Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ыбырай Алтынсариннің Ресей басылымдарындағы мақалалары

2555
«Оренбургский листок» газеті мен оның редакторы И.И.Евфимовский-Мировицкийдің Ы.Алтынсариннің публицист болып қалыптасуына, халыққа танылуына үлкен әсер етіп, көмектескені сөзсіз.

Н.Иванов «Тургайская газета» басылымының мерейтойына арналған мақаласында Орынбор өлкесіндегі алғашқы мемлекеттік баспахана 1903 жылы Уфа қаласында ашылғанын, оған дейін 1830 жылдары ресми түрде «Оренбургские губернские ведомости» газеті жарық көргенін, сол жылдары тұңғыш номері 1832 жылы шыққан «Оренбургские периодические издания» газеті жабылып, тек қырық жылдан кейін ғана И.И.Евфимовский-Мировицкийдің басшылығымен баспасөз ісі жандана бастағанын көрсетеді.
70-80 жылдары Орынбор қаласында орыс тілінде жарық көрген бұл басылым қазақ өміріне де көңіл бөліп, хабар-ошар, мақалалар беріп тұрған. Газеттің редакторы Петербург университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетін 1869 жылы бітіріп, құқық негіздерінің кандидаты ғылыми дәрежесін алып шыққан Евфимовский-Мировицкий туралы қазанамада оның қазақ даласын, соның ішінде Торғай өлкесін зерттеуге арналған мақалаларға көбірек көңіл бөлгені, ондай материалдары, әсіресе, «Тургайская газета» басылымында жиі жарық көріп тұрғаны айтылады.
«Оренбургский листок» газеті шығып тұрған уақытта басылымға хабар-ошар, мақала, корреспонденция жазатын оқыған азаматтар аз еді. Әсіресе, қазақ ұлтынан шыққан білімді, газет-журнал жайын біліп, түсінетін кісілер жоқтың қасы болатын. Осыған орай газет 1887 жылы 24 маусымда қазақтың тыныс-тіршілігін, көшпелі өмір-салтын, дәстүрін жақсы білетін адамдар болса, газетке жазып, атсалысып тұруларын өтініп материал жариялайды. Бұған алғаш үн қосып, газетке мақалалар жазып тұрғандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин.
И. И. Евфимовский-Мировицкий кейін бұл жайында газеттің 1879 жылғы 2 желтоқсандағы нөмірінде «Өз халқын білетін, оны барынша сүйетін, әрі орыс тілін жетік меңгерген адамдар керек-ақ. Тек Сұлтан Жантуриннің інісі мен тағы да бір-екі қазақ қана қазақ ән өнері жөнінде материалдар жинауға талпыныс білдіргендері белгілі. Осылардың арасында далалықтардан ағартушылық ісін жүргізуге бар зейінімен, ынта-жігерімен кірісіп, орыс әріптерімен қазақтың алғашқы кітабын шығарған Ы.Алтынсарин болды. Ел арасында — Торғайда өмір сүріп (Алтынсарин – қазақ, қыпшақ), өзінің әр іс-сапарын тиімді пайдалана отырып, халқымен барынша тығыз байланысып, ол жайында, оның өнері мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде қазақ тілінде алғашқы кітаппен (үлгі-оқулық) қатар, орыс-қазақ грамматикасын, яғни «Руководство к начальному обучению киргизов русскому языку при помощи языка киргизского» жазып шығудың қажеттігін терең түсінді» деп жазды.
И. И. Евфимовский-Мировицкийдің Сұлтан Жантурин деп отырғаны сол кездегі Орынбор өлкесі Шығыс бөлігінің билеушісі, полковник Ахмет – Ахмет Жантөрин екені анық. Ал, «інісі» дегені үлкен ұлы Сейітхан Жантөрин болуы мүмкін. Өйткені Сейітханның Ресейде шығып тұрған «Коннозаводство» журналының 1883 жылғы 7-8 номерлерінде «Очерки киргизского конезаводства» атты ғылыми еңбегі жарық көрген. Сонымен бірге ол қазақ фольклорлық шығармаларын жинаумен де айналысқан. 1885 жылы Орынбор баспасынан «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического и лирического содержания, переложенных на русские стихи» деген кітабы шыққан. Бұл еңбегінде ол, аты айтып тұрғандай, қазақ ауыз әдебиетінің эпикалық және лирикалық шығармаларының озық үлгілерін жолма-жол аударып, кейін оны Располановқа өңдетіп, өлең шумақтарына айналдырған.
Ағайынды Ахмет, Мұхамбет, Махмұд Жантөриндер Бөкей ордасының ханы Жәңгір ханның апасынан туады. Махмұт, немере інісі Омар, үлкен ұлы Сейітхан Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқыған. Махмұт пен Омардың әдебиетпен айналысқан-айналыспағаны бізге белгісіз. Сондықтан да бұл Сейітхан деп ойлаймыз.
Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметін және халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, өмірге көзқарасын жақсы бағалап, Евфимовский-Мировицкий оның мақалаларына газет бетінен жиі орын беріп тұрған. Бұл мақалалардың дені орыстардың қазақ жеріне келіп қоныстана бастауы, жайылымдық жерлердің тарылуы жайында болса, әсіресе, 1879-1880 жылдардағы жұт әкелген нәубет туралы көбірек қалам тербеген. «Қазақ даласындағы жұт туралы» корреспонденциялары мен мақалалары соның айғағы.
Ыбырай газет редакторымен жақсы қарым-қатынаста болып, сыйласқан. Оның үстіне ағартушының істеген ісі мен халыққа жанашырлығы, бас пайдасынан гөрі елдің қамын көбірек ойлауы, өмірге деген түзу көзқарасы, білімділігі мен қаламының жүйріктігі Евфимовский-Мировицкийге қатты ұнаған болуы мүмкін, мақалаларына газет бетінен жиі орын беріп тұрған. Ы.Алтынсариннің «Оренбургский листок» газетіне шыққан алғашқы материалдары қара шекпенділердің қазақ жеріне келіп жапатармағай қоныстана бастауы, соның нәтижесінде жайылымдық жерлердің тарылуы болса, әсіресе, 1879-1880 жылдардағы қатал қыстың зардабынан елдің жұтқа ұшырауы ақын-публицисті қатты алаңдатқаны, тіпті жанын күйзелткені жазғандарынан анық байқалады.
1880 жылдың көктемінде жарық көрген алғашқы корреспонденциясында автор қыстың аса қатал болып, мал қырылып, елдің ашаршылыққа ұрынғанын, көктемді бір айыр шөпсіз қарсы алғандарын жазады. Мұның себебін публицист қазақтардың қысқа арнап жылы үй салып, отырықшылыққа ойыса бастауынан көреді. Өйткені мал жағдайына байланысты көшіп-қонып жүрген ел бір жерде отырып қалғаннан кейін өріс тарылып, табиғат дүлейіне төтеп беру мүмкін емес еді.
Ы.Алтынсарин екінші мақаласында жол жүріп келе жатқанда боран басталып, далада бір киіз үйге тоқтағандарын жазады. Қалай болса солай тігілген киіз үй, іргесі ашық, жел гулеп соғып тұр. Үстеріне қабат-қабат киім киіп, құр сүлдерлерін сүйретіп жүрген арып-ашқан кемпір-шал. «Жел қуалаған түтін үйдің ішіне шудалана шалқиды. Оттың айналасында түтін ашытып жасаураған көздерін сығырайтып, қолдарын жайып, аяқтарын талтайтып қақтанып» (қыздырынып – С.О.) отырған үйелмелі-сүйелмелі төрт бала көз алдыңызға келеді. Сыртта ішін тартып қатулана соққан долы боран…
Мақала соңында автор бір байдың 1300 жылқысынан қыстың басынан 28 ақпанға дейін 60 жылқысы ғана қалғанын, сонымен бірге 35 адамның үсіп өлгенін жазады.
Үшінші материалында да автор бұл жұттың болу себебін ашып: «Қазақтардың басына түскен ауыртпалықтың бәрі оларды бұрынғы отырған қоныстарынан көшіріп, мал бағып жүрген халықты отырықшылыққа үйретуден» - дейді. Мақала соңын «Қазақ халқының басына түскен ауыртпалықтардың куәсі бола отырып, далада өскен және өз халқымның басына түскен бар ауыртпалықты өз көзіммен көріп, бұл мәселедегі Вороницкий мырзаның жасаған жобасына қарсылығымызды білдіреміз әрі далада өскен адамның дауысын қажетті жердегі басшылардың құлағына жеткізер және де біздің бұл ойымыз ешкімге зиян келтірмес деп ойлаймын», - деп түйіндейді.
Мұны Ыбырайдың 1880 жылғы 4 сәуірдегі В.В.Катаринскийге жазған хаты да растай түседі. Онда ұлы ұстаз Торғай мектебінің жай-күйі, оқыту, шаруашылық жағдайы жөнінде сөз қозғай отырып: «Жуырда мен «Орынбор листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттары туралы мақала жазып жібердім,- дейді. – Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерінің әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, менімше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың. Осындай ерсі жобаларды оқығанда және естігенде салың суға кетеді. Сондықтан, қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұрсам да, оған өзімнің қарсы екенімді білдіруге бел байладым». 

Аштық, жалаңаштық жайында жазбайын десе ел ішінде меңдеп барады, азаматтық борышы, ары жібермейді, жазса кінәлі, дегенмен елге, жерге, халыққа деген парыз іштегі шеменді айтқызбай қоймағанын түсінесіз. Хаттан ұлы ұстаздың мінез-құлқы да қылаң беріп, мәдениеттілігі, биязылығы, арының тазалығы, биіктігі байқалады.

Алғашқы екі материалды автор «И.А.» деп бүркеншек атпен берсе, кейінгісіне қол қоймапты. Алайда, жазу мәнері мен сөз саптасына, қай жерден, не жайында жазылғанынан бұл мақаланың Ыбырай материалдарының жалғасы екендігін аңғару қиынға соқпайды. Ыбырайдың бүркеншек атпен жазу себебі де түсінікті. Бұл ащы шындыққа толы материалдар патша чиновниктері мен губернаторға ұнамасы анық.
Ыбырай публицисткасын алғаш зерттеуші М.И.Фетисов те осы жағдайды айтып, оның себептерін В.В.Катеринскийге жазған хатынан айқын көруге болатынын, өйткені, Орынбордағылар ол кезде жер аударылып келген А.Н.Плещевті, оның шындықты жазған өткір шығармаларын әлі де ұмыта қоймаған кезеңде, мән-жайды білетін қазақтың патша үкіметінің жасап отырған іс-шараларының терістігін сынауы, шындықты ашына айтуы оларға мүлдем ұнамағаны анық екенін айтады. 1879-1880 жылдардың қысында Торғайды жайлаған жұтқа байланысты жайларды қорытындылай келіп, Ыбырай қазақ халқының тарихи даму барысында оның алдында тұрған негізгі проблемалардың бетін ашып бергенін көрсетіп: «Ыбырайдың терең ойлы, күн тәртібінде тұрған толып жатқан проблемалардың бетін ашатын «Қазақ даласындағы жұт туралы» деген материалы демократиялық қазақ публицистикасының шынайы үлгісі болып табылады»,- деп бағалайды.
Алғаш бүкіл ресейлік география қоғамының Орынбор бөлімшесіне қазақ этнографиясы жайында жазған ерекше құнды еңбектерімен орыс зиялы қауым өкілдеріне таныла бастаған Ыбырай Алтынсарин «Оренбургский листок» газеті арқылы қаламын ұштап, газет оқушыларына публицистикалық шығармаларымен белгілі бола түсті.
1873 жылы қазақ алфавитін жасау үшін комиссия құрылып, орыс тілін білетін білімді екі қазақ ұсынылады. Олардың бірі Орал облысынан Ержан Шолақов та, екіншісі Торғай облысынан Ыбырай Алтынсарин болады. Ыбырайдың жазуға шебер, жазған еңбектері құнды екендігін, әрі қызметте тындырымдылығын ескерген И.И.Ильминский бұл іске Ы.Алтынсаринді таңдайды.
Ыбырай мақалаларының ерекшелігі көкейкестілігінде, өткірлігінде, нені сөз етсе де егжей-тегжейлі түбірін қазып жазып, түсінікті тілмен ойын ашық, бүкпесіз жеткізуінде. Мұны Ы.Алтынсарин публицистикасын алғаш зерттеуші ғалым М.И.Фетисов те баса көрсетіп «Ыбырай публицистикасы терең білімімен, әдеби көркемділігімен, оқиғаларды барынша әсерлеп, қазақ өмірінің шағын детальдарының өзін қазақы колоритке толтырып, айшықтап беруімен ерекшеленеді»,- деп жазады.
Ұлы ағартушының «Қазақ хрестоматиясы» оқу құралы да осы «Оренбургский листок» газетінің баспаханасында терілді. Кітап шыққаннан кейін газет бетінде оны насихаттауға арналған материалдар басылып, кітаптың жарық көруі қоғамдық және үлкен мәдени маңызы бар оқиға деп жоғары бағаланды.
«Библиографическая новость» айдарымен берілген бұл алғашқы хабардың авторы И.И.Евфимовский-Мировицкий екендігі күмән келтірмейді. Өйткені автор аты-жөнін көрсетпесе де қазақ тіліндегі бұл алғашқы оқулық кітаптың өзінің баспаханасынан шыққандығын мақтанышпен айта келіп: «Қазақ әдебиетінің берік негізі қаланды, өлең-жырға бұрыннан да кенде емес, қашан да көкіректері жаңа, соны ойға толы қазақ халқы ендігі жерде кітаптың көмегімен адамзаттың бар рухани байлығымен таныса алатын болды»,- деп жазды.
1880 жылдың 7 маусымында Орынбор қаласында А.С.Пушкиннің ескерткіші ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде П.Распопов «Қазақ хрестоматиясы» жарық көргенін, бұл кітапқа орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өлеңдері енгенін, оны қазақшаға аударған Ыбырай Алтынсарин екенін айтып: «Орынбор өлкесінде бұратана халықтарға арналған мектеп оқулығы енді біздің ұлы ақынымыздың өлеңімен ашылатын болды. Қазақтар мен башқұрттар енді орыс тілін меңгеріп, сонымен бірге біздің ұлы ақынымыздың шығармаларымен де танысатын болды»,- дегенді мақтаныш сезімімен жеткізеді.
Газеттің 1879 жылғы 16 желтоқсандағы номерінде Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» кітабының алғы сөзін орыс тіліне аударып бастырды. Бұл басқа ұлт өкілдерінің кітаптың мән-мазмұнымен жете танысуына кең жол ашып, болашақ ұлы ағартушының беделін жоғарылата түсті.
«Оренбургский листок» газеті мен оның редакторы И.И.Евфимовский-Мировицкийдің Ы.Алтынсариннің публицист болып қалыптасуына, халыққа танылуына үлкен әсер етіп, көмектескені сөзсіз. Ұлы ағартушының оқулығы да осы басылым баспаханасынан жарық көруінің өзі неге тұрады?!

Дереккөз: baq.kz


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?