Түркістан-Сібір темір жолы: 1925 жылғы «Эркин Тоо» газетіндегі деректер

29.10.2025
5645
Түркістан-Сібір темір жолы: 1925 жылғы «Эркин Тоо» газетіндегі деректер - e-history.kz

XX ғасырдың 20-жылдарының ортасында кеңестік билік Орта Азия мен Сібірді байланыстыратын жаңа темір жол салу туралы шешім қабылдады. Бұл жол кейін Түркістан-Сібір темір жолы (Түрксіб) деген атпен тарихқа енді. Жаңа құрылыстың жоспары, бағыттары мен ұйымдастыру шаралары халыққа сол кезеңнің баспасөзі арқылы жеткізіліп отырды. Сол материалдардың бірі — Қырғызстанда жарық көрген «Эркин Тоо» газетінің 1925 жылғы 29 қарашада №40 санының 3-бетінде жарық көрген мына бір мақалалардың тізбегі. Онда мақалалар қырғыз тілінде, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен жарияланған. Авторлардың аты-жөні толық көрсетілмеген, тек бір бөлімнің соңында Қамбар деп жазылған.

Газет бетінде осы күні жарық көрген мақалалар тізбегі Түркістан-Сібір темір жолының алғашқы жобалық қадамдары мен ұйымдастыру тетіктерін сипаттайды.Төменде сол тарихи материалдардың толық мәтінін оқырманға ұсынамыз.  

Бірінші кезектегі істер

Бұл тақырыпта автор Түркістан-Сібір темір жолының алғашқы құрылысы қай бағыттан басталатыны, қандай учаскелер жоспарланғаны егжей-тегжей баяндаған. Мақалада нақты станциялар мен географиялық нүктелер аталады. Бұл — жоспардың инженерлік дәлдігі мен құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен іске асатынын көрсетеді.

«Түстік жақтағы Түркістан-Сібір отарба жолын салу планы төмендегідей:

1928 жылдың жазынан бастап 1-інші станциясын Луговой станциясынан Шоқпар асуына дейін (ұзындығы 130 км) салу ісі басталады. Шу өзенінен уақытша көпір салынады. Осы кезде Шоқпардың асуында да жұмыс басталады. Бұл Түркістан-Сібір отарба жолының ең негізгі жұмысы болып, бір жарым жылға дейін істелсе керек. 4-інші учаскедегі Ұзынағаштың жанында болған Кішітау 1928 жылдың ақырында және 1929 жылдың басында кесілуге тиіс. 1929 жылдың ақырында өзендерге көпірлер салу және Алматы станциясы, оның аржағында жұмысшылар тұратын үйлер салына бастауы керек».

Бұл үзіндіден 1928 жылдан бастап нақты құрылыс кезеңдері жоспарланғаны көрінеді. Түркістан-Сібір жолы кейін елдің экономикалық байланысын нығайтқан, қазақ жеріндегі индустрияландыру дәуірін бастаған негізгі артерияға айналды. 

Іле көпірі

Бұл тақырыпта Іле өзенінен өтетін көпір құрылысы жөнінде айтылады. Бұл көпір жолдың ең күрделі әрі стратегиялық бөлігі болған: 

«Қалған учаскелерде 1929 жылға дейін даярлану жұмысы жүргізіледі. Іле өзенінің көпірінің жобасы 1928 жылдың басында істеліп бітеді. Осы жылдың ішінде ел комиссариятының білім комитеті арқылы бекітуден өтуі тиіс».

Мақаладағы осы жолдардан-ақ сол кезеңдегі инженерлік шешімдердің орталықтандырылған тәртіппен, Мәскеудің келісімінсіз іске аспайтынын аңғаруға болады. Іле көпірі кейін жолдың ең маңызды өткелі саналды және 1930 жылы ресми түрде пайдалануға берілді.

Осы күнде істеліп жатқан істер

Бұл бөлім жолдың алғашқы құрылысы басталып кеткенін, нақты бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатқанын хабарлайды. Автор жолдың өтетін бағыттарын, елді мекендерді тізбектей жазады. 

«Осы күнде Луговой станциясынан бастап Шоқпар тарапына жол түсіп жатыр. Биыл 51 км жерге дейін жол төселіп, оның артынан телефон жолдары қойылады. Аз күндерде Шоқпар асуына Теректі өзенінің бойындағы жолды жақсарту үшін бір топ кісі жіберіледі.

Луговой станциясынан Алматыға дейін салынатын жол төменгі орындармен өтеді: Шу өзені арқылы Новотроицкий, Вознесенский қыстақтары ортасынан өтіп Шоқпарға шығады, Шоқпардан ары Ұзынағаштан 20 км түстік жағынан өтіп Алматыға тоқтайды. Одан ары түстік жаққа бұрылып Близкий қыстағынан Іле өзенінен өтеді. Одан ары Шынгелді бекетінің күнбатыс жағынан Биша өзеніне қарай жүреді.

Луговой станциясында жұмысшылар үшін 20 үй салынып жатыр (150 кісілік), сонымен қатар уақытша қамба және аурухана болатын үйлер салынып жатыр. Жұмысшылар жергілікті елден алынады, жоғарғы дәрежелі өтілі болған жұмысшыларға план тәртібі бойынша еңбек биржасы арқылы алдырылады».

Бұл жолдарда құрылыс барысындағы тұрмыстық және ұйымдастырушылық тұстар айқын көрсетілген. Сол кезеңдегі халықтың еңбекке тартылуы, жұмысшыларды орналастыру мен қамсыздандыру ісінің жолға қойыла бастағанын көреміз.

Қанша жұмысшылар күші болады

Келесі шағын мақала авторы ретінде Қамбар есімі көрсетілген. Бұл бөлімде нақты еңбек күші туралы мәлімет берілген.

«Түркістан-Сібір отарба жолының түстік жақтағы учаскесіне 8 мың жұмысшылар күші керек болады. 1928 жылдың жазында 3 мың жұмысшы алынады, бұл жұмысшылар бірінші кезекте жергілікті қырғыз, қазақ елінен алынады. Қырғыз, қазақ елінен төменгі қызметшілерді жол салу басқармасы фабрик-зауыт оқу орындары арқылы даярламақшы. Бұл туралы құрылыс салушылар союз арқылы уәде қағаз бойынша жол салу басқармасы тарапынан оқу ашылады».

Бұл материалда жол құрылысына негізінен қазақ және қырғыз еңбекшілері тартылғанын байқаймыз. Жұмысшыларды кәсіби даярлауға арналған қысқа мерзімді курстар ашу жоспарланған. Бұл Түркістан-Сібір құрылысын аймақтық кадр саясаты тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді.

Түркістан-Сібір отарба жолын салу орындарындағы денсаулық істері

Мақаланың келесі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне арналған. Сол дәуір үшін бұл өте ілгері ой.

«Санаторий бағандары:

Түркістан-Сібір отарба жолын салушы жұмысшыларды азық-түліктермен қанағаттандыру шарасын көрумен қатар олардың денсаулықтарын сақтау шарасы көріліп жатыр. Жолдың барлығына (Луговой станциясынан бастап Семей шаһарына дейін) 11 санатория вагондары қойылады, бұдан 2 вагон ауруларды жатқызу үшін, эко-ауру болғандарды ауруханаға тасу үшін, біреуі безгекпен ауырғандар үшін. Эко-лаборатория және 4 дизенфекция (тазалық ісін жүргізу) үйлері болады, бұлардан басқа 1928 жылы 2 монша вагоны әр қайсы учаскеге бірден болады. Жол салу ісінде барлығы 29 мың жұмысшылар болады, олардың денсаулықтарын қарап тұру үшін 17 аурухана, тіс ауруханасынан 5 және жедел жәрдем ауруханалардан 5-еуі болады. Бұлардан 1928 жылы екі учаскеде 5 аурухана және ауруларды жатқызатын ауруханалардан 4-еуі істейді. Түстік учаскеде аурухана қылатын үй даяр, бұл ауруханаларда қызмет істеу үшін жетісінше доқтыр және фельдшерлер белгіленді».

Бұл дерек Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы еңбек гигиенасы мен әлеуметтік қамқорлық жүйесінің қалыптаса бастағанын дәлелдейді. Сол кезде теміржолшыларға арналған жылжымалы монша, тіс емханалары, санитарлық вагондар — жаңа тәжірибе еді.

Тоқмақ жолында

«Тоқмақ жолында бір доқтырлық учаскесі құрылады. Жұмысшылар пунктында 1-інші доқтырлық жәрдемін фельдшерлер береді, барлық отарба жолы екі санаториялық районға бөлінеді. Жол салу орындарында болған денсаулық ісін жергілікті (жолдың өзінде болған) денсаулық сақтау бөлімі басқарады. Денсаулық сақтау бөлімі солтүстік жақтағы учаскеде болады, түстік учаскеде оның бөлімшесі болады, ол бөлім ОСҚК денсаулық сақтау бөліміне бағынады».

Осы күндегі істер

«Осы күнде жолдағы денсаулық сақтау бөлімі шаруа және дәрі-дәрмек аспаптарын даярлап жатыр, 1928 жылдың апрель айына дейін 2 аурухана (20 кісілік орын) Алматы мен Луговой станциясында фельдшер пункттерінен 3, жұқпалы аурулар диспенсерінен біреу, безгек станциясынан біреу және санатория-тазалық лабораториясынан біреу болады. Денсаулық бөлімдерін және олардың мекемелерін ұйымдастыру планы Мәскеудегі Түркістан-Сібір отарба жолы басқармасының бекітуімен жасалған».

Бұл бөлім – жол бойындағы медициналық құрылымдардың нақты жоспарларын көрсетеді. Медициналық жүйенің орталықтандырылған басқаруында болғаны көрінеді.

***

Тарихи анықтама

– Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы 1927 жылы басталып, 1930 жылы Алматы мен Семей арасы қосылды.

– Жолдың жалпы ұзындығы 1442 шақырым болды.

– Құрылыста 100 мыңнан астам адам еңбек етті, олардың жартысына жуығы — қазақтар мен қырғыздар.

– 1930 жылы түсірілген «Турксиб» деректі фильмі (реж. Виктор Турин) әлемдік кино өнерінің классикалық еңбегіне айналды.

– Түрксіб темір жолы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғап, ел экономикасын жаңа деңгейге көтерді.

1925 жылғы «Эркин Тоо» газетінде жарық көрген бұл мақалалар — Түркістан-Сібір темір жолының алғашқы кезеңін айғақтайтын аса құнды дерек. Олар арқылы біз ұлы құрылыстың басталуына дейінгі дайындық барысын, халық еңбегін, техникалық және әлеуметтік шараларды нақты көреміз.

Түркістан-Сібір темір жолы — жай инженерлік жоба емес, қазақ жерінің жаңғыру дәуірінің нышаны болды.

***

Пайдаланған әдебиеттер: 

«Отанына оралған құжаттық қазына». IV том. Құжаттар мен материалдар жинағы. Астана: 2023. -268 б.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз