Алакөл жағасында демалып жүрген семейлік өлкетанушы Марат Сасанов күтпеген археологиялық олжаға тап болды. Жергілікті жер бедерін зерделеу барысында ол шамамен біздің заманымыздың 1000 жылына тиесілі болуы мүмкін көне құрылыстың орнын анықтаған, деп хабарлайды e-history.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өлкетанушы табылған нысан туралы мәліметтерді Абай облысының әкімдігіне және Ұлттық археология институтына жолдаған. Оның айтуынша, Абай облысының өлкетанушылары далаға шығар алдында спутниктік карталарды мұқият зерттеуді дағдыға айналдырған. Дәл осы тәжірибе көптеген жаңалық ашуға мүмкіндік берген.
Алакөлге жол жүрер алдында Марат Сасанов 10–20 шақырым радиустағы аумақты картадан қарап шығып, бекініс тәрізді нысанды байқайды. Құрылым ерекшеліктеріне қарай ол тарихи сауда жолдары бойында орналасқан керуен-сарай болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Өлкетанушының сөзінше, бұл жерге көлікпен жету мүмкін болмағандықтан, ол нысанға жаяу барған. Сол жерде мәдени қабаты қалың, ортағасырлық сипаттағы құрылыс орнын анықтаған. Табылған керамикалық бұйымдардың жасалу техникасы мен өрнектері оны шамамен мың жыл бұрынғы кезеңге жатқызуға негіз береді. Алайда нақты ғылыми қорытындыны кәсіби археологтар шығарады.
Демалыстан кейін Марат Сасанов зерттеуін жалғастырып, керуен-сарайлар әдетте бір-бірінен шамамен 25 шақырым қашықтықта орналасатынын ескере отырып, спутниктік суреттер арқылы тағы бес нысанды анықтаған. Барлығы Алакөл жағалауы мен Жоңғар қақпасы маңындағы көне бағыт бойында орналасқан.
Жиналған деректер мен координаттар Ұлттық археология институтына және Жетісу облысының мәдениет басқармасына жолданған. Бұл нысандар алдағы уақытта зерттеліп, тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілуі мүмкін.
Өлкетанушының айтуынша, табылған керамикалық бұйымдар әр кезеңге тиесілі. Олардың арасында ірі түйірлі, қарапайым күйдірілген көне құмыралармен қатар, сапасы жоғары, кейінгі дәуірлерге тән ыдыстар және фарфор сынықтары да бар. Бұл нысанның ұзақ уақыт бойы пайдаланылғанын көрсетеді.

Марат Сасановтың пайымдауынша, керуен жолы шамамен 200 жыл бұрын өз қызметін тоқтатқан. Ол спутниктік карталар арқылы тарихи нысандарды анықтау тәжірибесін Қазақстанның басқа өңірлерінде де қолдануға болатынын атап өтіп, өлкетанушылар арасындағы осындай ынтымақтастық елдің мәдени мұрасын тереңірек тануға жол ашатынын айтады.