
Бұл мақалада қайталанбас зерттеу туындыларымен өз заманының озық ойлы азаматы болған, отыз жылдық қысқа ғұмырында тың дүниелерді жазып-сызып қалдырған, “Аққан жұлдыз” атанған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың көпшілікке беймәлімдеу қыры туралы баяндалады. Материалға тірек болған – Шоқанның өзі жазған және Шоқан жайлы жазылған тарихи деректер. Осы мәліметке сүйене отырып, оның қазақ даласындағы нағыз экожурналист – табиғат тілшісі және алғашқы иллюстратор болғаны айтылады.
Қазақтың кең даласында “текті ұрпақ” деген атты арқалаған, өзінің талғампаздығы мен өнер-ғылымға құштар табиғатының арқасында ол атаққа лайық екендігін дәлелдеген – Шоқан Уәлиханов. Саяси тұшымды көзқарастарымен, экономикалық ұтқыр ойларымен, жиһанкез саяхатшылығымен мәлім Шоқанның ХІХ ғасырда қазақ даласында алғашқылардың бірі болып фотожурналистика лебін сездіріп, иллюстратор болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Кішкентайынан “жеті жұрттың тілін біліп” өскен бала Шоқанның сурет өнеріне деген алғаш қызығушылығы Құсмұрын бекетінде тұрғанда үйлерінен жиі дәм татып, дастарқандас болып жүретін топографтар мен геодезистерді көріп оянады. Одан соң қабілетті бала бірте-бірте бұл істің кәсіби маманына айналды. Қазақ жерінде туып-өсіп, айналасындағы қоғамның, адамдардың бейнесін қағазға түсіріп, суретін 1917 жылғы бoльшевиктер төңкерісіне дейін үздіксіз салған жалғыз қазақ болса, ол – Мұхаммедқанапия, яғни, Шоқан.
Шоқан тағылымы мен мұрасын зерттеушілер көп болғанымен, “Шоқантану” ілімі өзінің асқар шыңына әлі де толық көтерілді дей алмаймыз. Ол салған бейнелердің көркемдігі, сызған карталардың дәлдігі, бейнелеген жолдың анықтығы – нағыз шеберліктің дәлелі. Ал Орыс жағрафиялық қоғамының ақшасына ғалымдар ғана істей алатын дүниені – Қазақ жерінің рекогнасировкасын (соғыс картасын) жасап, Францияның тәуелсіз баспасөзіне жолдап, оның Еуропаның мұрағаттарында сақталуына жол ашуы – нағыз көрегендіктің айғағы. Драматург, жазушы, актер Нартай Сауданбекұлының пікірінше, Шоқан ол рекогнасировка картасын қандай да бір қысылтаяң кез туғанда, қазақ жеріне көз алартқан дұшпандарға дәлел болсын деп жасаған. Яғни ол – кәсібилік пен жанашырлық тұнған стратегиялық қадам.
ШОҚАННЫҢ ИЛЛЮСТРАЦИЯМЕН ҚАЛДЫРҒАН ПУБЛИЦИСТІК МҰРАСЫ
Шоқан Уәлихановтың қысқа ғұмырында туған мұраларына сүйене отырып, оның қазақ медиаөндірісінің алғашқы кәсіби нұсқаларын жазып қалдырушы маман ретінде қарастыра аламыз. Қазақ журналистика тарихындағы өз материалын иллюстрациясымен қатар берген алғашқы тұлға деуге болады. Сондай туындылардың бірқатары төмендегідей:
«Ыстықкөл сапарының күнделігі» (1856). Шоқан бұл еңбегінде қазақ пен қырғыз халқының сәулет өнері жайлы, олардың сипаттарымен қатар, Ыстықкөл жеріндегі балбал тастар туралы да ақпараттар береді. Бұл туынды – Шоқанның тек ғылыми қабілетін ғана айқындап қоймай, оның суретшілік көзқарасын да көрсеткен шоқтығы биік еңбектің бірі.
«Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи» (1861). Бұл еңбегінде қазақ халқының қару-жарақтары жайлы құнды мәліметтер беріп, олардың суреттерін салады. Әрбір қаруға жеке тоқталып, қолданысы мен жасалуы жөнінде жазады.
«Могила Джубан-Ана» – атты заметкасы Шоқанның Қазақстан мен Орта Азиядағы кесенелерді зерттеуге деген қызығушылығын айғақтайды. Мазардың орналасқан жерін сөзбен суреттеп, сырт пішімін қарындашпен бейнелейді. Стилін талдап, архитектуралық және мәдени бағасын айқындайды.
Бұлардан бөлек «Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи», «О состоянии Алтышара или шести восточных городов китайской провинции Нан-Лу (Малой Бухарии)» сынды еңбектері де қазіргі журналистердің суретпен жаңалықты беру тәсіліне өте ұқсас екендігін байқауға болады. Шоқан сол заманда фотокамера кең ауқымды таралымда болмаса да, мақаланы түрлендіру, безендіру үшін суретті өз қолымен салып, ғылыми-танымдық туындыларына иллюстрацияны енгізген.
Оның медиа-иллюстрациялық мұрасы келесі категориялар негізінде жасалған дей аламыз:
Географиялық сипаты бойынша: Алатау, Ыстықкөл, Ақсу, Шығыс елі, Құлжа, Орта Азия елдері.
Тақырыптық сипаты: адам бейнелері, ұлттардың өзіне тән ерекшеліктері мен ұқсастықтары, жан-жануар суреті, архитектура, карталар.
Форматтық ерекшеліктері: портрет, пейзаж, карта, зооарт, архитектуралық сызба, техникалық сызба (құрал-жабдықтар).
Негізгі жанрлық сипаты: реализм, лирика.
ШОҚАН ТУЫНДЫЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТАР БЕЙНЕСІ
Академик, жазушы Ғабит Мүсірепов: «Шоқанның таланты – телегей-теңіз, оның ғалымдық өрістері ұлан-байтақ биіктерге серпіліп жатады. Біздің ғалымдарымыз осы Шоқанша әр қырынан табыла берсе деп үміт етсек, онымыз орынсыз болмас деймін», – деген сөзі арқылы оны қаншалықты жоғары бағалайтындығын көрсетіп кеткен. Осы орайда Шоқанның басқалардан ерекшелігі сол, ол өзі қозғаған тақырыптар визуалды тұрғыдан да сіңімді болсын деп суреттер салып, бекітіп отырған. Оның ең жарқын үлгілерінің бірі – саяхат барысында өзімен алып жүрген қолжазба күнделіктері.
Шоқан бос сауық құрып ел аралауды мақсат етпейді, осы жайлы өзі нақтылай келіп, “Қырғыздар туралы жазбалар” очеркінің кіріспесінде: «Алатау қырғыздары сияқты әлі онша танымал емес Орта Азия халықтары жайлы деректер өте қызғылықты болатынын білгендіктен, Азияны зерттеу әрекетіне кіріскен географиялық қоғамға мен азиялық ретінде өз жазбаларым арқылы қолғабыс етуді жөн көрдім», дейді.
«Үш аяч». Қарындаш. 1856
«Қырғыздардың қыз-келіншектері». Қарындаш. 1856
Шоқан қазақтар мен қырғыздар жайлы еңбектерді талдап, оны көркем жеткізгенімен қоса, өз шығарламарында башқұрттарды 31 рет, бұхарлықтарды 45 рет, қытайлықтарды 270 рет аталған. Тағы бірде Шоқан: «Экспедиция екі ай бойы көлдің солтүстік-шығысынан Ақсу мен Зауки өзеніне дейінгі аралықты бақылап, екі шақырымдық масштабпен түсірді. Біз сол экспедицияның құрамында Алатау қырғыздарының арасында екі ай болып, олардың әсіресе тіл мен әдет-ғұрпы жөнінен жақсы материалдар жинадық», деп ой толғайды.
“Үлкен орданың қырғыздары». Қарындаш. 1856
«ҚҰЛЖАҒА САЯХАТ» КҮНДЕЛІГІ
Қашқарлық келіншек. Қарындаш.1859
Бұл күнделігінде Шоқан өздерін Құлжаға бастап бара жатқан қытай шабарманының бейнесін ерекше суреттейді. «Қытайдан гөрі біздің башқұрттарымызға ұқсаңқырайды. Беті-жүзі толық болғанымен, қытай сықылды онша жалпақ емес, томпайып, шығыңқылау біткен қысық көздері түп-түзу қып сызып қоя салғандай, мұрыны да моңғол тектес тайпаның пендесіне келіспестей-ақ тым көтеріңкілеу екен». Құлжаға дейін жолбасшы болып жандарында жүрген сауда сарайында дулая, яғни шабарман болып қызмет ететін қытай азаматын осылай сөзбен суреттейді. Бұл жерде Шоқан қылқаламмен айнытпай салатын кестелі суретімен де, артық ойлауды қажет еттірмей дәл сипаттайтын теңеу сөздерімен де алдындағы объектіні шебер бейнелейтінін көре аламыз. Ал Шығыс Түркістан әйелдерінің сырт киімінің суретін осы «Құлжаға саяхат» күнделігінде қағаз бетіне түсіреді.
Шығыс Түркістан ұйғырларының киімдері. Қаламұш. 1859
ШОҚАН ИЛЛЮСТРАЦИЯСЫНДАҒЫ АДАМ БЕЙНЕСІ
Суретші Шоқан Орта Азия және Шығыс халықтарының киім киістері, ұлттық белгілері және оларда кездескен ортақ ұқсастық секілді дүниелерді ақ қағазға бейнелі түрде де, лайықты қара сөзбен де шебер таныта отырып, келбеті мен болмысынан хабар берердей етіп кескіндеме (портрет) салудан да алдына жан салмайды. Шоқанның графикалық туындыларының ішінде портреттің алар орны ерекше. Ол салған адам бейнелерінде тұлғаның типтік образын, мінезін айқындайтын белгілерді көруге болады.
Тезек төренің бейнесі. Қарындаш. 1856
Бұғы руының жоғарғы манабы Борамбай. Қарындаш. 1856
«Төрелер, яғни ақсүйектер қауымы болып отырған сұлтандар өздерінің түпкі нәсілін табиғаттан тыс, күннің нұрынан жаралған десе, жай халық (қара сүйек) өзінің түпкі атасы ажалды адам баласы Алаш деп есептейді” дейді, өз жазбасында. Шоқан суреттерінде реалистік бағытты ұстанып, оны тарих пен ұлттық құндылыққа жалғай алған.
Автопортрет. Қарындаш. 1856
Ал Шоқанның автопортретіне қатысты Ғабит Мүсірепов: “Қаншама арманы, білімі, ойы бар адам. Бойкүйездік, тоқмейілдік, дегенді білмеген азамат. Жасағанына, атқарып үлгергеніне риза болмай, өзіне сын тағып, мін артып: «Не бітірдің, Шоқан?» деп толғанып жатыр-ау. Шоқан суретте өз бейнесін ғана емес, өз тіршілігінің ішкі мән-мағынасын шынайы жеткізе алған. Бұл – аз жасап, көп тындырған Шоқанның келешекке осылайша тым болмаса бір сәттеме уақыт алаңсыз жатар күн туар ма екен деген қиялы тәрізді. Мұнда уытты астар да бар ма деймін”, деп баға берген.
УӘЛИХАНОВ СУРЕТТЕРІНДЕГІ ЖАН-ЖАНУАР ТАҚЫРЫБЫ
Шоқан қалдырған деректерде аң-құс тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. Ол қазақ деген ұғымды табиғатпен егіз көрді. Сондықтан да болар, ондағы әр жаратылысқа барынша құрметпен қарады. Тіпті, “аңшылықты жәй көңіл көтеру үшін ғана ермек еткен” деген түсінікке келісе бермейтін. Оның түсінігінде қазақтар тек қажеттілік үшін ғана аң аулап, оларды артығымен қырып-жоюдан аулақ болған. Табиғатқа құрмет көрсету (қазіргі тілмен айтқанда экомәдениет) – атадан балаға берілген тәрбиенің негізі деп білген. Шоқан бұл пікірі жайлы “Қырғыздар мен қазақтардың аңыз-әңгімелері” еңбегінде жазады. Оған қоса “Сот реформасы туралы жазбаларында” да қазақтардың дала заңына сәйкес табиғатты қорғауға, артық аң ауламауға қатысты әдет-ғұрыптарын атап өтеді.
«Бұл алапта (Торайғыр тауының күнгейінде) жирен деген атпен белгілі антилопалар маңырап жүреді. Қазақтар оны қарақұйрық деп атайды», дейді ол өзінің “Ыстықкөл сапарының күнделігінде”.
Қарақұйрықтар. Қарындаш. 1856
Тау қазы. Қарындаш. 1856
Шоқан Шыңғысұлы қазақ халқының жылқыға деген ерекше көзқарасын да шынайы сезіммен сипаттаған. “Жылқы – қазақтың ең қасиетті жануары. Оның көшпелі тұрмысында жылқы тек көлік емес, сонымен бірге сенімді досы мен серігі болып саналады.” Бұл ой оның "Қазақтардың көне дәстүрлері" еңбегінен алынған. Ал «Қырғыздар туралы жазбаларында» былай дейді: “Алатау қырғыздарының ордасындағы мал шаруашылығының негізі – жылқы мен түйе, қой мен ірі қара мал. Ордасының жалпы кәсібі мал шаруашылығы бола тұра, мал басының саны Ұлы жүз бен Орта жүз ордаларының қырғыз-қайсақтарына қарағанда біршама көп те емес. Ең бай деген Алатау манабының жылқысы үш мыңнан аспайды, ал енді біздің қырғыздардың (қайсақтардың) байлары он бес мың жылқы айдайды”. Осылайша статистикалық деректерді салыстыру әдісімен берген.
Салт аттылар немесе қырғыздардың ат баптауы. Қарындаш. 1856
ТАС МҮСІНДЕР ТАҚЫРЫБЫ
Шоқан Уәлихановтың қазіргі Қырғызстан жеріне сапар жасағандағы суреттеріне сүйенсек, ол белгілі бір жерде тарихи немесе мәдени құндылығы бар күмбездерді, мазарларды, тас мүсіндерді қарындаш арқылы кескіндеп, өзінің «Ыстықкөл сапарының күнделігіне» сұлбаларын барынша дәлме-дәл түсіріп отырғанын көреміз.
Ыстықкөлдің солтүстік жағалауындағы тас мүсіндер. 1856
«Сарыбұлақтан Құрметі өзеніне дейінгі жер тасты, барлық жерде алып тастар жатыр. Осы жерде мен жартылай жерге кіріп кеткен балбалдарды (адамның бет-бейнесі салынған тастар) таптым. Таңқаларлығы, олар тұрған жерде Кіші Ресейде, Сібірде кездесетіндей қорғандар болған жоқ. Әлі күнге дейін бұл балбалдардың мағынасы не екені және оларды кім қойғаны анықталмаған. Мұндағы көргендерімнің беттерінде үлкен мұрт бейнеленген», дейді ол «Ыстықкөл сапарының күнделігінде».
Өзінің күнделігінде кемпіртастарды (балбал тастарды) суреттей отырып, сол өлкедегі таңсық заттар хақында да сөз қозғап отырған. Тек қана сол өлкеде көрген мәдени мұралармен шектелмей, атап өткен Малороссия мен Сібірдегі экспонаттармен өзіне мәлім ақпараттарды салыстырып, сараптама жұмысын жүргізеді.
ШОҚАННЫҢ АЙМАҚТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТІ САРАЛАУЫ
Суреттің де, сөздің де саңлағы болған Шоқан Уәлиханов өзінің бастан кешкен шытырман сапарларында тек қана тарихи мұраларды бейнелеумен шектелмей, сол аймақтың мәдени ерекшеліктерін, халқының физиономиялық сипаттарын, жергілікті табиғатты ғылыми иллюстрация арқылы бейнелеген. Мәселен, 1856 жылы қарындашпен салған «Орыс отрядтарының Меркі өзенінің бойындағы жатағы» туындысы – соның айқын дәлелі.
Орыс отрядтарының Меркі өзенінің бойындағы жатағы. Қарындаш. 1856
Шоқан өзінің күнделігіндегі орыс отрядтарымен қалай және қай бағытқа бет алып жатқандығы жайлы мәліметті сол өлкенің гидрографиясын, географиясын және геоморфологиясымен бірге жеткізуге тырысқан.
Түп өзенінің бойындағы тұрақ, жорық шатыры. Қарындаш. 1856
Ол өзге жұртты ғана зерделеп қоймай, өз жұртын, яғни қазақ халқының тұрмыста қолданатын қару-жарақтары жайлы ақпарат беріп, оның не үшін қолданылатынын, қандай тәсілдермен және әдістермен жасалатынын бүге-шігесіне дейін жазып, салып қалдырған жан.
ШОҚАН ИЛЛЮСТРАЦИЯЛАРЫНДАҒЫ ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖӘНЕ АРХИТЕКТУРА ТАҚЫРЫБЫ
Сойыл. Қаламұш.
Шоқанның қазақтың дәстүрлі қару-жарақ түрлері хақында сыр шертетін еңбегі 1861 жылы жазылса да, алғаш рет «Орыс географиялық қоғамының жазбаларының» этнография бөлімінде 1904 жылы жарық көреді. Н.И.Веселовскийдің редакциясымен шыққан ол еңбекте Ш.Уәлихановтың өз қолымен қағазға түсірген сызбалары берілген. Өзінің бұл мақаласында Ш.Уәлиханов қазақ даласындағы қарудың қаншалықты құнды екендігін айта келіп, қарудың атадан-бабаға мұра (көз) ретінде табысталып отыруының мәніне де тоқталған. Шоқан өзі салған қару түрінің тек тұтас бейнесін ғана суреттеп қоймайды, сондай-ақ қосалқы ақпараттарды жазып отырады. «Мылтық далада сирек кездесетін зат болып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде беріліп отырды және оның өз атаулары болды: Көз-кеш, Күлдір-Мамай...» деп келтіреді ол.
Шоқанның архитектуралық эскиздері де өте құнды. Ол кесенелер мен Қашқарға қатысты жазған мақалаларында архитектуралық құрылыс жоспарын көркем түрде суреттеп, оның құрылысын жан-жақты пайымдай білген. «Бұл жерден өтетін кез келген қайсақ (қазақ) діни қорқыныш пен рухани сезіммен дұға оқып, рәсім орындайды. Әрине, бұл арқылы әулиеге құрмет көрсетіп, Мұхаммедтің мейіріміне бөленуді көздейді», дейді ол.
Сарысу өзені бойындағы Айболат кесенесі
ТҮЙІН
Шоқан Уәлихановтың заманында сурет өнері негізінен академизм бағытында болды. Академизм – көне заман мен қайта өркендеу дәуіріндегі өнердің сыртқы пішіміне жалаң еліктеу негізінде құрылған классикалық өнер бағыты. Алайда, Шоқанның қарындашпен бейнелеген кескіндемелеріне қарай отырып, жалаң пішімдерді емес, шынайы ынтызарлықты, дәл бейнелеуді, табиғи дарынды, қарапайым сурет арқалай алмайтын мол ақпаратты аңғаруға болады. Сол себепті болар, шоқантанушы ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Шоқан Уәлихановтың көркем мұрасы» атты еңбегінде: «Шоқанның бүкіл шығармашылығы реалистік принциптерді негізге алып отырған», деп баға береді.
Шоқан зерттеген Қазақстан, Қырғызстан, Қашқар жері, жалпы Орта Азияда мекен еткен ру-тайпалар, ұлт пен ұлыстар жайлы ақпараттар әлі де ғылыми құндылығын жоймады. Шаруашылық-тұрмыстық, тарихи-этнографиялық деректер, жер-су атауларына байланысты ақпараттар мен олардың орналасуына байланысты сызылған карталар түрлі салаға қатысты зерттеулердің іргетасы болып қаланды. Бір ғана Қашқар сапары туралы Әлкей Марғұлан: «Шоқан Қашғардан “Тазкира-йи Сатұғ хан” (Сатұқ Бұғра хан тарихы), “Тазкира-йи Тоғлұлық Темір хан” (Тоғлұлық Темір хан тарихы), “Тазкира-йи қожаған”(Қожалар тарихы) “Әбумүслім Марузи” және басқа сирек кездесетін бірқатар шығыс жазбаларын, сондай-ақ нумизматика жәдігерлерін, тау жыныстарының жиынтықтарын, нефрит үлгілерін, гербарий және т.б алып келді» деген. Осындай ізденістердің нәтижесінде географтар, еуропалық ғалымдар мен шығыстанушылар әлі толық зерттелмеген өлкелер жайлы тың түсініктер қалыптастыра бастады.
Шоқан Уәлихановтың иллюстрациялық өнерін қазіргі заманның призмасынан өткізіп, өзектілігін үш негізгі бағытта қарастыруға болады:
1. Визуалды журналистика мен инфографикадағы даму. Шоқан Уәлиханов өзінің зерттеулерін тек мәтіндік сипаттамамен емес, суреттер арқылы да толықтырған. Оның сызбалары, мәтін ара қалдырған бейнелері қазіргі журналистиканың визуалды ақпарат беру тәсілдеріне ұқсас. Бүгінгі таңда инфографика, фотожурналистика, визуалды сторителлинг сияқты әдістер танымал болуда, ал Шоқан осы бағыттың ізашарларының бірі ретінде қарастырылуға әбден лайық.
2. Мәдени мұраны сақтау және ұлттық бірегейлік. Шоқанның суреттері арқылы Орта Азия мен Шығыс халықтарының тұрмыс-салты, киімі, қару-жарағы, сәулет ескерткіштері туралы құнды деректер сақталған. Бұл бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраны зерттеуде, реконструкция жасауда, ұлттық болмысты жаңғыртуда құнды дерек саналады. Оның еңбектері ұлттық киімдер мен қолөнер саласындағы дизайнерлер үшін шабыт көзі бола алады.
3. Ғылыми-танымдық бағыт. Шоқанның еткен еңбегі қазіргі таңда National Geographic форматындағы, әлемдік дәрежедегі медиаөнім бола алар еді. Мазмұны соған пара-пар. Ол табиғат, ғылым, тарих, мәдениет, география және саяхат тақырыптарын қамтитын мақалалар мен визуалды элементтердің кең спектрін қамтуға әлеуетті.
Шоқан ел ертеңі үшін сүбелі еңбек еткен ғалым, жазушы, географ қана емес, сөзді кескінмен ұштастырған шебер суретші, әр тақырыпқа жан-жақты біліммен келген қаламы ұшқыр журналист. Қазақтың білім-ғылымына замануи өң беріп, ілгері жылжытқан тұлға. Туған елі үшін таңсық болған ғылыми салалардың бойына қан жүгірткен азамат. Оның қазақ журналистикасы мен медиаөндіріс, иллюстрация тарихындағы орны мен еңбегін одан да әрі зерттеу – зор міндет.
Дереккөздер
«Валиханов Ш. Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том – Алматы, Қазақ Кеңес энциклопедиясының Бас редакциясы, 1985, 2-басылым, толықтырылған және өңделген, 158-161 бб.
Уәлиханов Ш. Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том – Алматы, Қазақ Кеңес энциклопедиясының Бас редакциясы, 1985, 2-басылым, толықтырылған және өңделген, 35-39 бб.
Уәлиханов Ш. Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том – Алматы, Қазақ кеңес энциклопедиясының Бас редакциясы, 1984, 2-басылым, толықтырылған және өңделген, 306-357 бб.
Уәлиханов Ш. Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том – Алматы, Қазақ кеңес энциклопедиясының Бас редакциясы, 1985, 2-басылым, толықтырылған және өңделген, 158-161бб.
Марғұлан Ә. «О художественном наследий Чокана Валиханова»
Мұқтарұлы С. «Шоқан және өнер», 1985 ж.
Ақылбеков Бағдат . «Шоқан салған суреттер», «Ана тілі» газеті 2023 ж.
Стрелкова И. «Өнегелі өмір» 2006 ж.
Авторлар: Жансая Нұрғалиқызы, Батырхан Марат
Maqsut Narikbayev University
Халықаралық журналистика мектебінің 2-курс студенттері