Қазақ публицистикасының алғашқы парақтары: Ыбырай Алтынсариннің мұрасы

Автор:
22.12.2025
7667
Қазақ публицистикасының алғашқы парақтары: Ыбырай Алтынсариннің мұрасы - e-history.kz

          Қазақтың ағартушы-педагогы, фольклортанушысы, өз заманының новаторы, ақын-жазушыcы, этнографы және публицисті болған тұлға Ыбырай Алтынсариннің қазақ журналистикасының девелопмент, яғни қалыптасу кезеңінде қалдырған медиамұрасы елеулі-ақ. Бұл мақала оның публицистикалық еңбектерінің маңызын айқындауды және өткен ғасыр мен бүгінгі заманның сабақтастығын саралауды көздейді. 

Ыбырай Алтынсарин – ағартушылық салада зор еңбек сіңірген көрнекті тұлға. Ол қазақ жастарының заман талабына сай білім алуына жол ашқан тұңғыш ұстаз ғана емес, сондай-ақ сол жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыра білген алғашқы білім менеджерінің бірегейі. Алайда оның еңбектері қазақ публицистикасы мен журналистикасының дамуына да өзіндік ықпал еткені көп зерттеле қоймаған. Негізінде, Ыбырай Алтынсариннің көркем шығармалары мен публицистикалық еңбектері қазақ қоғамының рухани жаңғыруына өзіндік ықпал етті деуге толық негіз бар. Сондай мұрасы қазақ медиа-журналистикасы тарихының алғашқы парақтарынан лайықты орын алуға хақылы. Қазіргі таңда жастардың ақпаратты алу, оны түсінуге деген көзқарасы өзгергенімен, публицистика негіздерінің рөлі ерекше болып қала береді. Ыбырай Алтынсариннің еңбектері қазақ журналистикасының алғашқы парақтарын зерттеуде  өзіндік орны бар, сонымен бірге қазақ әдебиеті мен журналистикасының даму жолын терең түсінуге, олардың тарихы туралы ақпарат білуге мүмкіндік береді. Осы зерттеу мақаласын дайындаудың міндеттері келесідей болды:

  • Ы.Алтынсариннің публицистикалық көзқарасының сол заманға және бүгінгі күнге әсерін, өзектілігін және маңызын анықтау; 

  • Ыбырайдың журналистика талабына сай жазған мақалалары бар-жоғын анықтау;

  • Публицистикалық шығармаларының негізгі идеясын саралау  және қазақ тіліндегі газет ашудағы талпынысын бағамдау;

  • Қазіргі қоғам мүшелерінің Ы.Алтынсарин мұрасына көзқарасын бағалау.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Ыбырай Алтынсарин мұрасына деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Кеңес дәуірінде оның еңбектері белгілі бір идеологиялық шеңберде қарастырылса, соңы отыз бес жылда Қазақстанда ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны жаңаша бағалау үрдісіне сай, оның туындылары кеңірек ракурста талдана бастады десек болады. Әсіресе, Ыбырай Алтынсариннің қазақ тіліндегі газет ашуға деген талпынысы аса зерттелмей келгені жасырын емес. Сондай-ақ  оның  сол заманда баспасөзде шыққан туындыларының тақырыбы мен форматы да ғылыми зерттеу объектісі болуға лайықты. 

Тіл үшін туған тұлға

Ыбырай Алтынсарин «қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық һәм анық  болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе...» деп толғанған, өз сөзінде. Оның "Қазақ хрестоматиясы"  қазақтың ағартушылық тарихында терең із қалдырған, бала бойына ана тілін  біліммен сіңіруге бағытталған алғашқы маңызды туындының бірі. Бұл сүбелі еңбек халықтың ана тілінде білім алуына мүмкіндік беру мақсатында жазылған. Ыбырай  Алтынсарин осы хрестоматия арқылы қазақ тіліндегі мектепке арналған оқу құралдарының негізін  қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне жақын шығармалар мен тәрбиелік мәні зор әңгімелер қамтылған. Ол тек жас балаларға ғана емес,  үлкендерге де ой салатын көсемсөз элементтері бар туындылардан тұрады. Әсіресе адамгершілік тақырыбына арнаған «Әке мен бала», «Асыл шөп», «Бақша   ағаштары», «Алтын шекілдеуік», «Қарға мен құрт», «Сауысқан мен қарға», «Әдеп», «Тәкаппарлық» атты әңгімелері  өмірден алынған шынайы мысалдар арқылы бала тәрбиесінің маңызды тетігі болып қаланса, «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш»,  «Жан-жануарлар айтысы», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл»,  «Мұңсыз адам»  сияқты шығармалары өскелең ұрпақты  еңбекті сүюге, оқуға,  өнерге ұмтылуға жігерлі, төзімді болуға үндеген. Ал өнермен білімді үлгі еткен  «Лұқпан әкім» және «Атымтай жомарт» әңгімелері – әлі де өз құндылығын  жоймаған, өзектілігін сақтаған, қоғамдық санаға әсер ететін қуаты зор ерекше  мұралар.

Ыбырай заманына дейін қазақ тілінде жүйелі газет болмағаны мәлім. Алтынсарин қазақ тілінде газет шығаруды армандады және бұл бастама тәуелсіз қазақ журналистикасының негізін қалауға бағытталған батыл қадам болды дей аламыз. Қазақ баспасөзін дамыту арқылы ол халық ағарту ісін ілгерілетуді, білім деңгейін көтеруді мақсат етті. Оның бұл идеясы кейін қазақ баспасөзінің дамуына серпін берді, ұлттық сана-сезімді нығайтуға үлес қосты. Ол қазақ халқының білімін арттыруды, жаңалықтардан хабардар етуді және орыс тіліндегі ақпаратты қазақ оқырмандарына бейімдеуді көздеді.

Филология ғылымдарының докторы Бабаш Әбілқасымов Ыбырай Алтынсариннің газет шығару арқылы қоғамның сауатын ашуды көздегенін атап өтеді. Газетті 45x35 см форматта қазақ және орыс тілдерінде, сегіз бет көлемінде шығаруды жоспарлаған. Бұл халықтың екі тілде де ақпарат алуына мүмкіндік беретін еді. Ол кездегі баспасөз тек ресми нұсқада болатын және патшалық Ресейдің отарландыру саясатын насихаттауды ғана көздеп, басым ақпаратты тек орыс тілінде беретін. Ал аз бөлікті қамтитын қазақшасының өзі құрғақ бұйрықтардың жалаң көшірмесі іспетті болған.  Ыбырайдың газеті қазақтарға билік жаңалықтарын, заңдар мен әкімшілік өзгерістерді ана тілінде түсіндіретін, ұлттық дүниетанымды ескеріп, соған бейімдеп беретін басылым болар еді. Ал газеттің мазмұнында білім беру, шаруашылық жүргізу, егіншілік, мал өсіру, сауда-саттық сияқты тақырыптар қамтылу жоспарланыпты. Алайда, патша үкіметі бұл бастаманы қауіпті деп тапты, өйткені газеттің халыққа білім беруі, құқықтарын білуі ол билікке тиімсіз болды. Газетті шығаруға рұқсат бермеуінің де себебі де осы еді. Бастапқыда Ішкі істер министрлігі бұл бастаманы мақұлдағанымен, кейіннен оны жүзеге асыруға түрлі бюрократиялық кедергілер қойылды.

 Ыбырайдың сол газеті жарық көргенде, қазақ публицистикасы қалай дамушы еді? Қазақ халқы ертерек ақпараттық кеңістікке еніп, саясат, экономика, мәдениет жайлы хабардар болар еді. Ресми жаңалықтарды қазақы көзқараспен талдау, ұлттық менталитетке бейімдеп ұсыну жүзеге асуы мүмкін еді. Публицистика жанр ретінде одан да ертерек дамып, қазақ тілінде сапалы аналитикалық мақалалар жазылар еді. Қазақтың сана-сезімін дамытатын құнды ақпарат тарап, сындарлы қоғамдық пікір қалыптасар еді. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі, қазақша газет ашуға талпынысы мен ана тіліндегі оқулық арқылы қазақ тілін сақтауға қосқан үлесі – оның ұлт тағдыры үшін жасаған өлшеусіз еңбегінің айғағы.

Ағартушы ұстаздың публицистикалық жолы

Тарихи дереккөздерге сүйенсек, Ыбырай Алтынсарин бірнеше газетке мақала жазған деген мәліметтерді оқимыз. Алайда оларға көп жерде нақты дәлел көрсетілмеген. Сондықтан негізі бар деректерді ғана саралап көрейік. 1832 жылдан бастап «Оренбурский листок» газеті шыға бастаған жылдары дала өлкесінің жай-күйі, хабар-ошары туралы мақала, корреспонденция жазатын азаматтар аз болған. 1887 жылы 24 маусымда қазақтың тұрмыс-жайы, өмір салты туралы жақсы білетін, газетке белсене жазып тұруға ниеті барларға өтінім жариялайды. Сол өтінімге ынтасын алғашқылардың бірі болып білдірген – Ыбырай Алтынсарин. И.И. Евфимовский-Мировицкий газеттің 1879 жылғы 2-нөмірінде Ы.Алтынсаринді ағартушылықпен шын ықыласпен айналысып жүрген, қазақтың алғашқы кітабын шығарып, халқының өнер мен ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеуге зор қызығушылық білдіргендің бірі деп жазып кеткен. Ыбырайдың материалдары газеттің беттеріне жиі шығып, халқының жай-күйін, мәселелерін көтеруімен ерекшеленген. Ол көбіне жер мәселесін, қыс мезгіліндегі халық малының қырылуын, даладағы аштық мәселесін, көктемді шөпсіз қарсы алған қазақтар туралы мақалаларында өзі куә болған дүниені жанашырлықпен, шынайы деректермен жазады. Өз мақалаларының біріне ол «И.А» деген бүркеншік атын көрсетсе, екінші бір мақаласын авторсыз шығаруды ұйғарған. Дегенмен ол жарияланымдардың жазу стилі, мазмұны оның алдыңғы туындыларымен үндес екенін тиісті мамандар саралап берді. Бұдан ұғатынымыз, Ыбырай әрдайым жұртының жай-күйін назарда ұстап, оны өз мақалаларына арқау етіп отырған. 

1888 жылы «Акмолинские областные ведомстваның» жергілікті тілдегі нұсқасы «Дала уәлаяты» газеті жарық көре бастады. Ыбырай Алтынсарин сол жылы ғұмыр кешкенімен, оның еңбектері, ол туралы ақпарат ол газетке тек қайтыс болған соң, 1889 жылы газеттің 33-нөмірінде ғана мұнақыбтан (некролог) басталған. Газетте Ы.Алтынсариннің өмірде атқарған істері (мектеп ашу, білімге балу) және өмірі (орыс достарымен байланысы, еліне деген пайдасы) туралы ақпарат береді. Газеттің 52-нөмірінде біршама әдеби очерк, мысал-әңгімелер, ертегілер жарық көреді. Олардың аты да, мазмұны да, мәтіні де түгел Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясы» еңбегіндегі нұсқамен бірдей, тек азды-кем орфографиялық қателіктер кездеседі. Алайда, бұл жариялымдар Ыбырайдың өз атынан емес, басқа біреудің атынан беріліп, басылған. Сол сияқты «Сәтемір хан», «Ізбасты би», «Жәнібек батыр» деген шығармаларының астына басқа адамның аты жазылған. 

Ыбырай – новатор

Ыбырайдың «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі – қазіргі қазақ жастарының біразы білетін туынды. Ыбырай осы өлеңі арқылы өнердің, білім-ғылымның құдіреті мен мүмкіндіктері туралы қарапайым тілмен жеткізіп қана қоймай, қазіргі тілмен айтқанда футурологиялық болжам да жасай білген. Ондағы әр қатар, әр сөз біз өмір сүріп жатқан қазіргі заманмен де үндес деуге болады. Зер салып көрейікші: 

«Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды. 

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды» - деген өлең жолдары біздің қазіргі ғылым жетістіктерін суреттеп жатқандай әсер қалдырады. 

Ыбырай Алтынсариннің сол кездегі алғырлығы мен қиялының жүйріктігі, ғалымдық әлеуетінің  жоғары деңгейі болар, сол айтып жатқан дүниелері әлі жүзеге аспаған кезеңнің өзінде, дәл теңеулер қолдана білген. Өлең қатарын талдар болсақ өнер мен білім асқарына ұмтылған елде  ғана даму болып, жаңа дүниеге, бүгінгінің тілімен айтқанда, инновацияға қол жеткізе алады деп меңзеп тұр... Лезде жаңалық жететін заманның орнайтындығын жазған. Ондай жұрттар жаңалық ашып, тастан түрлі сарай, дәл бүгінгі замандағыдай озық үлгідегі ғимарат сала алады деп тұр емес пе?.. Бұрындары  айлап, апталап күтетін хат-хабар да ғылымның дамуының арқасында көзді ашып жұмғанша, интернеттің көмегімен лезде жетіп жатыр. Әрине, осының бәрі ғылыми публицистиканың болжамдық саралауының айқын көрінісі дей аламыз. Бүгінде бұл дүниелер біз үшін қалыпты, қарапайым болып көрінгенімен, Ыбырай Алтынсарин өмір сүрген заманда бұл мүмкін еместей көрінетін. Білімді, сауаты ашық адамның ұшқыр ойы, қиялы осындай мүмкін болмайтындай дүниенің арғы жағын көруге қауқарлы екендігінің дәлелі осы болса керек.  

«Аты жоқ құр арбаны

Мың шақырым жерлерге 

Күн жарымда барғызды. 

Адамды құстай ұшырды,

Мал істейтін жұмысты 

От пен суға түсірді,

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді.

Теңізде жүзді балықтай,

Дүниені кезді жалықпай», –  деп жазылған өлең жолдарында сол заманда қолданылған дүниелердің, құралдардың да инновацияның көмегімен жаңа деңгейде дамитындығын  болжаған. Сондықтан оны  өз заманының новатор-ойшылы деп атауға негіз бар. Бұдан ұғатынымыз, Ыбырай Алтынсарин көркем форматта жазылған ғылыми публицистикасы арқылы  өз шәкірттері мен оқырманына жаңа, тың идея әкелді. Осындай туындыларды қазақ публицистикасының алғашқы тарих беттеріне жазу арқылы Ы.Алтынсарин соған сай сана мен сезімнің дамуына  өзіндік үлес қосты деп санаймыз. 

Жастар арасында өткізілген «Ыбырайтану»  сауалнамасы

Ыбырай Алтынсариннің туындыларына қатысты бұл сауалнама Google-форма арқылы онлайн форматта 2025 жылы өткізілді. БАҚ пен ғылыми әдебиеттердегі Ыбырай Алтынсарин жайлы материалдар талданып, оның публицистикаға қосқан үлесіне қатысты пікірлер анықталады. Сауалнама 5 негізгі сұрақтан тұрды. Оған Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларынан және Ақмола өңірінен қырық адам қатысты. Жас контингентіне қатысты ақпарат: 17-18 жас аралығында – 28 қатысушы, 19-20 жас аралығында – 8 адам, 21-22 жас аралығында – 2 адам, 23-тен жоғары – 2 адам. Ыбырай Алтынсариннiң шығармаларына деген қызығушылық және олардың жас ұрпаққа әсері жөнінде жүргізілген сауалнама нәтижелері келесідей:

Диаграмма ответов в Формах. Вопрос: Ыбырайдың қай өлеңімен таныссыз?
. Количество ответов: 40 ответов.

  • Респонденттердің басым көпшілігі (шамамен 85%) Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңімен таныс екендерін көрсетті. Бұл өлең әсіресе мектеп бағдарламасында кеңінен оқытылатынына байланысты болса керек.   Одан кейінгі орында «Өнер-білім бар жұрттар» және «Азған елдің хандары» өлеңдері тұрды. 

  • Бұл шағын сауалнамаға қатысушыларға Ы.Алтынсарин шығармаларының үзінділері ұсынылды. Ол өлеңдерді оқыған кезде олардың басым бөлігі шабыттану, үміт, ұлттық мақтаныш, білімге құштарлық сияқты сезімдерді бастан кешіргенін айтқан. Кейбір респонденттер шығармалардан сыншыл көзқарасты, халықтың ағартушылыққа мұқтаждығын сезінгенін атап өтті. Ұстаздың шығармалары жас ұрпаққа мотивация беріп, оларды білім мен ғылымға шабыттандыратынын осы тәжірибе нәтижелері көрсетті. Бұл эмпирикалық зерттеу әдісі Ыбырай Алтынсариннің шығармалары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын жас ұрпақтың дүниетанымына айтарлықтай әсер ететінін дәлелдейді.

 

Алина Еркінбек., Асылай Сәрсембаева

                                   MNU Халықаралық журналистика мектебінің 

3-курс студенттері                                   

Қолданылған қайнаркөздер

  1. Қазақ хрестоматиясы/ Ulagat.com / Қазақ хрестоматиясы — Ulagat 

  2. «Аңыз адам» журналы/ №17 (77) Қыркүйек 2013 жыл. 17-бет / Сұхбат берген: Б. Әбілқасымов,  сұхбаттасқан: М. Шапиян

  3. «Өнер-білім бар жұрттар» өнегесі. Egemen Qazaqstan сайты/ авторы: Жолдыбай Базар /https://egemen.kz/amp/article/333410-oner-bilim-bar-dgurttynh-onegesi 

  4. «Ыбырай Алтынсариннің Ресей басылымдарындағы мақалалары».  «Қазақстан тарихы» порталы/ https://e-history.kz/kz/news/show/2490 

 

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз