Қазақ халқы үшін үй тек баспана емес, әулеттің берекесі мен ырысының ордасы. Сол себепті жаңа отау көтеру, жаңа үйге көшу сәттері әрдайым ырым-жоралғымен көмкерілген. Сол көне салттардың бірі – босаға майлау. Бұл ырымы арқылы қазақ жаңа шаңыраққа құт-береке, татулық пен молшылық тілеген.
Босаға майлау – жастар жеке отау құрғанда немесе отбасы жаңа қонысқа көшкенде орындалатын көне ғұрыптардың бірі. Бұл салттың түпкі мәні – жаңа үйдің іші майдай жұғымды, берекелі, адам мен қонақ үзілмейтін құтты мекен болсын деген сенімге негізделген. Қазақ дүниетанымында босаға – үйдің киесі, шаңырақ пен табалдырықты жалғап тұрған қасиетті шекара. Сондықтан босағаға қатысты ырымдар мен тыйымдар ерекше мәнге ие болған.
Дәстүр бойынша, жаңа үйге алғаш құтты болсын айта келген, жасы үлкен, жолы жоғары, елге сыйлы әйел немесе ер адам босағаны майлайды. Ол көбіне сары майды саусағымен алып, есіктің екі жақ босағасына немесе табалдырық маңына жағады. Бұл әрекет символдық сипатта ғана жасалады, көп май жағу міндет емес. Мұндағы негізгі мән – ниет пен тілек. Май – қазақ ұғымында молшылықтың, тоқшылықтың, кеңшіліктің белгісі. «Босағаң майлы болсын» деген тілек те осы ұғымнан туған. Босаға майлау кезінде әдетте жақсы сөздер айтылып, бата беріледі. Үй иелері бұл рәсімді жасаған адамға кәде ұсынып, ризашылық білдіреді. Бұл да қазақы қарым-қатынастың бір көрінісі. Кәде – салттың ажырамас бөлігі, ол құрмет пен алғыстың белгісі саналған.
Бұл ырым тек қоныс тоймен ғана шектелмейді. Көшпелі тұрмыс кезінде көктемде алғаш шайқалған майды отбасы мүшелері ауыз тимей тұрып, үйдің босағасына, есік жақтауына жағу дәстүрі де болған. Мұның мәні – жыл бойы үйден береке кетпесін, ас-су мол болсын деген сенім. Әсіресе, киіз үйде ас-су сақталатын жақтың босағасын майлау кең тараған.
Босаға майлау салты босағаның қазақ өміріндегі орнын айқын көрсетеді. Босаға – тек құрылыс бөлшегі емес, отбасының тұрақтылығы мен тыныштығының нышаны. Сол себепті «босағаны керме», «босағаны баспа» сияқты тыйымдар қалыптасқан. Жаңа түскен келіннің босаға аттауы, үлкендерге сәлем салуы да осы түсінікпен тығыз байланысты.
Қазіргі заманда бұл салт сирек орындалғанымен, мәні жойылған жоқ. Кей отбасылар оны дәл бұрынғыдай орындамаса да, символдық түрде жаңғыртып келеді. Мұндай әрекеттер халықтың өткенмен байланысын үзбей, дәстүрге деген құрметін сақтауға мүмкіндік береді. Босаға майлау – дінге емес, тұрмыс пен дүниетанымға негізделген этнографиялық ырым. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тәжірибесінің көрінісі. Босаға майлау – қазақтың «үйге құт шақыру» философиясын танытатын ғұрып. Бұл салт арқылы ата-бабаларымыз береке мен татулықтың сырттан емес, ниет пен бірліктен басталатынын ұқтырған.