Биыл туғанына 155 жыл толып отырған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстанның Халық жазушысы, ақын-драматург, филология ғылымының докторы Әбділда Тәжібаев «Абайдан кейінгі ұлы ақын» деп баға берген Ақыт қажы Үлімжіоғлының күміс жүзігі ұрпақтарының қолында сақталғаны туралы «Argau.rz» сайты біршама уақыт бұрын жаңалық таратқан еді.
Расында Ақыт ақын (1868 - 1940) артына тек жүзігін ғана қалдырмай, нәрлі сөзін де ұрпаққа аманат еткен үлкен ғұлама-жыршы. Моңғолия қазақтарының әдебиетін зерттеп, ғылыми айналымға енгізген филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы: «1891 – 1914 жылдары Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан Ақыт қажы Үлімжіоғлының тоғыз кітабы жарық көрген. Сонымен қатар оның шығармалары «Алтайский» деген бүркеншік атпен «Айқап» журналына жарияланып тұрған. Бұл кісінің ерекшелігі – халыққа ислам ілімін жырмен насихаттаған ойшылдығы. Өлеңін алуан ырғақта насихат, назира, ғақлия түрінде жазған. Өзіне Абайды ұстаз тұтып, ол кісіге еліктеп «Дәлейлул-ғақылия» атты аса құнды ақыли-жыр топтамасын жазып шыққан. Сондай-ақ, артына аса мол әдеби мұра қалдырған үлкен қалам иесі» деп жазыпты (Қ.Қалиасқарұлы: «Халық ақындары», Өлгей, 1973 жыл. 89-б).
Ал ғұламадан қалған құнды мұра жүзікке келетін болсақ, жоғарыдағы сайтқа жәдігер жайлы мәлімет берген Шыңжан-Алтай өңірінде тұратын Ақыт қажының немересі Рысхан Аллажарұлы былай дейді: «Атамызды 1939 жылы күзде жұма күні Шәкуіртідегі мешітінде қытай үкіметі тұтқындап, Сарысүмбе қаласына әкететін болады. Менің әкем Аллажар өз әкесі Ақыт атамды жалғыз жібермей бірге аттанған екен. Содан қалаға түстік жер қалғанда қажы атамыз бірге келе жатқан ұлына «Балам, сен осы жерден қайт, үкіметке халық емес мен керекпін, халықтың ауыртпалығы менімен кететін шығар. Сендер жаман болмайсыңдар!» деп батасын беріп, қолындағы жүзігін саусағынан суырып алып, басына орап келе жатқан шаршы шытына орап қолына ұстатыпты. 1970 жылдары көне мұраларға қырғидай тиген «Мәдениет төңкерісі» кезінде біздің қажы атамыздың жалғыз көзі жүзіктен айырылып қалмас үшін апам марқұм шүберекке орап менің еліме байлап сақтады» десе, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы орталығына 2007 жылы Қытай елінен көшіп келген Ақыт қажының тағы бір немересі Шәпек ата: «Менің естуім бойынша, бұл жүзікті атамызға Бұхарадан келген Мырзабақа дейтін ұстазы сыйлаған екен. Бұл кісі атамызға араб, парсы, түрк тілдерін үйретумен қатар, исламның фиқһ негіздерін оқытыпты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ұстазы Ақыт атама «мен саған бар білетінімді үйреттім, бұдан әрі оқытуға дәрменім жоқ» деп, ризашылығын білдіріп осы жүзігін сыйлаған дейді. Бала кезімізде ауырған адамдар осы жүзікті кесе суға салып, «бисмилласын» айтып ішетін. Құдайдың құдіреті көбі дертінен сауығып кететін» дейді.
Жүзіктің өң бетінде Құран ғаріптері ойып жазылған. Мұндағы араб ғаріптерімен танысқан «Нұр – Мүбәрак» университетінің докторанты, танымал исламтанушы Қуат Қабдолла: «Мұнда кейбір Құран сүрелерінің басында тұратын мукатта әріптері таңбаланыпты. Осындай мукатта әріптерімен басталатын Құранда 30-ға тарта сүре бар. Бұл әріптер кейде екі (иа-син) немесе үш (әліп-ләм-мим) қосар дыбысты, сондай-ақ дара-жеке дыбыста (каф) жазылады. Бұл мукатта әріптердің мағынасы тек бір Аллаға аян. Осындай Құран сүрелерінің алдында тұратын мукатта дыбыстар саны 14. Мына жүзікте барлығы түгел бәдізделіпті. Мұндай мукатта әріптер таңбаланған жәдігер қасиетті саналады», дейді.