Қазақ ғылымындағы тұңғыш әйел палеонтолог

Автор:
23.01.2026
8687
Қазақ ғылымындағы тұңғыш әйел палеонтолог - e-history.kz

Балдырған Серәліқызы Қожамқұлова – қазақ ғылымында өз жолын өзі салған, бұрын болмаған бағытты қалыптастырған бірегей тұлға. Ол Қазақстанда палеонтология ғылымын жүйелі зерттеу деңгейіне көтеріп, осы саланың ғылыми негізін қалаған тұңғыш қазақ әйел ғалым ретінде тарихта қалды. Табиғаттың терең қатпарында жатқан миллиондаған жылдық деректерді сөйлете отырып, Балдырған Қожамқұлова ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейтті, қазақ зерттеушілерін жаңа ғылыми өріске бастады.

Балдырған Қожамқұлова 1930 жылы 30 наурызда Алматы қаласында қазақ театр өнерінің ірі өкілдері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Серәлі Қожамқұлов пен актриса Хадиша Қожамқұлованың отбасында дүниеге келді. Үй ішіндегі шығармашылық орта, сахна мен өнерге жақын өмір салты Балдырғанның эстетикалық талғамын ерте қалыптастырды. Жастайынан музыкаға бейім болып, пианино сабағын меңгеруі де соның дәлелі еді. Ата-анасы оның болашағын өнермен байланыстырып, кәсіби музыкант болады деп үміттенді. Алайда Балдырғанның ішкі қызығушылығы сахнадан гөрі табиғаттың тылсым сырларына, жер қойнауында сақталған тарихқа ауа бастады. Тасқа айналған сүйектер, ежелгі тіршілік иелерінің ізі, уақыт пен кеңістік туралы ойлар оны ерте жастан-ақ толғандырды. Осы қызығушылық оны өнер жолынан ғылым жолына бұрды. Ол саналы түрде биология саласын таңдап, 1949–1954 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінде білім алды. Бұл таңдау сол кезең үшін айрықша батыл қадам еді. Себебі ХХ ғасырдың ортасында ғылымға, әсіресе палеонтология секілді күрделі әрі ауыр салаға әйел адамның келуі сирек құбылыс болатын. Соған қарамастан Балдырған Серәліқызы өз қызығушылығынан таймай, ғылыми жолды таңдады. 

1954–1957 жылдары Балдырған Серәліқызы Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында аспирантурада оқып, Қазақстандағы палеозоология ғылымының қалыптасуына алғаш үлес қосқан зерттеушілердің бірі В.С. Бажановтың ғылыми жетекшілігімен жұмыс істеді. Бұл жылдар жас ғалымның кәсіби тағдырын айқындаған шешуші кезең болды. Далалық экспедициялар, қазба материалдарын жүйелеу, ежелгі жануарлар сүйектерін салыстырмалы талдау секілді күрделі зерттеу жұмыстары оның күнделікті тәжірибесіне айналды. Осы кезеңде Балдырған Қожамқұлова тасқа айналған сүйектерді тек биологиялық нысан ретінде емес, жер тарихын «сөйлететін» дереккөз ретінде қарастырып, палеонтологияны өмірлік кәсібі етіп таңдады. Қызының мұндай ауыр да күрделі ғылымды таңдауына бастапқыда күмәнмен қараған әкесі бұл мамандықтың мән-маңызын сол кезеңдегі қазақ ғылымының көшбасшысы Қаныш Сәтбаевтан сұрағаны белгілі. Академик Қаныш Имантайұлы Балдырғанның таңдауының тарихи маңызын айрықша атап өтіп, палеонтология ғылымының ел үшін аса қажет, болашағы зор бағыт екенін айтқан. Ол жас ғалымның жолын қолдап, мұндай зерттеулер Қазақстанның табиғи тарихын тануда шешуші рөл атқаратынын дәлелдеді. Кейінгі жылдар бұл пікірдің орынды екенін толық растады. Балдырған Серәліқызының ғылымға адалдығы мен табандылығы нәтижесінде Қазақстан палеонтологиясы дербес ғылыми сала ретінде қалыптасып, ұлттық ғылымның маңызды бағыттарының біріне айналды.

1957 жылы аспирант Балдырған Қожамқұлова Батыс Сібір аумағындағы Қасқыр жалы (Вольчая грива) қазба орнына ғылыми экспедиция құрамында жіберілді. Бұл сапар жас зерттеушінің ғылыми өміріндегі бетбұрыс сәттердің біріне айналды. Алғашында қазба барысында табылған олжалар құс сүйектерінің қалдығы деп болжанғанымен, Балдырған Қожамқұлованың мұқият салыстырмалы талдауы олардың мамонт тістерінің тамыры екенін дәлелдеді. Осы жаңалықтан кейін қазба жұмыстары кеңейтіліп, бір айға жуық уақыт бойы жүйелі түрде жүргізілді. Нәтижесінде жер қойнауынан үш тоннадан астам қазба сүйек материалы алынып, ғылыми айналымға енгізілді. Экспедиция барысында аталық, аналық және екі мамонт төліне тиесілі сүйектер анықталып, сирек кездесетін олжа, ересек мамонттың толық қаңқасы қалпына келтірілді. Бұл қаңқа кейін Алматыға жеткізіліп, ғылыми тұрғыда өңделді. Бүгінде ол Ғылым ордасының табиғат музейінде сақталып, Қазақстандағы палеонтологиялық зерттеулердің символына айналған ең құнды экспонаттардың бірі ретінде жұртшылыққа ұсынылып отыр.

1964 жылы Балдырған Серәліқызы «Қазақстанның антропогендік қазба териофаунасына шолу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, отандық палеонтология ғылымындағы жетекші мамандардың қатарына қосылды. Осы еңбегі арқылы ол Қазақстан аумағында соңғы геологиялық дәуірлерде тіршілік еткен сүтқоректілер фаунасын ғылыми тұрғыда жүйелеп, палеонтологиялық деректерді кешенді талдаудың негізін қалады.

1964 жылдан 1986 жылға дейін Балдырған Қожамқұлова Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында палеобиология зертханасын басқарып, бұл саланы жеке ғылыми бағыт ретінде қалыптастыруға шешуші үлес қосты. Дәл осы кезеңде Қазақстандағы палеонтологиялық зерттеулер эпизодтық сипаттан арылып, жоспарлы, жүйелі ғылым саласына айналды. Ол зертханалық жұмыстарды дала экспедицияларымен ұштастырып, жас ғалымдарды даярлауға, ғылыми әдістемені орнықтыруға ерекше көңіл бөлді.

Ғылыми қызметі барысында ол 170-тен астам іргелі зерттеу мен монография жариялап, Қазақстан палеонтологиясының деректік негізін байытты. Оның еңбектері отандық ғылым үшін ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастық үшін де құнды дереккөзге айналды. Зерттеулерінің нәтижесінде Қазақстан аумағындағы бірқатар бірегей палеонтологиялық ескерткіштер ғылыми тұрғыда дәлелденіп, «Қаздар өткелі», «Әулие», «Қошқорған» секілді үш ірі палеонтологиялық қорық ресми түрде бекітілді.

Ғалым 2014 жылдың 14 қаңтарында 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол өмірінің соңына дейін ғылымнан қол үзбей, Қазақстанның табиғи тарихын зерттеуге арналған еңбектерін жүйелеумен, жас зерттеушілерге кеңес берумен айналысты. Балдырған Серәліқызы артында бай ғылыми мұра, қалыптасқан ғылыми мектеп және қазақ палеонтологиясының берік іргетасын қалдырды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз