Көшпелі өркениеттегі ұлттық ойындар

23.09.2025
5097
Көшпелі өркениеттегі ұлттық ойындар - e-history.kz

Сурет: astana-akshamy.kz

Көшпенді халықтардың дәстүрлі ойындары жай ғана ермек немесе көңіл көтеру үшін ғана ұйымдастырылмаған. Бұл ойындар арқылы жастар атқа мінуді үйреніп, жауынгерлік машықтарын шыңдаған, күш-қайратын сынаған. Сонымен бірге ойындар қоғамда белгілі бір тәртіпті сақтауға, үлкенді сыйлап, жасты тәрбиелеуге, қоғамның әлеуметтік орнын анықтауға көмектескен. 

Әрбір ойын тек дене шынықтыру емес, сонымен қатар ұрпаққа әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді, мінез-құлық нормаларын жеткізудің құралы болған. Мысалы, көкпар, бәйге, аударыспақ сияқты ойындар ерлік пен батырлықты дәріптесе, асық пен тоғызқұмалақ сияқты ойындар ойлау жүйесін дамытқан. Бүгінгі күні бұл ойындардың бір бөлігі спорт түріне айналып, жарыстарда көрсетілсе, енді бір бөлігі мерекелерде, ұлттық салтанаттарда халықтың өткенін еске салатын мәдени мұра ретінде сақталып келеді.

Көкпар 

Көкпар – көшпенді халықтардың ежелден қалыптасқан ең көне әрі кең тараған ат үстіндегі ойындарының бірі. Оның түп-тамыры түркі және иран халықтарының ертедегі әскери-саяси тәжірибесімен, сондай-ақ мал шаруашылығына негізделген тұрмысымен тікелей байланысты. Зерттеушілердің пікірінше, көкпардың пайда болу дәуірі бірнеше ғасырларды қамтиды, кей деректерде оның тарихы б.з. дейінгі кезеңдерден бастау алады деген болжамдар бар. Негізгі мақсаты – жауынгер ерлерді төзімділікке, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, ал қауымдастық деңгейінде жігіттердің беделі мен қайратын сынақтан өткізу. Ойын барысында серкенің денесі немесе оның орнына арнайы қапшық белгіленген ортадан алынып, қарсыластарға бермей, белгіленген межеге жеткізіледі. Бұл жерде тек физикалық күш қана емес, тактикалық ойлау, ат үстіндегі маневр шеберлігі, төзімділік пен шыдамдылық аса қажет. Көкпар қазақ даласында кең таралғанымен, оның нұсқалары Орталық Азия халықтарының барлығында дерлік кездеседі. Қазақтарда – «көкпар» немесе «көк бөрі» деп аталса, қырғыздарда – «көк бөрү» немесе «уләк тартыш», өзбектерде – «ўлак», тәжіктер мен ауғандарда – «бузкаши», ал моңғолдарда ұқсас ат ойындарының тарихи жазбаларда кездесетіні белгілі

Аударыспақ

Аударыспақ – көшпенділердің әскери машықтану дәстүрінен бастау алатын көне ойындардың бірі. Бұл ойында екі шабандоз ат үстінде белдесіп, қарсыласын аттан аударып түсіруге тырысады. Бұл ойын жауынгерді шайқас жағдайына бейімдеу, дене күшін арттыру, тепе-теңдік пен ептілікті жетілдіру үшін ұйымдастырылады. Аударыспақ тек қана күш сынасу емес, сонымен қатар әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдану, қарсыластың әлсіз тұсын табу және айлакерлік таныту арқылы жеңіске жетуді көздейді. Қазақ қоғамында бұл ойын батылдық пен қайсарлықтың өлшемі саналып, жас жігіттің ел алдындағы беделін көтеретін сынның бірі ретінде қабылданды. Әдетте үлкен ас-тойларда, мерекелерде ұйымдастырылып, көрермендер үшін қызық әрі тартысты көрініс болды. Қазіргі таңда бұл ойын ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде қайта жаңғыртылып, түрлі жарыстарда, әсіресе Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бағдарламасында кеңінен насихатталуда. Осылайша, аударыспақ – қазақ халқының жауынгерлік дәстүрін, күш пен ерлікті дәріптеген мәдени мұраның бірегей үлгісі болып қала береді.

Бәйге 

Бәйге – қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлі ат жарысы, көшпелі өмірдің айнымас бөлігі. Бұл жарыста жүйрік жылқының төзімділігі мен шабандоздың шеберлігі сынға түсіп қана қоймай, халықтың жылқыға деген ерекше құрметі де айқындалады. Әдетте бәйге ұзақ қашықтықта өткізіліп, аттың шыдамдылығы, жылдамдығы және иесінің баптау өнері шешуші рөл атқарған. Жарыстың мәні тек жеңісті анықтау емес, сонымен қатар ел ішіндегі бірлікті, қуанышты ортақтасу дәстүрін дәріптеу болды. Ас беруде, үлкен тойларда немесе тарихи мерекелерде бәйге басты оқиғаның бірі саналып, көпшілікке рухани серпін сыйлады. Жүйріктің мәреге бірінші болып жетуі оның иесінің мәртебесін өсіріп, әулетінің абыройын асқақтатты. Жеңімпаздарға ат, кілем, бағалы бұйымдар тарту етіліп, бұл сый-құрмет халық арасындағы әлеуметтік қатынастарды күшейтудің айқын көрінісі болды. Бәйге арқылы жас ұрпақ төзімділікке, шыдамдылыққа, ептілікке баулынды, ал атбегілердің тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасты. Қазіргі кезеңде бәйге ұлттық спорт түрі ретінде жаңа деңгейде дамып, халықаралық жарыстардың да бағдарламасына еніп отыр. 

Теңге ілу 

Теңге ілу –  қазақ халқының ептілік пен дәлдікті сынайтын ерекше ұлттық ойыны. Ат үстінде шауып келе жатып, жерге қойылған немесе көмілген күміс теңгені, не болмаса орамал сияқты шағын затты іліп алу – ойынның басты шарты. Бұл сынақта шабандоздың шапшаңдығы, икемділігі, атпен толық үйлесім таба білу қабілеті айқын көрінеді. Ежелгі дәуірлерде теңгенің орнына бағалы бұйымдар тігілетіндіктен, ойын мерекелік сипат алып, салтанатты шаралардың көркін қыздырған. Теңге ілу тек шеберлікті емес, көздің қырағылығы мен қолдың мергендігін қажет ететін өнер ретінде бағаланған. Теңге ілуге көбіне көп көз мерген, қол мергендер қатысып, ішінде ең үздіктері ұтып, мерген есімі қазақ даласына жайылған. 

Қыз қуу

Қыз қуу – қазақ мәдениетінде ерекше орын алған, жастардың шеберлігі мен қайратын сынайтын әрі көңілді мазмұнға толы ұлттық ойын. Оған көбіне мерекелік шараларда, той-томалақтарда арнайы дайындалған жүйрік қыздар мен жігіттер қатысқан. Жарыстың алғашқы кезеңінде жігіт қызды қуып жетуге ұмтылады, жеткен жағдайда оны көпшілік алдында сүйіп алуға тиіс. Егер қуып жете алмаса, қайтар жолда қыз жігітті қамшымен қағып өтеді. Бұл ойын тек ермек қана емес, онда жастардың батылдығы, мінез-құлқы мен қоғамдағы орны бейнеленеді. Сонымен қатар, қыздың да шабандоздық қабілеті мен қайсарлығы көрініс тауып, әйелдің еркекпен тең дәрежеде өнер көрсете алатынын меңзейді. Қыз қуу – әзіл мен салтанатты, жарыс пен тәрбиелік мазмұнды ұштастырған, қазақтың әлеуметтік өмірін көркем бейнелейтін ерекше дәстүр.

Тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ – қазақ халқының зияткерлік ойыны, ойлау жүйесін дамытып, логикалық қабілетті шыңдайтын мәдени мұра. Оның шығу тарихы сонау көшпелі дәуірлерге барып тіреледі. Мал шаруашылығымен айналысқан қоғамда ойынның атауы қойдың құмалағына байланысты қалыптасқан. Бастапқыда қарапайым тастарды пайдалану арқылы ойналғанымен, кейіннен ағаш тақталар жасалып, арнайы тастар қолданылатын болған. Ойынның негізгі құрылымы – тоғыз отау және қазаннан тұрады. Әр отауда тоғыздан құмалақ салынып, ойыншылар кезек-кезек құмалақтарды таратып, қарсыласының қазанына көп жинауды көздейді. Тоғызқұмалақ тек зияткерлік жарыс емес, қазақ қоғамында даналық пен тапқырлықтың өлшемі ретінде бағаланып, «қазақтың шахматы» атанған. Бүгінде ол Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде ресми спорт түрі ретінде танылып, халықаралық федерациясы құрылған.

Асық

Асық ойыны – қазақ балаларының ең сүйікті әрі кең таралған ұлттық ойыны. Оның тарихы ежелгі дәуірлерге кетеді, себебі мал шаруашылығымен айналысқан ортада асық оңай қолжетімді ойын құралы болған. Ойын негізінен қойдың асық сүйегі арқылы ойналады, кейде серкенің немесе ешкінің асықтары да қолданылған. Асық ойынының көптеген түрлері бар: «хан талапай», «алшы», «төрт асық», «сақина салу» және тағы басқалар. Әр нұсқасының өз ережесі мен мақсаты болғанымен, барлығы балалардың мергендігін, қол ептілігін, көз дәлдігін шыңдаған. Сонымен қатар, асық – әлеуметтік қарым-қатынастың да құралы, балалардың топ болып ойнауына, ұйымшылдыққа үйренуіне ықпал еткен. Кейбір дәстүрлерде асыққа ерекше мән беріліп, оны бойтұмар ретінде сақтаған, ал «алақанына алшы түсу» сияқты тұрақты тіркестер халықтық дүниетанымға сіңген. Қазіргі кезде асық ойыны қайта жаңғыртылып, мектептерде, ұлттық жарыстарда, тіпті халықаралық деңгейде дәріптеліп жүр.

Жамбы ату 

Жамбы ату – садақ немесе кейінгі дәуірде мылтық арқылы нысананы көздеп ататын дәстүрлі ойын. Бұл ойынның түпкі мәні  жауынгерлердің мергендігін, көз дәлдігін, қол қарымын шыңдау. Әдетте биік ағашқа немесе арнайы қадаға күміс жамбы (тиын, металл нысана) ілінген. Шабандоз ат үстінде шауып келе жатып немесе арнайы жерден тұрып, жамбыны көздеп атуға тиіс болған. Жамбыны дәл атқан батыр халық алдында абыройға ие болып, ерекше құрметке бөленген. Бұл ойынның әскери-практикалық маңызы зор болды, себебі жауынгерді соғысқа дайындап, ат үстінде қаруды еркін меңгеруге жаттықтырды. Сонымен қатар, жамбы ату – мереке мен тойларда халықты қызықтырған сәнді көрініс, ал мергендіктің символы ретінде елдің батырлық дәстүрін бейнелейтін мәдени мұра ретінде саналды. 

Көшпелі халықтардың ұлттық ойындары өзінің мәдениетін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, хал-ахуалын, ұлттық құндылықтарын негіздейтін әскери жаттығу, тәрбиелік және мәдени құндылықтың айнасы болды. Бұл ойындар жастарды ептілікке, батылдыққа, ойлау қабілетіне баулып, қоғамдағы әлеуметтік байланыстарды нығайтты. Бүгінде бұл ойындар ұлттық мұра ретінде жаңғыртып, әлемдік деңгейде насихатталуда.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз