
Заманауи үлгідегі зәулім нысандар қаланың көркіне көрік қосар мақтанышы болса, тарих тылсымынан сыр шертетін көне ғимарат — шежірелі шаһардың жаны іспеттес. Мың жылдық тарихы бар Алматыда өткен ғасырлардағы сәулет өнерінен көрініс беретін баға жетпес нысандар жетерлік. Солардың бірі қала Верный аталған кезеңде бой көтерген бүгінгі Қызыл таң маталар үйі.
Оңтүстік астананың Жібек жолы мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан бұл ғимаратты білмейтін адам кемде-кем. Іргетасы 1896 жылы қаланған, Верный қаласының орталық сауда үйі ретінде ашылған бұл нысанды дәулетті көпес Ысқақ Ғабдулуалиев өз қаржысына салдырған. Ғимараттың ішін аралай жүріп, уақыттың тынысын сезіну, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын бұл арада қызу сауда жүргенін түйсіну — кімді болса да ерекше әсерге бөлейді.
Верный — уездік шағын қала болатын. Шаһарға генерал-губернатор Колпаковский басшылық еткен жылдары құрылыстың басым бөлігі ағаштан салынды. 1887 жылғы жойқын жер сілкінісінің салдарынан қала шын мәнінде қирап қалды. Бұл көне шаһар тарихындағы ең зілзалалы апаттардың бірі еді. Барлық тас ғимараттар жермен-жексен болды. Осы жағдайдан кейін қала әкімшілігінің шешімімен жаңа құрылыстар ағаштан салынып, үйлер бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасуы тиіс деген қаулы шықты. Біздің заманымызға дейін бұзылмай жеткен, қаланың сәнін келтіріп тұрған ескерткіштердің бірі — Қызыл таң ғимараты.
Көп жазбаларда ғимарат жобасын қала архитекторы Поль Базил-Гурде жасағаны айтылады. Сондай-ақ бұл нысанның тапсырыс беруші мен сәулетші арасындағы дүрдараздыққа себеп болғаны туралы да мәлімет бар. Ақша шығындағысы келмеген көпес қандай да бір жазбаша құжат толтыруды артық санайды және сәулетшіге небәрі жүз сом төлейді. Сол заманның өлшемі тұрғысынан аз ақша болмағанымен, көрнекті сәулетші үшін бұл мардымсыз төлем болатын. Осылайша, еңбегі лайықты бағаланбаған сәулетшінің көңілінде дық қалып қояды.
1901 жылы Ысқақ Ғабдулуалиев ғимаратты қайта жаңартып, өзгеріс енгізгісі келеді. Бірқатар деректерге қарағанда, ғимарат төбесінің биіктігіне көпестің көңілі толмаса керек. Алайда қаланың бас архитекторы ретінде Гурде сауда үйінің жаңа жобасын бекітуден бас тартады. Оған мойынсұнбаған көпес құрылыс жұмыстарын ешқандай рұқсатсыз бастап кетеді. Бұл бейбастақтыққа Гурде көз жұмып қарамайды. Екі арадағы текетірес Ғабдулуалиевке қарсы сот ісінің қозғалуына және ақырында көпеске үлкен көлемде айыппұл салынуына апарып соқтырады. Осындай кикілжің салдарынан көпестің ғимаратты үлкейтіп, көркейте түсем деген ниеті арада бірталай жыл өткен соң ғана іске асқан. Қызыл таңның сәулетшісі Зенков болған және ғимарат 1912 жылы тұрғызылған деген болжам, шамасы, осы оқиғаларға байланысты туындаған болуы мүмкін, дейді өлкетанушылар.
Краевед Лейла Бөкетованың жазбаша деректеріне қарағанда, Қызыл таң ғимаратына қатысты екі түрлі болжам бар. Бір деректе ғимаратты 1896 жылы Гурде салды делінсе, екіншісінде оны 1912 жылы Зенков аяқтағаны айтылады.
Негізінен, Бөкетованың жазбаларында былай делінеді: 1885 немесе 1895 жылы Алматы қаласының, ол кезде Верныйдың, басқармасына Ысқақ Ғабдулуалиев арыз береді. Онда: «Осы маңда тұратын менің №441 мекенжайымда сауда үйін салуға рұқсат етіңіз», — деп өтініш білдіреді. Сол кездегі деректерге қарағанда, 1896 жылы ғимараттың негізін қалаған — Поль Гурде. Кейін, 1901 жылы көпес: «Маған осы сауда үйін салып берген еді, бірақ төбесі аласа болып қалды. Мен оны қайта жасатқым келеді», — деп өтініш білдіреді. Осындай мазмұндағы деректер бар. Ғимаратты 1912 жылы Зенков аяқтаған деген болжам да кездеседі.
Андрей Зенков — сәулетші, құрылыс инженері. Ол 1893 жылы Санкт-Петербургтегі Николаев инженерлік академиясын бітірген. 1898 жылы Қазақстанға келіп, Верный қаласына қоныстанады. 1907-1917 жылдары Жетісу облыстық инженерия басқармасында қызмет атқарған. Зенков жер сілкінісіне төтеп беретін ағаш үйлер салумен және зілзалаға төзімді құрылыстар жобалаумен айналысты.
Андрей Зенковтың жобасымен салынған нысандардың қатарында:
1904 жылы салынған Верный әйелдер гимназиясы (қазіргі Алматы мемлекеттік университетінің көркем сурет-графика факультетінің корпусы);
1907 жылы салынған кафедралдық собор;
1908 жылы тұрғызылған Верный әскери мәжіліс үйі (қазіргі Қазақ халық музыкалық аспаптар музейі) бар.
Кеңес өкіметі жылдары Зенков Алматыны қайта салуға қатысты. Сол кезеңде салынған ең әсем ғимараттардың бірі — сәулеттік стилімен ерекшеленетін Қызыл таң ғимараты.
Аталған нысан туралы өнертанушы Юрий Домбровский өз естелігінде былай деп жазады:
«Орталық тауарлар дүкені. Көпестің және оның дүкенінің кемпірқосақтай маңдайшасында жарқыраған металл әріптермен жазылған тегін сол бойы оқи алмадым. Тек оның ұлдармен сауда жасайтынын түсіндім. Ғимарат ежелгі пассаж немесе жабық сауда қатары сияқты болатын. Неге екенін, маған Іскери ауылы немесе Славян базары сияқты әсер етті. Нағыз Шаһризаданың сарайы дерсің. Папирос қорабындағы суреттегідей: төбесі мұнаралы, терезелері көп және өрнекті кең есіктері — тіпті есіктер емес, тұтас қақпалар. Тура ашып жібергім келді».
Сол кездерде іскер көпестің шаруасы өрге басып, сауда қайнап жатты. Ол Мәскеу, Петербург, Одесса, Киев, Стамбул қалаларымен тығыз байланыс орнатты. «Ысқақ Ғабдулуалиев және ұлдары» деген атпен танымал сауда үйі қаладағы маңдайалды азық-түлік дүкеніне айналды. Дүкенде галантереялық және тоқыма тауарлар, маталардың сан түрі, кәдесыйлар мен парфюмерлік заттар, тіпті алтын және күміс бұйымдар да сатылды. Сауда орталығының аумағында тері және шикізат қоймасы орын тепті. Шын мәнінде, дүкен қазіргі заманауи гипермаркет сипатын иеленді. Назар аударатын бір жайт — көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың әкесі осы сауда үйінде есепші болып қызмет істеген деген де дерек бар.
Қазіргі таңда бұл ғимарат Алматы қаласындағы ең ежелгі ғимараттардың бірі. Ол арнайы коммерциялық және өндірістік үй ретінде салынған және әлі күнге дейін өз мақсаты бойынша қолданылады. Бұрын мұнда әртүрлі мануфактуралық заттар сатылған: маталар, дайын көйлектер, тігін аксессуарлары, картиналар, тіпті самаурын да болған. Яғни, тауарлар алуан түрлі болған.
Сауда үйінен адам үзілмеуінің бір себебі — дүкеннің орналасқан жері өте ыңғайлы. Әуел бастан «Торговая» деп аталған бұл көшенің бойында басқа да бірқатар сауда орындары мен үлкен базар орын тепкен. Байырғы қаланың шын мәніндегі орталығы осы маңай болған дейді өлкетанушылар. Яғни, істің көзін білетін көпес сауда үйін бұл жерден текке ашпаған.
Ғимарат негізгі жоспары бойынша тікбұрышты композициядан тұрады. Орталық бөлігі — күмбезді. Бұл ғимараттың бүгінгі күнге дейін сақталып келуі — қолданылған құрылыс материалдарының беріктігінің нәтижесі болар. Жүз жылдан астам тарихы бар бұл нысан әлі күнге дейін халық игілігіне пайдаланылып келеді.
Ысқақ Ғабдулуалиев дүниеден өткен соң, оның ісін ұлдары жалғастырды. Алайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін сауда үйі мемлекет меншігіне өтті. 1930-шы жылдары бұл ғимаратта Бүкілодақтық «Торгсин» фирмасының дүкені орналасты. Шетелдермен де сауда қатынасын жолға қойған аса ірі азық-түлік және аралас сауда орны еді.
Жалпы аумағы 1450 шаршы метр болатын бір қабатты ғимарат ағаштан тұрғызылған. Іргетасы буттас, ал жертөлесі кірпіштен қаланған. Ғимараттың ортасындағы үлкен күмбез, симметриялық құрылым — архитектуралық ойластырылған шешім. Орталық және бүйір бөліктері фигуралы бағаналармен, оюлы карниздермен безендірілген.
Верный қаласындағы ағаш үйлердің көбі Ресейдің көне сәулет үлгісінде, яғни патшалық дәуірдің элементтерімен ұштасқан стильде — «рапетивтік үлгіде» салынған. Ғимараттың күмбезі, ағаш мұнаралары, педименттері сол кезеңге тән белгілер. Сәулетшілер Поль Гурде мен Александр Зенков сол XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басындағы орыс сәулет өнеріне негізделген. Ғимарат қабырғаларына қолданылған кірпіштер Верный қаласындағы шағын шеберханаларда күйдірілген.
Ғимаратта негізгі өткелден бөлек, бір бүйірінде арнайы кіреберіс болған. Ауласында үй шаруашылығына арналған қора-жай, қойма, атқора орналасқан. Шатырдың аула жағындағы ою-өрнектері мен көше жақтағы оюлары — қайталанбас мәнерімен ерекшеленеді.
Алғашқы реставрация кезінде ғимараттың тек түсі өзгерген. Ал 2015 жылғы қалпына келтіру кезінде күмбез алғашқы қалпындағыдай етіп жасалды. Қасбеті сары түске боялды. Жалпы, Алматыда ғимараттардың барлығы сарғыш түсті, ал шатырлары жасыл болған деген пікір бар. Реставраторлар зерттеу барысында дәл осы түстерді тапқан. Осылайша, тарихи ғимараттар алғашқы бояуын сақтап қалды.
1960 жылы ғимараттың іші қайта жобаланып, күрделі жөндеуден өтті. 1979-1980 жылдары жасалған реставрация барысында ішкі интерьер толық өзгертілді. Осы кезден бастап ғимарат «Қызыл таң» атанды. 1979-1982 жылдары қайта жөндеу, құжаттарды ретке келтіру, толық реставрация жүргізілді. 1982 жылғы 26 қаңтарда Ғабдулуалиевтің сауда үйі тарихи және сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынды. Ал 1983 жылы ғимаратта өрт шығып, біраз бөлігі зақымдалды. Соңғы рет 2008-2009 жылдары жертөледен шыққан өрт салдарынан шатырдың 50-70 пайызы өртеніп кеткен. Бірақ кейін ол қайта қалпына келтірілді. Өрттен зақымданған қосалқы құрылым кейін салынған болғандықтан, тарихи нысанның негізгі бөлігіне жатпайды.
Қазір де бұл ғимарат сыртқы келбетін сақтап тұр. Ішкі құрылысы өзгергенімен, нысан республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгендіктен, сыртқы пішінін өзгертуге заң жүзінде тыйым салынған. Ол мемлекет тарапынан қорғалады. Жыл сайын техникалық сараптамадан өтіп, қажет жағдайда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Қазір мұнда матаның түр-түрі сатылады. Шыт пен шағи, жібек, барқыт, дүрия, қамқа, парша мен пүліш, сан алуан тігін және тоқыма жабдықтары көздің жауын алады.
Асқақ Алатау баурайындағы ару Алматыға осындай әсем мұра қалдырған көпес ұрпақтарының бүгінде қайда екендігі туралы нақты дерек жоқ. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, бірі — Ресейге, енді бірі Татарстанға қоныс аударған. Бірақ «өзі жоқтың көзі жоқ» деген бұл арада жүрмейді. Ертегі елінен елес берген баға жетпес белгідей ғажайып ғимарат тұрғанда, оның ежелгі иесі де ұмытылмақ емес.