Ұлы тұлғалардың бүркеншік есімдері

Автор:
16.01.2026
6891
Ұлы тұлғалардың бүркеншік есімдері - e-history.kz

Қазақ руханиятының тарихына үңілсек, ұлтқа қызмет еткен талай алып тұлғаның өз ойын, көзқарасын, шығармашылық еркіндігін ашық айтуы оңай болмағанын көреміз. Отаршыл саясат, цензура, саяси қысым мен қудалау кезеңдерінде сөз айту – батылдықты, ал сөзді жариялау – амал табуды талап етті. Осындай тарихи жағдайда бүркеншік есім тек әдеби айла емес, рухани қорған, кейде тіпті аман қалудың жалғыз жолы болды.

Бүркеншік есім – автордың өз шын атын жасырып, ойдан шығарылған немесе шартты атпен жазуы. Бұл құбылыс әлем әдебиетінде ертеден қалыптасқан және әр дәуірде әртүрлі себептермен қолданылған. Қазақ әдебиетінде бүркеншік есімдер әсіресе XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы жартысында кең таралды. Бұл кезең отаршыл саясат күшейіп, баспасөз бен қоғамдық ой қатаң бақылауға алынған уақыт еді. Бүркеншік есім қолданудың басты себептерінің бірі саяси қудалаудан сақтану болды. Қаламгерлер ұлттық мәселелерді, әлеуметтік теңсіздікті, халықтың тағдырын ашық көтергені үшін жауапқа тартылуы мүмкін еді. Сондықтан ол сол кезеңде қауіпсіздік құралына айналды. Сонымен қатар ол цензураны айналып өтуге, тыйым салынған ойды жанама түрде жеткізуге мүмкіндік берді.

Кей жағдайда бүркеншік есім шығармашылық еркіндікті кеңейтудің жолы болды. Бір автор әртүрлі жанрда немесе түрлі тақырыпта жазғанда бірнеше ат қолдану арқылы өзіндік стиль мен үнді ажыратуға тырысты. Ал кейбір қаламгерлер үшін жеке «менінен» арылып, белгілі бір әлеуметтік топтың, ұстанымның немесе көзқарастың атынан сөйлеудің тәсілі еді.

Мәселен Әлихан Бөкейхан мақалаларына «Қыр баласы», «Арысұлы», «Қалмақбай» секілді бүркеншік есімдермен қол қойып отырды. Бұл аттар кездейсоқ таңдалған жоқ. «Қыр баласы» арқылы дала перзенті ретіндегі болмысын, «Арысұлы» арқылы тарихи тамыр мен жауапкершілікті астарлап жеткізді. Бүркеншік есімдер Бөкейханов үшін өз ойын өткір жеткізудің әрі саяси қысымнан сақтанудың тиімді құралы болды.

Міржақып Дулатұлы да бүркеншік аттарды белсенді пайдаланған қаламгерлердің бірі. Ол «Мадияр», «Азамат Алашұлы», «Таймінер» деген есімдермен жазып, елдік идеяны ашық айтуға балама жол тапты. Әсіресе «Азамат Алашұлы» деген аттың өзі-ақ автордың ұстанымын аңғартады. Бұл – жеке тұлғаның емес, ұлт азаматының үні. 

Ал Ахмет Байтұрсынұлы бүркеншік есімге өзгеше жолмен келген. Ол кей мақалаларын «А.Б.» сияқты қысқартылған таңбалармен жариялап отырған. Бұл авторлығын толық жасырудан гөрі, өзіндік ұстамдылық пен ғылыми байыптылықты танытатын әдіс еді. Ахмет Байтұрсынұлы үшін бастысы айтылар ойдың салмағы болатын. Сондықтан ол жеке тұлғаны алға шығармай, қоғамдық мүддені бірінші орынға қойды.

Бүркеншік есім тек саяси қысымнан туған амал ғана емес, кей жағдайда әдеби тәжірибенің, шығармашылық ізденістің бір формасына айналды. Бұл әсіресе қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңінде айқын көрінді. Мәселен, Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін өз атынан емес, ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлының атынан жариялатқаны белгілі. Мұндағы мақсат жас ақын ретінде танылудан қашу немесе жауапкершіліктен сытылу емес, керісінше, өз сөзінің елге қалай әсер ететінін сырттай бақылау, өлеңнің көркемдік қуатын автор есімінен тәуелсіз сынап көру еді. 

XX ғасырда бүркеншік есімдерді ең көп әрі жүйелі қолданған қаламгерлердің бірі – Бейімбет Майлин. Зерттеушілер оның 70-тен астам бүркеншік аты болғанын анықтаған. Бұл – кездейсоқтық емес, саналы шығармашылық стратегия. «Мырқымбай», «Малай», «Жалшы», «Балықшы» секілді есімдер арқылы Бейімбет әртүрлі әлеуметтік топтың, қарапайым халықтың ішкі үні мен тұрмыс-тіршілігін сөйлетті. Автор өзін бір сәтке шегініске қойып, сөзді кейіпкер атынан айту арқылы әлеуметтік шындықты әлдеқайда әсерлі, шынайы жеткізе алды. 

Бұл үрдісті Мұхтар Әуезов те жалғастырды. Ол публицистикалық және әдеби еңбектерінде «Қоңыр», «Жаяусал», «Айғақ» сияқты бүркеншік аттарды қолданған. Бұл есімдердің өзі жазушының ішкі дүниесін, ойлау жүйесін аңғартады. «Қоңыр» – байып пен тереңдікке, «Айғақ» – дәлел мен шындыққа, ал «Жаяусал» – ізденіс пен қозғалысқа меңзейді. Әуезов үшін бүркеншік есім авторлығын жасырудан гөрі, ойды белгілі бір реңкпен, символдық сипатпен жеткізудің тәсілі болды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз