Жанбай Найзабек: Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы – қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым

03.11.2025
7160
Жанбай Найзабек: Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы – қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым - e-history.kz

Біз Қазақстанның әр өңіріндегі жас зерттеушілерді қолдау мақсатында олардың зерттеу обьектілерімен танысып, аз-кем сұқбат жүргізіп, ізденіс жолдарына сәттілік тілеген едік.  

Сондай өңірлердің бірі – Маңғыстау. Бұл өңір тарих пен табиғаттың, аңыз бен ақиқаттың тоғысқан мекені. Талай ғасырдың ізі, талай тұлғаның тағдыры осы топырақпен байланысып жатыр. Түпқараған мен Үстірттің арасындағы жусанды дала тек геологиялық байлығымен ғана емес, рухани қазынасымен де ерекше. Соңғы жылдары бұл өңірдің мәдени-ғылыми тарихын, әсіресе Алаш қозғалысының аймақтық көріністерін жаңаша зерделеп жүрген жас ғалымдар шоғыры қалыптасып келеді. Солардың бірі – жас зерттеуші Жанбай Найзабек.

Біз Жанбай Найзабекпен Маңғыстау өңірінің зерттелу тарихы, Алаш идеясының аймақтық көрінісі және осы өңірден шыққан тарихи тұлғалардың ұлт ғылымындағы орны туралы әңгімелескен едік. 

– Қайырлы күн, Найзабек мырза, сізді біз  Маңғыстау өңіріндегі діни тұлғаларды, сондай-ақ, Алаш қайраткерлерін зерделеп жүрген жас зерттеуші ретінде білеміз. Өзіңізді оқырман қауымға таныстырып өтсеңіз?

Қайырлы күн, аты-жөнім Жанбай Найзабек, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасымын. Соңғы 5 жыл ХХ ғасырдағы Маңғыстау даласында өмір сүрген ағартушылардың, ғалымдардың еңбектерін, өмірін зерттеуді, беймәлім тарихи тұлғалардың есімін жаңғыртып, оны жастарға кең көлемде танытуды мақсат етіп келемін. Одан бөлек, мені ешқашан жалықтырмайтын, білген үстіне біле бергім келетін үлкен тақырып – Алаш қайраткерлерінің ағартушылық жолы. Байқағаныңыздай, ғылым-білім, педагогика, ағартушылық мәселелері жаныма жақын. Сол салаларды тереңірек қарастырамын. 

– XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Маңғыстау даласында да күрделі тарихи оқиғалар орын алды. Сіздің ойыңызша, осы уақыт аралығында өңірдің рухани өмірі, саяси ахуалы, тұрмыс тіршілігі, оқу жайы қалай болды?

ХІХ ғасырдың соңына дейін бұл өңірде Патша өкіметіне қарсы көтерілістер орын алды, көтерілістің негізі себебі халықтың өз мүддесін қорғауға тырысты. Иса–Досанның Уақытша Ережеге қарсы көтерілісі де соны айқындайды. Жергілікті тұрғындардың бұл әрекетінен оқу жайының да салыстырмалы түрде жақсы болғандығын байқауға болады. Оның көрінісі даламыздағы 1930 жылға дейін жұмыс істеген медреселер. Мысалы, Көркембай ахун, Көшербай ахун, Байқұл қажы, Абдолла Хазіреттің Көк мешіт медреселері жүйелі түрде оқу-ағартушылықпен айналысты. 

– Бұл тұлғалар жайлы мәліметтер көбіне ауызша дерек, шежіре, ел жадындағы естелік түрінде сақталған. Ғылыми зерттеу кезінде осындай деректердің сенімділігі мен ғылыми өңделуін қалай қамтамасыз етесіз?

– Маңғыстау даласын зерттеудің өзіндік қызығы бар. Бұл өлкені танып-білу кітаптан оқып алатын ақпарат емес, тарихы халқының сөзінде, көрген-білген ісінде. Фольклор жанрында қалған ауызекі дерекке ғылыми сенімділік таныту үшін архив материалдар мен ғылыми монографиялық еңбектерге сүйенеміз. 

– Зерттеу нысаныңыздағы ахундар мен ишандарды қарастырғанда, Сіз қандай ғылыми-идеялық ұстанымға сүйенесіз, дін тарихы тұрғысынан ба, әлде ағартушылық парадигма арқылы ма?

– Өңірлік ахун-ишандарды зерттеудегі негізгі мақсатым – олардың өз салалары бойынша еңбектерін елге танытып, есімдерін ағартушылық бағытта шығару болды. Оны көздеуімнің тағы бір себебі  балаларды оқытуда профориентациялық бағыт-бағдар жұмыстарына қолдану еді. Жерімізді мекендеген ұлы тұлғалардың кеудесіндегі от қазіргі ұрпақтарда жанса екен деген тілектен туды. Сондықтан ағартушылық парадигма арқылы деп сеніммен айта аламын. 

 – Оразмағанбет ахун, Шайхы ахун, Ержан хазірет сынды тұлғалар өз дәуірінде тек дін қызметкері емес, халықтың рухани ұстазы атанып, қоғамдық-саяси істерге белсенді араласты. Олардың ағартушылық миссиясының мәнін қалай айқындайсыз?

– Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы  Маңғыстаудан ғана емес, бүкіл қазақ даласынан шыққан алғашқы геолог деп атар едім. Өзінің Үндістанның Мумбай (бұрынғы Бомбей) қаласында білім алғаны туралы тергеуде айтқан және ол құжат түрінде сақталған. Ал Шайхы Кендірбайұлының оқыған мамандығы заңгер. 15 жыл Бұхара қаласынан білім алып келіп, Ақкетік қаласында (қазіргі Форт-Шевченко, бұрынғы Форт Александровск) жұмыс істеген. Қуғынға ұшырардан бір күн бұрын басына түскен нәубетті сезіп, қашуға мәжбүр болды. Сол кетерінде айтқан сөзі: 

Берем бе деп барымды,

Ата жұртым еліме.

Жау құрығы шалынды,

Тұрғызбас туған жеріме…

Бұл өлең жолынан бар білімін халқына жеткіземін деген мұратын байқаймыз. Сондай-ақ, діни ағартушылық қызмет етіп, осы жолды жалғаған азаматтардың бірі Ержан (Ермұхаммед) Төлегенұлы. Оның Ыстамбұл университетінде араб-парсы факультетінде оқығандығы жөнінде ақпарат бар. Кейін өз туған жері Тұщықұдық ауылында балаларға білім берген.  Аталған үш замандас тұлға Бұхара қаласындағы Көкілташ медресесінде оқыған. Діни біліммен қатар математика, астрономия, жаратылыстану ғылымдарын меңгерген және көп тіл білетін полиглот. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ХХ ғасырда Маңғыстаудан Бұхараға оқуға кеткен 20 шақты жас жігіттен дипломмен қайтқаны осы үш кісі екен. 

Қорытындылай айтқанда, олар халықаралық ғылым мен ұлт мәдениетін үйлестіріп, рухани тәуелсіз, білімді, арлы ұрпақ қалыптастыруды көздеді. 

– Осы ахундар мен хазіреттердің білім алу жолын қарастырғанда, Хиуа, Бұхара, Қазан медреселерінің рухани ықпалы мен ағартушылық дәстүрі қаншалықты байқалады?

– Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды» деп бағасын берген екен. Бұл сұрақтың жауабын Мәшһүрден артық бере алмаспыз. 

Маңғыстау өңірінен шыққан ғалымдар жайлы жазылған “Тұлға таным” еңбегі 

– Бұл тұлғалардың еңбектері ислам өркениетіндегі гуманистік идеялармен және халықтық дүниетаныммен қалай тоғысады?

Ержан хазірет 1963 жылы таза араб тілінде еңбек жазған. Бұл туындысы 2018 жылы қазақ тіліне аударылып шықты. Бұл кітаптың аты «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» деген атпен қалың оқырманға жол тартқан болатын. Автор бұл еңбегінде тазалықтан бастап, ғибадатымыз, нәпақа және қанағат, мінез-құлық, ахлақ, ықылас және ниет, қарыз және садақа, өшпенділік пен кек, насихат және уағыз, өлімді еске алу, ақыретке дайындық сияқты 17 тақырыпты қамтып жазып кеткен. Ержан хазіреттің осы ғылыми-педагогикалық мұрасы Абайдың қара сөздерімен, Алтынсарының «Мұсылманшылық тұтқасындағы»  сарындарменМәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімнің ғибратты толғамдарымен үндестік табады. 

– Күні бүгінге дейін сақталған (немесе орны қалған) медресе нысандарының мәдени-тарихи құндылығын қалай бағалайсыз?

– Көркембай мешіт-медресесін ілгеріде біз ХХ ғасырдағы Маңғыстауда орналасқан ірі медреселердің бірі болды деп айттық. Сол тарихи ғимаратымызды туристік нысан ретінде пайдалана білсек, халықтың руханиятына бір серпіліс беретін дүние болар еді. Мысалы, Өзбекстандағы «Көкілташ» медресесі қазіргі таңда туристік нысан болып табылады. Келушілердің саны да көп. Біз де осындай тарихи-мәдени ошағымызды дәріптеп, маркетингтік жұмыстар жүргізе білсек, өңіріміздің тарихына қызығушылық артып, рухани туризм әлеуеті артар еді. Медресе діни білім ордасы ғана емес, халықтың мәдениеті мен дүниетанымын қалыптастырған орын. Сол себепті Көркембай мешіт-медресесін қайта жаңғыртып, музейлендіру немесе экскурсиялық бағыттарға енгізу арқылы жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, медресе ғимаратының архитектуралық ерекшеліктерін сақтау мен реставрациялау жұмыстарын ғылыми тұрғыда жүргізу – болашақ ұрпаққа өткеннің айғағы ретінде қалдырудың маңызды тетігі. Осындай нысандарды сақтау арқылы біз тек материалдық мұраны емес, рухани сабақтастықты да қорғап, ел тарихының тірі куәсін мәңгілікке сақтаймыз. Өткеніміздің баянын тұғырлы қылғанда ғана, егемендігіміздің ертеңі ғұмырлы болмақ. Ол кешегіміздің бойындағы Кие мен Рухты бүгініміздің ойына сіңіру болмақ. Ал оны сіңіру үшін тарихқа көз жүгіртіп, қателіктерінен де пайдалы істерінен де сабақ пен ғибрат алуымыз маңызды. Сондықтан да артымызға бір қарайлап, алдыға қарай ұмтылуымыздың маңыздылығы айқын көрініп тұр.

– Кеңестік кезеңде бұл тұлғалардың есімдері көп жағдайда ұмыт қалды. Есімі ұмыт қалған діни ағартушы қайраткерлері тізбектеп өтесіз бе? Тәуелсіздік алғаннан кейін олардың мұрасын қайта жаңғыртудың ғылыми және рухани мәні қарастырылды ма?

– Қарастырылып, аты аталғанымен, толық ашылып зерттелмеген беймәлім тұлғалар көп. Атап айтар болсақ, Қошмағанбет ишан Есжанұлы, Көшербай ахун Қаражігітұлы, Әлжан хазірет Баймырзаұлы, Байқұл қажы Қаныбекұлы, Көркембай ахун Бектұрұлы, Салтанат ахун Әлжанұлы. 

  – Сіз осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан тарихи, діни тұлғаларды зерттеп, зерделеп келе жатқаныңызды жақсы білеміз. Жазудан, зерттеуден бөлек, жақын уақытта «Тұлға» оқу орталығын аштыңыз, оқу орталығының мақсат-міндеті қандай? Бұл орталықты ашуға зерттеу обьектіңіз тікелей түрткі болды ма?

– Иә, зерттеу жұмысымыз оқу орталығын ашуға әсер етті. Атауының «Тұлға» болуы да содан. Ауыл балаларының ғылымға жақындауын, жүйелі білім алуын мақсат еттік. Басты ерекшелігіміз балалардың мамандық таңдауында, өмірлік құндылығы мен әлемге көзқарасына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіп, қазақ ғұламаларының, жергілікті ғалымдардың ғұмыры мен ғұрпын дәріптеу. Жұмысымызды бастағанымызға 2 айға жақын уақыт өтті. Жақында ата-аналармен кездестік. Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Балалардың екі ай ішіндегі өзгерісі көз алдымызда өтіп жатыр, олардың көзіндегі жылтыр, ісіндегі ізденіс бізді одан әрі қуаттандырады. 

Сұқбаттасқаныңызға көп рақмет! Алдағы зерттеу еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз