Тағы бір ғасыр оң жамбасымен аунап түсті. Бұл – Абай ғасыры. Абайдың дүниеден өткеніне биыл – 121 жыл, ал туғанына – 180 жыл. Алаш жұртына Абай аруағы риза...
Иә, күн нұры түспеген сәрсем жер бар шығар-ау? Бірақ, Абай сәулесі түспеген сана жоқ. Сол сансыз алтын шұғыланың бір өрімі Қытайдағы қазақтарға да жарығын, жылуын, нұрын шашқан. Ендеше, Абай рухы, Абай шығармалары Қытайдағы қазақтарға қалай жетті? Ақындық өнерде Абай жолын ұстанған шәкірттері кім? Мұны білу үшін атты алысқа айдауға тура келеді.
• Абай есімі ең алдымен оның әкесі Құнанбай арқылы жетті. Жіпселей айтсақ, аға сұлтан Құнанбайдың өр Алтайға сапарында (шамамен 1860-шы жылдардың соңы) Абай хақында әңгімелер болғанын үлкендер жағы айтып отыршы еді.
• Құнанбайдың өр Алтай бетіне – Керей, Найман ішіне келіп алқалы жиын өткізуі. Бұл туралы «Қылшбай» шежіресінде Құнанбай аға сұлтан болып тұрған кезінде, Найман дөртуіл руының күзеулігі Ақжон деген жерінде (бұл қазіргі Марқакөл ауданындағы Ақжайлау болуы бек мүмкін) Керей, Найман, Арғын және Төрелерді шақырып съез өткізгені жазылады. Құнанбай аға сұлтандыққа 1849 жылы келді десек, бұл жиынды 1860-шы жылдардың көлеміне сыйғызуға әбден болады. Осындай дүбірлі басқосуда Абай туралы сөз болмауы мүмкін емес. Ал бұл Абайдың ақындық өнерге дендеп кірісе бастаған шағы.
• 1900-ші жылдардың басында-ақ Абайдың атақ-даңқы, ақындығы, шешендігі, қара қылды қақ жарған кесімдері, ішінара өлеңдері барған-келген жолаушылар арқылы ауызша там-тұмдап жетті.
• Абай заманында өр Алтайдан қажыға барушылар Семейді басып өткенде Құнанбайдың өзінен асып туған Абай деген ұлы бар екенін айта келетін болған. Қарт ағартушы Митхат Разданұлы (Мағаз Разданұлының інісі) 2011 жылы маған берген бір сұқбатында: «Мәми *бейсінің ағасы Ешен (Мәсәлима) қажыға барып келе жатқан жолында Омбыда қайтыс болады. Ешен қажыны жерлеп, белгі қойып қайту үшін 1905 жылы Мәмидің ұлы Қанапия Омбыға бара жатып, Абай ауылына түсіп, құран оқып аттанған. Омбыда, Семейде Абай туралы көптеген әңгімелер естіген. Бірақ өлеңдерін әкелмеген көрінеді», – деген еді.
• Абайды Алтайға жеткізген «Абақия» мектебі еді. Митхат мұғалім бір сөзінде: «... 1909 жылы Мәми бейсі «Абақия» мектебіне жаңаша сабақ беретін мұғалім әкелу үшін Нұрғабдолла деген азаматты Семейге жібереді. Ол Абай ауылына келіп, онда мұғалім болып жүрген Сейтқазы деген кісіні Алтайға алып келеді. Бұл тұста Абай жоқ болса да, Шәкәрім бар еді. Абай туралы кеңірек әңгіме өрбіткен көрінеді...», – дейді. Демек, Сейтқазы мұғалім Абай тағылымын, өлеңдерін қолымен де, көкірегімен де ала келгені шүбәсіз еді.
• Шәкәрім ұлы еңбектерінің бірі «Шежірені» жазған кезде Алтай еліне хат жазып, Абақ керей шежіресін сұратқан. Шәкәрім Мәмиге арнап өлең де жазған. «... Бұл өлеңді 1947 жылы Ыбырайымбай деген әскери адам Мәңкейдің (Мәми немересі, Алтай үкіметінің бас хатшысы болған) үйіне келіп отырғанда жатқа айтып берген. Онда Абай туралы айтылады екен. Амал қанша, осының бәрі сақталмай жоғалған», – деп өкініш білдірген еді Митхат Раздан ұлы. Жазушы Асқар Татанайұлы 1925-1929 жылдары Қанапия бейсі мен Мәңкей жазысқан хаттарында «Абай айтқандайын» деп Абайдың ғибратты сөздерін келтіргенін айтады (Асқардың ұлы Көбеннің ауызынан). Бұған қарағанда сол жылдары-ақ Абай тағылымы тамыр тарта бастаған деуге болады.
• 1930-шы жылдардың басында сол кездегі саяси жағдайға байланысты, Абай ауылынан Әзімбайұлы Бердеш, Шәкәрімұлы Зият қатарлы азаматтар Алтайға өтіп, Қыран өзені бойындағы Мәми бейсі ауылына барады. Олар Абай, Шәкәрім шығармаларын ала келеді.
• Абайды жеткізген тағы бір адам – Абай Қасымов (1896-1939 жж.), Кеңес одағының азаматы. Моңғолияның Қобда аймағында, Қытайдың Құмыл, Баркөл аймағында қызметте болған. Қазез Ақытұлы 2004 жылы маған берген бір сұқбатында: «... Абай (ред.: Қасымов) Қобда бетінде тұрған кезінде, 1932-шы жылдары осы біздің Көктоғайдың Қайырты деген жерінде әкемізге кезіккен. Онда Абайдың 1922 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын тарту етіпті...», – деген еді. Асқар Алтайдың алабына Абай өнері, міне, осылай жетті. Тамырын тереңге жайып, мәуелеп көктеді.
Абайдың алып екі шәкірті:
1. Ақын, ағартушы, ғұлама Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940)
«Ақындар бізден бұрын өткен талай,
Әсіресе, Құнанбай баласы Абай.
Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,
Ойымды жеткізейін құрай-жамай», – деп Ақыт Абайдың өткір сөзді, ойлы ақын екеніне таңдана тәнті болады. Ол тағы: ‹‹Ғақлиялық үндеулерінде››: «Ей, мөмін қарындастар, қазақтың Керей елінен шыққан мен әлсіз, бақыр пенде, қазы Ақыт Үлімжіұлы – мөміндердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды, кейінгі ұрпаққа естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай қажы кітабынан өрнек алдым. Шіркін, Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген. Абай өлеңдерін үзіндісін басына алып, күрделі лафыздарын істеттім. Мақсатым – ел-жұртқа тағылым болса...», – дейді.
Тағы бірде Ақыт: «Абай өлеңін атүсті бір оқып кеткен адам оңай-оспақ түсіне қоймайды. Бұл Абай өлеңнің ойлылығы һам мазмұнының тереңдігі. Абай ойшыл ақын. Абай өлеңі оқырманды сынайды әрі тәрбиелейді», – деп тұжырымдайды.
Ақыт шығармаларының 1-томында ақынның Абайша ой толғап, ой жарыстыра жазған 55 өлеңі бар. Мұнан ақынның Абай поэзиясын керемет бағалап, ұстаз тұтқанын әрі Абаймен талант қарымын да сынағанын байқау қиын емес. Абайдың үлкен идеясымен үндестік, ішкі бітімдік тауып, имани философияны Қытай қазақтарында бас болып қалыптастырғаны шығармаларынан байқалады.
«Басынан өткен,
Көздері жеткен.
Шек қылман ескі шалдарға.
Абай мен Ақыт
Біткен соң уақыт,
Келетін қайта хәл бар ма?», – деп дүниенің, тіршіліктің нағыз мәнін тереңнен толғайды.
2. Ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы (1924-1998)
Ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы Ақыттан кейін, Абайдан ең сауатты түрде тәлім алған талант иесі. Ол Абайдай ойшыл болды.
Разданның Мағаз, Масғұт, Митхат есімді үш ұлы болған. Үшеуі де Қытайдағы қазақтар арасында көрнекті тұлға. Мен Алтай орта мектебінде оқып жүрген кезімде Митхат Разданұлның үйінде көбірек болдым, салиқалы кеңестерін тыңдадым. Соның бірінде:
«... Әкем қайдан алғанын білмеймін. Біздің үйде «Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы» деген кітаптың көшірме нұсқасы болды (Мағаз мұраларының қатарында әлі сақтаулы тұр). Бұл кітап 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы Сант-Петербург қаласында бастырған нұсқасынан көшіріліпті. Кітапқа қатты қызығып қалған ағам Мағаз оны 1938 жылдың жазында Буыршынның Үштас жайлауында бір ай уақыт жұмсап көшіріп шыққан...», – деп әңгімені арыдан толғағаны әлі есімде. Бұдан Мағаздың Абайдан құныға сусындағанын аңғару қиын емес. Ал Мағаздың өзі:
«... Абайды мен жасымнан өстім тыңдап,
Деген ол екі нәрсе сыр мен сымбат.
Сыр – іші, сымбат – сырты, сол себепті,
Жақсының өзі – тұлға, сөзі – қымбат!...» деп Абайды өте жоғары бағалап, Абайша өлең шумақтарын өреді.
«Қартая білмес табиғат,
Қартайта берер пендесін.
Әуелде осы шариғат,
Жылайсың пенде сен несін?
Табиғат бізге сетерлеп,
Қызығын түгел сыйлаған.
Өзімнен асып кетер деп,
Тозбауды ғана қимаған!».
Абай «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» десе, Мағаз ақын «қартая білмес табиғат, қартайта берер пендесін» деп өз қырымен жырлады.
Дегенмен Қытайдағы қазақтар арасына Абайдан, Шәкәрімнен, тағы басқа ақындардан нәр алу кең көлемді болған жоқ. Оған себеп – Қытайдағы саяси науқандар және Қазақстан кітаптарын шектеу. Оған қоса ортасын шекара бөлген бір қазақтың екі түрлі әріп-таңба қолдануы да әсер етті. Сонымен Қытайдағы қазақ әдебиеті өз алдында дербес көгеріп, көктеді.
*бейсі – Цин империясының қазқтарға берген мәнсап аты. Шамамен облыс әкімі дәрежесінде. Алтайда тек екі бейсі болған: Мәми Жұртбайұлы, Зәкария Оспанұлы
Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ,
ақын, журналист