Қазақ ерлерінің әшекейі: кім, қашан, не таққан?

Автор:
09.01.2026
6972
Қазақ ерлерінің әшекейі: кім, қашан, не таққан? - e-history.kz

Қазақ қоғамында әшекей бұйым тек әйелге ғана тән дүние болмаған. Ер азамат та жасына, әлеуметтік дәрежесіне, кәсібі мен өмір салтына қарай әшекей таққан. Бұл бұйымдар сән үшін ғана емес, мәртебе, қорғаныш, сенім мен символ рөлін атқарған. Ерлер әшекейі – көшпелі мәдениеттің дүниетанымын, ер-азаматтың қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды белгі.

Көшпелі қазақ қоғамында ер адамның сыртқы келбеті оның жеке болмысын ғана емес, қай әулеттен шыққанын, қоғамдағы орнын, атқаратын міндетін айқын танытып тұруы тиіс еді. Сол себепті ерлерге тән әшекей бұйымдар артық сән-салтанат үшін емес, әлеуметтік мәні бар белгі ретінде қолданылды. Әшекей ер азаматтың мәртебесін, беделін, тіпті өмір салтын білдіретін өзіндік «тіл» қызметін атқарды. Ерлер әшекейінде көбіне күміс металлдың қолданылуы да тегін емес. Қазақ ұғымында күміс жамандықтан сақтайтын, адамды тазалық пен пәктікке жетелейтін қасиетті металл саналған. Сондықтан қару-жарақтың сабы, белдік әшекейі, жүзік пен тұмар көбіне күміспен күптелді. Ал алтын сирек пайдаланылған, ол негізінен хан-сұлтандарға, ел басқарған әулеттердің өкілдеріне ғана тән болған. Бұл да қоғамдағы иерархия мен әлеуметтік айырмашылықты сыртқы белгілер арқылы айқын көрсетудің бір көрінісі болды.

Қазақ ерлерінің әшекейінде белдік айрықша орын алған. Ол тек киімді ұстап тұратын тұрмыстық бұйым ғана емес, ер азаматтың қоғамдағы орнын, жасын, мәртебесін айқындайтын маңызды нышан саналған. Белдік арқылы адамның кім екені, қандай міндет атқаратыны, тіпті қандай ортаға жататынын аңғаруға болады. Сондықтан белдікке қойылатын талап та жоғары болған. Оның материалы, салмағы мен әшекейі иесінің әлеуметтік дәрежесіне сай келуі тиіс еді. Жауынгерлер мен батырлар қару асуға қолайлы, ауыр, күміспен күптелген белдіктерді таққан. Мұндай белдіктер тек сәндік мақсатта емес, жаугершілік жағдайда қажетті құралдарды алып жүруге ыңғайлы етіп жасалған. Белдіктің салмақты болуы батырдың қайраты мен айбынын да айқындай түскен. Ал ел ішінде билік айтқан билер мен ақсақалдар көзге ұрып тұрмайтын, өрнегі жинақы, салмақты белдіктерді пайдаланған. Бұл олардың сабырлы мінезін, парасат пен байыпты ұстанымын білдірген. Жас жігіттердің белдігі қарапайымдау болғанымен, берік әрі қолайлы етіп таңдалған. Ол жігіттің әлі қалыптасу жолында екенін, бірақ ер азаматқа тән міндеттерге біртіндеп бейімделіп келе жатқанын көрсеткен. Белдікке пышақ, шақша, оқ-дәрі салатын қап немесе тұмар ілу кең тараған. Осы арқылы белдік ер адамның күнделікті тіршілігімен, кәсібімен, қауіпсіздігімен тығыз байланысқан әмбебап бұйымға айналғанын көре аламыз.

Қазақ ерлері арасында жүзік тағу дәстүрі болғанымен, оның мәні мен сипаты әйел әшекейінен мүлде өзгеше қалыптасты. Ерлерге арналған жүзіктер көбіне қарапайым пішінде, тассыз немесе аса ірі әшекейсіз болып келеді. Кей жағдайларда жүзіктің бетіне ру таңбасы, белгі немесе иесінің дәрежесін білдіретін өрнек салынған. Әсіресе мөрлі жүзік ел ішінде беделі бар, сөз ұстаған адамдарға тән болған. Би, болыс, ру басылары өз жүзігін мөр ретінде пайдаланып, хат-хабарға, ресми келісімдерге таңба басқан. Бұл жүзік иесінің билік айтуға, шешім қабылдауға құқылы екенін көрсеткен айқын белгі саналған. Сондықтан мөрлі жүзік ер адам үшін жеке әшекей ғана емес, оның қоғамдық мәртебесін айқындайтын құрал қызметін атқарған. Жас жігіттер арасында жүзік тағу сирек кездескен. Себебі жүзік ер адамның жасына емес, оның өмірлік тәжірибесі мен қоғамдағы орнына байланысты қолданылған. Ал орта жастағы, беделі орныққан, сөзі өтімді ерлердің жүзік тағуы қалыпты құбылыс болған. 

Қазақ ері үшін қару-жарақ тек соғыс құралы ғана емес, оның абыройы мен айбынын танытатын ерекше нышан саналған. Сол себепті қарудың өзі де әшекейленіп, иесінің мәртебесіне сай көркемделген. Қылыш, қанжар, пышақ сияқты қарулардың сабы көбіне күміспен күптеліп, нәзік ою-өрнекпен безендірілген. Бұл әшекейлер тек сәндік мақсатты көздемей, қарудың иесіне деген құрметті, оның ерлік жолын және қоғамдағы орнын білдірген. Қару қынаптарының да көркемделуіне айрықша мән берілген. Қынап бетіне салынған өрнектер, металмен көмкерілген жиектер ер адамның эстетикалық талғамын, қолөнер мәдениетін бағалай білетінін көрсеткен. Мұндай қару-жарақ күнделікті тұрмыста да, салтанатты жағдайда да иесінің айрықша белгісіне айналған. Осылайша қаруға салынған әрбір әшекей ер азаматтың рухын, мәртебесін және сұлулықты түсіну қабілетін бір арнаға тоғыстырған.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз