Түркістанның тұмары

08.10.2025
4973
Түркістанның тұмары - e-history.kz

Нәзір Төреқұлұлының ата-бабалары ежелден Қызыл құмын, Сыр бойын, Қандөз ауылын жайлаған екен. Қандөздің байырғы түркі заманындағы атауы – Арқұқ болған. Бұл Арқұқ жері Жібек жолы бойындағы Оқсыздан кейінгі саудасы қайнаған, ірі бекініс болған көрінеді. 

Оқсыз жері – әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің кіндік жұрты. Арқұқ жұрты ен жайлауда дәулетті ғұмыр кешіп жатқанда, 1510 жылы қақаған қаңтарда өзбек Шайбани хан шабуыл жасап, қаланың күл-талқанын шығарып, тек қорымдарын ғана қалдырады. Осын-ау қасіретке тап болған Арқұқ жұртының бағзы атауы «Қандөз» болып ауысады. «Қандөз» сөзінің түпкі атауы – «Қанды өзек», яғни талай қанды оқиғалар болған жер деген мағына береді. 

Нәзірдің ата-бабасы осы қанды қасіретті өз көзімен көрген, жүрегімен сезінген Орта жүздің  қоңырат ішіндегі Маңғытай руынан еді. Нәзірдің атасы Жанұзақ бай саудамен айналысқан, ауыл-аймаққа абыройлы азамат болған. Ал әкесі Төреқұл көзі ашық, сауатты, мақта сатумен, тұрғын үйлерді жалға берумен, сауда-саттықпен айналысқан. Төреқұл тәжік қызы Гүлчехрамен отау құрып, өзі шетелге іс-сапармен көбірек шығып, кәсіппен айналысады. 1982 жылы Төреқұлдың шаңырағында болашақ кеңес дипломаты, мемлекет қайраткері, үлкен ғалым болатын жас сәби дүниеге келеді. Бұл хабарды естіген Қандөз ауылындағы ет жақын туыстары қуаныштан көздеріне жас алып, сәбидің есімін Нәзір қояды. Төреқұл шетелден оралған соң, әйелі мен баласын Қоқанға алып кетеді. Шаңырақта Нәзірден соң Әбілқадыр есімді ұл, Фатима есімді қыз дүниеге келеді. Әйтсе де әкесі үшін үлкен ұлы қай жағынан болмасын ерекшеленіп тұратын. Нәзір бала күнінен алғыр, тілалшығыш, саналы болып өседі. Ол ең әуелі анасының ықпалымен мұсылман мектебіне барды. Осы мектеп табалдырығында жүріп, мұсылманша оқуға, жазуға үйренді. Бірнеше жылда оқу, жазуды терең меңгеріп, орыс-түзем училищесіне барады. Бұл жерде орыс тілін терең меңгеріп алады. Төреқұл баласынан көп үміт күтіп, Нәзірді сегіз кластық коммерциялық училишеге орналастырады. Нәзір бұл жерде де өзінің озық білімін көрсетіп, орыс және түрік тілдерімен қатар, француз, неміс тілдерін еркін меңгеріп, үздік оқушы атанады. Ол Қоқандағы коммерциялық училишеде ауқатты байдың балаларымен оқып, жалғыз мұсылман болып, оқуды сәтті аяқтайды. Нәзір енді бойындағы білімін жетілдіріп, тағы да оқу үшін Мәскеуге аттанады.

Нәзір 1914 жылы Мәскеуге келіп, ақылы негізде институтқа оқуға түседі. Ол Мәскеуде жүріп, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен үндес болып, Орынбордағы «Қазақ» газетіне «Н», «Студент» деген бүркеншік есімдермен шағын хабарлар жолдап тұрады. Нәзірдің негізгі кәсібі экономист болғанымен, ол журналист ретінде де өзін жаңа қырынан көрсетеді. 1916 жылы Түркістан мен Дала өлкесінен 500 мың жігіт алу жайлы жарлық шығады. Осы жылы майданның қара жұмысына қазақ жігіттерін ала бастағанда Нәзір өз еркімен оқуын тастап, Минискінің Барановичи ауданына келеді. Бұл жерге сонымен қатар Қазан студенттері Иса Қисықұлы, Шапағат Бекмұхамет, Мұхаметқазы Шотай, Мәскеу студенттері Мұса Сейдалин, Хасен Бекентай, Петроград студенті Шаһмардан Капсаламұлы келіп, майданға алынған қазақ жігіттеріне аянбай жәрдем қылады. 

1917 жылы Нәзір саяси қайраткер ретінде шындала түседі. Ол шілденің 21-і мен 28-і аралығында өткен Орынбордағы жалпықазақ сиезіне Ферғана облысы атынан қатысады. 1918 жылы осы Орынбор қаласында «Қазақ мұңы» газетін шығаруға атсалысады. Орынборды атаман Дутовтың басып алуына байланысты «Қазақ мұңы» газеті өз жұмысын тоқтатып, Нәзір Түркістан өлкесіне оралады. Ол Түркістан өлкесіне оралғанда, бұл жерде басмашылар көтерілісі орын алып, әкесі Төреқұл солардың қолынан қаза тапқан еді. Төреқұл қайтыс болған соң, Нәзір бауыры Әбілқадырді өз қолына алып, азаттық үшін арпалысқа түседі. Тұрар Рысқұлұлы мен Акмал Икрамов Нәзірдің білімі мен саяси қабілетіне сеніп, оны Түркістан республикасының жауапты қызметтеріне ұсынады. Ол Е.А.Бабушкин, С.М.Цвиллинг, А.А. Коростелев, Ә.Жангелдин сынды революционерлермен тығыз байланыс жасап отырды. Бірақ Нәзірдің ұлт жолындағы рухани ұстазы Әлихан Бөкейхан еді. Ол 1918 жылы Ферғана облыстық революциялық комитетінің төрағасының орынбасары әрі хатшысы қызметіне тағайындалып, өзінің жауапты, мықты азамат екенін дәлелдейді. Осылайша, Нәзірдің қызметі өсіп, аты қазақ даласына кеңінен жайылады. Ол 1920 жылы Түркістан Республикасыны Атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Сол жылы күзде Түркістан Коммунистік партиясының V және VІ сиездерінде Орталық комитеттін жауапты хатшысы болады. Бұл қызметтен кейін Түркістан Республикасының оқу-ағарту халық комиссары болып тағайындалады.       

Халық оқу-ағарту коммисары дегеніміз-бүгінгі күндегі ақпарат, мәдениет, оқу, ғылым министрі болады. Нәзір оқу-ағарту министрі болған жылдары Түркістанда орта есеппен жылына 129 мектеп ашылып, онда 10 мың 700 адам оқып, 6 ағарту институты, 7 педагогикалық, 11 ауылшарушылық училищелері және музыка мектетептері ашылған. Ол түркі халықтарын біріктіру мақсатында Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев, Абудулла Әуляни, Сағидулла Тұрсынқожаев сияқы өзбек, қырғыз, башқұрт зиялыларымен ұлттық мүдде жолында бірігіп қызмет қылды. Халықты сауатсыздықтан құтарып, жас жүректердің кеудесіне білім нәрін құю үшін күн-түн демей аянбай қызмет қылады. Түркістан республикасының тұмарына айналып, тұғырына қонады. Азаттық аңсаған асыл ерлердің арманын орындап, ұлттың қайсар ұланына айналады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз