Уәли хан мен ұлы Хамза сұлтанның Бейжіңге сапары

13.10.2025
5271
Уәли хан мен ұлы Хамза сұлтанның Бейжіңге сапары - e-history.kz

Уәли хан 25 жыл өмір сүрген ұлы Хамзаны Цин патшалығына екі мәрте елшілік сапарға жіберілген. Жақында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өткен  «Абылай, Уәли және Бөкей хандардың мемлекеттік қызметі: тың тарихи деректер және ғылыми интерпретациялар мәселесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Уәли ханның Цин патшалығына елші аттандыруы» тақырыбында баяндама жасаған тарих ғылымының докторы Дүйсәнәлі Әбділәшімұлы  осылай деді.

Қазақ тарихының XVIII ғасырдағы ең күрделі беттері – Абылай дәуірі мен одан кейінгі Уәли хан кезеңі. Бұл тұстарды біржақты ғана қарастыру ғылымды шатастырады. Баяндамашы тарихшының өзі атап өткендей, орыс тіліндегі материалдар шығыстағы мәнжу және қытай деректерімен міндетті түрде салыстырылып, өбістірілуі керек. Сонда ғана Абылай ханға, жалпы сол дәуірге қатысты мазмұнды ғылыми қорытынды шығады.

«Абылай шынында қазақ тарихында XVIII ғасырда әйгілі, беделді саясаткер, бүкіл қазақ қоғамын ұйымдастырушы, әрі батыр, әрі хан ретінде танитын тұлға. Енді бұл жағын айтпасақ та, қазірге дейін үлкен-үлкен зерттеулер жасалып келе жатыр. Дегенмен біржақтылы қарауға мүлде болмайды. Орыс тілінде жазылған дүние шығыстағы мәнжу, одан кейінгі қытай тілінде сақталған деректермен өбісуі керек. Сонда ғана Абылай ханға қатысты өте мәнді де мағыналы ғылыми зерттеу шығады деген ойдамыз. Әрине, бұның арасында орыс тілдегі материалдар да өте маңызды. Ал онымен бірге дәл сондай, сол дәуірдегі Цинь патшалы мемлекетінде хатқа түскен мәнжу, қытай тіліндегі дүние де біз үшін аса маңызды», – дейді ғалым.

Ғалымның пікірінше, Абылай ханның саяси сахнаға шығуы қытай деректерінде 1771 жылдан да ерте кезеңмен байланыстырылып, жоңғар қақтығыстары аясында нақты хатқа түскені айтылады. 

«Абылай хан Қытай деректерінде 1771 емес, әлдеқайда ерте, жоңғарды жоюына байланысты саяси саханаға көтерілген адам. Оны шығыс деректерінде өте жақсы қаттаған. Сондықтан біз шығыс пен батысты, екі жақтың деректерін де салыстыра зерттеуіміз керек. Егер бір жағын ғана зерттесек мәселе толық шешілмей қалуы ықтимал», – дейді ол.

Абылай қайтыс болғаннан кейін ел тізгінін ұлы Уәли хан ұстады. Ол шамамен қырық жылға жуық ел билеген тұлға ретінде сипатталады. Дегенмен, Уәли хан туралы әртүрлі пікір бар. Ғалымның тұжырымынша, Уәлидің ел басқаруда әлсіз болғаны нақтылы деректермен расталмайды. Ал орыстардың жазғанының бәрін шын деп айту қиын. 

Сондай-ақ, Уәлидің туған-өлген жылдары туралы мәселеге әлі де нақтылық керек. «Уәли ханның 2017 жылы Зерендідегі қойылған мазарында 1738 жылы туған, 1820 жылы қайтыс болған деп жазылған. Егерде біз 1738 жыл бойынша алатын болсақ, онда Уәли хан қазаққа 40 жылдай хан болған. Негізінде 1821 жылы 83 жасында дүниеден өтеді. Қайтыс болған жылында да ескерілетін нәрсе бар секілді. Өйткені біз мәнжу тіліндегі 1822 жылы жазылған деректер бойынша былай делінеді: «өткен жылы қыста Уәли хан ауырып қайтыс болды». Демек оның қайтыс болған жылы 1821 жылға тура келеді. Әрине, бұл әлі де талқыланып, пікірлер айтылатын дүние. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына Ғұбайдолла хан болады. Шын мәнінде, Ғұбайдолла үлкен ұлы емес, оның үлкен ұлы Аббас немесе Ғаббас. Ол Уәли ханмен іркес-тіркес қайтыс болғандықтан хандық Ғұбайдоллаға тиеді. Хандықтың Ғұбайдоллаға тиюінің тағы бір себебі:  Ғаббастың інісі, яғни Уәли ханның екінші ұлы деп аталатын Хамза да қайтыс болып кетеді. Сондықтан үшінші ұлы Ғұбайдоллаға хандық бұйырады. Бірақ біздің үлкен тарих кітаптарында Ғұбайдолланы Уәлидің тұңғыш ұлы деп жазған. Осы мәселе өзгертілуге тиісті», – дейді ғалым.

1769 жыл: Уәли сұлтанның алғашқы Бейжің сапары

Абылайдың көзі тірісінде-ақ Уәли сұлтан ретінде сыртқы саясатқа белсене араласқан. 1769 жылы қыста ол Бейжіңге барып, Цяньлун патшамен жүздескен. Дүйсәнәлі Әбділәшімұлының баяндауынша, Уәли сұлтан кезінде Цяньлун патшамен дидарласып қайтқан бірден-бір қазақ ханы. 

«Ол кезде Іле генералы жоғарғы патшаға мәлімдейді. Сонда Уәли хан және оның ерткен кісілері хатқа түскен. Бұлардың ішіндегі бас елшілердің саны – 28 адам. Уәли сұлтан ерткен 8 атқосшының ішінен Іледе қалып ат бағатындары – екеу, Құмылға жеткен соң қалып ат бағатындары – төртеу, ал Бейжіңге еріп баратындарының саны – екеу. Осы дереккөз бойынша есептегенде ең соңында Бейжіңге барған қазақ елшілерінің жалпы саны – 30 адам. Бұлар сол жылы қыста Іледен аттанып патшаға кездесіп, көктемде бағытымен қайтады. Сонда оны «31 жасқа толған ұлық» деп қаралады. Егер Уәли 1738 жылы туған болса, 1769 жылы 31 жасында Бейжіңге барып патшамен кезіккен болады», – дейді баяндамашы.

Уәли хан болғаннан кейінгі елшілік саясаты

Бұл Абылай хан тұсындағы Уәли ханның шығыстағы көршіге дипломатиялық сапары болса, кейін өзі билікке келген соң да елшілер жіберген. «1780 жылдары әкесі (Абылай) қайтыс болды. 1781 жылы Уәли хан болды. Осыдан кейін енді өзі елші жібереді. Деректер әлі де толықталып, зерттелуге тиісті. Уәли балалары жас болғандықтан алғашында Шығай, Қасым сұлтан, Досан секілді інілерін жібереді. Ал 1791 жылы барғанда 15 жастағы Хамза деген баласын алғаш жібереді. 1803-1809 жылдары Сарыбай, Бекәлі, Хамза секілді балаларын жіберген. Бұл Уәли ханның жіберген елшілері», – дейді ғалым.

Тарихшының баяндамасына негізделсек, Хамза Уәли ханның көзі тірісінде Цин патшалығына екі рет (1791 және 1795 жылы) елшілікке барған. Хамзаның аты мәнжу, қытай деректерінде Әмзе/Әмизай болып хатқа түскенін алға тартқан ғалым 1795 жылы Уәли хан Хамзаны Бейжіңге патшамен кездесуге жіберген кездегі құрамды да нақтылап өтті. «Уәли ханның ұлы Хамза, Абылай ханның ұлы, яғни Уәли ханның інісі Шахмұхамед, Ханқожаның ұлы Бөкек, Жошының ұлы Айқожа, Сөк тәйжінің інісі Жанабек, яғни Жәнібек болуы да ықтимал, Әділдің баласы Сатый, Мамыр ханның ұлы Нұрәлі, Саманың ұлы Тәукежан, Жәнібектің інісі Барақ барған. Осы жолы елшілер Уәлиханның хатын және Ханғожа, Жошының хаттарын алып барады. Енді бір қызығы – Уәлихан осы жолы тот моңғол тілінде, яғни тот ойрат тілінде хат жазған. Бұның түпнұсқасы да, мәнжуша аудармасы да сақталған. Ал Ханқожаның хаты ескі қазақ жазба тілінде, Жошының да хаты осындай түрде жазылған. Бұлардың барлығын кітабымызда айттық», – дейді Д.Әбділәшімұлы. 

Екінші рет Уәли хан Хамзаны бас елші ретінде жіберген. «Уәли ханның хатында 11 адам жібердім деген. Іле генералы бұлардан 7 адамды ғана жіберген. 4 адамды алып қалған. Іріктеп жіберетін саясаттар, заңдылықтар ол кезде болған. Оның төртеуі – Болат, Бекболат, Дербісәлі, Қаңғай деген орынбасар елші, атқосшысы – Несіпбай, Тоқсанбай», – дейді тарихшы.

Осы жолғы сапарда көбі іш сүзегіне шалдығып, кейбірі жолда қайтыс болған. Ғалымның айтуынша, 1795 жылы Қазақ хандығы үшін аса бір қайғылы жыл болады. Өйткені осы рет жіберген елшілердің бірталайы жолда қайтыс болады. Хамза да барар жолда ауырады. Ал Хамза ауырғанда жергілікті үкімет – Цин патшалығы емші шақыртып тексерткені де хатқа түскен көрінеді. 

Хамза 25 жыл өмір сүрген

Хамзаның да өмір сүрген жылдарында қателіктер бар екенін айтқан ғалым мәнжуша деректе Хамзаның 1791 жылы Хамзаның 15 жаста екені жазылғанын алға тартады. «Осылай есептегенде Хамза 1776 жылы туған болады. Ал Уәли ханның хатында анасы мен ұлы Хамзаны былтыр қайтыс болды деп жазады. Бұл 1802 жылы. Осымен есептесек Хамза сұлтан 1801 жылы қайтыс болған. Яғни 25 жасында, ерте қайтыс болады. Қосымша бір ескере кететін нәрсе, Уәли хан көзі тірі кезінде үлкен ұлы Ғаббасты өзінен кейінгі ханға мұрагерлік етіп тағайындайды әрі шығыстағы Цин патшалығынан осыны мойындауын сұрап хат жазады», – дейді баяндамашы. 

Жалпы, XVIII ғасырдағы шығыстағы көршімен болған дипломатиялық қарым-қатынастар Абылай дәуірінен бастау алған болса, бұл байланыстар Уәли ханның тұсында жаңа деңгейге көтерілгенін көреміз. Уәли ханның ұлы Хамза сұлтанды екі мәрте Бейжіңге елшілікке баруы – қазақ елінің көрші Цин патшалығымен дипломатиялық қарым-қатынасты сақтап, өз мүддесін қорғауға ұмтылғанының айқын дәлелі. Мәнжу және қытай деректерін қатар зерделеу арқылы зерттеушілер Уәли мен оның әулетінің саясаттағы рөлін жаңаша бағамдауға мүмкіндік алып отыр. Бұл деректер қазақ билеушілерінің тек ішкі басқаруда ғана емес, халықаралық қатынастарда да парасатты, салмақты шешімдер қабылдай білгенін көрсетеді. Демек, Уәли хан мен оның ұлы Хамза сұлтанның Бейжіңге жасаған сапары – қазақ дипломатиясының тарихындағы маңызды белес. Ол дәуірдің ел бірлігін сақтауға, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақ хандығының халықаралық беделін арттыруға бағытталған саясаттың жарқын көрінісі болып қала бермек.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз