Ұлттық музейде «Мария Шоқай: махаббат пен адалдық тарихы» көрмесі ашылды

26.12.2025
7462
Ұлттық музейде «Мария Шоқай: махаббат пен адалдық тарихы» көрмесі ашылды - e-history.kz

Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығына арналған «Мария Шоқай: махаббат пен адалдық тарихы» атты көрме және Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты кітабының жаңартылған әрі толықтырылған нұсқасының тұсаукесері өтті.

Аталған еңбек ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күрделі тарихи-саяси үдерістер аясында эмиграцияда ғұмыр кешкен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін оның ең жақын серігі, өмірлік жары Мария Шоқайдың естеліктері арқылы жан-жақты танытатын құнды деректік еңбек болып табылады. Кітаптың екінші бөлімінде Мария Шоқайдың 1961–1969 жылдары түркістандық тұтқын Әлім Алматқа жазған хаттары берілген.

Жаңартылған нұсқада бұрын жарияланбаған архивтік материалдар, түпнұсқа фотосуреттер, жеке хаттар мен сирек деректер енгізіліп, мәтін ғылыми айналым талаптарына сай толықтырылған. Кітапта Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси күресімен қатар, оның адами болмысы, отбасылық өмірі, эмиграциядағы күнделікті тұрмысы мен рухани ұстанымдары Мария Шоқайдың тікелей куәгерлік баяндауы негізінде ашып көрсетіледі.

Іс-шара барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, ғалым-ұстаз, профессор, мұстафатанушы Әбдіжәлел Бәкір сөз сөйледі. Ол өз сөзінде:

«Ең алдымен «Менің Мұстафам» атты кітабымның арнайы жаңадан басылып, тұсаукесері өтіп отырған ұжымға шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Біріншіден, Мария Шоқай анамыздың біздің атамыз – Мұстафа Шоқайға жасаған қызметі айрықша. Мен ондай адалдықты, ондай жанқиярлықты ешбір әдебиеттен оқыған емеспін – орыс тілінде де, қазақ тілінде де. Олар 1918 жылдың сәуір айында үйленіп, 1941 жылдың желтоқсанына дейін, яғни жиырма үш жыл бойы бірге өмір сүрді. Мұстафа Шоқай дүниеден өткеннен кейін де Мария анамыз тағы жиырма сегіз–жиырма тоғыз жыл өмір сүрді. Бірақ сол жылдардың барлығында да  «менің Мұстафам» деп өтті. Ол кісі өмірін тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де түгелдей біздің атамызға арнады.

Бұл кітаптың шығуының өз алдына тарихы бар. Алғашында еңбек орыс тілінде жазылды, кейін түрік тілінде жарық көрді. Қазақ тілінде бұл кітап 1998–1999 жылдары бірнеше жинақтарға енді, одан кейін 2007 жылы қайта жарияланды. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде біз Мұстафа Шоқайдың энциклопедиясын дайындап, жарыққа шығардық. Сол кезде анамыздың осы кітабын жеке, дербес басылым ретінде шығару керек деген шешімге келдік.

Бұл басылымның тағы бір ерекшелігі – Мария Шоқайдың өз естеліктері толық қамтылды. Сонымен қатар қазақтың белгілі скрипкашысы Әлім Алмат туралы деректер енгізілді. Ол Германияда жүрген кезінде Мария Шоқаймен танысып, 1948–1950 жылдары онымен бір үйде бірге тұрған. Түркияға қайтар кезде Мария Шоқай өзінің көптеген жеке дүниелерін осы Әлім Алматқа аманаттап береді. Кейін бұл материалдар белгілі зерттеуші Бақыт Садықованың қолына өтіп, ғылыми айналымға енгізілді.

Тағы бір маңызды жайт – Мұстафаның ағасы Сыздықтың “сенің жаныңда нағыз адал дос болады” деген сөзі бар. Бұл Мария Шоқайдың кітабында жазылған және шын мәнінде өмірде дәлелін тапты.

Мұстафа Шоқай дүниеден өткеннен кейін, 1942 жылдың ақпан айында қырқын өткізген соң, Мария Шоқай барлық мұрағаттық дүниелерді жинап, Париждегі Түркістан институтының қорына тапсырады. Барлығын реттеп болғаннан кейін ғана ол жазу жұмысына кіріседі. 

Соғыс, лагерь, түрлі қысым кезеңдерінде Мұстафадан келген хаттарды аса сақтықпен оқып, қажет болғандарын өртеп отырғанымен, сол хаттардың рухы мен мазмұны оның естеліктерінде сол күйінде сақталды», – деді.

Тұсаукесер аясында ұйымдастырылған көрме экспозициясында Мария Шоқай ұзақ жылдар бойы сақтаған, ерлі-зайыптылардың өмір жолын бейнелейтін түпнұсқа фотосуреттер ұсынылды. Сонымен қатар Мұстафа және Мария Шоқайлардың ортақ отбасылық достары мен замандастарына қатысты тарихи деректер, сирек құжаттар мен визуалды материалдар көрермен назарына ұсынылды. Жалпы саны елуге жуық жәдігер арқылы олардың өзара рухани байланысы, тағдыр талқысына толы эмиграциялық өмірі және азаттық идеясына адалдықпен өткен ғұмыр жолы жан-жақты көрсетілді. Іс-шараға Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеуші ғалымдар мен тарихшылар, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Іс-шара барысында академика, мұстафатанушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Дархан Қыдырәлі де сөз сөйлеп, Мария Шоқайдың тарихи тұлғасын ерекше атап өтті:

«Қиын-қыстау кезеңде қатерге бас тігіп, Алаш ардақтысын ажалдан арашалап қалған Мария жеңгемізді замандастары “Хан жеңге” деп атаған. Әсіресе 1918–1919 жылдары Каспий арқылы Кавказ асқан ерімен қауышу үшін сахараны кесіп өткен Мария Яковқызы аштықтан зардап шеккен қарапайым жұртшылыққа көп көмек көрсеткен. Кейін Еуропаға өткен соң сүйікті кәсібінен бас тартып, аспаз болып еңбек етіп, Мұстафа Шоқайдың саясатпен еркін айналысуына жағдай жасаған. Мұстафа Шоқайұлы өмірден өткеннен кейін де оның мұраларын шашау шығармай жинақтап, бүгінге аман жетуіне зор үлес қосты. Біздің қолымызда Мария жеңгеміз жазған естеліктердің орыс тіліндегі түпнұсқасы және оның түрік, француз тілдеріндегі алғашқы аудармалары сақталған. Бұл құнды мұраларды бізге Хасен Оралтай аманаттап тапсырған еді. Алдағы уақытта осы жәдігерлерді музей қорына тапсыру ойымызда бар», – деді ол.

«Мария Шоқай: махаббат пен адалдық тарихы» атты көрменің басты мақсаты – ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті тұлғасы Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметін оның өмірлік серігі, тағдырлас жары Мария Шоқайдың жанкешті еңбегі мен рухани беріктігі арқылы кешенді түрде таныту болды. Экспозицияда Мария Шоқай бейнесі тарихи тұлғаның жары ретінде ғана емес, эмиграция жағдайындағы идеялық серіктес, рухани тірек әрі тарихи жадты сақтаушы ретінде ашып көрсетілді.

Сонымен қатар көрмеде адалдық пен жанқиярлықтың, адамгершілік пен сертке беріктіктің адамзат тарихындағы сирек кездесетін биік үлгісін дәріптеу көзделген. Мұстафа мен Мария Шоқайлардың өзара рухани байланысы, ортақ мұрат жолындағы табандылығы мен қиындыққа толы тағдыры арқылы ерлі-зайыптылық серіктестіктің тарихи маңызы, тұлға қалыптасуындағы моральдық жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның орны айқындалады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз