Бір әннің тарихы: «Алтайдың ар жағынан келген ару»

Автор:
23.09.2025
5940
Бір әннің тарихы: «Алтайдың ар жағынан келген ару» - e-history.kz

Сурет: Ашық дереккөз

Қазақ өнерінде халықтың жүрегіне терең із қалдырған туындылар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні. Бұл шығарма ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қалың жұрттың көңілін баурап, ел ішінде кең тарады. Әуені әсерлі, сөзі жүрекке жылы тиетін ән қысқа мерзімде-ақ халықтық ән дәрежесіне көтерілді.

Әннің авторы – белгілі ақын әрі сазгер Тынышбай Рақым. Ол бұл шығарманың сөзін де, әуенін де өзі жазған. Ән ел арасына тарағаннан кейін оған байланысты сан түрлі әңгімелер айтыла бастады. Біреулер Тынышбай Рақымның өзге елден келген аруға ғашық болып, соның әсерімен шығарды десе, енді біреулер әнді махаббат жыры ретінде қабылдады. Халық арасында осындай жорамалдар көбейген сайын, шығарманың шынайы тарихы бұрмаланып, әркім әртүрлі болжам айта берді. Бұл алып-қашпа әңгімелердің бәрі ақын-сазгердің өзіне де ауыр тиді. Сондықтан Тынышбай Рақым көзі тірісінде түрлі сұхбаттарда бұл туындының қайнар бұлағын нақты түсіндіріп, оның қалай дүниеге келгенін қайта-қайта айтып отырған.

Шындығында, «Алтайдың ар жағынан келген ару» махаббаттан туған ән емес. Ол – алыста жүрген қазақ баласының туған жерге деген сағынышын, қандастардың атамекенге оралуға деген құштарлығын бейнелеген шығарма.  1991 жылы Қазақстанға Қытайдан өнер өкілдері арнайы шақырумен келеді. Сол делегация құрамында Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясында диктор болып қызмет атқаратын Әмина Еркешқызы есімді қазақ қызы да бар еді. Ол екі ел арасындағы ресми кездесулерде аудармашы қызметін атқарып, делегация мүшелерін байланыстырушы ретінде танылды.

Салтанатты жиындар аяқталған соң, делегация еліне қайта аттанар сәт туады. Сол кезде Әмина Еркешқызының туған жерін қимай, қайта-қайта артына қарай берген сәтін Тынышбай Рақым байқап қалады. Бұл көрініс ақынның жүрегін елжіретіп, көңілін толқытады. Өйткені алыста жүріп, атамекенін аңсап келген қарындасының жанарындағы қимастық қазақтың барша тағдырын бейнелеп тұрғандай еді. Іштей тебіренген сазгер «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп күбірлейді. Кейін осы бір әсерлі ой ақын жүрегінде өлең болып өріліп, домбыраның үнімен әуенге айналады. Сөйтіп, ел мен жерге деген сағыныштан туған бұл шығарма қазақ руханиятына өлмес мұра болып қосылды.

Бұл әнді алғаш рет 1993 жылы әнші Сәкен Қалымов «Кеш жарық» телебағдарламасында орындады. Тыңдарман алдында тұңғыш шырқалған сәттен-ақ ән ерекше әсер қалдырып, жұртшылықты бірден баурап әкетті. Сазды әуені мен жүрекке жеткен мәтіні көп ұзамай ел ішінде кеңінен таралды. Бұл кезең – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, ел еңсесін тіктеп, тарихи жадын жаңғыртуға деген құлшынысы артып тұрған шақ еді. Сол кезде «Алтайдың ар жағынан келген ару» тек әсем әуен ғана емес, сыртта жүрген қазақ бауырларының жүрегіне үміт отын жаққан рухани үндеу болды. Әннің әр жолында алыстағы ағайынды сағыну, атамекенге шақыру, бірлік пен бауырластыққа үндейтін терең мағына жатты.

Сәкен Қалымовтың орындауында бұл туынды «әншісін тапқан ән» атанып, талайдың көкейінде сақталды. Әнді тыңдаған әрбір жан оның әуенінен туған жерге деген қимастықты, сөзінен елге деген сағынышты сезініп, өзінше сырласқандай күй кешті. Сол себепті де бұл шығарма уақыт сынынан өтіп, қазақ эстрадасының алтын қорына қосылды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз