Қазақ халқының дүниетанымында есім – жай ғана атау емес, адамның тағдырымен біте қайнасып жатқан рухани белгі. «Атыңа затың сай болсын» деп бата берген халқымыз үшін ат қою – өмірдегі ең жауапты сәттердің бірі болған. Әр есімнің астарында ниет, тілек, сенім, дәстүр мен тарих жатыр
Қазақта «Есім – адамның екінші жаны» деген ұғым бар. Балаға ат қою оның өмір жолына бағыт сілтеу, мінезі мен болашағына тілек арнау. Бұл дәстүрдің түп тамыры түркілік дәуірлерге, одан әрі ескі наным-сенімдерге дейін созылады. Ежелгі түркілерде «ат қою» – қасиетті рәсім саналған. Көне жазбаларда «аты бар адам» – ер жеткен, қоғам алдында жауапты тұлға деген мағынада қолданылған.
Этнолингвистикалық тұрғыдан қарағанда, есімдер халықтың өмір салтына, наным-сеніміне, әлеуметтік құрылымына және рухани-этикалық ұстанымдарына сай қалыптасқан. Төменде қазақ есімдерінің мағыналық және семантикалық жіктелуі бірнеше негізгі топқа бөлініп қарастырылады.
Тілектестік есімдер
Бұл топтағы есімдер – ата-ананың перзентіне деген арман-тілегінің, үмітінің, жақсы ниетінің айғағы. Мұндай есімдер арқылы ата-ана баласының өмірі нұрлы, бағы ашық, мінезі көркем болуын тілейді.
Мысалдар: Айсұлу, Нұрбол, Берік, Шынар, Гүлнар, Тілек, Арман, Бақыт, Самал, Үміт, Талант.
Мұндай есімдердің семантикалық өзегі – оптимизм мен рухани позитив, яғни жақсы ниеттің сөз арқылы бала бойына даруын көздейтін тілдік дәстүр. Тілектестік есімдер көбіне поэтикалық сипатқа ие: табиғаттың сұлу бейнесі мен адамның асыл қасиеттері бірлікте бейнеленеді (Айсұлу – айдай сұлу, Нұрсая – нұрлы сая).
Тотемдік және табиғатқа байланысты есімдер
Бұл категориядағы есімдер – көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқының табиғатпен тұтас тіршілігін, жан-жануарға, аспан мен жерге құрметін білдіреді.
Мысалдар: Бүркітбай, Арыстан, Қыран, Қайың, Самал, Таңшолпан, Бұлбұл, Жолбарыс, Айбар.
Мұндай есімдер тек әсемдік мақсатта ғана емес, сонымен бірге қорғаушы күш, рухани қуат ретінде де қабылданған. Мәселен, Арыстан, Бүркітбай сияқты есімдер баланың батырлық қасиеттерге ие болуын, ал Самал, Таңшолпан сынды есімдер нәзіктік пен табиғи сұлулықты білдіреді.
Тарихи және діни есімдер
Қазақ даласына ислам дінінің енуімен бірге араб-парсы мәдениетіне тән антропонимдер кең тарай бастады. Бұл есімдер көбіне пайғамбарлар мен сахабалардың, діни тұлғалардың атымен байланысты болып келеді.
Мысалдар: Омар, Әли, Мұстафа, Бибі, Фатима, Мекен, Иманбек, Рахима, Зәкия, Нұрдін, Жанәбіл.
Мұндай есімдер рухани тәлімнің, имандылықтың символы. Олар адамның діни сана-сезімін, ізгілік пен инабаттылыққа ұмтылысын айқындайды. Діни есімдер арқылы ата-ана баласының өмірі берекелі, жолдары ашық, иманға толы болуын тілейді.
Көне түркі есімдері
Қазақ антропонимиясының тарихи қабатында түркі дәуірінен бастау алатын есімдер ерекше орын алады. Мұндай аттар халықтың жауынгерлік рухын, елдік санасын, көсемдік қасиетін бейнелейді.
Мысалдар: Тоныкөк, Күлтегін, Бөрі, Білге, Елхан, Жолшы, Алпамыс, Байындыр, Ерхан, Қарабура.
Бұл есімдер көбіне батырлар мен ел қорғаушыларға тән сипаттарды қамтиды. Ежелгі түркілік дәуірдегі “бөрі” бейнесі – ерлік пен ұлттың киесі. Сондықтан Бөрібай, Ербөрі сияқты есімдер қазақтың тотемдік дүниетанымынан да, ұлттық патриоттық рухынан да сыр шертеді.
Символдық және ерекше мәні бар есімдер
Мұндай есімдер адамның өмірлік бағытына, рухани ұстанымына немесе қоғамдағы тарихи кезеңге байланысты қойылады. Мысалдар: Еркін, Азат, Сәбит, Тәуелсіз, Болат, Нұр, Мейірім, Ардақ.
Мұндай аттар белгілі бір идеяны, құндылықты білдіреді. Еркін – бостандықты, Азат – тәуелсіздікті, Сәбит – тұрақтылықты, сенімді аңғартады. Әрбір символдық есім жеке тұлғаның өмірлік ұранына айналатын рухани бағдар.
Салттық және ырымдық есімдер
Бұл топтағы есімдер халықтың сенім жүйесіне, дүниетанымдық ырым-нанымдарына тікелей қатысты. Егер отбасында балалар шетінеп, өмірге тұрақтамайтын жағдайлар болса, ата-аналар келесі балаға ерекше ырыммен ат қоятын болған. Мысалдар: Тілеміс, Итбай, Күшікбай, Жаманбала, Сағындық, Тұрсын, Тұрар, Қалдыгүл, Тұңғыш, Амантай.
Мұндай есімдер көбіне жамандықты аластау, жын-шайтаннан қорғау, бала аман болсын деген ниеттен туған. Кейбір атаулар сырт көзге оғаш көрінгенімен, олардың астарында терең рухани мағына мен өмірге деген үміт жатыр.
Қазақта нәрестеге ат қою рәсімі – бесікке салу мен шілдехана сияқты қуанышты дәстүрлердің ажырамас бөлігі. Әдетте баланың есімін жасы үлкен, елге сыйлы ақсақал немесе қасиетті адам қояды.
Кейде есім түс көру, аян алу, немесе ерекше жағдайға байланысты қойылады. Мысалы, бір әулет қажылықтан қайтып келсе, баласына Қажымұқан, Мекен, Зәмзәм деген аттар беру жиі кездескен.
Кеңес дәуірінде ұлттық есімдерге идеологиялық реңк енді:
Октябрь, Ленин, Совет, Индустрия, Мэлс (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин сөздерінің бас әріптері) қойыла бастады. Алайда, 1991 жылдан кейін ұлттық есімдер қайта жаңғырып, Айсұлтан, Нұрсая, Әлихан, Алаш, Тәуелсіз, Аруана, Бейбіт, Елнұр сияқты жаңа есімдер көбейді. Психолингвистикалық тұрғыдан алғанда, есім – адамның өзін-өзі қабылдауына, қоғамдағы орнын сезінуіне әсер ететін фактор. «Адам атына сай өмір сүреді» деген түсінік халқымыздың философиялық ойының дәлелі. Мысалы, Батырхан – батырлыққа, Мейірім – ізгілікке, Шыңғыс – биік рухқа бейімделген бейсаналық бағдар береді. Қазақ есімдері – ұлт руханиятының айнасы. Әр есімнің астарында мәдени жады, тіл тарихы, дүниетаным мен ұлттық сана жатыр. Сондықтан ат қою – жай рәсім емес, рухани мұраның жалғасы, ұлттың өзіндік коды.