
ХХ ғасырдағы қазақ даласы сансыз зұлматты, зобалаңды бастан өткерді. Соның ішіндегі ең ауыр, ең әділетсіздердің бірі – сталиндік репрессия жылдары «халық жауы» атанғандардың әйелі болғаны үшін ғана түрмеге тоғытылған әйелдер тағдыры. Бұл нәубеттің ең қасіретті көрінісінің бірі АЛЖИР лагері болды.
Ақмола облысындағы Ақмол ауылының іргесінде орналасқан бұл лагерь ХХ ғасырдағы ең ауыр саяси репрессиялардың бір куәгері. Бұл лагерь Кеңес Одағы тұсында ГУЛАГ жүйесінің арнайы бөлімшесі ретінде жұмыс істеп, «отанын сатты» деген айып тағылған азаматтардың әйелдері мен туыстары үшін «тозақтың мекеніне» айналды. АЛЖИР – тек әйелдер мен балалардың ғана емес, бүкіл ұлттың трагедиясының үнсіз куәгері. Бұл зұлматтың салдары мен жазықсыз жапа шеккен әйелдер мен балалардың тағдыры бүгінде толық зерттеуді, ұрпаққа жеткізуді қажет ететіні жасырын емес.
Көре отырыңыз: АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені (Фоторепортаж)

1937 жылғы 15 тамызда КСРО ІІХК №00486 бұйрығын шығарып, «отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастады. Осы құжат негізінде 1937 жылғы 3 желтоқсанда Қарлагтың 26-нүктесі базасында Ақмола арнайы бөлімшесі – АЛЖИР лагері құрылды. Лагерьдің ресми атауы – «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» (орысша: Акмолинский лагерь жён изменников родины). Бүгінде ол АЛЖИР аталып кеткенімен оның астарында аштық, суық, зорлық, әділетсіздік, нәзіктік пен әлсіздікке көрсетілген қинау жатыр.

АЛЖИР лагері 30 мың гектар жерді алып жатқан аумаққа жайғасқан. Оның ішінде саманнан соғылған барактар, төрт мұнара, темір торлар болды. Қыстың қақаған аязында жылусыз, жарықсыз, санитарлық жағдайы сын көтермейтін мекемеде әйелдер тіршілік етуге мәжбүр болды. Бір баракта 300-ге дейін тұтқын тұрған. Пешті жылыту үшін қамысты отын ретінде пайдаланған, бірақ оның жылуы 6-8 градустан аспайтын.

АЛЖИР лагеріне 62 ұлттың өкілі болған 20 мыңнан астам әйел этаппен жеткізілді. Олардың арасында мемлекет, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің әйелдері мен аналары, қыздары болды: Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал, Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза, Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш және басқалар.
Тұтқын әйелдер таңғы 4-5-тен кешкі 9-10-ға дейін жұмыс істеді. Қамыс шауып, егін егіп, құрылысқа араласып, соғыс жылдары әскерге киім тікті. Лагерь аумағында тігін фабрикасы, бау-бақша шаруашылығы жұмыс істеп тұрды. Қызанақ, сәбіз, алма, қараөрік өсірілді, бірақ бұл өнімдердің барлығы темір тордан тыс шығарылып, тұтқын әйелдердің тамағына пайдаланылмады.

АЛЖИР-дің ең ауыр трагедияларының бірі – ана мен бала мәселесі болды. Темір тор ішінде 1500-ге жуық сәби дүниеге келіп, олардың көпшілігі аштық пен аурудан көз жұмды. Үш жасқа толған балаларды аналарынан күштеп тартып алып, балалар үйіне жіберіп отырды. Аналарымен байланысты үзілді-кесілді үзгізді.
Тұтқындарға азық-түлік мардымсыз берілді. Олардың жейтіні бір тілім қара нан, сұйық көже мен көк шай ғана еді. Ауыр жұмыс пен құнарсыз тамақ әйелдердің денсаулығын құртып, өлім-жітімге әкелді. 1940-1950 жылдары Қарлагта 10 мыңнан астам адам қайтыс болса, олардың бір бөлігі АЛЖИР-ге тиесілі болды. Қыста қайтыс болғандардың мәйітін мұз қатқан жерлерге жинап, жердің тоңы жібіген көктемде ғана жерлейтін.

Осыған қарамастан ондағы нәзік жандылардың рухы сынбады. Аштық пен ауру, суық пен қорлыққа қарамастан олар адамдық қасиетін сақтап қалуға тырысты. Бір-біріне көмектесті, сырқаттарға тамақ тасып, жасырын хат жазып, туған балаларына үшбу сәлем жолдап отырды. Жаңажол ауылындағы қазақтардың балалары оларға тас лақтырған сияқты кейіп танытып оларға құрт, нан лақтырып көмектескен.
АЛЖИР лагері ресми түрде 1953 жылы Сталин өлген соң ғана жабылды. Әйелдерге бостандық берілгенімен, көпшілігі бұрынғы мекеніне орала алмады. Лагерьдің барлық құрылысы жойылып, тарих бетінен өшіруге тырысқанымен, оның ізі бәрібір халық жадында қалды.

1980-ші жылдардың соңында Ақмола маңындағы Жалаңаш көл жағасынан адам сүйектері табылып, АЛЖИР шындығы ашық айтыла бастады. 2007 жылы лагерь орнында мемориал кешені ашылды. Бүгінде бұл жер – жазықсыз жапа шеккен аналар рухына тағзым ететін қасиетті орын.

АЛЖИР лагері – ХХ ғасырдағы аналар мен балалар қасіретінің куәсі. Ол – тек саяси қуғын-сүргіннің ғана емес, әйелдің, ананың, адамның құқы тапталған кезеңнің бейнесі. Сондықтан жазықсыз жапа шеккен мыңдаған нәзік жандардың тағдыры ұмыт болмауы тиіс. Бүгінде АЛЖИР лагері арқылы тоталитарлық жүйенің шынайы бейнесін көрсетіп, ұрпақ санасына азат ой мен тарихи әділетті бекемдей аламыз. Өйткені ұлттың ертеңі – жас ұрпақ өткеннің шындығын білуі тиіс. Осы арқылы ғана құрбандардың рухы алдындағы парызымыз орындалса керек-ті...