850 жыл бұрынғы жазбалар сақталған қасиетті қор

Автор:
01.08.2025
1186
850 жыл бұрынғы жазбалар сақталған қасиетті қор - e-history.kz

654 жәдігер, 464 көне баспа кітап, 158 қолжазба, 21 тарихи құжат – осынша асыл қазына Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде сақтаулы. Бұл – жай ғана шаң басқан ескі парақтар емес, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінен» бастап, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ұлт зиялыларының рухани мөрі басылған мұрағаттар. Ал осынау жауһарлар қалай сақталып, ғасырлар толқынынан аман-есен бүгінгі күнге қалай жетті?

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің негізгі қорында жазба ескерткіштерге жататын 654 жәдігер сақтаулы. Музейдің қор сақтаушысы Жанат Мойлыбаеваның айтуынша, олардың ішінде көне баспа кітаптардың 464 данасы, қолжазба кітаптардың 158 данасы, 11 дана жаңа құнды кітап пен 21 дана тарихи құжат бар. 

«Аталған жазба жәдігерлердің тілі де әр алуан. Жазба жәдігерлердің басым бөлігі араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған. Олардың кейбірі кітап түрінде жазылған, түптелген, мұқабалары бар. Ал кейбірі қалың дәптерге көшірілген, қалта дәптеріне жазылған немесе орама қағаздарға оралған», – дейді қор сақтаушы. Қолжазбалардың жай-күйіне қарап, олардың бір кезде қоғамда кең таралып, үнемі қолданыста болғанын аңғаруға болады.

Көне баспа кітаптар

Қордағы ең ауқымды топ – көне баспа кітаптар. 464 дана кітаптың көпшілігі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ташкент, Қазан, Уфа, Стамбұл, Бұхара және Санкт-Петербург қалаларында басылған. Мысал ретінде Софы Аллаярдың «Әулиенің өсиеттері», Хожа Хафиздің парсы тіліндегі «Диуани Хафиз» жырлары, Сейхалидің исламдағы тұлғалар туралы хикаялары, Физулидің өлеңдері, Құл Ғалидың «Жүсіп-Зылиха» дастаны, 1904 жылы шыққан «Фихһул Әкбар» және Әлішер Науаидің «Науаи» кітаптарын айтуға болады.

Қолжазбалар 

Қордағы 158 дана қолжазбаның көбі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жазылған. Настағлик және насх үлгілерінде хатқа түскен бұл жазбалар мазмұны мен сақталу жағдайына қарай ерекше мәнге ие. А.К.Муминовтың 1997 жылы «Мұра» баспасынан жарық көрген «Каталог арабографических рукописей музея-заповедника «АЗРЕТ-СУЛТАН» в городе Туркестан» атты еңбегінде қолжазбалар жіктеліп, 65 том қолжазба мен 140 баспа кітаптың мазмұны жүйеленген. Онда 82 шығарма қамтылып, араб тілінде – 50, парсы тілінде – 25, түркі тілдерінде 7 кітап болғаны көрсетіледі. Қолжазбалар мазмұнына қарай мынадай 8 тақырыптық топқа бөлінген:

  1. Құран және құран ілімі

  2. Хадистер

  3. Догматика

  4. Фиқһ (Ислам құқығы)

  5. Логика

  6. Филология

  7. Поэзия

  8. Мутаффариқат (математика мен медицина)

Қолжазбалар арасында Мырза Абдал ал-Қадир Бидилдің «Бидил Дивани», Сүлеймен Бақырғанидың «Диуан», Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Миратул-қулуб», «Пақырнама», «Рисала дар адаби тариқат» еңбектерінің көшірмелері бар. Сондай-ақ, Аттардың «Тазкират уль-аулия», Ташкенттік Худайдад Таш-Мұхаммедтің «Бустан ул-мухиббин» шығармалары сақталған.       

Жаңа кітаптар

Музей қорында қазіргі таңда құндылығы ерекше 11 жаңа кітап сақтаулы. Атап айтқанда, 2000 жылы Меккеде Қазақстанның тұңғыш Президентіне сыйға тартылған, алтынмен өрнектелген «Құран Кәрім», Түркияның Мәдениет министрлігі бастырған Құран нұсқасы, 1834 жылы жазылған «Диуани хикмет» қолжазбасының электронды көшірмесі (2 дана), Мысырда басылған «Мусхаф ат-Тахаджуд» және Бейруттағы «Әл-Құран ул-Азим» сынды кітаптар бар.      

Құжаттар

Музейдің жазба қорында 21 тарихи құжат сақталған. Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Махамбет Өтемісұлы, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатұлы сияқты қазақ қайраткерлерінің қолтаңбаларының көшірмелері бар. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауидің шежіресі жазылған екі түрлі насабнама нұсқасы және басқа қожалар әулетіне қатысты 5 насабнама мен бір уақыфнама бар.

Жалпы адамзат өркениетінің дамуында жазу-сызу мәдениетінің алатын орны ерекше. Жазба ескерткіштер – тек тарихи дерек көзі ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани деңгейін, дүниетанымын, мәдени өресін танытатын асыл мұра. Әр халықтың өзіндік тарихы, білімі мен сенімі, көркем ойлау жүйесі дәл осы жазба мұралар арқылы көрініс табады. Қазақстан аумағында да ғасырлар бойы жазылған және сақталған қолжазбалар мен көне кітаптар елдің рухани байлығының бір бөлшегі ретінде бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Бұл тұрғыда Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында сақталған жазба ескерткіштердің орны айрықша.

Бұл орын – тек тарихи жәдігерлерді жинақтаушы мекеме ғана емес, қазақ халқының рухани тамырын, мәдени болмысын, ислам өркениетінен тараған ілім мен ізгілікті паш ететін ұлттық мұра орталығы. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – XIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің негізінде Түркістан қаласында құрылған, бүгінде еліміздегі ең іргелі музей-қорықтарының бірі. Бұл мекеме тек Ясауи мұрасын сақтау және насихаттаумен ғана шектелмей, Түркі өркениетінің алтын діңгегіне айналған Түркістандағы тарихи ескерткіштерді қамтып, ғылыми-зерттеу, музейлік педагогика, көрме, экспозиция және реставрациялық жұмыстарды қатар үйлестіріп отырған рухани-ағартушылық орталық саналады. Музей 1978 жылы құрылған сәтінен бастап құнды жазба жәдігерлерді жинақтап, сақтап, насихаттау ісін мақсат етіп келеді.

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының жазба ескерткіштер топтамасы – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дінін және білімін танытатын бірегей рухани қазына. Бұл мұралар – ұлттың өткенін бағалауға, бүгінгі күнмен сабақтастыруға және болашаққа жеткізуге бағытталған асыл арналар. Әрбір қолжазба мен көне кітап – уақытпен тілдесіп тұрған жәдігер. Сол себепті олардың сақталуы мен ғылыми айналымға енуі – музей қызметкерлерінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Осы мұралар келер ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, рухани тамырынан ажырап қалмауына сеп болары сөзсіз.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз