Қазақ жеріндегі жоғалған қазыналар: Адмирал Колчактың алтын көмбесі

31.01.2026
6139
Қазақ жеріндегі жоғалған қазыналар: Адмирал Колчактың алтын көмбесі - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Қазақстан аумағында ежелгі сақ, ғұн, түркі қағандығы және Қазақ хандығы дәуірлерінен қалған, әлі күнге дейін табылмаған немесе жұмбақ жағдайда жоғалған көптеген қазыналар бар. 

Солардың бірі – адмирал Колчактың қазынасы туралы аңыздар. Кейбір зерттеушілер Колчак армиясында қызмет еткен атаман Анненков Қазақстан жерінде тығулы жатқан қазына туралы жазбасы бар дейді. Бірақ бұл байлық таулы Алтайда ма, жоқ әлде, Сібірдің ну ормандарында ма, Жоңғар Алатауының бөктерінде жатыр ма, ол жағы әлі беймәлім.

Өскемендік жергілікті тарихшы Александр Харламовтың жазбаларында 1920 жылы атаман Анненков қарамағындағы алты казакқа өз әскерінің архивін, киім-кешектері мен қару-жарақтары және алтын, күмістерін тау шатқалына тығу туралы бұйрық берген деген аңыз бар. Кемінде 60 ат сыятын тау үңгіріне қазынаны тығып, оның кіретін жағын минамен қопарып, тау жоталарын құлатып, бітеп кеткен.

Колчактың қазынасын Қазақстаннан, оның ішінде Айыртау аймағынан іздестіріп жатқандар да бар. Ол үшін осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Іздеу жұмыстарына сол жердегі «Колчаковский» деп аталатын жер атауы себеп болған. 

Алайда өлкетанушы Сағындық Салмұрзин Айыртау өңірде мұндай атаудың жоқ екенін айтады.

«Мұндай алып-қашпа сөздер бұрыннан айтылып келеді. Өйткені, ақ пен қызылдың қанды шайқастары кезінде өлкемізде Колчак та, Семенов те, Тухачевский де аш бөрідей талай жортқан. Қазақ ауылдарын талқандап, зорлық-зомбылықтар жасағаны тарихтан белгілі. Айыртау жұртшылығының әңгімесіне құлақ түрсек, қойын-қонышы небір сырларға толы таңғажайып құбылыстарға қанығуға болады. Адмиралдың әскері қызылдардан жеңіліп, Петропавл қаласына аялдағаны рас. Дегенмен Өзі қашып келе жатқан, салы суға кеткен әскердің Айыртау өлкесіне баруы ақылға сыймайды. Романның қазынаның бір бөлігін осы маңға жасырып, қызылдарға жойқын шабуыл жасамақ болған деген тұжырымымен де келісу қиын. Өйткені, Колчак өңірде көп тұрақтамаған. Аз-кем аялдап, тынығып алуды көздеген. Оның түпкі ойы Омбыға, Сібірге жетіп, билікті қолға алу болатын. Және бір күмән тудыратыны, бұл жайтты бүге-шігесіне дейін індете зерттеген шетел, орыс ғалымдарының деректерінде мол қазынаның Қазақстанда жасырылғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ», – дейді ол.

«Колчактың алтын көмбесі» жайлы қауесет мынадан басталған. Атап айтқанда, ақтар отрядының командирі, полковник Каппел 1918 жылы 6 тамызда Қазан қаласында сақтаулы тұрған Ресейдің «ұлттық байлығының» біраз бөлігін (750 миллион рубль) үптеп кеткен. Сол жылы күзде Омбыны билеп тұрған Колчак үкіметіне тапсырған. 1919 жылдың мамырына дейін оған қол сұғылмағанмен, одан әрі майдандағы ауыр жағдайға байланысты бір бөлігіне шетелдерден қару-жарақ сатып алынған. Осы жылдың аяғына таман Колчактың «алтын артқан пойызы» Нижнеудинск қаласына келіп, француз генералы Жаненнің ұйғарымымен чех әскерлеріне тапсырылған. Одан арғы «тағдыры» бұлыңғыр.Бір бөлігі жапон елінің банктерінде жатқанын тарихшылар айтқанмен, нақты санын есептеу мүмкін емес. 100 тонна алтынды Колчак үкіметінің қаржы министрлігі шетелдердегі банк депозиттеріне аударған. Байкал көлі маңайында алтын тиеген пойыз көл түбіне кетіпті деген пайымды бетке ұстап, үкімет тарапынан ғылыми экспедиция ұйымдастырылғанымен, еш нәтиже тындыра алмаған. Тіпті «Мир» суасты аппараты қолданылса да. 

Айта берсе, «Колчак, Семенов, барон Унгерннің алтын қоймалары» туралы дақпырттар көп. Кеңес өкіметі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұзақ жылдар бойына Сібір ормандарын түгел тінтіп шықты. Кейін Колчак бәлкім сол алтынды Еуропа мен Жапония банктерінің біріне салып, сақтатқан болар деген үмітпен астыртын тексерулер жүргізді. Өкінішке қарай, шетел банктерінің ешқайсысынан ондай деректер кездеспеді. Сібір ормандарынан табылмаған соң, бәлкім Байкал көлін айналып өтетін теміржолмен алып бара жатқанда алтын артқан вагон рельстен шығып кетіп, көлге құлаған болар деген ой-тұжырыммен көл тереңіне арнайы «Мир» атты сүңгуір аппарат қондырғысымен түсіп, су астының қойын-қолаттарын қанша тінтсе де көз арбап, жылтырап жатқан алтынды көре алмады.Кейіндеу комитет қызметкерлерінің рұқсатымен тәжірибелі геологтар мен жекелеген адамдар да іздестіру жұмыстарына араласып көрді. Бірақ бәрі де нәтижесіз аяқталды.

Бүгінде алтынға таласып отырған ел көп. Соның бірі – Татарстан. Татарстан тарихшысы Равиль Ибрагимов өмірінің 25 жылын Колчактың алтынын іздеуге арнап, мол іс-тәжірибе жинақтаған. Ресей қалаларындағы мұрағаттардың біразындағы материалдармен танысып, содан соң шетелдердегі орыс эмигранттарымен кездесу үшін қажетті қаражат жинап, Еуропаның бірқатар елдерін аралап шыққан. Ол көбіне орыс эмигранттардың ең көп шоғырланған елі Францияда болды. Қазір оның қолында француз тілінде жазылған жұртты таңғалдыратын құжаттар бар.

Равиль Ибрагимов: «Жұрттың «Колчактың алтыны» деп жүргендері шын мәнінде адмиралдікі емес. Мен оны Қазан қаласына тиесілі байлық деймін. Енді неге солай айтқанымды түсіндірейін. Бірінші дүниежүзілік соғыста немістер шабуылын күшейтіп, орыс әскерлері майдан шебінен шегіне бастаған. Содан қауіптенген император II Николай алтынды Еуропадан алып кетіп, елдің ішкі қалаларының біріне әкеп сақтауды бұйырған. Алтынға жауапты адамдар Қазан қаласын таңдайды. Өйткені 1914 жылы осы қалада банктің сол кездегі талапқа сай салынған ғимараты бар еді. Империяның біраз алтын қоры сонда сақталған. 1917 жылы Октябрь төңкерісінен кейін 1918 жылы Қазандағы сол банкте 1280 тонна алтын болды. Ал Еуропадан әлгі алтынды алып келіп қосқанда империяның барлық алтын қоры 1695 тоннаны құраса керек. Империя ішінде большевиктер бүлік шығарып, уақыт өткен сайын олар күш ала бастайды. Әскер құрамалары жұмысшы-шаруаны бастаған большевиктер жағына шығып, Ресей қалаларын бірінен соң бірін басып алып жатқан кез. Көп кешікпей қызыл большевиктер Қазан қаласын да басып алып, банктегі алтын қорын да иемденген. 

Бірақ 1918 жылы тамыздың 6-сынан 7-сіне қараған түні Колчакпен әскери қызметтес болған подполковник Каппель басқарған ақ армия бөлімдері большевиктерді Қазаннан қуып шығады. Оның шабуылды өте ұтымды ұйымдастырғаны соншалық, большевиктер қарсылық көрсетуге еш айла-әрекет жасай алмаған. Ол әскери тактиканы өте жетік білгені соншалық қызылдар қалаға қанша рет қарымта шабуыл жасаса да, кіре алмай шығынға батады.

Ақыры болмаған соң қызылдар оның басына 50 мың сом тіккен. Сол кезде Каппель бас командованиеге жеделхат жолдайды.«Қазір менің қолымда империяның бүкіл алтын қоры бар. Бұл олжаны түгел есептеп санауға соғыстан еш мүмкіншілігім жоқ. Менің армиямның әскери шығыны 25 адам. Большевиктермен шайқас кезінде әскери тәсілдерді ұтымды қолдана білді». Каппель Қазанды бір ай бойына өз ықпалында ұстап тұрды. Алайда ол қызылдардың үсті-үстіне жасаған шабуылдарына одан әрі шыдас бере алмайтынын сезіп, алтын қоры мен аса бағалы заттарды 5 кеме мен үлкен ескекті қайықтарға тиеп, Волга өзені бойымен Самара қаласына алып барған. Самарадан әрі Уфа қаласына жеткізеді. Онда да сақтау қауіпті болған соң, теміржол вагондарына артып, Челябі қаласына алып кетеді. Одан әрі Омбыда Сібір үкіметін орнатқан бұрынғы досы Колчактың қолына сеніп тапсырады. Содан бастап бұл байлық «Колчактың алтыны» атанып кеткен», – дейді.

Тарихшының жазуынша, алтынды Волгада кемеге тиер алдында құрамында орыс, шешен, чех, поляк, словактар бар 11 офицер 400 пұт алтынды ұрлап, тығып қалған делінеді. Бұл шамамен 6 тонна болады екен. Олар ұрлаған алтынды Қазан қаласынан 63 шақырым жердегі ну орман ішіне апарып, 12 сағат бойына жерді терең қазып, құнды заттармен бірге көмген. Олар ісін бітіріп, орман шетіндегі жолға шыққан кезде қызылдардың үлкен жасағымен ұшырасып, жалт беріп кете алмай амалсыздан шайқасады. Кескілескен ұрыста олардың түгелге жуығы қырылып қалады. Тек ауыр жарақат алып, есінен танып қалған ұлты поляк Константин Ветеску ғана аман қалады. 

Қызылдар кеткен соң оған сол жердің жергілікті адамдары қайырымдылық көрсетіп, біраз уақыт емдеп сауықтырған. Бірақ ол алтын көмбесінен алыстап кете алмай сол жердің тұрғындарымен біте қайнасып, бір жарым жыл аялдап қалған. Ара-тұра көмбеге жасырын барып, күнкөріс үшін жұрт сезіктенбейтіндей біразын қазып алып жүрді. Алтынды қалай алып кету жолын таппай жүргенде өзі сүзек ауруына ұшырап, халі күннен-күнге нашарлап бара жатқан соң Польшадағы інісі Вячеславты шақырып, оған мол алтын көмбесі туралы айтып, жасырып жүрген біраз алтынды беріп, көмбе тұрған жердің өзі қолдан сызған картасын ұстатады.

Равиль Ибрагимовтың айтуына қарағанда, Вячеслав Польшаға қайтып келген соң қолындағы алтынға жер сатып алып, өзі қалаған қызға үйленген. Алайда оның ойынан Қазан түбіндегі алтын көмбесі бір сәтке де шықпайды. Қызылдар жеңіліс тапқан сәтте, ол көмбеге оралып, алтынның тағы біразын алып кетуді үнемі ойлаумен жүрді. Бірақ жағдай ол күткендей болған жоқ. Большевиктер өкіметі орнап, жылдар жылжыған сайын күшейе түсті. Ақыры өзінше барып ала алмайтынына көзі жеткен соң, біраз жылдардан бері жасырып жүрген сызба картасын француз банктерінің бірімен жақсы байланысы бар таныс адвокатына айтып, пікір алысқан. Француз қаржыгерлері көмбедегі мол байлыққа қызыққаны соншалық, Кеңес өкіметі жағымен келіссөзге келуді ұйғарады. Келіссөздің де реті келіп, француздың «Люберзак и К» банкісінің меңгерушісі Александр Бунженер мен КСРО Мемлекеттік банкісінің Франциядағы өкілі Николай Акимов құпия келісімге келген. 

1929 жылы 16 қыркүйектегі екі жақты жасалған келісім бойынша «Люберзак и К» компаниясы КСРО-ға көмбенің қай жерде жатқаны көрсетілген картасы бар өз қызметкерлерін жіберуге, сондай-ақ, ағаш жәшіктерге салынған алтын мен құнды заттардың сол кездегі бағасын 18 миллион долларға (қазіргі бағамен 200 миллион доллар) бағалап, соның 20 пайызын алатын болып уағдаласады. Құжатта алтын көмбесін іздеуге қатысатын француз және ағылшын мамандары мен оларды алып жүретін екі поляк адвокатының фамилиялары нақты көрсетілген.

Шетелдіктер Қазанға 1929 жылдың 1 қазанында құпия жағдайда келген. Сол кезде Қазан банкісінің меңгерушісі Николай Просоловтың атына Мәскеуден арнайы жеделхат түседі. Жеделхатта «Сіздер көмбе іздеушілерге 50 жұмысшыны қажетті құрал-саймандарымен жабдықтап беріңіздер. Қазба жұмыстарына бөлінген ақша мейлінше аз болғаны дұрыс және жұмыс он күннен аспауы керек. Жұмыс француз азаматы Барсейдің жетекшілігімен жүргізілсін. Көмбені іздестіру жұмыстары хаттамаға француз және орыс тілдерінде көрсетілуі тиіс» делінген. 

«Маған сол хаттаманы табу оңай болған жоқ. Менің байқауымша экспедицияның жетекшісі Барсей көмбенің қай жерде жатқанын жақсы білген. Бірақ ол жеме-жемге келгенде большевиктердің оғаш істерінен секем алып, олардың келісім бойынша өз міндеттерін орындамайтындарына көзі жетіп, іздеу жұмыстарын бірден тоқтатады.1948 жылы алтын көмбені іздеу жұмыстары қайта жалғасты. Бірақ еш табылмады», - деп жазады Ибрагимов. 

Енді Қазақстанға оралайық. Қалай болғанда да Колчактың алтыны туралы әңгімелер Солтүстік Қазақстанда 100 жыл бойы қазына іздеушілерді қатты қызықтырып келеді. 

Аңыз бойынша, дәл осы өңірдің аумағында Ресей армиясының Жоғарғы Бас қолбасшысы Александр Колчак жәшіктерге толы қазыналарды жасырған-мыс. 

Колчактың тыққан қазынасы 640 тонна алтын, 480 тонна күмісті құрайды. Сондай-ақ, Романовтар әулетінің асыл бұйымдары, алтыннан соғылған және асыл тастармен безендірілген бірегей Сібір ордендері болған. Қазыналардың құны 13 миллиард доллардан асады.

Ресей империясының бұл алтын қоры 1918 жылы ақ гвардияшылардың қолына түсті. Оны үш бөлікке бөлді, әр бөліктің өз тарихы бар. Бірінші бөлік – атаман Семенов ұрлаған және ішінара Жапонияға жөнелтілген бөлік. Қолда бар құжаттарға сенсек, ол 720 жәшік алтынды иемденген, бұл 37 тоннаға тең. Жапонияға шамамен тоғыз тонна тиген.

Екінші бөлік – ең үлкені – Колчакта болды және кейін «алтын эшелон» деп аталды. 1920 жылдың басында 29 вагон асыл бұйым Омскіден Владивостокқа жөнелтілмек болды. Бірақ эшелон соңғы пунктке жеткен жоқ. Иркутскіде оны чех легионерлері тоқтатып, алтынды большевиктерге тапсырды. Алайда 650 миллион алтын рубльдің тек 400 миллионы ғана қолдарына тиді. Тағы 200 миллион қайда кетті – әлі күнге дейін белгісіз.

Осы сәттен бастап тарих сенімді болудан қалады да, Колчак эшелон жолы бойында жасырған қазынасы туралы аңыздар басталады. Яғни Петропавл – алтын қорды тасымалдаған пойыз тоқтаған пункттердің бірі болған. ОЛ аздай Колчактың «Петропавлда менің тағдырым шешіледі» деген сөзі болған делінеді.

Расында да дәл осы жерде ақ гвардияшылар армиясы қатты жеңіліске ұшырады. 1919 жылдың қазан айының соңында Тухачевскийдің 5-армиясы Петропавлды шабуылмен алды, адмирал Колчак армиясының әскерлері Омскіге шегінді. Эшелон Омскіге келгенде, алтынның бір бөлігі жоғалып кеткені анықталады. Колчактың серіктестерінің айтуынша, вагондар Петропавл станциясында ауыстырылған сияқты. Құжаттар бойынша, Колчактың өзі жоғалуды оқ-дәрі мен киім-кешек сатып алумен түсіндірген. 

Шын мәнінде тонна-тонна алтын қайда кетті? 

Бұл жұмбақты бірнеше ұрпақ қазына іздеушілер шешуге тырысып келеді. Бір нұсқа бойынша, Колчактың қазынасы Петропавлдың су мұнарасында сақталған. Сәулет ескерткішін қайта құру кезінде жұмысшылар жоспарда көрсетілмеген жертөлені тапты. Бірақ онда ешқандай асыл бұйым болмады.

Тағы бір нұсқа бойынша, Колчактың алтыны қаладағы 20-ші шағын ауданда жасырылған. 1918 жылдың күзінде ақ гвардияшылар коммунистерді жаппай атып, мәйіттерді Бесінші сайға әкеліп, көмген. Мәйіттер ағаш табыттарға салынып, арбамен тасымалданған. Шын мәнінде табыттарға мәйіт емес, алтын жәшіктері болған-мыс. 

Тағы бір нұсқа бойынша, Солтүстік-Қазақстан облысында болған кезде, қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын Колчак Айыртау ауданына барған. Ауданда тіпті «Колчак тауы» бар. Бірақ сапардың мақсаты белгісіз. Аңыз бойынша, адмирал қазынаны осында жасырған. Көнекөз қариялардың айтуынша, колчаковшылар қандай да бір жәшіктерді көтеріп жүрген, ал кеңес уақытында КГБ қызметкерлері келіп, тауларда бірдеңе іздеген.

Бірақ тарихшылардың көбі (шетелдік және орыс зерттеушілері) Қазақстанда мол қазынаның жасырылғаны туралы ешқандай құжаттық дәлел жоқ деп санайды. Колчактың өзі өңірде ұзақ тұрақтамаған, тек тынығу үшін аялдаған.

Колчактың алтын көмбесінің тарихы

Колчактың алтын көмбесінің тарихы 1917–1920 жылдардағы Ресей азамат соғысы кезіндегі хаос, ақ гвардияшылардың шегінуі және большевиктердің жеңісінен басталады. 

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде император II Николай неміс шабуылы қаупінен алтын қорын Еуропадан Ресейдің ішкі аймақтарына көшіруді бұйырды. Арнайы аймақ ретінде Қазан қаласы таңдалды, өйткені онда сенімді банк ғимараты бар еді. 1917 жылғы Октябрь төңкерісінен кейін, 1918 жылы Қазандағы банкте шамамен 1280 тонна алтын сақталған еді. Еуропадан әкелінген қосымша алтынмен бірге империяның жалпы алтын қоры 1695 тоннаға жетті деп есептеледі.

1918 жылы 6–7 тамыз түнінде подполковник (кейін полковник) Владимир Каппель басқарған ақ армия бөлімдері Қазанды басып алып, большевиктерді қуып шықты. Әрі ол бір ай бойы Қазанды ұстап тұрды. Алтын қоры мен құнды заттарды Волга өзені арқылы 5 кемеге тиеп, Самараға, одан Уфаға, кейін теміржолмен Челябіге, соңында Омбыға жеткізді. Омбыда бұл байлық Сібір үкіметін басқарған адмирал Александр Колчактың қолына тапсырылды. Содан бастап ол «Колчактың алтыны» деп атала бастады.

Колчактың алтын эшелоны 

Колчак 1918 жылдың қарашасында Омбыда өзіне «Ресейдің Жоғарғы билеушісі» атағын алды. Оның қолындағы алтын қоры шамамен 490–650 тонна болды – негізінен монеталар, құймалар және шетелдік валютадағы алтындар (неміс маркасы, британ фунты, АҚШ доллары т.б.) еді.

1919 жылы қызыл армияның шабуылы күшейгенде, Колчак алтынды шығысқа – Иркутск, Владивосток бағытына апарды. «Алтын эшелон» деп аталған пойыз 29 вагоннан тұрды. Пойыз Петропавл (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) станциясында бір айға жуық тоқтады. Бұл кезеңде Колчак армиясы ауыр жеңіліске ұшырады. 1919 жылдың қазан соңында Михаил Тухачевский басқарған 5-армия Петропавл операциясында қаланы басып алды, ақтар Омбыға шегінді.

Петропавлда пойыз тоқтаған кезде алтынның бір бөлігі жоғалғаны туралы мәліметтер бар. Колчак серіктестері вагондар ауыстырылғанын, алтын оқ-дәрі мен киім-кешек сатып алуға жұмсалғанын айтқан. Бірақ тонналар алтынның нақты қайда кеткені белгісіз. Бұл жайт басындай айтып өткеніміздей, Солтүстік Қазақстанда (Петропавл, Айыртау ауданы) аңыздардың пайда болуына себеп болғаны даусыз. Сонымен қатар, «Колчак тауы», су мұнарасының жертөлесі, 20-шы шағын аудандағы бауырлас зиратына құпия жәшіктердің көмілуі сынды аңыздар пайда болды.

1920 жылдың басында эшелон Иркутскіге жетті. Чех легионерлері (Антанта қолдауымен) пойызды тоқтатып, Колчакты тұтқынға алды және алтынды большевиктерге тапсырды. Большевиктер 410–400 миллион рубль құнындағы алтын алды. Қалған 200–235 миллион рубль (шамамен 200–300 тонна) қайда кетті? Бұл сұрақ әлі күнге шешілмеген.

Негізгі нұсқалар

Байкал көлі түбіне батуы – пойыздың бір бөлігі рельстен шығып, көлге құлады деген аңыз. 2009 жылы «Мир» суасты аппаратымен іздеу жүргізілді, жылтыр металдар табылды, бірақ алтын расталмады.

Аңыз бойынша, 1919–1920 жылдары адмирал Александр Колчактың «алтын эшелоны» (пойызы) Байкал маңында рельстен шығып, көл түбіне құлаған немесе қыста мұз үстінде тасымалдау кезінде батып кеткен деп есептеледі. 

Бұл нұсқаға сәйкес, жүздеген тонна алтын (шамамен 200–650 миллион рубль құны, қазіргі бағамен миллиардтаған доллар) көлдің тереңінде жатыр- мыс.

 2008–2010 жылдардағы «Мир-1» және «Мир-2» батискафтары (суасты аппараттары) Байкалдың түбіне зерттеу жүргізілгені белгілі.Бұл экспедициялардың ресми мақсаты – көлдің экологиясы мен геологиясын зерттеу болғанымен, зерттеушілер түпкі мақсаты Колчак алтынын табу екенін айтады. 

2009 жылы Кругобайкаль теміржолы маңында (Маритуй станциясы тұсында, мыс Половиный және Толстый маңы) тереңдігі 700 метрге жуық жерден ескі теміржол вагондарының фрагменттері табылды деген ақпарат тарады. Бұл вагондар азамат соғысы кезеңіне (1920 жылдар) жататын болып шықты.

2010 жылы тамызда «Мир-2» аппараты Толстый мүйісі маңында тереңдігі шамамен 400 метр жерден жылтыр металдан жасалған тікбұрышты блоктарды (слитоктарға ұқсас) байқады. Олар «алтынға ұқсас жылтыр метал» деп сипатталды. Бұл жаңалық БАҚ-та үлкен резонанс тудырды – «Колчактың алтыны табылды!» деген тақырыптар шықты.

Алайда манипулятор қолмен бұл заттарды көтеруге мүмкіндік болмады – түбінде борпылдақ құм мен қиыршық тастар болғандықтан, заттарды алып шығу мүмкін болмады. 

Екінші нұсқа – Колчак алтынының Жапонияға немесе шетел банктеріне жіберілуі. Атаман Семенов 37 тонна алтынды Жапонияға жөнелткен. Колчак та бір бөлігін шетел банктеріне аударған (100 тоннаға жуық).

Сібір ормандарына, Алтайға немесе Қазақстанға көму – атаман Анненковтың алты казакқа тау үңгіріне қазына тығу бұйрығы бергені туралы аңыз бар (тау жоталарын минамен қопарып бітеу). Бірақ өлкетанушы Сағындық Салмұрзин сияқты мамандар Қазақстанда (Айыртау) қазынаның жасырылғаны туралы ешқандай сенімді дерек жоқ деп есептейді.

Қолды болды

Волгада кемеге тиеу кезінде 6 тонна алтын ұрланғаны, Қазан маңындағы орманға көмілгені туралы Равиль Ибрагимовтың зерттеуі бар (поляк Константин Ветеску мен інісі Вячеслав арқылы). 1929 жылы француз «Люберзак и К» банкісімен КСРО арасындағы құпия келісім бойынша іздеу жүргізілді, бірақ нәтижесіз аяқталды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз