Жошы хан 1187-1227 жылдары өмір сүрген – Шыңғыс ханның үлкен ұлы, даңқты қолбасшы. Моңғол шапқыншылығынан кейін қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет - Жошы ұлысының негізін қалаушы. Оның тағдыры – Ұлы Даланың тағдырымен тұтасып жатыр. Ulytau GEO бағдарламасының кезекті шығарылымында біз Ұлытау облысында орналасқан Жошы хан кесенесіне саяхат жасаймыз. Аңыз бен ақиқатқа толы бұл киелі орын туралы тарихшылармен сұхбаттасып, кесененің шынайы тарихын анықтауға тырыстық.
Жошының мазары Жезқазған қаласынан 45 км жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Жошы хан мазары туралы ең алғашқы деректер XVI ғасырдың ортасында Өтеміс Қажының еңбектерінде кездеседі. Ол Ұлытау жерінде Жошы ханның мазары барын атап өтеді. Келесі маңызды мәлімет 1661 жылы Хиуа ханы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» жазылды. Онда «Жошы ханның ордасы – Орда керті, Ұлытауда орналасқан» деп көрсетілген.

1582 жылы Абдулла II хан Баба сұлтанға қарсы жорық кезінде Ұлытау жеріне аялдап, Жошы хан мазарына арнайы тоқтағаны айтылады. Сол кезде ол үш күн бойы қасындағы нойандарымен бірге осында демалып, дұға оқып, құрмет көрсеткен. 1771 жылғы «Шаңды жорық» кезінде қалмақтар Жоңғарияға өтуге тырысқанда, олардың артынан орыс экспедициясы ілесті. Сол экспедиция құрамында болған Рычков та Жошы хан мазары туралы дерек қалдырды. XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов пен Ресей империясының әскери-ғылыми экспедициялары бұл өңірді кеңінен зерттеді.

1862 жылы жарық көрген «Материалы по истории и географии, собранные офицерами Генерального штаба» атты көптомдықта Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелері жайлы деректер мен аңыздар толық келтірілген. 1897 жылғы есептерде бұл маңдағы халық саны мен мал басы да жазылып қалған. Кеңес дәуірінде зерттеу жұмыстарына жол ашқан Қаныш Сәтбаев болды. Оның «Исторический памятник Джезказганского района» атты мақаласында Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл сияқты ескерткіштердің маңызы алғаш рет ғылыми тұрғыда көтерілді.

1946 жылы Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы құрылып, Патсевич бастаған зерттеушілер Жошы хан мазарын қазып зерттеді. Оның полевой күнделіктерінде тіпті әрбір қабаттың өлшеміне дейін, табылған жәдігерлер егжей-тегжейлі жазылған. Жошының өлімі жөнінде қазақ халқында "Ақсақ құлан, Жошы хан" атты тарихи күй бар. "Ақсақ құлан" мультфильмі түсірілген.

Айта кетер болсақ, үстіміздегі жылы «Qazcontent» акционерлік қоғамы Ulytau Geo жобасын түсіруді қолға алған. Жобаның басты мақсаты – Ұлытаудың кенді өңір ретіндегі маңызын ғана емес, сонымен қатар тарихи және рухани орталық ретіндегі құндылығын кеңінен таныту. Сондай-ақ фильм аймақтың киелі орындарын насихаттап, туризмді дамытуға және жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.Деректі фильм жеті бөлімнен тұрады. Онда Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Хан ордасы, Әулиетау (Ақмешіт) сияқты қасиетті орындар мен Ұлытау ауылының қазіргі бейнесі қамтылған.Фильмде Ұлытау облысының өткені мен бүгінгі келбеті астасып, шахтерлердің өмірі мен наным-сенімдері, Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы мұрасы, сондай-ақ геология мен мәдениеттің өзара байланысы жайлы тың деректер ұсынылады.

Топтаманың алғашқы сериясы – «Дәуір көрген – Қарсақпай. Алғашқы табылған мыс» деп аталады. Ол Қазақстан металлургиясының бастау алған жері Қарсақпайға арналады. Екінші шығарылым - Қаныш Сәтбаевқа арналды. Бұл шығарылымда біз жас Қаныш Сәтбаевтың Жезқазғанға алғаш келген кезін әңгімелейміз. Ulytau Geo жобасының үшінші шығарылымында бағдарлама жүргізушілері 500 метр тереңдікке түсіп, шахтерлердің өмірін көрсетеді әрі қызықты деректермен бөліседі. Бұл өңір – шежіреге толы дала. Мұнда әр қырат пен әр төбенің өз аңызы, өз тарихы бар. Ulytau Geo жобасында біз сол киелі орындарға барып, халық жадында сақталған сырлы оқиғаларды баяндайды.
Фото авторы: e-history.kz