
Адамзаттың алтын бесігі саналатын киелі Қазығұрт тауы барша қазаққа ғана емес, күллі әлемге ежелден белгілі. Ел-жұрттың бұл тауға деген ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігі аңызға айналып, жырға қосылып, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Есте жоқ ескі замандарда жер жүзін топан су басып, бүкіл тіршілік атаулы жойылу қаупіне ұшырағанда, Нұқ пайғамбардың кемесі дәл осы Қазығұрт тауының басына келіп тоқтаған екен деседі. Сол кемеге мінген адам мен жан-жануарлардың әр түрінен бір жұп аман қалып, Қазығұрттың баурайында жаңа өмір басталыпты деген киелі шежіре бүгінгі күнге дейін ел жадында.
Халық жыры
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Бір қатпа тай үстінде жатып қалып,
Жылқышы ата жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Жалғыз тана үстінде жатып қалып,
Зеңгі баба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Жұрын тоқты үстінде жатып қалып,
Шопан ата жануар содан қалған.
Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз: «Жемісі мол, жері кең — жердің төресі осында екен; жігіті көп, ері көп — елдің төресі осында екен» деп, Қазығұртты Алланың мейірімі мен шапағаты түскен қасиетті өлке деп бағалаған деседі. Алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені елестететін Қазығұрт — халық танымында әулиелердің ізі қалған, киелі тау саналады.
IX ғасырда өмір сүріп, X ғасырдың басында дүниеден өткен араб географы Ибн Хордадбек өзінің «Жолдар мен мемлекеттер тарихы» атты еңбегінде Қазығұртты «Газгерт» деген атаумен жазады. Оның жазуына қарағанда, Газгерт қаласы Ташкент пен Испиджаб (бүгінгі Сайрам) арасында орналасқан, Ташкенттен бір күндік, ал Газгерттен Испиджабқа дейін тағы бір күндік жол болған. Бұл деректер Қазығұрт пен Газгерт атауларының бір негізден тарағанын көрсетеді.
Кейінгі деректерде де бұл киелі таудың мәртебесі айқындалады. 1872 жылы жарық көрген Майевтің «Түркістан топонимикасы» атты еңбегінде Қазығұрттың басына Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтағаны жайлы халық аңызы келтірілген. Ал 1896 жылы белгілі этнограф Әубәкір Диваев Қазығұрт өңіріне арнайы келіп, жергілікті ғұлама молдалардан сол аңыздарды жазып алып, оларды орыс тілінде «Легенда о Казгуровском ковчеге» деген атпен жариялаған. Бұл еңбек Қазығұрттың киелілігі жөніндегі танымның ғылыми айналымға енуіне үлкен үлес қосты.
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев та Қазығұртты жырға қосып, былай деп толғанған:
Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы жер кіндігі – Памир, Алтай.
Қазығұрт – қасиетті тау болмаса,
Топанда Нұқ кемесі тоқтар қалай?!
Қазығұрт атауының шығу төркініне қатысты нақты дерек жоқ. Зерттеуші ғалымдардың бір тобы бұл атауды көне түркі тайпаларының қаз және құрт этнонимдерімен байланыстырады. Ал енді бір зерттеушілер Қазығұрт сөзін қазық жұрт — яғни тұрақты, киелі мекен деген ұғыммен сабақтастырады. Қалай болғанда да, Қазығұрт — аңыз бен ақиқат астасқан, шежіреге бай қасиетті өңір.
Бұл аймақта тарихи тамыры терең елді мекендер аз емес. Солардың бірі — Тұрбат. Кейбір ғалымдар Тұрбат атауын Фирдоусидің «Шахнамасында» кездесетін Тарбат немесе Турарбат атауларымен тектес деп есептейді. Бұл ұқсастық көне дәуірлердегі мәдени байланыстар мен атаулардың тарихи сабақтастығын меңзесе керек.
Тұрбат — киелі мекендерге бай өлке. Бұл өңірде Шілтен ата, Құтырбұлақ, Қарауылтөбе, Жәументөбе, Әріп ата сияқты қасиетті орындар бар. Тұрбат ауылының тарихы XI ғасырдан бастау алады. Ауыл Қосмолла тауының баурайында, аудан орталығынан күншығыс бағытта 18–20 шақырымдай жерде орналасқан. Аумағы — 15 735 гектар. Қазіргі таңда ауыл халқының саны шамамен 14 мың адамды құрайды. Тұрбат ауылының тарихи әрі рухани орталықтарының бірі — Айлата кесенесі. Бұл кесене өңірдің мәдени-діни өмірінде маңызды орын алып, көпшіліктің зиярат ететін қасиетті орнына айналған.
Тұрбаттың атын шығарып, даңқын асырған көрнекті перзенттерінің бірі — Ысмайыл ата. Толық аты Ысмайыл ата Ибраһимұлы. Ол XIII ғасырда осы өңірде дүниеге келіп, Қожа Ахмет Ясауидің діни-рухани ілімін жалғастырған, халықты имандылыққа, адамгершілікке үндеген көрнекті тұлға ретінде танылған. Ысмайыл ата ілімі мен оның ұрпақтары туралы мәліметтердің басым бөлігі жазба әдебиеті дамыған Нақшбандия тариқаты өкілдері арқылы бізге жеткен.
XV ғасырда өмір сүрген Нақшбандия тариқатының ұлы өкілдері — ақын Әбдірахман Жәми мен Әлішер Науаи, сондай-ақ Қожа Ахрар сынды рухани қайраткерлер өз еңбектерінде Ысмайыл ата мен оның ұрпақтарының діни және рухани мұрасын жоғары бағалаған. Сол кезеңде Мәуереннахр аумағында Нақшбандия тариқаты кеңінен таралып, ықпалды діни мектепке айналғанымен, Ысмайыл ата мен оның жолын жалғаған шәкірттері Ясауи ілімінің беделін сақтап, оның рухани негіздерін дәріптеуде үлкен табандылық танытты. Олар өз заманының рухани алаңында Ясауи жолының беделін қорғап, Нақшбандия өкілдерімен пара-пар деңгейде танылып отырды.

Ысмайыл ата жиырма жасқа толғанда тағдырдың ауыр сынағына тап болады. Жау шапқыншылығы кезінде оның әкесі Ибрагим мен ағасы Жабырайыл ата қаза табады. Ал Ысмайыл атаны жау тұтқынға түсіріп, ол солардың қолында құлдықта болды. Қырық жасқа дейін, яғни жиырма жыл бойы қалмақтарда қой бағып жүріп, ол Алланы бір сәт естен шығармай, жүрегі мен жаны зікірмен тыныстаған деседі.
Қырық жасқа келгенде Алланың құдіретімен Ысмайыл ата құлдықтан босап шығады. Артынан ол Бұхараға барып, Пірдан ұстаздан білім алып, діни ілімнің тереңіне бойлайды. Бұхарада білім алу жолы өте ұзақ болған, шәкірттер кейде қырық жыл оқитын болған. Осы жолда Ысмайыл ата жиырма жыл оқып, алпыс жасында туған жеріне қайтып оралады.
Бірақ сол кездің өзінде кейбір шәкірттер наразылық білдірген: «Біз отыз бес, отыз сегіз жыл оқып жүрміз, ал ол небәрі жиырма жылда қалай бата алып, қызметке кетіп барады?» деген сауалдар туындаған. Сонда ұстаздары: «Ысмайыл құлдықта жүрсе де, Алланы ұмытпады. Қой соңында жүріп зікір айтып, жүрегі Алламен болған. Сондықтан оның сол жиырма жылы да іліммен, рухани тазарумен өткен. Ол сол үшін лайықты» деп жауап берген екен. Осылайша ол туған еліне қайтып оралып, халықтың рухани өмірін жаңғыртуға кіріседі. Ысмайыл ата елге келісімен көптеген кереметтер көрсетіп, халықты бірлікке, білімге, отырықшылыққа және диқаншылыққа шақырады. Оның насихаты мен әрекеттері Тұрбат өңірінің рухани өркендеуіне зор ықпал етті.
XIV ғасырда жарты әлемді жаулап, түркі-мұсылман әлемінің аса ірі тұлғасына айналған Әмір Темір Ысмайыл атаның ұрпағы Қожа Байазитті ұстаз тұтқан. Ол өзінің ұлы да сол діни жолды ұстанып, Ясауи іліміне негізделген тариқатты құрметтеген. Әмір Темірдің бұл ықыласы мен құрметі Ысмайыл ата мен оның әкесі Ысқақ атаға арнап зәулім кесенелер тұрғызуға себеп болған.
Ал XVI ғасырда Үндістанда Ұлы Моғол империясының негізін қалаған Бабыр патша өзінің әйгілі «Бабырнама» атты мемуарында Ташкенттегі хан сарайынан Тұрбатқа — Ыбрайым ата мен Ысқақ ата мазараттары орналасқан қасиетті мекенге барғаны туралы жазады. Бұл сапарда ол нағашысы, Шығыс Моғолстан ханы Сұлтан Ахметті қарсы алғанын баяндайды.
Ысмайыл атаның ерекше қасиеттері бала кезінен-ақ байқалған. Оның бойындағы керемет күш пен рухани тазалық оны қатарларынан ерекшелендіріп тұрған. Әулиелігі соншалық — тіпті жаугершілік заманында, қалмақтардың қолына түскен шақта да, баққан қойлары ерекше семіз, күтімді болып жүрген екен. Бұл жағдайдың өзі оның табиғатпен, Жаратқанмен тікелей байланыста болғанын көрсетсе керек.
Ысмайыл ата Жаратқанның ерекше назарында болған адам ретінде, болашақта болатын апаттарды — жер сілкінісін, табиғи зауалдарды алдын ала сезіп, болжай алған. Халық арасында ол кісі туралы «болашақты болжаған, табиғаттың тілін түсінген» деген сенім осыдан туған. Бұл қасиеттер оның тек діни ілім иесі ғана емес, рухани көреген, нағыз әулие болғанын дәлелдейді.
Ысмайыл ата қой бағып жүргенде, жиі төбенің басына шығып алып, зікір салып отырады екен. Сол кезде оның қойларының барлығы айналасында жайылып жатқанымен, тып-тыныш болып, зікірге ұйып жататын. Бірде осы көріністі байдың адамдарынан біреулер байқап, байға келіп айтады: «Сенің қойшың қой бағып жатқан жоқ, ол төбенің басында отырып, зікір салып жатыр. Қойларың аштан өлейін деп жатыр!» дейді.
Монғолдар мұндай сөздерге сеніп, Ысмайыл атаның қой бағып жүрген жеріне келіп, оның не істеп отырғанын көруге барды. Қараса, Ысмайыл ата шынымен де төбенің басында зікір айтып отыр екен. Бірақ қойларының барлығы семіз, құйрықтары үйдей, денелері толығымен сау екен. Бұған таң қалған бай олардың бірін сұрайды: «Сен бұл қойларды қалай бақтың?» деп. Ысмайыл ата жауап береді: «Мен тек Аллаға зікір айтамын. Ол менің зікірімен қойларымды бағып жүр».
Бұл жауап байды таң қалдырып, оның мұсылмандық ілімінің бір кереметіне сенуіне себеп болады. Ол Ысмайыл атаның мұсылман дінін қабылдауға шақырып, «Сен бізді өз дініңе кіргіз, бізді де мұсылман қыл!» деп өтініш жасайды. Сөйтіп, монғолдар біртіндеп Ысмайыл атаның ықпалымен мұсылман болып, оның рұқсатын алып, Бұқараға қарай сапар шегеді.
Қазақтың ұлттық қасиетті орындары қатарында Ысмайыл ата да ерекше орын алады. Ол орта ғасырларда кең танымал болған шайхтардың бірі ретінде тарихта қалды. Ысмайыл атаның есімі көптеген кітаптарда кездеседі, бірақ оның өмір сүрген уақытына қатысты нақты деректер әртүрлі болып келеді.
Қалай болғанда да, Ысмайыл атаның өз баласы, атақты Ысқақ Шайхтың жазып қалдырған «Қадикат әл-арифин» атты еңбегіне сүйенсек, Ысмайыл ата XII ғасырдың соңында дүниеге келіп, XIII ғасырда өмір сүріп, XIV ғасырдың басында дүниеден өткен. Ол осы өңірдегі, түркі әлеміндегі ең атақты әрі ұлық әулиелердің бірі болып саналады.
Ысмайыл ата тарихына байланысты төңкеріс жасайтын жаңалықтардың бірі 1987 жылы америкалық ғалым Дэвин ди-Уис тарапынан ашылды. Ол Кабул ұлттық мұрағатынан Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат әл-Арифин» (қазақша айтқанда «Ғалымдар бақшасы») атты еңбегінің қолжазбасын тауып, оны ғылыми айналымға енгізді.
Бұл жаңалық үлкен тарихи мәнге ие, себебі Ысмайыл атаның мұрасы мен оның ұрпақтарының ілімі туралы құнды мәліметтер ашылды. Сонымен қатар, халық арасында көптеген қолжазбалар жиналып, олар сараптамадан өтті. Осы зерттеулердің нәтижесінде Орталық Азиядағы исламдандыру үдерісі және киелі насабнамалар, сондай-ақ Ысқақ бабтың мұрасы мен Риуаттар мен шежірелер дәстүрінде жазылған екі томдық жинақ жарық көрді.
Ысмайыл ата туралы деректер XIX ғасырдан бастап орыс, өзбек, түрік ғалымдарының еңбектерінде кездеседі. Әсіресе, Науаи өзінің шығармаларында Ысмайыл атаны әкесі Ыбырайым ата мен Қожа Ахмет Ясауидің інісі ретінде сипаттайды. Осылайша, екі мыңыншы жылға дейін ғалымдар мен тарихшылар бұл деректі біртұтас қабылдап келген еді.
Алайда, 1987 жылы америкалық ғалым Дэвин Дьюс Ауғанстандағы мемлекеттік мұрағаттан Ысқақ қожаның «Хадикат әл-әрифин» атты қолжазбасын тауып, ғылыми айналымға енгізді. Бұл жаңалық үлкен мәнге ие болып, ғалым мақала жариялап, Ысқақ қожаның сөзін келтірді. Онда Ысқақ қожа өзі айтқандай, өзінің әкесі Ысмайыл атаның, ал Ысмайыл атаның әкесі Ыбырайым атаның Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Софы Мұхаммед данышпан арқылы тарихатқа кіргенін атап көрсетеді.
Қожа Ахмет Ясауи тарихаттың негізін қалаған тұлға болып табылады. Одан кейін оның шәкірті Софы Мұхаммед данышпан, оның шәкірті Сөксек ата, оның шәкірті Ыбырайым ата, Ыбырайым атаның шәкірті Ысмайыл ата, ал Исмайыл атаның шәкірті Ысқақ ата болып жалғасқан.
Ысмайыл ата мен оның ұрпақтарын біртұтас тұлғалар ретінде мойындаған Әмір Темір оларға үлкен құрмет көрсетіп, сәулетті кешен тұрғызуға бұйрық берген. Осылайша, Тұрбаттағы кесенелер кешеніне Ысмайыл ата кесенесімен қатар оның бауыры Жәбірейіл ата, нағашы Қошқар ата және ұлы Ысқақ баб кесенелері де салынды.
Ысмайыл ата кесенесі Қазығұрт ауданының Тұрбат елді мекенінде орналасқан. Кесененің жалпы көлемі 572 шаршы метрді құрайды, ал биіктігі 17 метр, ені мен ұзындығы 12 метрге тең. Кіреберіс есігінің биіктігі 1 метр 50 сантиметр. Кесенеде бір бөлмелі құрылым бар, Ысмайыл ата осы бөлменің сол жағында орналасқан.
Аталған кешеннен бүгінгі күнге дейін тек шілдехана мен сыртқы қоршаудың басты қақпасы ғана сақталған. 2003 жылы кешен күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта бұл кесене орта ғасырлық тарихи жәдігер ретінде мемлекет қарауына алынған.
Ысмайыл ата кесенесі алты бөліктен тұрады. Оның құрамына Исмайыл ата, Хошқар ата, Шілтен ата, Жәбірейіл ата және Исмайыл ата мешіті кіреді. Кесененің бастапқы кезде шағын болған бас қақпасы кейіннен кеңейтілген. Бұл кешеннің ерекшелігі – XIV ғасырда шеберлердің қолынан шыққан бір қақпаның болуы. Бұл қақпа Ысмайыл ата кесенесінің кіреберісінде орналасқан.
Кеңес үкіметі кезінде бұл қақпа қырық жыл бойы Түркістандағы Хазірет Сұлтан мешітінде сақталды. Бірақ кейін ол өзінің тарихи орнына қайта орнатылды.
Қазіргі уақытта, бұл қасиетті орынға келушілер үшін қонақ үй салынуы жоспарлануда. Сонымен қатар, мешіттің және кесененің аумағында үлкен мұражай салу жоспары да бар. Бұл қадамдар саяхатшылар мен зияратшыларға қызмет көрсету және тарихи мұраны сақтап, насихаттау мақсатында жасалуда.
Ысқақ ата кесенесі – Тұрбат ауылының оңтүстік беткейіндегі қырқада, Тастақсай өзенінің сол жағалауында орналасқан архитектуралық кешен. Бұл кешен төрт нысаннан тұрады: Ысқақ ата кесенесі, Кіші мазар, мазар және атаусыз мазар кесенелері. Кесенелер алғашқыда XI-XII ғасырларда салына бастады, кейін XIV-XV ғасырларда, темір дәуірінде кешенің құрылысы толық аяқталды.
Ысқақ ата кесенесі Шатыр-жабынды сәулет стилінде салынған және ол XII ғасырда өмір сүрген Караханидтер дәуіріне жатады. Бұл кесене Қазақстандағы ең көне кесене ретінде танылып отыр. Кесененің көне суреттері мен мәдени мұра ретінде маңыздылығы ескеріліп, 2007 жылы толық қалпына келтірілді.
Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ Қожа, әкесінің мұрасын жалғастырушы ретінде белгілі. Ысқақ Қожа осы қауымның басшысы болып, әкесінің жолын жалғастырған. Смайыл атаның өзі он сегіз ұлы, он жеті қызы болған. Ол жүз жиырма жыл ғұмыр сүрген. Ысқақ қожа, әсіресе, Ысмайыл атаның ісін жалғастырып, тарихта үлкен із қалдырған тұлға.
Ысқақ қожаның еңбегі – «Хадикат әл-Арифин» атты шығармасы, ол Ысмайыл атаның шежіресіне арналған болып саналады. Бұл шығарма шағатай тілінде жазылған және қазіргі қазақ ғалымдары оны аударып, көп пайдаланып жүр. Өз дәуірінде бұл шығарма үлкен мәнге ие болып, Ясауи ілімі мен тарихатын жалғастырушы ретінде елді ізгілікке, бірлікке шақыру мақсатын қойған.
Ысмайыл атаның ұраны: «Ыстықта бір-біріңе саябан болыңдар, аштықта нан болыңдар, суықта көрпе болыңдар», – деген сөздері оның халыққа деген мейірімділігі мен адамгершілігінің айқын дәлелі.
Қасиетті Қазығұрт баурайында өсіп-өніп, туған жерінің даңқын арттырған Ысмайыл ата мен оның ұрпақтарының есімі уақыт өте келе ұмытылмай, олардың ғибратты сөздері мен тағылымды істері ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Қыран Алтай