ХХ ғасырдың көмескі беттері: архивтен аршылған жаңа еңбектер

23.12.2025
7235
ХХ ғасырдың көмескі беттері: архивтен аршылған жаңа еңбектер - e-history.kz

Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақ руханияты үшін айрықша маңызға ие мәдени оқиға өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты ауқымды жоба аясында әдеби форум ұйымдастырылып, жаңа ғылыми-шығармашылық еңбектердің тұсаукесері жасалды.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асқан бұл жоба – ұлттық әдебиет пен тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған жүйелі ізденістің нәтижесі. Жоба аясында отандық қаламгерлер мен зерттеушілер ТМД елдерінің архивтерінде болып, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты бұрын ғылыми айналымға толық енбеген тың деректерді жинақтады. Архив қойнауында жатқан құжаттар, қолжазбалар мен сирек материалдар қазіргі әдебиеттану мен тарих ғылымына жаңа көзқарас, тың пайым әкелді.

Аталған жобада ТМД елдері архивтерінде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде дүниеге келген жаңа кітаптарды жұртшылыққа таныстыру ғана емесқазақ әдебиетінің ғылыми базасын кеңейту, архивтік деректерді әдебиеттану мен зерттеушілік тәжірибеге жүйелі түрде енгізу, ТМД елдері арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды нығайту секілді маңызды міндеттер де көзделеді. Форумға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар, зерттеуші ғалымдар, жас ғалымдармен қатар Ресей Федерациясынан келген әдебиет зерттеуші қаламгерлер мен мәдениет өкілдері қатысты. Он бес елдің архивтерін аралап, қазаққа қатысты құнды деректерді іздеп, соның негізінде зерттеу кітаптарын жазған он бес зерттеуші-жазушының еңбектерінің тұсауы кесілуі – жобаның нақты әрі салмақты нәтижесі. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде 15 ғылыми-шығармашылық еңбек жарық көріп, көпшілік оқырманға жол тартты. Бұл еңбектер тек дерек жинағы емес, өткен мен бүгінді жалғайтын, ұлт жадын тереңдететін мәдени-интеллектуалдық өнім

Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен жүзеге асқан жобада білім, ғылым бағытындағы «Qyr balasy» ҚҚ және Әлихан Бөкейхан Алаш ҒЗИ қызметкерлерінің де еңбектері жарық көрді.  Алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбайдың «Арғы жағы хазардың, бергі жағы...» роман-хроника,тарихи-танымдық  эсселер кітабы, ғалым, жазушы-драматург Әлібек Байболдың «Тифлистегі қаламгерлер тағдыры» еңбегі мен ғалым, PhD, Қарлығаш Әубәкірованың «Параллель: қазақ-белорус әдебиетіндегі ояну дәуірі», ғалым, тарихшы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің докторанты Алтынбек Құмырзақұлының «Науан хазірет – күрескер тұлға» монографиялары жарық көріп, оқырманға жол тартты. Бұл еңбектер елдегі кітапханалар мен мәдени ошақтарға таратылады. Жазушы, ғалымдардың жемісті еңбектеріне сәттілік тілей отырып, оқырман қауымға аталған еңбектердің мазмұнын жекелей таныстыруды жөн көрдік. 

Жазушы Елдос Тоқтарбайдың «Арғы жағы хазардың, бергі жағы...»

роман-хроника,тарихи-танымдық  эсселері

Кітап «Қазақстан» газетінің тарихына, шығарған қазақ қаламгерлерінің тағдыры мен оны қаржылай қолдап, демеушілік жасаған азаматтар өнегесіне арналған. Кітап Әзербайжан Республикасы, Баку қаласына барған сапар негізінде жазылған.

XX ғасырдың басы қазақ халқының саяси және рухани тарихындағы ерекше серпіліс дәуірі болды. Бұл кезеңде ұлттық сана мен ағартушылық идеялар күшейіп, халықты білімге, мәдениетке, өркениетке үндеудің жаңа құралдары – мерзімді басылымдар дүниеге келді. Солардың алдыңғы қатарында тұрған басылымның бірі – «Қазақстан» газеті. Ол 1911 жылдың 10 наурызынан 1913 жылдың қарашасына дейін жарық көріп, қазақтың ұлттық баспасөз тарихында тәуелсіз ойдың алғашқы мінберіне айналды.

«Қазақстан» газеті – Алаш дәуірінің рухани ояну кезеңінде дүниеге келген алғашқы қазақи басылымдардың бірі. Алғашқы екі саны Астрахан қаласындағы «Окурь мен Апресянц» баспаханасында басылып шыққан. 1911 жылдың соңына қарай редакциясы Орал қаласына көшіп, 1913 жылдың қарашасына дейін барлығы 18 нөмір жарық көрген.

Газеттің ресми редакторы әрі бас жауаптысы Елеусін Бұйрин болса, оның ұйымдастырылуына және мазмұндық бағытына Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, Ғабдолқасым Көпжасаров сияқты қазақ зиялылары үлкен үлес қосты.

Қазақстан мен Әзербайжан – ортақ генетикалық тамыры, дәстүрі, тілі мен діні бар бауырлас елдер. Осындай рухани және мәдени ортақтық екі мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының берік іргетасына айналды. Мыңдаған жылдар бойы әзербайжан мен қазақ халықтарының арасында ешқашан қақтығыс болмаған – бұл дүниежүзілік тәжірибеде өте сирек кездесетін жағдай.

Тарихтың әр кезеңінде екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға себеп болған көптеген маңызды оқиғаларды атап өтуге болады. Маңыздысы – бұл байланыстар тек ресми деңгеймен шектелмей, қарапайым халықтың жүрегінен де терең орын алған. Тәуелсіздік дәуірінен әлдеқайда бұрын қалыптасқан өзара жәрдемдесу мен бауырмалдық мәдениеті – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Оның жарқын мысалы – 1911–1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газеті тарихы. Бұл басылым қаржылық қиындықтарға ұшыраған сәтте, оның редакторлары әйгілі әзербайжан меценаты Ғажы Зейнелғабиден Тағиевтен көмек сұрайды. 

1917–1920 жылдары да өзара қолдау дәстүрі жалғасты. Қаржылық мүмкіндіктері шектеулі бола тұра, Әзербайжан Демократиялық Республикасы (ӘДР) Түркістанда дипломатиялық өкілдік ашып, ол жерге тәжірибелі мемлекет және қоғам қайраткері Алекпер бек Садығовты тағайындады. Бұл тарихи факт әзербайжан мемлекеті үшін бауырлас Қазақстанмен қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетеді.

Бұған өзге де мысалдар бар. Мәселен, 1918 жылдың басында Түркістан үкіметін басқарған Мұстафа Шоқай большевиктік Ресейдің қарулы басқыншылығынан кейін Кавказға өтіп, Бакуге барып, ӘДР-ді қолдап сөз сөйлеген. Түркі халықтарының тәуелсіздігі жолындағы күрес эмиграцияда да жалғасын тапты. Кейіннен олар Еуропада «Прометей» ұйымын құрып, большевизмге қарсы бірлесе күресті. Парижде өмір сүрген Мұстафа Шоқай ӘДР-дің негізін қалаушылар – Мехмедәмин Расулзаде, Ғалимардан Бек Топчибашев, Джейхун Гаджибейлилермен тығыз байланыста болды. Ол 1929–1939 жылдары Еуропада жарық көрген «Йени Туркестан»  журналында әзербайжандық саяси эмигранттардың мақалаларын тұрақты жариялап отырды. Бұл басылым Түркістанмен қатар, бүкіл түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы тақырыптарын қамтыды. Кітапта осындай деректер архив құжаттары негізінде берілген, ғылыми түсінігі мен сипаттамасы жазылған. Кітап үш тараудан тұрады. Бірінші тарауға «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы...» роман-хроника енсе, екінші тарауға «Дәуір дидары» деген атпен «Қазақстан» газетінің шығарған және қаржылай қолдаған азаматтар туралы эссе-дәйектемелер енген. Ал «Хазар жағасындағы гөзәл шаһар» деп аталған үшінші тарау жолжазба-күнделіктен бас құраған.

Жазушы-драматург Әлібек Байболдың «Тифлистегі қаламгерлер тағдыры» кітабы

Қазақстан Жазушылар одағының, ҚР Ұлттық құндылықтар академиясының, «Qyr balasy» ҚҚ Басқарма мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, постдокторант, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, алаштанушы, аудармашы Әлібек Байболдың бұл еңбегінде Қазақстан мен Грузия арасындағы рухани, мәдени, әдеби, тарихи байланыс турасында сыр шертілген, қос елдің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалары жайында жан-жақты жазылған-ды. Кітап Тбилиси архив, кітапханаларының құжаттары негізінде дайындалды. Туынды қызғылықты деректерден және өзекті материалдардан тұрады.

Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші тарау «Қазақстан және Грузия: мәдени-тарихи диалог» деп аталады. Оған: «Грузияға сапар. Ілияс пен Нодар», «Тбилиси. Алғашқы әсер ‒ I», «Тбилиси. Алғашқы әсер ‒ II», «Грузия театрлары», «Әулие патшайым Шушаник азабы». Фарнаваз. «Чакруло», «Генезис: Қыпшақтар. Грузия. Тарихи сана», «Театр. Өнер. Тағдыр», «Қазіргі қазақ театрының бағыт-бағдары», «Грузия мұрағаттары хақында», «Екі ел: музыкалық аспаптар, нәзік үн» деген бөлімдерден тұрады. Ал, екінші тарау «Қазақстан және Грузия: әдеби-шығармашылық диалог» деп аталады. Оның ішіндегі тараушылар төмендегідей: «Абай һәм Шота», «Ахмет Байтұрсынұлы және Ілия Чавчавадзе», «Мағжан Жұмабай. Важа Пшавела. Григол Робакидзе», «Сұлтахмахмұт Торайғырұлы және Ладо Асатиани», «Бейімбет Майлы және Герцель (Герзель) Баазов», «Ілияс Жансүгірұлы және Паоло Яшвили (Иашвили)», «Төрт тұлғаның ұқсас тағдыры: Қ. Байғабылұлы, Н. Зомлетели, М. Джавахишвили, Б. Буачидзе». Сонымен қатар «Сөз соңы» және «Қосымшалар» деген бөлім бар. Кітаптағы басымдық берілген жанр, бұл ‒ эссе және тарихи миниатюра. Яғни, автор көргенін, сезінгенін, толғанысын оймақтай етіп ойнатып берген.

Қазақстан да, Гүржістан да ‒ халық ауыз әдебиетіне, әдеби-мәдени мұраларға бай мемлекеттер. Қазақ дегенде сақтар, ғұндар, Көк түріктер, алуан-алуан қағанаттар тарихы, ортағасырдағы сопылық әдебиет, жыраулар поэзиясы, Шу бойында өз алдына отау тіккен Қазақ хандығы (егер одан тереңірек барсақ Шу бойындағы мәдениетке, Шу бойындағы өркениетке тірелеміз), «Зар заман ақындары», халық композиторлары, отаршылыққа қарсы күрескен хандар, би-шешендер, батырлар, саяси-қоғамдық мәні бар көтерілістер, сонан соң Алаш кезеңі, XX ғасыр әдебиеті, Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет секілді қилы-қилы культурологиялық қатпарлар көз алдымызға елестейтіні анық. Сол сықылды гүржі сөз өнері, гүржі этнонимі бір күнде я бір жылда қалыптаса салған жоқ, көп ғасырдан тұратын қалыптасу кезеңін басынан өткерді. Енді, осы жөнінде аз-кем толғансақ. Грузин әдебиеті ‒ тарихы тереңде жатқан, көне әдебиеттердің бірі. Тек өз елінде ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал қаламгерлері бар. Атап айтқанда, Иоанн Зосим (X ғ.), Георгий Мерчуле (X ғ.), Георгий Агиорит (1009-1065), Грузиялық Деметре I (1093-1156 ж.), Шота Руставели (XII-XIII ғ.), Чакрухадзе (XII ғасырдың аяғы, XIII ғасырдың басы), Парсадан Горгиджанидзе (1626-1696 ж.), Имеретиялық Арчил (1647-1713 ж.), Картлилік Вахтанг VI (1675-1737 ж.), Давид Орбелиани (1739-1769 ж.), Александр Чавчавадзе (1786-1846 ж.), Александр Орбелиани (1802-1869 ж.), Георгий Эристави (1813-1864 ж.), Николоз Бараташвили (1817-1845 ж.), Важа Пшавела (1861-1915 ж.), Григол Робакидзе (1880-1962 ж.), Галактион Табидзе (1892-1959 ж.), Константин Гамсахурдия (1893-1975 ж.), Леван Готуа (1905-1973 ж.), Ираклий Абашидзе (1909-1992 ж.), Елена Вирсаладзе (1911-1977 ж.), Ладо Асатиани (1917-1943 ж.), Нодар Думбадзе (1928-1984 ж.), Отия Иоселиани (1930-2011 ж.), Отар Чиладзе (1933-2009 ж.), т.б. Мәселен, тек қазаққа ғана емес, түркі жұртына ұлы ұстаз атанған, Орта Азиядағы сопылық мектептің ірі өкілі, ақын Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) мен грузин ойшылы Иоанн Петрици замандас болған-ды. Қос ғұлама да өз туындыларында ар, махаббат, жүректі тазару, адалдық, ақыл, Құдайға жақындау секілді мәселелерді қаузаған. Аталған еңбекте екі ел арасындағы әдеби, тарихи һәм мәдени ықпалдастық жан-жақты қамтылған.

PhD докторы Әубәкірова  Қарлығаштың «Параллель: қазақ-белорус әдебиетіндегі ояну дәуірі» монографиясы 

 ХХ ғасыр басы – қазақ-белорус халықтарының бір өрнектегі тағдыр тәлкегіне ұшыраған кезеңі. Монографияда «Алаш» әдебиеті мен белорус «Маладняк» әдеби ортасы – тарихи тағдырластықтың, ұлттық сана оянуының және рухани жаңғырудың ортақ көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл монографияда екі ұлттық кеңістіктегі әдеби процестің синхронды дамуы салыстырмалы әдебиеттанудың ғылыми негізінде талданады, ұлттық идеяның көркем репрезентациясы анықталады. Қазақ және белорус әдебиетіндегі символизм, авторлық нарратив және мотивтер жүйесін салыстырмалы түрде талданып,  постколониялық дискурс тұрғысынан ұлттық әдебиеттің өзін-өзі тану механизмдері ретінде сарапталған. 

Бұл еңбекте қазақ және белорус әдебиетіндегі ұлттық ояну кезеңін жүйелі салыстыра талдау, М. Горецкий, М. Чарот, Қара Кузьма, А. Дудар, А. Бабарэка шығармалары мен қазақ алаштық әдебиетінің эстетикалық, идеялық және тарихи-поэтикалық параллельдерін анықтау. Екі әдеби процестің көркемдік жүйесінде ұлттық – сана мен тарихи жадының бейнелену механизмдерін айқындау. ХХ ғасыр басындағы қазақ және белорус әдебиеттерінің тарихи контексін анықтау, «Алаш» және «Маладняк» қозғалыстарының әдеби платформаларын салыстыру, М. Горецкий, М. Чарот, Қара Кузьма және т.б. шығармашылықтарындағы ұлттық идея, тарихи жады, тіл және мәдени код ұғымдарын талдау мәселелері қарастырылған. 

Автор зерттеу нысанына белорус әдебиетінің негізгі өкілдері – М. Горецкийдің «Екі жан», «Белорус әдебиетінің тарихы», М. Чароттың «От үстінде, жалаң аяқ» поэмасы, Қара Кузьманың шығармалары, сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі Алаш қайраткерлерінің туындыларын алған. Сонымен қатар тарихи құжаттар, архив материалдары, естелік жазбалар, сирек басылымдарын алып, монографияда компаративистикалық талдау, тарихи-типологиялық әдіс, нарратологиялық интерпретация, мәтіндік-контент анализ, символдық-герменевтикалық талдау, тарихи-салыстырмалы зерттеу әдістері қолданған. Зерттеу барысында архивтер мен сирек қорлардағы материалдар талдаған.

Бұл еңбектің ғылыми жаңалығы – алғаш рет қазақ оқырманы белорус «Маладняк» қозғалысының қайраткерлерімен танысып, Ояну дәуірінің рухани-эстетикалық үндестігі типологиялық тұрғыдан дәлелденуі. М. Горецкий бастаған М. Чарот, Қара Кузьма сынды қаламгерлердің шығармашылығы қазақ әдебиеттануына жаңа дереккөз ретінде енгізілуі және Алаш арыстарының шығармашылығымен, ғұмырнамалық деректерімен сылыстармалы талдау жұмысы жүргізілуі еді.  Теориялық маңызы осындай жаңа зерттеулер негізінде алаш әдебиеттану ғылымының да салыстырмалы позициядағы ерекшеліктері тереңірек айқындала түседі. Ғалымның аталған еңбегі әдебиеттану, тарих, мәдениеттану, философия саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалымдарға қосымша бағыт-бағдар береді. 

 

Алаштанушы, ғалым Алтынбек Құмырзақұлының «Науан хазірет – күрескер тұлға» еңбегі 

Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы аса күрделі мәселенің бірі – тұлғатану. Қылышынан қан тамған кеңестік идеология үстемдік құрған 70 жыл бойы қазақ тарихындағы ұлтшыл тұлғаларды зерттеу жабық тақырып болды. Кеңестік сипаттамаларда «құбыжық», «халық жауы» болып келген, шың мәнінде асыл азаматтардың есімін ұлықтап, қолдан жасалған қиянаттан арылтып, ақтау тәуелсіз қазақ ғылымы негізінде жаңаша көзқараспен бағалау кезек күттірмейтін мәселе. Ғалым Алтынбек Құмырзақұлы қызыл қоғамның түрмесінде жатып, кейінірек тіс түрмесінде жатқан бүгінде тасада қалған тарихи тұлғалардың тарихтағы алар орны мен рөлін анықтау, бағалау жұмыстарына белсенді араласып, зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.  Сондай тұлғалардың бірі – Алаш қайраткері, ағартушы-ұстаз Наурызбай Таласұлы, халық арасында кең тараған есімі – Науан хазірет. 

Ғалым осы аталған еңбегінде Науан хазірет Таласұлының тұлғасын тарихи-әдеби тұрғыдан кешенді зерделеуді мақсат еткен зерттеу жұмысында оның ұлт тарихындағы орнына, қоғамдық-саяси дүниетанымы мен азаматтық ұстанымына көркемдік құндылық тұрғысынан баға берген. Зерттеу барысында Науан хазіреттің әдебиеттегі көркемдік бейнелеріне талдау жасалып, тарихи тұлғаның рухани болмысы мен қайраткерлік қыры айқындалған. Ғалым жүргізген ізденіс нәтижесінде Науан хазіреттің қайраткер ретінде қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық және әлеуметтік орта сипатталып, сол кезеңдегі тарихи-әлеуметтік ахуалдың оның дүниетанымына әсері көрсетілген. Сонымен қатар зерттеуші Науан хазірет Таласұлы мен оның шәкірті Шәймерден Қосшығұловтың жер аударылуы мен сот істеріне қатысты архивтік деректерді жинақтап, оларды тарихи-саяси контексте талдаған.

Аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында ғалым архив, кітапхана және музей қорларындағы, сондай-ақ жекелеген тұлғалардың қолындағы құжаттар мен қолжазбаларды, мерзімді баспасөз материалдарын, тергеу істеріндегі мәлімдемелер мен жауаптарды қамтитын ауқымды деректік базаны қалыптастырған. Бұхарадан елге оралғаннан кейінгі Көкшетау–Петропавл кезеңіндегі Науан хазіреттің ағартушылық және қоғамдық қызметіне арнайы тоқталып, оның тарихи рөлі мен ұлттық сананы оятудағы ықпалын атап өткен. Тарихи-танымдық, деректі хикаят жазылған еңбекте бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген, архив, сирек қорлардан табылған тың құжаттар мен мәліметтер жан-жақты талданып, сараланған. Кітап жалпы оқырман қауымға, әдебиет зерттеушілеріне, ЖОО-ның студенттері мен магистранттарына арналған.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз