Бір әннің тарихы: «Бәрінен де сен сұлу»

Автор:
06.10.2025
5668
Бір әннің тарихы: «Бәрінен де сен сұлу» - e-history.kz

Қазақ халқының жүрегінен орын алған «Бәрінен де сен сұлу» әнін естімеген жан кемде-кем. Әсем әуен мен нәзік лирикаға толы бұл туынды талай буынның сүйікті әніне айналды. Көктемгі кештерде, той-мерекелерде немесе сахна төрінде шырқалса да, ол әрдайым тыңдаушының жүрегін елжіретіп, ғашықтық пен сұлулықтың символына айналып келеді. Бүгін дәл осы туындының тарихына тоқталмақпыз.

Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Алтайдың ар жағынан келген ару»

Көпшілік бұл әннің авторы деп қазақ вальсінің каролі атанған Шәмші Қалдаяқов пен ақын Мақсұтбек Майшекиннің есімдерін біледі. Шынында да, олардың еңбегі бұл әннің кең таралуына, халықтық сипат алуына зор үлес қосты. Дегенмен, уақыт өте келе зерттеушілер мен әдебиет сүйер қауым бұл туындының түп-тамыры бұдан да тереңде жатқанын анықтады. Әннің поэтикалық негізі Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, қазақ әдебиетінің классигі, ұлт руханиятының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне тиесілі екені белгілі болды. Оның «Сен сұлу» атты өлеңі осы атақты әннің рухани бастауы саналады. Мағжан өз жырында табиғаттың, аспан мен даланың, ай мен күннің сұлулығын жырлай отырып, адамзат арасындағы ең көркем жаратылыс сүйіктісінің бейнесін асқақтата суреттейді. 

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет «Мағжан әлемі» атты еңбекте осы мәселенің тереңіне үңіліп, әннің шығу тарихына байланысты көпшілік біле бермейтін деректерді алға тартады. Ол ақын Сағи Жиенбаевпен болған әңгімесінде «Бәрінен де сен сұлу» әнінің алғашқы түпнұсқасы Мағжан Жұмабаевтың «Сен сұлу» атты өлеңі екенін нақты мысалдармен дәлелдейді. Сағи аға да бұл пікірді қолдап: «Мағжанның дәл осындай атақты өлеңі бар, тек Мақсұтбек Майшекин оны ықшамдап, ән ырғағына лайықтап қайта жазған»,- деп түсіндіреді.

Мағжанның «Сен сұлу» өлеңі – қазақ лирикасындағы ең көркем туындылардың бірі. Он бір буынды өлшеммен өрілген бұл өлең нәзік сезім мен терең ойға толы. Ақын табиғаттың сұлулығын адам жанының әсемдігімен шендестіре суреттейді. Көктемнің құлпырыған көрінісін, майда самалдың лебін, жұлдызды түннің жарығын, таудың айбынын жырлай келе:

«Толып жатыр түрлі сұлу дүние,

Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!»,- деп сол сұлулықтың бәрінен де биік, бәрінен де қымбат бейне ғашығының келбетін асқақтатады.

1950–60 жылдары Қазақ радиосының музыка редакциясын басқарған Мақсұтбек Майшекин – сол дәуірдің мәдениет пен өнер кеңістігіндегі беделді тұлғалардың бірі болатын. Әдебиетке де, сазға да жаны жақын ол Мағжанның он бір буынды күрделі құрылымды өлеңін ықшамдап, сегіз буынды өлшемге түсіріп, ән ырғағына лайықтап қайта жазады. Мұндай тәсіл поэзияны сазбен үйлестірудің сол уақыттағы қалыпты тәжірибесі еді. Нәтижесінде жаңа мәтін музыкалық жағынан жеңіл, шырқалуы жағынан ықшам болғанымен, Мағжан жырының негізгі ойы мен поэтикалық сарыны сақталып қалады. Осылайша халыққа кең тараған нұсқа «Бәрінен де сен сұлу» деген атпен өмірге келеді.

Шәмші Қалдаяқовтың өз естелігінде айтуынша, бұл мәтінді оған Мақсұтбек Майшекин әкеліп берген. Өлеңді алғаш көргенде-ақ Шәмші оның поэтикалық қуатын сезіп, бірден сазын шығара бастайды. Көп ұзамай ән дүниеге келеді. Ол алғаш рет Қазақ радиосының эфирінде талантты әнші Майра Жүрсінованың орындауында шырқалады. Ән бірден халық көңілінен шығып, ел арасына тез тарап кетеді.

Алайда дәл сол кезеңде белгілі музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов жас композиторға «Бұл өлеңнің шын авторы – Мағжан Жұмабаев» деп айтып кеткен екен. Бұл сөз кейіннен Шәмші Қалдаяқовтың есінде ұзақ сақталыпты. Ол да Мағжан есімін ести салысымен таңырқап, сол дәуірдің жасырын шындығына көз жеткізеді. Себебі 1930-1950 жылдары Алаш қайраткерлерінің аты аталмайтын, ал шығармаларын иелену былай тұрсын, оқудың өзі де қауіпті саналатын.  1938 жылы сталиндік зұлматтың қанды доңғалағына тап болған Мағжан Жұмабаев – қазақ руханиятының ең қасіретті әрі ең асқақ тұлғаларының бірі еді. Сол жылдары Алаш қозғалысына қатысы бар адамдар түгелдей дерлік «халық жауы» атанып, олардың есімдерін атау түгілі, шығармаларын сақтау да қауіпті іс болатын. Мағжанның кітаптары өртеніп, қолжазбалары тәркіленді, ал оның поэзиясы туралы сөз қозғау – өз өміріңе қауіп төндірумен бірдей еді. Осындай сұрапыл заманда ұлт зиялыларының мұрасын аман алып қалу – ерлікпен пара-пар қадам болатын. Мақсұтбек Майшекин де сол тәуекелге барғандардың бірі. Ол Мағжанның өлеңін еш өзгертпей жариялау мүмкін еместігін жақсы түсінді. Өйткені «Мағжан» деген есім баспа бетінде немесе радио эфирінде айтылса, бұл бірден цензураның қатаң бақылауына ілігетін. Сондықтан ол өз атымен шығарып, өлеңнің өміршең болуына жағдай жасайды. Ақын Сағи Жиенбаевтың естелігіне сүйенсек, Майшекин бұл әрекетін ешқашан жасырып, өз еңбегі ретінде иеленбнген. Керісінше, үнемі: «Бұл – Мағжанның өлеңі. Ел жадынан өшпесін деп өз атымнан жазып тараттым. Уақыты келгенде, ол ақталады, мен өлеңді иесіне қайтарамын», – деп айтатын көрінеді. Бұл сөздер оның ниетінің тазалығын, руханият алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді. Ол өзін автор ретінде емес, тек сақтаушы, аманат иесі ретінде сезінген. Міне, сондықтан Майшекиннің бұл әрекетін кейбіреулер ойлағандай плагиат немесе әдеби «ұрлық» деп қарауға болмайды. Керісінше, бұл – сол уақыттағы рухани батылдықтың, ұлттық санаға деген адалдықтың, әдеби мұраға деген құрметтің айғағы.

Бүгінгі күні біз «Бәрінен де сен сұлу» әнін тыңдағанда, ол тек ғашықтық сезімнің әуені емес, қазақ халқының рухани беріктігінің, өнерге деген адалдығы мен ұлт жадын сақтап қалуға деген талпынысының көрінісі екенін ұғынамыз. Бұл ән – үш тұлғаның тағдырын тоғыстырған, бір дәуірдің үнін жеткізген рухани мұра. Мағжанның сөзі – ұлттың асқақ поэзиясы, Шәмшінің әуені – мәңгілік сезімнің сазы, ал Майшекиннің азаматтығы – руханият алдындағы адалдықтың үлгісі. Үшеуінің еңбегі бір-бірін толықтырып, қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырды. Уақыттың қатал сыны мен идеологиялық шектеулерге қарамастан, бұл ән халық жүрегінде өмір сүріп, ел есінде сақталып қалды. Бұл – тыйым салынған есімнің ұлт санасында қайта жаңғырып, әділеттің түбінде орнайтынының айғағы. Мағжан тірісінде ақталмаса да, оның жыры ақталды. Оның өлеңі әнге айналып, жаңа тыныс алып, жаңа ұрпаққа жетті. Осылайша, өлең арқылы ақынның аты да, рухы да мәңгілікке жол тартты. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз