Зардыхан Қинаятұлының ғылыми мұрасы (тарихнамалық талдау)

Автор:
31.12.2025
7928
Зардыхан Қинаятұлының ғылыми мұрасы  (тарихнамалық талдау) - e-history.kz

Ғылыми талаптарды жан-жақты меңгерген сайын тарих ғылымындағы зерттелмеген мәселелер айқындалып, ол алдыға жылжиды. Тарихнама арқылы қарастырылатын белгілі бір ғылыми бағыттың аз немесе зерттелмеген тұстарын айқындауға мүмкіндік туады. 

Тарихнама ғылымтанушылық рөл атқара отырып, нақты тарихи зерттеулердің негізгі жетістіктерін талдай келе шындықтың аса маңызды жақтарын тұтастай көрсетіп береді. Тарихнаманың тағы бір ерекшелігі осы ғылым саласы арқылы белгілі бір мәселенің зерттелу деңгейін анықтап қана қоймай, сол мәселе ауқымында жаңа, тың тақырыптар айқындалып, зерттеушілерге ұсынылады [1, 14-б.]. Осы тұста Қазақ хандығының қалыптасу тарихын Жошы ұлысымен және одан кейінгі Алтын Орда кезеңімен байланыстыра отырып қарастырған және қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи негізін түсінуге көмектесетін Зардыхан Қинаятұлының еңбектерін тарихнамалық тұрғыдан зерттеудің өзектілігі бар. 

Ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы 1940 жылы Моңғолияның Қобда ауданында туылған. 

1994 жылы тарихи Отанына оралып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып тарих, түркітану, шығыстану ғылымының дамуына өз үлесін қосып, атажұртына Моңғол мұрағаттары және басқадай дерек көздеріндегі қазақ тарихына қатысты деректерді ала келген қазақ ғалымдарының ішінде көрнекті тарихшы ғалым, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлының орны ерекше. 

З. Қинаятұлының ғылыми мұрасы қазіргі таңда қазақ ғылымының дамуында маңызды орын алады және оның зерттеулері көптеген салаларды қамтиды. Зерттеу мақаласы аясында ғалымның ғылыми мұрасына тарихнамалық талдау жасалады. Ол келесі бағыттар бойынша жүргізілген: 

1. Моңғолиядағы қазақтар тарихы мен мәдениеті мәселелері;

2. Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулер;

3. «Қазақ» атауы мен Қазақ хандығының мемлекеттілік мәселелері.

1. Тарихшы З. Қинаятұлының ерекше зерттеу нысанының бірі – Моңғолиядағы қазақтардың тарихы, этнографиялық салт-дәстүрі, мәдениеті мен бүгінгі тұрмыс-салтына қатысты зерттеулер. Автор аталған мәселе бойынша «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтар» атты монография және көптеген мақалалар жазды [2, 14-б.].

Автордың «Моңғолиядағы қазақтар» атты монографиялық еңбегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шығарып жатқан «Шет елдегі қазақтар» кітаптар сериясы аясында 2001 жылы жарық көрген еді. Онда қазақтардың бір бөлімінің Моңғолия жерінде өткізген 130-140 жылдық өмірінің өткелдері, халықтың мәдениеті мен тіршілік салты, 1990 жылдары Моңғолиядан атажұртқа бет бұрған қазақ көшінің басталу тарихы біршама толық жазылған болатын. Монографияда Моңғолия және ондағы қазақтар тарихында елеулі рөл атқарған 83 адамның қысқаша өмірбаяны мен халыққа көрсеткен қызметі жайлы анықтамалық деректер берілген [3, 19-б.].

З. Қинаятұлы «Мәдени мұра» бағдарламасына да атсалысты. Оның арнаулы редакторлығымен «Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы: Орта ғасырлық тарихи ой» жобасының үш томы қазақ тілінде (Астана, 2005) басылып шықты. «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (І, ІІ том, «Өнер» баспасы, 2006) атты еңбекке ғылыми кеңесшілік жасады. «Қазақ тарихына қатысты моңғол деректері» атты жеке жинақ дайындап баспаға өткерді. Атажұртқа келгелі 40-тан аса ғылыми мақалалар жазды. Автордың кейбір еңбектері ҚХР және Моңғолияда жарық көрді [3, 142-б.].

2. ХХІ ғасырда қазақстандық тарихнамада Алтын Орда тақырыбынаназар аудару өз жалғасын тауып, әртүрлі дереккөздермен толықтырылды. Атап айтқанда, Қазақстандағы АлтынОрда тарихы және оған қатысты Моңғол кезеңіндегі шығысшығармаларының деректану мәселелері, Қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерттеу, Жошы ханның тұлғасын тереңірек тану З. Кинаятұлының еңбектерінде кеңінен қарастырылған. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде А.К.Кушкумбаевтың «Казахстанская историография Золотой Орды XIX- XX веков» мақаласынан келесі үзіндіні келтіреміз: «Қазақстандағы Алтын Орда тарихы бойынша ең көрнекті жұмыстардың ішінде А.И. Исин, Ж.М. Төлібаева, Қ.З. Өскенбай, З. Кинаятұлы, Ж.М. Сабитов және басқа да көптеген авторлар бар [4, 94-б.] деп көрсетеді.

З. Қинаятұлының 2001 жылы жарық көрген «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғғ.» атты еңбегі арқылы зерттеушілерді Керей, Найман, Жалайыр қатарлы Түркі тайпаларын «моңғол» атандырып келген бұрынғы концепциядан бас тартып, оларды түркі жұрты ретінде қарастыруға шақырды. Оған жарамды кейбір жаңа деректер берді. Уақ тайпасы тарихын әріден қарастыру мүмкіндігі жайлы жаңа бағыт ұсынды [5, 85-б.].

2004 жылы жарық көрген «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» еңбегі қазақ тарихындағы Жошы ханның орны мен рөлін терең зерттеп, тарихи және сараптамалық тұрғыдан баға берілген құнды зерттеу еңбектерінің бірі болып саналады. Бұл еңбектің құндылығы – әртүрлі тарихи дереккөздер, соның ішінде шығыс, батыс және отандық архив материалдары бойынша Жошы ханның тарихи рөлін қайта қарастыру, жеке тұлғасы мен оның Қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы рөлі объективті түрде талдауында. Жошы хан тек Шыңғыс ханның ұлы ретінде ғана емес, Қазақ даласындағы мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде қарастырылады [6, 14-б.]. Яғни, Қазақ хандығының тамыры Жошы ұлысына байланыстырылады. Автор деректерді сараптай отырып, Жошы ұлысының құрылуы мен оның кейінгі тарихи процестерге әсерін нақты көрсетеді. Бұл қазақ мемлекеттілігінің тарихын түсінуде жаңа ғылыми көзқарас қалыптастырады.

З. Қинаятұлының зерттеулерінің ішінде аса құнды саналатын еңбектерінің бірі – «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» атты классикалық еңбегі. Қытай деректеріне, араб-парсы деректеріне, моңғол-манжұр деректеріне, орыс пен Европа ғалымдарының деректеріне сүйене отырып жазылған еңбекте Найман хандығы заманындағы елдің тарихы, мәдениеті, шаруашылығы мен тұрмыс салты, діні тегіс қамтылған алғашқы монография [7]. Зерттеу желісі қазақтың найман тобының ХІХ ғасырға дейінгі тарихи оқиғасын қамтиды. Аталған еңбек З. Қинаятұлы қайтыс болған соң жарыққа шыққан болатын. 

З. Қинаятұлы моңғол, қытай, араб-парсы деректері бойынша қазақ халқының этногенезіне терең талдау жасап, тарихи тұлғалардың тегін зерттеуге өз ғұмырын арнаған [8, 6-б.]. Алтын Орда мәселесіне қатысты зерттеулерінде ерекше қарастырылатын тұлғалар – Шыңғыс хан мен Жошы хан. 

З. Қинаятұлының «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты екі томдық ғылыми зерттеуі – қазақ тарихының Шыңғыс хан дәуірінен бастап Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына дейінгі маңызды мәселелерді жан-жақты талдаған еңбек. Бұл кітапта Шыңғыс ханның тұлғасы, оның жорықтары, Жошы ұлысының құрылуы және Қазақ хандығының тарихы кешенді және кең көлемді түрде зерттеліп, талдау жасалады [9]. 

Автор Шыңғыс ханның ұрпақтары арқылы Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына ықпал еткен саяси-мәдени дәстүрлерді сараптайды. Кітапта көшпелі қоғамның басқару жүйесі мен билік құрылымдарының ерекшеліктері талданып, олардың Қазақ хандығының саяси жүйесіне әсері көрсетіледі.

Сонымен қатар, Шыңғыс ханның шығу тегі туралы нақты көзқарасын білдіріп, ғылыми тұжырымын да ұсынады. Бұл оның «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты іргелі еңбегінде моңғол-түркі халықтарының өзара туыстығын қолдайды және тарихи процестер барысында жеке этностарға айналған осы туыс халықтардың тарихын жеке дара қарастыруға шақырып, «Қазақтың тегін тек қазақ топырағынан ғана, моңғолдардың тегін тек моңғол топырағынан іздегенде ғана біз шындыққа бір табан жақындаймыз» деп тұжырымдайды. Ол, Шыңғыс ханның қият тайпасынан шыққандығын тілге тиек етіп, тек бұл тайпаның ғана емес, өзара туыс қазақ пен моңғолдың көпшілік тайпаларының тегінің ортақ екендігін, дегенмен осыған қарап, Шыңғыс ханды «қазақ» екен деген қауесетке сенуге болмайтындығын дәлелдейді [9, 84-б.].

З. Қинаятұлы тарихнамалық еңбектерінде Жошы хан антропониміне де көңілбөледі. Оның пікірінше, Жошы есімін(моңғол Зочині) үйдентыс жерде (шетелде) туылғанқонақ ретіндекеңінен түсіндіру мүмкінемес. Олтүсіндірудің екі нұсқасын ұсынады: 1) Темучжиннің ұлына Хутулханның ұлы Жошының есіміберілуі мүмкін; 2)Жошының есімі «кеңкеудеге ие алыптар»деп аталды, сондықтан Жошының есімі «кең кеудел», «алып» деп түсіндірілуімүмкін [6, 41-б.]. 

Жошы ханның ата тегін тектей отырып, ол құрған Ақ орда мемлекетін қазақтың алғашқы мемлекеті деп қарастыру жайлы бұрын К.А.Пищулина қатарлы ғалымдардың ұсынған пікірін қолдап Ақ орда мемлекеті тарихын жаңа деректер, қорытындылармен толықтырды. Еңбек ғылыми көпшіліктің назарына ілігіп ғылыми айналымға енді.

З. Қинаятұлы тарих ғылымындағы көптеген бағытта зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде ең өзектісі ретінде Қазақ хандығының қалыптасуымен дамуыныңкүрделі этносаяси процесі, осы мәселенішешудің түрлі тәсілдеріқарастырылған еңбектері. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы Ақ орда мемлекеттілік тарихын алғаш рет монографиялық деңгейде талдап, қазақ тарихы ғылымына жаңа деректерді қосу арқылы үлес қосқан ғалым.

Ғалымның Ақ орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп қабылдау туралы пікірі тарихшылар арасында жаңа ой-пікір, методологиялық, танымдық серпіліс тудырды. Жүздеген жаңа деректер алғаш рет ғылыми айналымға енді. Бұл тарихшы-ғалым Зардыхан Қинаятұлының қазақ тарихына қосқан қомақты үлесі болып табылады [10, 22-б.].

Соңғы жылдардағы жан-жақты ізденістері мен зерттеу қорытындысына сүйенген профессор Зардыхан Қинаятұлы Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп, ал оның Ертіс бойындағы Ордасын Сыр бойындағы Сығанақ қаласына әкеліп орнатқан (1309-1315 жылдар) уақытын Ақ Орданың гүлденіп, еңсе көтерген тарихи жеңісі деп есептейді.

Профессор З.Қинаятұлы Сығанақ қаласының Ақ Орда кезіндегі жағдайы туралы былай дейді: «Моңғол шапқыншылығынан кейін Сығанақ Жошы ұлысы, оның әскери сол қанаты Ақ Орданың билігіне өтті. Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасыбұқаның тұсында (1309-1315) Жошы ұлысының орталығы Ертістен Сығанаққа аударылды. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу дәуірі басталды. Қазақ мемлекеттілігі тарихында және мемлекет тарихында ерекше орны бар Сығанақ қаласы талай құлау мен ойрандалудың, өсіп-өркендеудің шырғалаңдарынан аман өтіп Ақ Орданың орталығы ретінде тарихта қалды. Сығанақ қаласының киелі һам тарихи орын ретінде қазақ мемлекеті тарихындағы мән-маңызы, рөлі жөніндегі әр замандағы, әр ел жиһангездері мен тарихшыларының пайымдауларын зерделей келе, келесідей ғылыми тұжырымдар жасайды: «Бірінші – Ақ Орда Жошы ұлысының әскери сол қанаты ретінде қазақ даласының төрінде, бұрынғы Қыпшақ хандығының негізінде құрылуы, билікке Шыңғыс хан әулеті өкілдері келгенімен қазақ қоғамының дәстүрлік сыр-сипаты орасан зор өзгерістерге ұшырай қоймағанын; екінші – Ақ Орданың территориясы (Ертістен Сырдарияның құйғаны, Саураннан Арал, Қараталдан Төменге дейін) қазіргі Қазақстан аумағының көлемді бөлігін (шамамен 60-70%) қамтитынын; үшінші – Ақ Орда халқының негізгі бөлігі қазіргі қазақ халқын құрап отырған байырғы тайпалар (үйсін, қаңлы, дулат, арғын, қыпшақ, найман, жалайыр қатарлы) құрайтынын; төртінші – Ақ Орданың шаңырағын алғаш көтеріскен Жошы хан ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың алғашқы билеушісі, қазақ хандарының атасы деп танылатынын; бесінші – қазақтың алғашқы ресми қарулы қолы «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында Сығанақта жасақталғаны, мыңдықтар ақ, қара жал ту ұстап «алаш» деп ұрандап жауға шапқанын, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғап қалуын; алтыншы – Ақ Орда дәуірінде Шыңғыс ханнан тараған қазақ хандары әулеті (Орыс ханнан Кенесарыға дейін) қалыптасуын; жетінші – Ақ Орда дәуірінде Алаш ұраны – ел ұранына айналып, қазақтың бірлігін дәріптейтін мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілгенін; сегізінші – Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі елдің жазба тіліне айналғанын; тоғызыншы – Ақ Орда кейін «Қазақ хандығы» атымен Қазақ мемлекеті құрылуының алғышарты», болғанын алға тартады. Қорыта айтқанда, кезінде Қазақтың айбарлы астанасы болған Сығанақтың тарихи қызметін әділ һәм ғылыми тұрғыдан бағалап, археологиялық қазба жұмысын жалғастырып, оны ашық музейге айналдырып, кіре беріс қақпасына «Ақ Орданың астанасы – Сығанақ» деп жазылған ескерткіш тас орнату – әділеттілік болар еді» [11, 142-б.],-деп көрсетеді. 

3. Зардыхан Қинаятұлы өзінің ғылыми шығармашылық ғұмырында ден қоя зерттеген тақырыбының бірі көшпенділер мемлекеті, оның ішінде терең зерттегені қазақтың мемлекеттік тарихы.

З. Қинаятұлының зерттеулерінде ерекше қарастыралатын мәселе – қазақ даласындағы мемлекеттілік дамудың сабақтастығы мәселесін зерттеп, мұндай сабақтастықтың үзілмегенін оны Сақ, Үйсін дәуірінен бері қарастырудың әдістемелік негіздерін талдауы еді. Осы бағыттағы көлемді зерттеу еңбегі 2007 жылы жарық көрген болатын.

2007 жылы М. Қойгелдиев және Қ. Өскенбай секілді көрнекті ғалымдардың жетекшілігімен Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымдардың пайда болуы, олардың этникалық және саяси негіздері баяндалатын еңбек жарыққа шықты. Еңбекте қазақ мемлекеттілігінің ерте кезеңдері, соның ішінде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы және басқа да көне мемлекеттердің құрылуынан бастап Қазақ хандығына дейінгі кезеңдегі олардың қоғамдық және саяси құрылымы зерттеледі. Бұл кезеңдерде көшпелі қоғамның саяси ұйымы мен мемлекеттік құрылымдарының ерекшеліктері сипатталады. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында ежелгі мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарған халықтардың тарихы қарастырылады. Осы тұста автор Қазақ мемлекеттілігі дамуының басты кезеңдері жайлы жаңа пікір ұсынады [11].

З. Қинаятұлының ғылыми еңбектеріне қатысты мәліметтер жинақтауда 1996-2010 жж. Қазақстан баспасөзінде жарияланған мақалалары, сұхбаттары мен естеліктері енгізілген «Тарихқа көзқарас» атты еңбек [12].

Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы бұл жинағында қазақ халқының тарихын терең түсінуге, ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға және тарихи үдерістерді жаңа әдіснамалық тәсілдер арқылы талдауға арналған маңызды ғылыми сұхбаттар мен зерттеу енгізілген. 

Қорыта келе, Зардыхан Қинаятұлы – қазақтың әлемдік деңгейге көтерілген көрнекті тарихшы ғалымдарының бірі және бірегейі. Ол Моңғол елінен арқалап келген тарихи деректер мен өзі тікелей басынан өткізген ғұмырбаяндық естеліктер негізінде аса құнды 11 монография мен 300-ден аса ғылыми мақалалар жазып, баспасөзде жариялаған. Қазақ, моңғол, орыс, манжур тілдерін, ескіше ұйғыр жазуын жетік меңгерген ғұлама ғалым. Бұл тарихи отанына оралған ғалымның 22 жылда атқарған еңбегі. Одан бөлек, ондаған кандидаттық, докторлық жұмыстарға жетекші һәм оппонент болып, оның сыртында алты-жеті кітапқа және ұжымдық зерттеу еңбектеріне қосымша автор болған екен. 

Сулеймен С. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Мұхатова О. Тарихнама ғылымы: теориялық және методологиялық негіздері және зерттеу үлгілері. – Алматы: «Қазақ университеті», 2009. – 189 б.

2. Қинаятұлы З. Жылаған жылдар  шежіресі. – Алматы: Мерей, 1995. – 295 б.     

3. Моңғолиядағы қазақтар / З. Қинаятұлы; Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, 2007. – 2-кітап. – 255 б.

4. Кушкумбаев А.К. Казахстанская историография Золотой Орды XIX- XX веков // Сборник материалов «Разработка научно обоснованной концепции формирования современной исторической науки Казахстана» / Под общей редакцией Е.А. Әбіл. – Нур-Султан, 2021. – С. 79-98.

5. Қинаятұлы З. Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары: ІХ-ХІІ ғасыр. – Астана: Елорда, 2001. – 208 б. 

6. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан (тарихи-сараптамалық зерттеу). – Астана: «Ел орда», 2004. – 344 б.

7. Найман хандығы: тарихы және мәдениеті (ХІІ-ХІХ ғғ.) / З. Қинаятұлы. – Алматы:  Mereі баспасы, 2017. – 372 б. 

8. Қабылдинов З.Е. Зардыхан Қинаятұлының тарихи зерттеулерінің мемлекеттік-идеологиялық мәні // Зардыхан Қинаятұлының І-ші оқулары аясында Абылай ханның 310 жылдығына орай өтетін «Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі: тарихи үдерістер мен сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 2023. – Б. 5-6.

9. Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу. – Алматы: Тарих тағылым, 2010. – 728 б.

10. Баймолда Д. Қазақ тарихына өлшеусіз үлес қосқан ғалым // Зардыхан Қинаятұлының І-ші оқулары аясында Абылай ханның 310 жылдығына орай өтетін «Абылай хан және қазақ мемлекеттілігі: тарихи үдерістер мен сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағы – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 2023. – Б. 20-23.

11. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы: (ежелгі және ортағасырлық кезең) / ред. алқасы: М. Қойгелдиев, З. Қиянатұлы, Қ. Өскенбай. – Алматы: Адамар, 2007. – 431 б. 

12. Тарихқа көзқарас / З. Қинаятұлы; [ғыл. ред. Н. Мұқаметханұлы, ред. Ғ. Қалибекұлы. 1-том. – Алматы: Мерей, 2017. – 451 б. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз