
15 мамыр - Григориан жылнамасының 135-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.
15 мамыр. Туған күн иелері.
Ғұмар Қожахметұлы Есенғұлов - Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың жоғары білімді алғашқы дәрігерлерінің бірі. Ол 1886 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келген.
Жамаладдин Босақов – көрнекті қазақ жазушысы, аудармашы, ұстаз. «Дүрбелең» мен «Мұғалімдер» романы мен «Таңғы самал», «Жалын» повестері оқырман жүрегінен орын тапқан. Ол 1918 жылы қазіргі Алматы облысы Жаркент қаласында дүниеге келген.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтың ұшқыш қызы, Халық қаһарманы. Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін Марина Раскова басқарған қырық алтыншы гвардиялық полкі құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан. 1922 жылы Атырау облысының Ганюшкин ауылында дүниеге келген.
Исатай Әбдікәрімұлы Әбдікәрімов – мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің иегері. Ол 1923 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында дүниеге келген. Исатай Әбдікәрімов 2001 жылы жетінші сәуірде дүниеден өтті.
Айтымбай Молдабеков - Қазақ бейнелеу өнеріне өшпес із қалдырған ерекше талант иесі, театр суретшісі, монументалист, ұстаз. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Ол 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген.
Бәкір Төлеуұлы Тәжібаев – қазақ әдебиетінде ерекше туындыларымен есте қалған қазақ ақыны, сазгер, драматург, өнер саңлағы. Әйгілі «Қамал сұлу» операсы либреттосының, жүз елудей әннің авторы. Б. Тәжібаевтың орындауындағы көптеген өз әндері күйтабаққа жазылған. Ол 1926 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген.
Ғапур Ибатуллин - Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек даңқының иегері. Ол 1926 жылы бұрынғы Гурьев облысы, (Атырау) Новобогат ауданы, Жанбай ауылында дүниеге келді.
Ыдырыс Ноғайбаев – көрнекті өнер қайраткері, халық әртісі, театр актері. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Көптеген театр және кино қойылымдардың басты рөлдерін сомдаған. Ол 1931 жылы Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. Ы. Ноғайбаев 1989 жылы отыз бірінші тамызда Алматыда қайтыс болды.
Есенбай Дүйсенбайұлы – көрнекті қазақ ақыны, журналист, ұстаз. «Ақ пейіл», «Біздің толқын», «Ұлаңғайыр», «Ашық аспан», «Ақжелкенді ағыстар» атты кітаптардың авторы. Ол 1940 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген.
Самиғолла Хамиұлы Хамиев – көрнекті қазақ ғалымы. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор. Жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі. С. Хамиев ұлы Сайфолла Хамиевпен бірге «Түйе індеттері және дәрілік өсімдіктер» атты кітапты құрастырған. Көп жылдар бойы Атырау мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарып, кәсіби мамандар дайындауда талмай қызмет етті. Ол 1940 жылы бұрынғы Гурьев облысы Новобогат ауданының Қаратүбек ауылында дүниеге келген.
Исраил Сапарбай – қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, драматург. Парасат орденінің, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері. «Махаббат пен Ғадауат», «Бозқараған», «Аққу арман», «Қызыл жел» шығармашаларының авторы. Ол 1941 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келген.
Нұртай Абықайұлы Әбіқаев – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Экономика ғылымдарының докторы. Ол 1947 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген.
Тілектес Исабайұлы Есполов – білім беру саласының үздік қызметкері. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі. «Барыс», «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері. Ол 1952 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келген.
Тілеухан Жұмаханов – көрнекті қазақ жазушысы, аудармашы, мәдениеттанушы. «Қыстың соңғы түні» атты алғашқы әңгімесі 1985 жылы «Жалын» журналында жарық көрген. Ол 1956 жылы Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ұялы ауылында дүниеге келген.
Дәурен Берікқажыұлы - ақын-аудармашы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері. Ол 1974 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген.
Әлия Мақсұтқызы Жүсіпова – Афины және Бейжің Олимпиаларының қатысушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Бүгінгі таңда Гимнастикадан ҚР федерациясының басшысы. Ол 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.
15 мамыр – халықаралық деңгейдегі маңызды күндердің бірі. Бұл күні әлемде бірнеше атаулы мереке атап өтіледі. Атап айтсақ:
Халықаралық отбасы күні
Бүгін - халықаралық отбасы күні (ағыл. International Day of Families). Атаулы күн қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, өзінің фейзбук парақшасында барша қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтады. Министрдің құттықтау мәтінінде отбасы құндылығы, сондай-ақ елімізде 6,2 миллионнан астам отбасы бар екенін және мемлекет үшін отбасын қолдау тұрақты дамудың берік негізі екенін тілге тиек еткен. «Бұл жүрекке жылы мереке отыз жылдан астам уақыт бойы отбасы атты ең қастерлі құндылықты еске салып, насихат етіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітілген бұл күн – әрбір адам үшін маңызды мәселелерге назар аударуға, яғни қамқорлық, қолдау, махаббат және балаларымыздың жарқын болашағы секілді ізгі құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда 6,2 миллионнан астам отбасы өмір сүруде. Мемлекет үшін отбасын қолдау – жай ғана басымдық емес, бұл – тұрақты дамудың берік негізі. Елімізде ана мен баланы қорғауға ерекше мән беріліп, қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруге барлық жағдай жасалуда» - деді министр.
Айта кетер болсақ, 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының №47/237 қарарымен халықаралық отбасы күні бекітіліп, алғаш рет 1994 жылы аталып өтті. Бұл мерекенің идеясы 1989 жылы пайда болған. Сол жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 1994 жылды Халықаралық отбасы жылы деп жариялап, кейіннен 1993 жылы арнайы резолюция қабылдап, осы күнді бекітті.
Бұл мереке отбасыларға қатысты түрлі мәселелерді қоғам назарын аударуға бағытталған. Отбасы – қоғамның іргетасы, адамның алғашқы әлеуметтену ортасы. Отбасы қоғаммен бірге дамып, оның өзгерістеріне бейімделеді және өз кезегінде қоғамның дамуына ықпал етеді. Отбасы – мәдениет пен адамгершілік құндылықтардың, ұрпақтар сабақтастығының сақтаушысы. Мемлекеттердің дамуы отбасының әлеуметтік жағдайына қарай бағаланады. Алайда бүгінгі таңда әлемде үйсіз отбасылардың саны артып отыр. Еуропаның кейбір елдерінде үйсіз отбасылардың үлесі барлық үйсіздердің 20%-дан астамын құрайды.
Бұл күні әлемде көптеген іс-шаралар өткізіледі: концерттер, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шаралары, жас отбасыларға арналған тренингтер, тақырыптық конференциялар мен семинарлар, БАҚ-тарда отбасы мәселелеріне арналған бағдарламалар мен жарияланымдар және басқа да шаралар. Әр жыл сайын мерекенің өзіндік тақырыбы анықталып, отбасының түрлі проблемаларына назар аударылады.
Халықаралық климат күні
Бүгін – климаттың жаһандық маңызын атап өтетін бейресми экологиялық мереке. Климаттың өзгеруі бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі өткір мәселелердің бірі. Ғаламдық жылыну, атмосферада озон қабатының жұқаруы, табиғи апаттардың жиілеуі – бұл адамзаттың қазіргі және болашақ ұрпағының өмір сапасына, азық-түлік қауіпсіздігі мен мүліктік жағдайына тікелей әсер етеді.
Соңғы 35 жылда климаттың өзгеруі күрт жылдамдаған. Ғалымдар климаттың әрі қарай өзгеру жылдамдығын нақты айта алмағанымен, адамзат осы өзгерістерді бәсеңдетуге мүмкіндік бар екендігін айтады. Бұл үшін негізгі шаралардың бірі – атмосферадағы парниктік газдар концентрациясын азайту. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен «Жер саммитінде» БҰҰ-ның климат өзгерісі туралы негіздемелік конвенциясы қабылданып, оған 180-нен астам ел қол қойды. Ал 1997 жылы Киото хаттамасы қабылданып, дамыған елдерді парниктік газдарды азайтуға міндеттеді. 2009 жылы Қазақстанда Климаттық доктрина қабылданды, ол климат өзгерісіне қарсы тұру және бейімделу бойынша нақты міндеттерді белгіледі.
Әрбір азамат климаттың өзгеруіне қарсы үлес қоса алады: автокөлікті сирек пайдалану, энергияны үнемдейтін құралдарды қолдану, ағаш отырғызу сияқты әрекеттер өте маңызды.
Парагвай тәуелсіздік күні
15 мамыр – Парагвайдың тәуелсіздік күні. 1811 жылы Испанияның отарлық билігінен азат етілген. Елдің тәуелсіздігі үшін болған күрес күрделі тарихи жағдайларда өтті. Бұл күндер Парагвайдың мемлекеттік мейрамдарының ішіндегі ең бастысы болып саналады. Айтулы мереке әртүрлі іс-шаралармен ерекшеленеді, мектептерде дәстүрлі түрде екі күн демалыс болып саналады.
Өткен тарихқа шегініс жасасақ. Еуропалық басқыншылар келмей тұрып, қазіргі Парагвай жерінде гуарани үндістері өмір сүрген. Алайда XVI ғасырда испандықтар басып кіріп, Парагвай Испанияның отарлық империясының бір бөлігіне айналды.
Алғашында Парагвай Испанияның Перу вице-корольдігінің құрамында болды, кейін біраз уақыт бойы елді иезуиттер ордені автономия ретінде басқарды. XVIII ғасырдың ортасында испан билігі иезуиттерді қуып шығып, Парагвайды Рио-де-Ла-Плата вице-корольдігінің құрамына қосты. Тек XIX ғасырдың басында ғана ел өз алдына дербестік алуға мүмкіндік алды.
Парагвайдың 1811 жылы тәуелсіздік алуы бірнеше тарихи оқиғалардың нәтижесі болды. Мәселен, 1810 жылы испан билігінен азат болған Буэнос-Айрестен Парагвайға генерал Бельграно басқарған әскер жіберілді. Оның міндеті Парагвайда көтеріліс ұйымдастыру еді.
Алайда парагвайлықтар Буэнос-Айрестің үлгісіне ергісі келмеді, ал Бельграноның сарбаздары жергілікті ауылдарды тонаумен айналысты. Осы себепті Парагвай тез арада әскер жинап, Бельграноны жеңіліске ұшыратты. Нәтижесінде ол кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл оқиғалар тарихта «Парагвай жорығы» деген атпен белгілі, ал парагвайлықтардың өздері бұл кезеңді тәуелсіздік соғысы деп санайды.
Кейіннен Парагвайда генерал Каваньяс басшылық еткен қастандық ұйымдастырылды. Осы қастандықтың нәтижесінде губернатор Веласко тұтқындалып, жалпы дауыс беру арқылы сайланған конгресс шақырылды. Конгресс хунта тағайындады, ол Буэнос-Айрестен тәуелсіздікке қол жеткізді, ал Испаниядан тәуелсіздік іс жүзінде испан шенеуніктерін қамауға алумен қамтамасыз етілді.
Мерекелік шаралар аясында әскери шерулер, мәдени фестивальдар, ұлттық дәстүрлі тағамдармен жәрмеңкелер, халықтық ойын-сауықтар өткізіледі. Бұл күндер ұлттық бірлік пен тарихи сабақтастықты сақтаудың символы болып табылады. Мереке ел ішінде ғана емес, әлемдегі парагвайлық диаспоралар арасында да атап өтіледі.
Қазақстан мен Парагвай арасындағы дипломатиялық байланыстар соңғы жылдары біртіндеп дамып келеді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізі 2018 жылы Астанада өткен көлік және сауда мәселелері жөніндегі министрлік кездесуде қаланды. Осы кездесуде тараптар екі ел арасындағы саяси консультациялар мен құқықтық базаны дамытуға, сондай-ақ білім беру, визалық жеңілдіктер мен басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
Парагвайдың Қазақстандағы елшілігі Астанада орналасқан. Бұл дипломатиялық өкілдік екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланысты дамытуда маңызды рөл атқаруда.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Парагвай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың көлемі айтарлықтай жоғары емес. Мәселен, 2024 жылы Парагвай Қазақстанға 641,47 мың АҚШ доллары көлемінде тауар экспорттаған. Ал Қазақстаннан Парагвайға экспортталатын негізгі өнімдер қатарында тұтыну тауарлары мен көкөністер бар.
Халықаралық деңгейде Қазақстан мен Парагвай БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастықты жалғастыруда. Ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, білім беру және мәдениет салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол.
Осетин тілі мен әдебиеті күні
15 мамыр – Оңтүстік және Солтүстік Осетияда осетин тілі мен әдебиеті күні. Бұл мереке 2003 жылдан бері аталып келеді және 1899 жылы ақын Коста Хетагуровтың «Ирон фандыр» («Осетин лирасы») атты кітабының шыққан күнімен байланысты.
Осетин тілі – ирандық тілдер тобына жатады және ежелгі скиф-сармат-алан тілінің жалғыз мұрагері. Осы ерекшелігімен ол осетин халқының ұлттық бірегейлігінің, мәдениеті мен тарихының ескерткіші болып табылады.
Бұл күнде мектептер мен мәдениет орталықтарында түрлі іс-шаралар өткізіледі: митингілер, ақындар өлеңдерін оқу, осетин тілі мұғалімдерінің семинарлары, мәдени іс-шаралар, конференциялар мен конкурстар ұйымдастырылады.
Кореядағы мұғалімдер күні (스승의 날)
15 мамырда Корея Республикасында жыл сайын Ұстаздар күні аталып өтеді. Бұл мереке елде алғаш рет 1963 жылы пайда болды. 1973–1982 жылдар аралығында бұл күн атап өтілмегенімен, кейін қайтадан дәстүрге айналды. Бұл күні барлық оқушылар өз ұстаздарын құттықтап, алғыс білдіреді.
Корея Республикасында сапалы білім алу мансап құруда өте маңызды болғандықтан, білім беру үдерісіне және ұстаздарға мұнда аса үлкен мән беріледі. Кішкентай кезінен бастап корей ата-аналары балаларға өмірде бір жетістікке жету үшін жақсы оқып, еңбекқор болу керектігін үйретеді, себебі бұл елде бәсекелестік өте жоғары.
Корей балалары мектепке 7 жастан барады. Бастауыш мектепте олар 6 жыл оқып, корей тілі, математика, жаратылыстану ғылымдары, қоғамтану, шет тілдері, музыка және бейнелеу өнері сияқты пәндерді меңгереді. Оқу жылы екі семестрге бөлінеді: ол наурыз айында басталып, келесі жылдың ақпан айының ортасында аяқталады.
Бастауыш мектептен кейін оқушылар орта мектепке өтеді, мұнда білім алу 3 жылға жалғасады. Орта мектептерде оқушыларға қойылатын талаптар қатаңдау болады, әрі көптеген мәселелер мұнда нақты ережелермен реттеледі.
Орта мектептен кейін жоғары сыныпта оқу кезеңі басталады, оның ұзақтығы да – 3 жыл. Жоғары сыныптар міндетті емес, бірақ оқушылардың басым көпшілігі оларды бәрібір аяқтайды. Жоғары мектепке түсу үшін әдетте қиын емтихандардан өту қажет болады, ал оқу бағдарламасы мамандандырылған бағытқа қарай ерекшеленуі мүмкін.
Корея Республикасында Ұстаздар күнін атап өту дәстүрі алғаш рет жастардың Қызыл Крест ұйымының мүшелері ауруханада жатқан бұрынғы ұстаздарына барып, оларға құрмет көрсетуден басталған. Қазір осы күні бүкіл ел бойынша оқушылар мен түлектер ұстаздарына шын жүректен құттықтаулар айтып, естелік сыйлықтар береді.
Қызықты дерек ретінде, Ұстаздар күнінде мұғалімдерге қызыл қалампыр гүлдерін сыйлау дәстүрі бар. Ал кейбір дәулетті оқушылардың аса қымбат сыйлықтар беру әрекеттері үлкен дау-жанжалдарға әкеліп жатады. Сонымен қатар, бұл мерекенің сақталуына жастардың бейжай қарауы қауіп төндіреді: көптеген мектеп түлектерінің бос уақыты болмай, бұрынғы мектептеріне келіп ұстаздарын құттықтауға мүмкіндіктері болмай жатады.
Елдегі көптеген мектептер Ұстаздар күнінде жабық болады, кейбір мектептерде ұстаздарға осы күні демалыс беріледі. Сондай-ақ, кейде мектеп түлектері ұйымдары арнайы «алғыс айту салтанатын» өткізеді.
Бұл мереке корей алфавитінің (хангыль) негізін салған ұлы король Седжонның туған күнімен сәйкес келеді. Оқушылар мұғалімдеріне алғыс білдіріп, гүл мен шағын сыйлықтар тарту етеді. Бұл күнде мектептерде сабақ қысқартылып немесе мүлдем болмайды. Оқушылар тақтаға алғыс сөздер жазып, мұғалімдерге арнайы ән орындайды.
Қыран Алтай