Бұхар толғауларын немесе Бұхар жырау туралы әралуан сипаттағы ой-пікірлерді, тұжырымдарды оқыған соң бір сәт тарихқа қайта жүгініп көрейікші.
Міне, сол мезетте-ақ көз алдыңа Абылай мен Бұхар сияқты теңдесі жоқ «Ұлы Дарабоздардың» асқақ тұлғалары немесе жыраулық поэзиямыздың алтын түғырына – Олимпіне еркін де талассыз көтерілген Сыпыра, Асан, Шалкиіз жыраулардың озық шарапаттарын-дәстүрлерін жаңа сапаға, тың биікке шығарған, ой-қиялында да, түсінде де, өңінде де сол ежелгі арманын – аңсарға, алтын мұнараға айналғандай Данагөй би, Данагөй Елжыраудың өзі – ұлы Бұхар жыраудың өзі осынау ғаламат қалпында асқақтап тұрар еді.
Өйткені, қазіргі кезде енді ғана өз тәуелсіздігін шынайы түрде алған қазақ деген халықтың, қазақ деген ұлттың, Қазақстан Республикасы деген мемлекеттің көне тарихынан – ежелден бері бақ-ырысына айналған санаулы қайраткерлерінің – біртуар перзенттерінің көшбасында – темірқазық шоғырында – Абылай сынды Елбасының, Бұхар сынды Елжыраудың, Қазыбек бек Тауасарұлы сынды Елтанушының – Тарихшының тұрғаны қандай құдірет, қандай заңдылық! Әйтпесе, тәуелсіздік алған еліміздің рухани тарихында Абылай хан туралы кітаптың («Абылай хан». «Жазушы» баспасы, 1993 жыл. Құрастырған Сәрсенбі Дәуітов); Бұхар жыраудың «Ай, Абылай, Абылай» атты жинағының («Ай, Абылай, Абылай!». «Жалын» баспасы, 1993 жыл. Құрастырған Сәрсенбі Дәуітов); Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының "түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабының («Түп-тұқианнан өзіме шейін», 1776 жылы жазылған қазақ тарихы. «Жалын» баспасы, 1993 жыл. Баспаға дайындаған Балғабек Қыдырбекұлы) тұңғыш рет бір жылда іле-шала жарық көріп жатуының өзі қандай ғажап, қандай тағдыр, қандай құдірет, қандай заңдылық! Әншейінде жоспарласаң да, не иіп әкеліп зорлап қоссаң да бұл кітаптардың осылайша қатар шығып жатуы екіталай нәрсе. Дегенмен, мұндай аналогтар өмірде не тарихта сирек ұшырасады да, өзіңнен-өзің қайран қаласың! Сөйте тұра, тамырлас, өзектес, тағдырлас жәйттердің аксиомасына еріксіз ден қоясың. Сонан соң өзіңнен-өзің мұндай сиқырмен шырмалып тұрған жәйттердің ортақ тарихи шындықтары мен параметрлеріне ішкі-сыртқы түйсіктермен, дәлелдермен толық көз жеткізгенінді сезбей қаласың. Сөйтіп өзінен-өзі осылайша сұранып тұрған жәйттерді қатар келтіргенімізді әрі қанағат, әрі парыз, әрі мақтан тұтатынымызды жасыра алмаймыз.
Дегенмен, Бұхар жырау мұрасының әр жылдардағы әртүрлі жинақтарда, хрестоматияларда, оқулықтарда берілгенін жоққа шығармаймыз. Жырау толғаулары қалың оқырманға 1962 жылы жарық көрген «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» атты кітаптан кеңінен таныс. Мұнан соң «Үш ғасыр жырлайды» (1965 жыл), «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967 жыл), «Алдаспан» (1970 жыл), «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (1972 жыл), М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968 жыл) және тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінен белгілі. Алайда, мұның бәрі Бұхар жыраудың жеке жинағын шығаруға мұрындық бола алмағаны рас. Оның әртүрлі объективті себептерінің болғаны және рас. Дегенмен, Бұхар жыраудың жеке кітабы үш ғасырдан соң ғана қолымызға тиіп отыр. Бұл орайда, «Жалын» баспасының ұлттық мәдениетіміздің тарихына қатысты деген туындыларды жанашырлықпен, елгезектікпен қолға алып, оқырмандарға жүйелі түрде ұсынуы, құптарлық іс.
Бұхар жырау мұрасының бүгінгі күнге жетуіне, біздер, қазіргі заман ұрпақтарының бірнеше буыны, сөз жоқ, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жинаған қолжазбаларға қарызбыз. Күні кешеге дейін идеологиялық цензураның, партиялық, таптық бақылаудың торқұрсауында тым көп болғандығымыздан шығар, соған тым етене бас шұлғығанымыздан болар Бұхар жыраудың жеке жинағы енді ғана қолға тиіп отыр. Осыдан болар, қайталап айтамыз, Бұхартану проблемасы – біздің алдымыздан тағы да көлденең шығып отыр. Өйткені, кітаптың сарашысы Есенбай Дүйсенбайдың «Бабалар мұрасын байыптасақ» атты алғысөзінде: «Әттең, әдебиет үністеті тарапынан бұл төңіректе жүзеге аса қойған жүйелі түрдегі ғылыми зерделеу ісі тым жұтаң. Бұхар жыраудың бас-аяғы екі баспа табақтай азғана мұрасын текістемелік кемшіліктерден әлі күнге арылта алмау соған дәлел», – деген пікірлерінің өткірлігі әлі күн тәртібінде түр ғой демеске шараң жоқ. Өйткені, осы мәселені Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты жинақта (1961 жыл) жарияланған мақаласында айтқаны мәлім еді. Бұл төңіректе Р.Сыздықованың, Қ.Өмірәлиевтің, М.Мырзахметовтың, М.Мағауиннің ескерілуге тиіс мәнді пікірлері де бар. Белгілі ғалым Қайым Мұқаметханов бұл мәселені өзінің «Бұхар жырау» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті», 30 июль – 6 август, 1982 жыл) мейлінше өткір қойған еді. Ғалым Бұхар жыраудың өмірбаянына қатысты деректерді анықтауда соны да принципті дәлелдер келтірген. Оның бұл ой-пікірлері көкейге қонымды. Көрнекті ғалымның дәлелдеуі бойынша Бұхар жыраудың туған-өлген жылдары (1685-1777) деп көрсетіледі. Бұған дейін әртүрлі пікірлердің болғаны сонша, соның салқыны осы тұңғыш жинақта тағы қайталанған. Мұнда Бұхар жыраудың туған-өлген жылы (1668-1781 жылдар) деп көрсетілген. Құрастырушы С.Дәуітұлы бұл арада М.Мағауиннің пікірін ұстанған. Шамасы ол Қ.Мұқаметхановтың дәлелдерінен гөрі М.Мағауиннің ғалымдық беделіне «тым құлай сүйенген» болуы керек. Өйткені, С.Дәуітұлы Қ.Мұқаметхановтың пікірімен не таласпайды, не келіскенін білдірмейді. Немесе өз дәлелдерін және келтірмейді. Меніңше, көрнекті ғалым Қ.Мұқаметхановтың мақаласындағы тұщымды, тиянақты пікірлердің ғылыми дәлелі ешқандай бұлтартпайтындай болып көрінеді.
Асылы Бұхар жыраудың өмірбаянына, шығармашылық болмысына қатысты жәйттерді, Қайым Мұқаметханов өзіне Тұрсынбай Ерәлиев тапсырған қолжазба арқылы біраз анықтай түскен. Мысалы, Үмбетей жыраудың толғауы осының дәлелі. Сіз бен біз тағы бір оқып көрейікші.
Асқар тауды құлатып,
Тоқсан екі жасында,
Арыстанды сұлатып,
Отырмыз біз басында.
Өткір тілі жоғалған,
Тұрсақ та тосып қасында.
Зияпатын жіберген
Хан Абылай асына.
Үйірлеп жылқы айдатқан,
Сойылсын деп басына.
Шыдап қалай тұрармын,
Егіліп мен жылаймын,
Түсіріп еске өмірін,
Қауымға баян қылайын.
Туған жерің – Жиделі-Байсын екен,
Елібай деп атаған Бұхар маңы,
Атыңды Бұхар қойған сол себептен,
Мәлім ғой, ол – қазақтың ескі заңы.
Соғыста қалмақ жеңіп, босып келген,
Белгісіз келген жанның қанша саны.
Бастап келген Қалқаман – сенің әкең,
Батырды қарсы алыпты Бұхар ханы.
Екі жылда еліне қайтарыпты,
Босатып Ембі, Жайсаң екі араны.
Онда сенің бір жасар бала күнің,
Қазақта Әз Тәукенің хан заманы,
Тілің шықпай жасында,
Бала болдың сен мылқау,
Бір аяулы жан десетін,
Іштен туған кем сырқау.
Сырқат па, әлде
Мұны қиын жобалау,
Дәл он екі жасыңда,
Бақыт қонды басыңа.
Тілің шықты сөйледің,
Қолдан қолға тимедің,
Төре, қара қасыңда
Бұлбұл құстай сайрадың,
Топты көрсең жайнадың
Көріктей басқан күпілдеп,
Көмекейің бүлкілдеп,
Сөйлер сөзден таймадың
Тәукенің болып жаршысы,
Халқыңның болып заршысы,
Белді бекем байладың.
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжауменен.
Іс болса қиын-қыстау сен сайыстың,
Қылыш қып қызыл тілді қорғауменен.
Армансыз тоқсан екі – келген жасың.
Арманы ел-жұртыңның әзіз басың.
Сұрағанмен бермес-ті,
Жылағанмен келмес-ті,
Айттым сәлем еліңнен,
Сарыарқадай жеріңнен,
Жатсаң да шірімейтін асыл тасым, - дейді Бұхар жыраудың ең жақын досы Үмбетей жырау. Бұл толғау бойынша ұлы жырау Бұхардың туған-өскен ортасы, шығармашылық жолы мен болмысындағы асулар – кезендер әрі нақты, әрі дұрыс көрсетілген. Міне, осындай жәйттерді, «Ай, Абылай, Абылай!» кітабын құрастырушының жинақтағы «Кемеңгер» атты соңғы сөзінде ескергенін көргеніміз әсте артық болмас еді.
Ал, Бұхар жыраудың бізге осы кітап арқылы толық жеткен туындыларының баршасы әрқашан ірі оқиғалардың тарихи әрі әдеби куәсі ретінде зор болып көрінетіні, сол дәрежесінде бағаланатыны рас. Өйткені, біз Бұхар жырау мұрасын бағалауда әлі күнге дейін ұлы Мұхтар Әуезовтің пікіріне құлшына жүгінеміз. Оны М.Әуезовтің «тарихсыз заманда» шыққан «Әдебиет тарихы» (1927 жыл) атты кітабындағы өз сөзімен айтсақ: «Анығында өсиетшіл қария, толғаушыл жыраудың негізгі міндеті өлеңшілік емес, елге басшылық істеп, басалқы айту болатын. Бұның екеуі де ең алдымен елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, қырағысы болатын. Сондықтан әрқайсысы өз елі, өз табының не би, не батагөйі болады. Екеуі де жалғыз ел ақылшысы емес, елді меңгерген хан мен бектің де ақылшы, уәзірі есебінде болған. Хан шеше алмаған ауыр түйін, қиын жұмбақ, көмескі келешек болса, барлығына да шешу сөзді солар айтатын. Тыныштық заманда қиюы қашып, арасы ашылған қарындасты табыстырып, қысылшаң заманда сасқан елге жол табатын, бет нұсқайтын кемеңгер көрегені болған. Жер таңдау, ел таңдау, көшу, қону да, соғысу, бітімдесу де – барлығында ханның ең алдымен ақыл қосатын кісілері солар болатын. Бұлар хан қасына қалың елдің ішінен қосылған қариялар кеңесі сияқты. Сондықтан хан аузынан шыққан ұшқары сөз болса, жөнге салатын да осылар. Кей кезде қалың ел ханнан да осылардың аузынан шыққан сөзді толымдырақ көретін. Ел тіршілігінің барлық ауыр істері осылардың қабылдауымен іске асатын. Қауым тіршілігінде бұлардың саяси салмағы сондайлық зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға керек. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болатын жақсылардың сөзі көптің көзінде мінсіз, толық болуы шарт. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болу керек. Сол себепті бұлардың сөзі асыл өлең өлшеуімен шығуы шарт болған. Айтылған сөз: тақпақ, толғау сияқты болса ғана ел көзіне мінсіз, асыл болып көрінетін. Ел билеген жақсы туралы заманның сыны мен ұғымы сондайлық болғандықтан, әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен сөз тапқыш, өткір деген суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Осы салтқа Абылай да бағынған. Сондықтан таңдап алған ақылшыларының ішінде Бұхардай жырау, Жәнібектей шешендер болады. Бұл адамдар ең алдымен ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан көпке айтқан сөздерінің барлығы ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады. Бұлар өз заманындағы қазақтың жоғарғы табынан: билер, басшылар ортасынан шыққан, өздері әкім. Сондықтан ел тізгінін ұстаудың бір шарты көптің қамын жеу болғандықтан, артында қалған сөздерінің барлығы әлеуметшілдік сарынмен айтылады», - болып шығар еді (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 16 том, ББ. 179–180, 1985 жыл). Өйткені, біз әлі Мұхтар Әуезовтің осынау биік тұғырлы пікірлерінен әлі аса алған жоқпыз. Бұхартану жөніндегі мақалалардың барлығының дерлік басты пафосын – ұлы суреткер Мұхтар Әуезов сонау 1925 жылы-ақ айтып кетіпті.
Ал Бұхартану жөніндегі мақалалар мен зерттеулерде көбінесе өмірбаяндық деректердің, шығармашылық туындылардың табылған, қолға түскен нұсқаларын жариялау; аракідік әрқилы текстологиялық дәлдіктерді реттеу мәселелері сөз болып келеді. Бұлардың арасында М.Мағауин, Қ.Өмірәлиев, Қ.Мұқаметханов, Р.Сыздықова тәрізді ғылымдарымыздың еңбектерін елеулі деп есептейміз.
Бұхартану өресінің төмендігі, шын мәнінде, Елтану проблемаларын жан-жақты, кешенді түрде қарастыра алмай келе жатқанымыздан. Әйтпесе, Бұхар жырау туындыларының барша құдіреті, барша болмысы, барша пафосы, барша міндеттері мен барша мақсаттары, барша философиясы мен барша мұраты, барша этикасы мен барша өсиеті Мұхтар Әуезовтің жоғарыдағыдай тұжырымдарына толық жауап береді. Бұны Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабындағы Бұхар жырау толғаулары да мейлінше толықтыра түсетіні ешқандай дәлел тілемейді. Біз қазір ұлы суреткердің пікірін саналы түрде мейлінше мол келтіріп, айрықша сүйсінгендіктен тағы да жүгініп отырмыз.
Өйткені, әлі де бәз-баяғы «тарихсыз заманда» Мұхтар Әуезовтен асырып пікір айтам деу бекершілік. Бұхартану проблемасын көшпелі қауымның тарихы мен философиясы, құқықтық заңдары мен өлшемдері, қоғамдық психологиясы мен әлеуметтік санасы, әскери өнері мен мемлекеттік мүдделері тұрғысынан жан-жақты қарастыру арқылы ғана шеше аламыз. Бұған әралуан мамандардың орталықтандырылған, ғылыми үйлестірілген жүйелі зерттеулері арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Жыраулық поэзияның бүкіл болмысы тек әдеби не тілдік, текстологиялық зерттеулерден нақты көрінеді десек қателескеніміз. Бұхар жырау поэзиясының өн бойында бәрі біртұтас қалыпта көрінетін әлеуметтік-қоғамдық, елдік-тұрмыстық, философиялық-дидактикалық, психологиялық, мемлекеттік-дипломатиялық, әскери-жауынгерлік проблемалар мен шешімдердің болмысы жаңа буын ғалымдардан, мамандардан, зерттеушілерден жан-жақты тұрғыдан, кешенді тұрғыдан талдауды талап етеді.
Өйткені, Бұхар жыраудың тұңғыш дербес жинағындағы кесек толғауларын, туындыларын мемлекеттік тәуелсіздік идеялары мен мұраттары тұрғысынан зерттеу қазіргі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың кезек күттірмейтін міндеттері мен биік парыздарының бірі болып табылады.
Аян ҚАЖЫБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің профессор-ассистенті,
филология ғылымдарының кандидаты