққа тікелей әсер еткені аңғарылды. Би тек төреші емес, халыққа бағыт-бағдар көрсететін, елдің елдігін ойлайтын моральдық көшбасшы ретінде қалыптасты. Оның әрбір шешімі тек бір даудың аяқталуы емес, бүкіл елге үлгі болатын тәрбиелік мәні бар қоғамдық оқиғаға айналды.
Билер сотының тәжірибесі бүгінгі заман үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі медиация, татуластыру орталықтары, қоғамдық кеңес сияқты институттар дәл осы дәстүрлі билік жүйесінің негізінде қалыптасып келеді. Демек, билер соты – өткеннің ғана емес, қазіргі қоғам үшін де құнды құқықтық және мәдени мұра. Қорытындылай келе, билер соты қазақ қоғамындағы тәртіпті сақтау, әділдікті қамтамасыз ету және қоғамдық келісімді нығайту ісінде маңызды рөл атқарды. Оның ұстанымдары ұлттық құқықтық мәдениеттің іргетасын қалап, бүгінгі құқықтық реформалар үшін де өзіндік бағыт-бағдар бере алады.
Пайдаланылған әдебиеттер
Зиманов, С.З. Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсері / С.З.Зиманов, Н.Өсеров. – Алматы: Жеті жарғы. 1998.- 126 б.
Ж.С. Мажитова // Вестник Челябинского государственного университета. 2014. № 12 (341) История. Вып. 60. 14–21 б.б.
Уалиханов, Ш. Сот реформасы жайында жазба / Ш.Уәлиханов. – Алматы: Жеті жарғы, 2003. - 116 б.
Н.А.Козлов.«Обычное право киргизов» 1822
Зиманов, С.З. Материалы по обычному праву казахов / С.З. Зиманова. ‒ Алма-Ата, 1948. ‒ 220 б.
Зиманов, С.З. Казахский суд биев - общекультурологическая ценность [Текст] / С.З.Зиманов. – Алматы: Арыс, 2009. – 408 б.
Рысқалиев, Т.Х. Философия тарихы / Т.Х. Рысқалиев. - Алматы:Экономика, 2015. - 508 б.
Зиманов, С.З. Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсері / С.З.Зиманов, Н.Өсеров. – Алматы: Жеті жарғы. 1998.- 126 б.
Нұрпейісов, Е. Қазақмемлекеті мен құқықтарихы. – Алматы: Өркениет, 2008. – 210 б.
Бабажанов, С. Қазақбилерініңсөздері мен шешімдері. – Алматы: Мерей, 2013. – 150 б.
Бексеитива Ақбота Тастанбекқызы.,
Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті,
педагогикалық институттың директоры.
Байбулова
Әйгерім Эсенғалыйқызы.,
Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих
және дінтану мамандығының 4 курс студенті