Егемендік эволюциясы: Тәуелсіздікке бастау болған декларация және жаңа дәуірдің құндылықтары

23.10.2025
5723
Егемендік эволюциясы: Тәуелсіздікке бастау болған декларация және жаңа дәуірдің құндылықтары - e-history.kz

Сурет: Президент орталығының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі: тарих, қазіргі заман және дамудың жаңа қырлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны ҚР Президенттік орталығы, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Мемлекет тарихы институты және Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институты бірлесіп ұйымдастырды.

Егемендік мәні мен тарихи сабақтастық

Конференцияның пленарлық отырысына ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізіп, тәуелсіздік мерекесінің тарихи және рухани маңызын атап өтті.

Министр өз сөзінде қазіргі заманда елдің дамуында «жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологиялар» сынды бағыттардың ұлттық стратегияның құрамдас бөлігіне айналып отырғанын айтты.

«Тәуелсіздік – ұлттың ең асыл мұраты»

Сенат депутаты, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп өз сөзінде тәуелсіздіктің мәнін ұлт болмысының өзегімен байланыстырды:

«Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Бұл атаулы ұғым ғасырлар бойғы ұлт арманының, ел мұратының көрінісі. Ендігі міндет – оны білім мен еңбек арқылы сақтау», – деді ол.

Заң үстемдігі мен әділетті қоғам құру жолы

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Республика күнінің тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған  декларация – Тәуелсіздікке жол ашқан ең маңызды саяси құжаттардың бірі.

«Егемендік – тек өткеннің тарихы емес, болашақ алдындағы ұлы жауапкершілік. Біз бұл жауапкершілікті ел бірлігі, әділдік пен заң үстемдігі арқылы нығайтуымыз қажет», – деді депутат.

Халықаралық қауымдастықтағы Қазақстанның орны

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагча мен АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай өз сөздерінде Қазақстанның әлемдік саясаттағы беделі мен бейбітшілік миссиясына тоқталды.

Қайрат Сарыбайдың айтуынша, еліміздің ядролық қарусыздану, дінаралық келісім мен бейбіт дипломатия жолындағы бастамалары «Қазақстанды әлемдік тұрақтылықтың сенімді серіктесіне айналдырды».

Алтыншаш Жағанова: «Тәуелсіздік – айтыстармен, тартыстармен келген ұлы жеңіс»

Мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова сол тарихи сәттердің куәгері ретінде егемендік декларациясының қабылдану барысын тебірене еске алды:

«1990 жылы елімізде түрлі пікірталастар болды. Біреулер конфедерация болайық десе, енді біреулер Түркістан мемлекетін құруды ұсынды. Ақырында, демократиялық нышандағы зайырлы мемлекет болайық деген шешім қабылданды. Сол Декларация оп-оңай келген жоқ – үлкен айтыстармен, тартыстармен дүниеге келді», – деді ол.

Алтыншаш Қайыржанқызы тәуелсіздік жылдарының алғашқы қиындықтарын да жасырмады:

«Тәуелсіздік орнаған кезде экономикамыздың небары сегіз пайызы ғана өзіміздің үлесімізде болды. Бірақ бағыт-бағдар айқын болғандықтан, алға қадам жасадық. Қазір біз әлемдік деңгейде мойындалған елміз», – деді ол.

Сонымен бірге ол қазіргі реформаларға, ауыл жағдайына және инфляция мәселесіне тоқталып, «елдің шынайы дамуы – ауылдан басталады» деп түйіндеді.

Әлихан Байменов: «Егемендік – ел тағдырын өз қолына алу»

Мемлекеттік қызмет ардагері, қоғам қайраткері Әлихан Байменов егемендік идеясының тарихи және саяси сабақтастығына ерекше тоқталды:

«1990 жылдың 25 қазаны – тағдырдың бетбұрысы болды. Егемендік пен тәуелсіздік – бақ та, сынақ та. Егемендік декларациясы арқылы біз ұзақ үзілістен соң өз тізгінімізді өз қолымызға алғанымызды, өз тағдырымыз үшін өзіміз жауапкершілік алатынымызды әлемге паш еттік», – деді ол.

Байменов сол кезеңдегі Парламент қызметін, он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің кәсіби құрамын атап өтті. Оның пікірінше, дәл сол кезеңде қоғамдық сана мен мемлекеттік институттар жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

«Әділ, таза сайлаулар жаңа тұлғалардың мемлекеттік басқаруға келуіне жол ашты. Ал бүгінгі реформалар – сол сабақтардың заңды жалғасы», – деді ол.

Байменовтің сөзінше, егемендік – тек тарихи ұғым емес, азаматтық жауапкершілік пен жаңа дәуір сындарына бейімделу талабы.

Ғалымдар пікірі мен конференция қорытындысы

Екінші отырысты Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат жүргізді. Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсырманов жаңа екі ғылыми монографияның тұсауын кесті. Ал Сенат депутаты Нурия Ниязова, архив басшысы Сәгила Нұрланова, болгариялық профессор Татьяна Дронзина, поляк ғалымы Мария Жуковская және отандық сарапшылар егемендік идеяларын пәнаралық тұрғыдан зерделеудің маңызын атап өтті.

Конференция соңында қатысушылар ғалымдар мен зерттеушілерді Республика күнінің тарихи мазмұнын терең зерделеуге және жаңа архивтік деректерді ашуға шақырды.

Бұл жиын тәуелсіздіктің өткені мен бүгініне шолу жасап қана қоймай, ел дамуының жаңа бағытын айқындаған тарихи ой алаңына айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз