«Қазақстан тарихы» порталындағы «Тарих söile» жобасының кезекті қонағы – тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған. Тарихшымен сұхбатта қазақ мемлекеттілігінің бастауына, әсіресе Алтын ордаға кеңірек тоқталуға тырыстық.
Әңгіме барысында ғалым Жошы ұлысы, Ұлық Ұлыс, Алтын Орда атауларының тарихи мәнін талдап, олардың Еуразия кеңістігіндегі рөлі мен қазақ хандығының қалыптасуына әсерін жан-жақты түсіндіреді. Сондай-ақ ол Шыңғыс ханның мемлекеттік жүйесі, «Моңғолдың құпия шежіресінің» шынайылығы, Жошы мен оның ұрпақтарының орны, және Алтын Орданың өрлеуі мен құлдырауының себептерін нақты деректермен айқындайды. Сұхбат соңында профессор қазіргі зерттеулер мен жаңа жеті томдық «Қазақстан тарихы» еңбегіндегі Алтын Ордаға арналған тараудың маңызын атап өтті.
Айталық:
1. «Алтын Орда» атауының төркіні
Ғалымның айтуынша, «Алтын Орда» атауы XIII ғасырда пайда болған емес – оны кейін поляк және неміс жылнамашылары енгізген. Ал өз дәуірінде бұл мемлекет «Жошы ұлысы» немесе «Ұлық Ұлыс» деп аталды. Мемлекет Шыңғыс ханның империясынан бөлініп, 1269 жылы Талас құрылтайында Жошы ұрпақтарының жеке билігі ретінде қалыптасты.
2. Шыңғыс хан – ұлы жүйе құрушы
Тарихшы Шыңғыс ханды тек жаулап алушы емес, мемлекеттік жүйе мен басқару құрылымын қалыптастырған ұлы реформатор деп сипаттайды. Оның «Яса» заңдар жинағы билік пен салық жүйесін реттеп, әскери тәртіпті орнықтырған. Шыңғыс хан империясын көзі тірісінде балаларына бөліп беріп, әр ұлысқа дербес басқару үлгісін қалдырды.
3. «Моңғолдың құпия шежіресі» және оның маңызы
Сұхбатта ғалым «Моңғолдың құпия тарихы» еңбегінің шығу тегі мен шынайылығына тоқталып, оның тек моңғол емес, түркілік элементтерге толы екенін айтады. Ондағы ру-тайпа атауларының 99%-ы қазақ құрамында кездеседі. Сондықтан бұл шежіре — түркі халықтарының ортақ тарихи дерегі ретінде қарастырылуы тиіс дейді тарихшы.
4. Жошы хан және қазақ мемлекеттілігінің бастауы
Бүркітбай Аяған Жошының тарихи тұлғасын айрықша бағалайды. Оның айтуынша, Жошы ұлысы – қазақ мемлекеттілігінің іргетасы. Жошы ұрпақтары кейін Орда Ежен, Ұрыс хан, Барақ, Керей мен Жәнібек арқылы Қазақ хандығын құрды. Ал Ұлытау мен Сығанақ өңірлері сол мемлекеттіліктің рухани өзегіне айналды.
5. Алтын Орданың өрлеуі мен құлдырауы
Алтын Орданың ең қуатты кезеңі – Бату мен Берке, кейін Өзбек хан дәуірлері. Бұл уақытта ислам діні мемлекеттік деңгейге көтеріліп, сауда мен мәдениет өркендеді. Алайда XIV ғасыр соңында әулеттік талас, экономикалық тоқырау және жаңа теңіз жолдарының ашылуы мемлекетті әлсіретті. XV–XVI ғасырларда Алтын Орданың орнында жаңа ұлттар – қазақтар, өзбектер, татарлар қалыптаса бастады.
6. Алтын Орда мұрагері – Қазақ елі
Ғалымның пікірінше, Алтын Орданың соңғы заңды мұрагері – Қазақ хандығы. Кенесары ханның 1847 жылғы қазасы сол Ұлы Ұлыс дәстүрінің үзілген сәті саналады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда мұрасын жаңғырту бастамасын профессор тарихи әділдіктің орнауы деп бағалайды.
7. Қазіргі зерттеулер мен жаңа бағыттар
Қазір Қазақстан ғалымдары Алтын Орда тақырыбын жүйелі зерттеп жатыр. Жеті томдық «Қазақстан тарихының» бір томы арнайы осы кезеңге арналады. Бүркітбай Аяғанның өзі де «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті» атты еңбегімен қатар, жаңа зерттеулерін жалғастыруда.