
1939 жылы бірінші қыркүйектен 1945 жылдың екінші қыркүйек аралығын қамтитын II дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында ең ірі әскери теке-тірес болды. Соғыс Еуропа, Азия және Африка құрлықтарының алпыс бір мемлекетінің жер аймағында жүргізілді. Жалпы бұл соғысқа бір млрд жеті жүз млн адам қатысқан. Бұл әлем халықтарының 4/5 бөлігі еді. Бұл соғыс 1530 тәулікке созылған.
1941 жылы 22 маусым, таңғы сағат төртте фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау туралы келісімшарты өрескел бұзып КСРО шекарасына басып кірді. Бұл ХХ ғасырдың өн бойындағы ең қанқұйлы соғыс болатын. Соңғы Ресей тарихын зерттеу институтының ғылыми зерттеуі бойынша КСРО-ның адам шығыны жиырма миллионнан астам емес, қырық үш миллион деп көрсетілуде[1].
Қазақстан Республикасы бойынша соғыс жылдары бір миллион 700 мыңнан астам адам Отан қорғаушылардың сапына тұрды. Олардың тең жартысынан астамы майдан алаңында каһармандықпен қаза тапты. Батыс Қазақстан облысы бойынша әскерге шақырылған адамдардың саны 76635. Бір ғана Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылынан соғысқа шақырылған 80 адамның 45-і елге қайтпаған [2]. Қазіргі Теректі ауданының балықшы, яғни Рыбцех ауылынан әскерге шақырылған 50 адамның 36-сы соғыстан оралмаған. Қаратөбе ауданынан 3700 адам әскерге шақырылса, оның 1500-дейі соғыстан оралмаған [3].
Соғыстың ең ауыр соққысы шекараны қорғаушыларға тиді. Брест камалын қорғау кезінде үш мыңдай Қазақстандық жауынгерлер жанқиярлық ерліктердің үлісін көрсетті. Солардың бірі 1939 жылдың соңында әскер қатарына шақырылып, батыс шекараға жіберілген, біздің құрметті ұстазымыз, ғалым тарихшы Зейнолла (Зейнекеш) Аманғалиев. 3.Аманғалиев Белоруссия шекарасында орналасқан 2-заставаның №88 шекарашылар бөлімінде әскери қызметін аткарды. Брест қамалын ерлікпен қорғаған 4000 Қазақстандық жауынгерлерінің бірі, ол бірнеше жарақат алса да,соғыстан аман оралды [4].
Ұлы Отан соғысы майдандарын да толық емес деректер бойынша 7000-ға жуық қыз-келіншектер қатысқан. Олардың қатарында Кеңестер Одағының батырлары 54-ші атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова, Қазақтың 100-ұлттық атқыштар бригадасының пулеметшісі Мәншук Мәметова, қазақ тарихында кең аспанға құстай қалықтап, 300 рет әуе шайқасына қатысқан қазақтың тұнғыш ұланды аға лейтенант ұшқыш – Хиуаз Хайырлықызы Доспанова, «Халық каһарманы», жымпитылық мерген қыз Мәлика Тоқтамысова, байланысшы Гарифа Рахметова, партизан-радист Нұрғаным Байсейтова тағы да басқаларын мақтаныш пен атауға болады.
1943 жылы Жымпиты (Сырым) ауданынан майданға 24 қазақ кыздары жіберілген. Олар Подольск каласында мергендік мектебінде білім алып, алған білімдерін Сталинград майданында колданған. Қазақ қыздарының ерлігі мен Отан суйгіштігі бүкіл майданға орысша-қазақша шығатын акпарат құралдары арқылы таралды. Мерген қыздардың әрқайсысының есебінде бірнеше ондаған жау әскері болды. Осы қазақ аруларының қатарында, өте сүйкімді қара көзді Мәлика Тоқтамысова ерекше көрінетін. Оның өзін-өзі ұстауы құрбыларының арасында өзгелермен тез тіл тауып кетуі, Отанға деген сүйіспеншілігі мен өз ұлтына деген мақтанышы қаруластарының арасында мәңгі есте калды. Мәлика әріптестерінің арасында алғашқы болып мерген қыз ретінде есеп ашты, бірақта Гитлерлік жендеттер мергеннің әрбір қадамын ерекше бақылауда ұстады. Ұлы қазақ халқында «Аңдыған жау алмай қоймас» деген мақал бар. 1944 жылдың шілде айыны 14-інде мерген қыз ерлік пен жау оғынан қаза тапты. Әйелдердің мергендік мектебі Казталовка ауданында болған. Батыс Казакстан Облысы мемлекеттік мұрағат қорында 210 сағаттық бағдарлама мен оқып бітірген 35 курсанттың тізімі сақталған [5].
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап, барлық кен байтақ Кеңес еліндегі сияқты Батыс Қазақстандықтар Отан қорғауға бір кісідей ат салысты. Ұлы Отан соғысының қарсаңында Батыс Қазақстан облысының жер көлемі 151,2 мың шаршы шақырым болатын. Бұл Европадағы Бельгия және Албания мемлекеттерінің жерлерінің көлемін қосқандағы мөлшерге тең. 1939 жылғы санақ бойынша облыста 395 мың 631 адам тұрған. 1941 жылдың 22 шілде мен 31 желтоқсан аралығында бірінші лекте 22943; 1941 жылы екінші лекте 28338; үшінші лекте 8084 және 1945 жылы 1335 адам әскерге алынған. Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан облысынан 80 мың адам соғысқа алынса, оның 36548-і қан майданнан елге оралмаған [6].
Батыс Қазақстан облысы бойынша 44 адамға соғыс жылдарындағы қаһарман ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген, сондай-ақ 6500-ден астам адам Ұлы Отан соғысына қатысушы Оралдық солдаттар мен офицерлер батылдығы мен ерлігі, әскери шеберлігі үшін Кеңес Одағының және шет елдердердің ордендері мен медальдері мен марапатталды.
Орал қаласында жеке 152-ші атқыштар бригадасы ұйымдастырылып, ол Сталинград майданына жіберілді. Кейіннен бұл бригада Дондағы Ростов, Мелитополь калаларын азат етуге Висла жэне Одер өзендерімен өту жорықтарына қатысқан.
Соғыс жылдарында Батыс Қазақстан облысында жасақталған жекелеген қазақ бөлімшелері 7-інші, 8-інші атқыштар полкі, 129 Молодоечненск миномет полкі қатарында ерлікпен шайқасты. Сондай-ақ, 86-шы артиллерия бригадасы Орал қаласында құрылды. Бұдан басқа соғыстың алғашқы күндерінде Орал станциясының теміржолшыларынан халық жасақшылар батальоны, ал қала тұрғындары есебінен бір атқыштар полкі жасақталды. 1941 жылдың тамыз айында Ақтөбеде жасақталып жаткан 312-ші атқыштар дивизисын жедел толықтыру үшін Оралдан екі эшелон әскер жіберілді. Батыс Қазақстан облысынан майданға шақырылған жауынгерлер Москва, Ленинград, Сталинград, Орлов-Курск иінінде, Варшава-Будапеш бағыттарында Берлинге шабуыл жасауда ерекше ерлік көрсетті. Неміс-фашист армиясының женілмейтіні туралы ертегі қиялдың күлі көкке үшқан аса ірі шайқастар қатарында тұрған Москва үшін шайқас. Москваны қорғаушылардың қатарында Ақжайық өңірі жауынгерлерінің ерлігі ұрпақтар жадында мәңгілік есте қалады. Біздің 2080 жерлесіміз осы қаланың түбінде опат болып, көз жұмды [7].
Соғыс өрті қаулаған қалалардан облыс орталығы Орал қаласына Одесса, Ленинград жаяу әскер училищелері, Кіші авиация мамандарының мектебі, Ленинград әскери училищелері, Кіші авиация мамандарының мектебі, Ленинград әскери байланыс училищесі көшірілді. 1941 жылдың 22-23 маусым аралығында облыс бойынша Отанды қорғауға шақырған митингілер бүкіл аудандар мен Орал қаласында болып өтті. Оған жалпы 15 мыңнан астам адам қатысты. 1941 жылдың 26 маусымында Орал өзен пароходствосының ұжымының жалпы жиналысында бүкіл Батыс Қазақстан еңбекшілеріне үндеу қабылдады. Онда былай делінген: «Біз қызыл армияның тылын нығайтуымыз қажет. Бұл мақсатта бүкіл кәспорындар, еңбек ұжымдары өз жұмыстарын бұрынғыдан да жандандыра түсіп, мейлінше көп винтовкалар, пулеметтер, патрондар, самолеттер, зеңбіректер шығару қажет. Отанымызды қорғау мемлекеттен орасан көп шығынды талап етеді.Өзіміздің еңбек майданында қарқынды еңбегіміз бен күш-қуатымызға қоса, Отанымыздың қорғаныс қабілетін нғгайту мақсатында өз қаржымыз бен де көмектесуіміз қажет. Біздің өзен-пароходство басқармасы Отан қорғаудың жалпы халықтық қорын құруға бар ынтасымен кіріседі. Біз соғыс толық жеңіспен аяқталғанша ай сайын бір күндік еңбек табысымызды мемлекет есебіне аударамыз. Біздің бұл қаржымыз Қызыл армияға зеңбірек, самолет, пулемет, винтовкалар өндіру үшін жұмсалсын. Бұл үндеу облыстық «Екпінді құрылыс» және «Приуральская правда» газеттерінде жарияланды[8].
Орал өзен-пароходствосы ұжымының бұл үндеуі Орал өңірі еңбекшілерінің тарпынан кеңінен қолдау тапты. Соғыс жеңіспен аяқталғанға дейін әр ай сайын бір күндік еңбек табысын мемлекет есебіне аударуға механикалық завод, нан комбинаты, «Красный Октябрь» киіз- байпақ фабрикасы, ет комбинаты, өрттен корғау отряды, Орал мұнай базасы, Теректі МТС, Орал педагогикалық институт ұжымдары шешім кабылдады. Тіпті, әр ай сайын екі және үш күндік еңбек табысын мемлекеттік қорға аударуды Қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы, Приурал ауданының «День Парижской Коммуны» ұжымшары екінші бригадасының мүшелері, Nº3-ші орта мектептің мұғалімдер ұжымы міндеттеріне алса, «День Парижской Коммуны» ұжымшарының агрономы Мария Гугина «5-күндік еңбек табысымен қатар, 50 литр сүт тапсырамын», деп мәлімдеді. Отан қорғау қорына Бөрлі ауданының еңбекшілері 4361 рубль аударса, Жымпиты (Сырым ауданының еңбекшілері 49528 рубль қаржылай үлес қосты). Приурал ауданының Карл Маркс атындағы ауыл шаруашылық артель мүшелері Батыс Қазақстан еңбекшілеріне елдің қорғаныс қорына өз қоймаларындағы бар тарыны тапсыруға шақырды.
Карл Маркстіктердің бұл шақыруына үн қосқан Приурал ауданының «Красный хуторок» және «Вперед к коммунизму» ауыл шаруашылық артельдері әр қайсысы 2000 ц. тарыдан тапсырса, «Красный клиндіктер»-1500ц., Чкалов атындағы ұжымшарлықтар 1000 ц.тары тапсырды. 1941 жылдың 24 қыркүйегінде облыстың дайындау пунктіне 49200 пұт тары тапсырылды. Сондай-ак, майдангерлерге 100 вагон азық-түлік пен 90 мың дана жылы киім жіберілді. 1941 жылдың өзінде Тасқала ауданы қорғаныс қорына 600 центнер астық, 15.143 сом ақша 6 бас ірі қара тапсырды. Танк колоннасын құру мақсатында аудан орталығы Шиповтықтар 3830 сом ақша берсе, аудан колхозшылары 10 мың сомнан астам қаржы жинады. Жымпиты ауданындағы «Коминтерн» ауыл шаруашылық артель мүшелері үш күндік еңбек табыстарын тапсыруға шешім қабылдап, осы ұжымның төрғасы Жұмашов- жеке сиырын тапсырса, 60 жасар Тұрғалиева-екі қойын өткізді. Танк колоннасын құруға 59 мың Батыс Қазақстан облыс тұрғындары 441,5 мың рубль, 11 тонна бидай, 50 тонна метал сынықтарын тапсырса, Орал қаласының мешіт пен шіркеулер арқылы-370 мың рубль тапсырды. 1942 жылдың бірінші сәуірінде Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік банкісіне Корғаныс қорының есеп шотына түскені:
1. Ауыл шаруашылық өнімдері:
а) Дәнді дақылдар-1772 т;
ә) Шошқа майы «Сало»- 19 т.
б) Май-2208 кг;
в) Сүт-39 мың литр;
г) Жүн-18,4. ц;
д) Ірімшік-109 кг;
ж) Ет-1026 ц.;
3) Терi-1652 дана
Қымбат металдар (Күміс, алтын, платина) 18 кг.
Облигация- 4.761000 сом.
Ақшалай- 6 млн. сом [9].
Жалпы қымбат металл бұйымдарды тапсыру ұсынысы колхозшы және үй шаруасындағы әйелдерден түсті. Соғыстың алғашкы күні Теректі ауданындағы Федоровка ауылының тұрғыны Иманғұлова бүкіл күміс әшекейлерін шешіп, «Енді әйелдерге ең асыл әшекей - Отанға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық болсын, бұл менің майданға деген көмегім!» - деген сөздермен өтіп жаткан жиналыстың президиумына ұсынды. Колхозшы Мистина үйдегі күміс қасықтар мен қоса, 9030 рубльдің облигациясын, Семенова бүкіл қымбаттарын: сырға, алқа, тіпті, некелік сақинасын тапсырса, Воробьева екі күміс рюмка, мың сом облигациясын және екі алтын тіс каронкасын тапсырған.
1943 жылдың қарсаңында Батыс Қазақстан облысы еңбекшілері қорғаныс қорына 360 гр.алтын, 14234 гр. күміс және 536 гр. платина жинап тапсырған. Бұл кездегі Қазақстанның Отандық Қорғаныс қорына қосқан ақшалай және қымбат мүліктегі үлесінің құны 67 млн. 968 мың сом болды.
Ұлы Отан соғысының барысында әскери колонналарды техникамен жабдықтауға еңбекшілер есебінен көп қаражат жиналды. Жалпы бұл бағытта Қазақстан еңбекшілері 4 млрд. сом жинаса, осы ізгі шараның көш басында 325 мың сом тапсырған Құрғаш Баймағанбетов болды. Батыс Қазакқстан облысы еңбекшілерінің қосқан үлесі 237 млн. 209 мың сом. Жекелеген аға- апаларымызды атап өтетін болсақ: Леонит Михаилович Горбов - 1 мың. сом және 60 пұт астық, Төлебай Бекежанов- 90 мың сом, Надежда Прусакова 65 мың сом, Элижанов-61 мың сом, Ақбөпе Қадірова 60 мың сом, Нығымет Имашев- 40 мың сом, Алексей Сидоров пен Николай Кутищевтер- әрқайсысы 30 мың сом үлес қосқан. Москва, Кремль. Сталин жолдасқа: Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы Буденов атындағы ұжымшарда қызмет жасайтын Нығымет Имашевтан. Мен 65 жастамын, 630 еңбек күн атқардым. «Қазақстан колхозшысы» танк калоннасының құрылысына 40 мың сом үлес қосамын. Қызыл армия гитлерлік басқыншыларды тезірек талқандасын!- деп, жеделхат жолдаған Нығымет Имашев өнегесі де майдандағы жеңіс жолындағы мәрттік еді.
Біздің өлкеміздің көптеген еңбеккерлерінің ерен ерлігі, Қарулы күштерді нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін Бас қолбасшысының атынан ризашылық жеделхаттарын алды. Олардың қатарына: Шаған МТС механизаторы Л.М.Горбов, Буденовка, МТС трактор бригадасының бригадирі, атақты Паша Ангелина, 6-шы темір жол дистанцисының жол жұмысшысы Кирилл Селевка, Орал өзен-пароходствосының ұжымы, Зеленов ауданы Фрунзе атындағы ұжымшар, Орал қаласы Спасско- Преображенск шіркеуінің келушілері мен Священниктері, Nº 6 ер балаларға арналған мектептің ұжымы да бар. Бұған Бас Қолбасшы, Генералиссимус, И.В.Сталиннің жедел хаты куә. «Катюша» пушкасын құруға 25 мың сом қаржы жинаған Nº 6-шы орта мектептің директоры Я.М.Родяга, Қызыл армия және өз атымнан зор денсаулық, оқуда және қоғамдық өмірде табыс тілеймін. И.Сталин делінген жедел хат келген.
1942 жылы Тасқала ауданының ұстаздары мен мектеп оқушылары сүңгур қайықтың құрылысы үшін 10 мың 865 сом жинап, майдандағы жауынгерлерге 320 жылы киім, олардың елдегі отбасыларынан 1 мың 765 сом ақша, 4 ц. бидай, 5 ц. тары, 12 ц. картоп тарту етті. 50 Қызыл әскер отбасына 2110 ц. пішен тасып берді. Батыс Қазақстан облысында танк колоннасына қаржы жинау қозғалысының басы-қасында Рязан-Уральск темір жолы бөлімшесінің жұмысшы-қызметкерлері болды.
1941 жылдың 27-ші маусымында Кеңес үкіметінің (кейіннен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941ж. 7 тамыздағы Директивасымен толықтырылды) «Адамдар мен дүние мүлікті тысқа шығарып,орналастыру туралы»Қаулысы шықты. Еш нәрсені жау қолына қалдыруға болмайды. Шығысқа адамдар, станоктар мен құрал-жабдықтар, басқа да материалдық және мәдени құндылықтары бар мүліктер тиелген эшелондар ағыла бастады.
1941 жылғы шілдеде Орал облыстық партия комитеті, Василевскийге, облысты атқару комитеті, Құстамбаевқа: «Сіздің облысқа таяу күндерде майданға жақын орналасқан аудандардан эвакуацияланған тұрғындар келеді. Келетін тұрғындарды облыстық, аудант орталықтарында, МТС-терде, өнеркәсіп орындарында, ұжымшарларда қабылдап, орналастыруға жедел шаралар алуыңызды міндеттейміз. ҚКП (б) ОК Хатшысы Скворцов. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Оңдасынов».
1941 ж. 19 тамызында Оралға Кремльден эвакуация жөніндегі Кеңестің Төрағасы Н.Шверник қол қойған Nº 5523 үкім (распоряжение) келіп түсті. Онда Москвадан келетін 15 поезды қабылдап және орналастыру туралы айтылған. Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1941ж. З қыркүйектегі «Майдан іргесіндегі аудандардан эвакуацияланғандарды қабылдау»шешімімен, облыстық атқару комитеті жанынан 4 адамнан эвакуациялық бөлім құрылды. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында сол қаһарлы жылдардың құжаттары сақталған. Мысалы: 1941 ж. 5 қыркүйегіндегі мәліметте: барлық келгендері- 4702 адам. 1.Москвадан -308, Ленинградтан-99, Киевтен-136. Оның ішінде ерлер-937, әйелдер-2022, балалар-1762 адам. Еңбекке жарамдылары- 2653. әскер жасындағылар- 1021. Жұмысқа және тұрақты мекендеуге жіберілуі: ұжымшарларға - 2323, кеншарларға - 2020, МТС - 4, өнеркәсіпке - 258. Мамандықтары және кәсіби деңгейі: профессор - 2, инженер -37, техник - 26, мұғалімдер -152, дәрігерлер - 87, медбикелер - 22, агрономдар - 6, токарь және слесарьлар - 54, теміржолшылар - 22, теңізшілер - 9, байланысшылар-48, мәдени қызметкерлер - 97 (Москва және Витебск драма театры), экономист-жоспарлаушылар - 30.
Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің облысқа 64 облыстан 50-мың адам эвакуацияланған. Негізінен, бұлар: Ресей, Украйна, Белоруссия, Молдавия, Балтық, жағалауы республикаларынан. Эвакуацияланғандар: Жәнібек, Орда Бөрлі, Теректі, Приурал, Зеленов, Шыңғырлау, Чапаев және Каменка (Таскала) аудандарына орналастырылған. Мысалы, соғыстың алғашқы кезеңінде Тасқала ауданында - 2 мың жарым адам келген. Олардың барлығы үймен, отынмен, жылы киіммен қамтамасыз етілген. Балалар балабақшаға орналастырылған. 1941 жылы біздің облысқа қоныстаған балалар үйлері мен тәрбиеленушілер: Харьков және Змиевск балалар үйі - 335 адам, Тула - 35, Полтава - 79, Могилев облысы Хотим аудандық балалар үйі - 138, тағы да басқа жалпы саны- 627 бала. Балалар негізінен Орал қаласында, Теректі ауданы Новопавловка, Зеленов ауданы, Круглоозерное, Чапаев ауданы Мерген ауылдарында және Жымпиты, Шынғырлауда орналасқан. 1942 жылы Сталинград облысынан 2 балалар үйі көшірілді. Олар Чапаев ауданының Коловертное және Бударино ауылдарында, сондай-ақ, Тайпақ ауданының Антон ауылында орналасты.
Соғыс жағдайының қиындықтарына қарамастан, балаларды 1-ші кезекте тамақпен, қысқы-жазғы киім-кешекпен қамтамасыз ете отырып, денсаулықтарын қалпына келтіру мақсатында балалар санаториялары ашылды. Аналары алаңсыз жұмыс жасау үшін бала бақшаларында қосымша топтар құрылды. Батыс Қазақстандықтар көптеген ата-анасыз қалған балаларды бауырларына салып алып, жетімдік кайғы- қасіретінен құтқарды. Бұл халықтар достастығының еш бояусыз шынайы белгісі болатын[10].
1941 жылдың маусым-қараша айларында Оралға, Сібірге, Еділ жағалауына, Қазақстанға және Орта Азияға 1553 кәсіпорын, оның ішінде 1360 әскери завод көшірілді. Бір ғана 1942 жылы Қазақстанда қару-жарақ пен стратегиялық материалдар, азық-түлікке қатысты 110 ірі жаңа кәсіпорын іске қосылып, көшірілсе -142 өндіріс орны орналасты.
Майдан мен тылда түбегейлі өзгерістер жасау барысында Оралдағы кәсіпорындар қару-жарақ, оқ-дәрі және құрал - жабдықтар шығаруды екі есе арттырды. К. Е.Ворошилов (Зенит атындағы зауыт ұжымы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын екі дүркін жеңіп алды.
Кейін зауытқа соғыс кезіндегі Ерен Еңбегі Үшін 1-дәрежелі Отан соғысы ордені берілді. Зауыт конструкторлары Н.Н.Шамарин, В.Д.Горбунов және Г.И.Жихарь жаңа қаһарлы қару жасағандары үшін І дәрежелі Сталин (Мемлекеттік сыйлығына ие болды).
Соғыс өрті лаулаған аудандардан адамдармен қатар өнеркәсіп орындары да көшірілді. Алғашқылардың бірі болып, Украина Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 ж. шілдедегі шешімімен Киев «Киіз- байпақ басу» фабрикасы (директоры Соболев келді).
1941 ж. 10-шы қыркүйекте Оралға Ленинградтан № 231 К.Ворошилов атындағы завод, 35 адам тиелген вагон және 194 завод жабдықтары тиелген вагон келді. Бұл қазіргі «Ұлы Отан соғысы» орденді «Зенит» заводы. 1941 жылы 11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық кеңесінің аткару комитеті мен облыстық партия комитеті «№231 заводты орналастыру туралы» қаулы қабылдады. Бұл заводтан сәл кейін Северный Палмирден «Двигатель» заводының (директоры М.Б.Розенштейн) мамандары мен құрал-саймандарын оралдықтар қабылдады.
1941 ж. 24 қыркүйекте Н.Шверниктің атына Москваға жіберілген жедел хатты ХКК №101 қаулысының сәтті орындалып жатқаны баяндалған. КССР ХКК 1941 ж. 29- қазандағы қаулысына сәйкес, 1941 ж. 5 желтоқсанда Землячка атындағы Москва тері заводы да (директоры Крыжановский) Оралға көшірілді. Бұл завод біздің қаламызда 2002 ж. дейін жұмыс істеді. Сондай-ақ Оралға Воронеж облысынан Ряж арақ-ликер заводы, Запорожье облысынан Орехов машина жөндеу заводы, т.б келіп орналасты. Өзге өңірлерден көшіп келген завод мамандарымен қатар, жергілікті өндіруді 4 есеге арттырды. Егер 1940 жылы Орал ет консерві комбинаты 1 млн 074 мың банк консервлер өндірсе, 1941 жылдың сонында 4 млн 505 мың банк консервлер өндірілді. Ал тері тон заводы 1940 жылы 31 мың 602 дана әртурлі өнімдер өндірілсе, 1941 жылдың соңында өнім 47 мың 168 данаға жетті. Орал теміржол торабы бойынша 1941 жылы мамыр айына 1 мың 503 вагон жүк тиелсе, қыркүйек айында 4 мыңнан астам вагонға жүк тиелді. Орал өзені бойынша жүк тасу 1940 жылға қарағанда 1941 жылдың соңында: астық тасымалдау 23 мың 482 тонна, құрылыс материалдары 21мың 841 тонна,мұнай өнімдері 4866 тонна, көмір 877 тонна т.б.артық тасылды. 1942 жылдың жазында Еділ мен Дон өзендері аралығында дүниежүзілік соғыс тарихында ең ірі шайқас болды. Неміс қолбасшыларының соғыс жоспары бойынша Орал қаласын жаулап алу 1942 жылдың 1қыркүйегіне, ал Астрахань қаласын алу 10 қыркүйекке деп жоспарланған еді. Орал ет комбинат жұмысшысы Қалида Ермухатованың енбектегі ерлігі, тылдағы жанқиярлықтың үлгісіне айналды. 1944 жылдың 13-ші қыркүйегінде шыққан «Отанды қорғау» газетінің №77 санында. «Қазақстан әйелдері Отан соғысы күндерінде» - деген мақала жарияланған[10]. Мақала авторы Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Председательдің орынбасары Ш.Ермағанбетова. «Қазіргі қазақ халқының мыңдаған ұлдары Отан соғысы майдандарында неміс-фашист жауыздарымен шайқасуда. Олардың елдегі аналары, әйелдері, қарындастары, қажырлы қайратпен еңбек етіп, жауды біржолата жеңу сағатын жақындату үшін Қызыл Армияның жауынгерлеріне жердемдесуде. Қазақтың атақты әйелдерінің бірі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ермұхатова Қалида. Орал ет комбинатының консерві цехында жұмыс істеп жүр. Ол үнемі өндірістік жоспарын асыра орындайды және өндіріс цехындағы ұйымдастыру жұмысына белсенді түрде көмектеседі.
Жақсы жұмыс істегені үшін К.Ермұхатова жолдас «Құрмет белгісі» орденімен наградталды - деп жазылған. Сондай-ақ: тері-тон жұмысшылары Скоробогатова, Кожевникова, Саяпин, Кузбаев, Рудоковалар ауысымдык тапсырмаларын 250-300 пайызға орындаса, механикалық заводтың токар-слесарлары: Плетнев, Токарев, Лисов, Твеленов, Затворников, Соловьев пен Фомичевтер ауысымдық жұмыстарын 2-2,5 есе орындады. Орал теміржол депосының фрезершігі өз тапсырмасын 250-300 пайызға орындаса, оның жұмысшылары Олейников пен Гамаюновтар аусымдық тапсырманы 3 есе артық атқарды. Машина жөндеу шеберханасының токарі Русинов бір мезгілде 3 станокта жұмыс істей жүріп, екі шәкірт тербиеледі, өндірістік тапсырманы 400-450 пайыз орындалуына қол жеткізді. 1942 ж, қазан айында «Приуральская правда» газетінде Батыс Қазақстан облысында мыңдықшылардың (тысячники) қозғалысының дүниеге келгендігі жөнінде хабарлады.
1942 жылдың 7 қазанда Nº 231 заводының фрезершісі Цветков технологиялык процесті өзгерту, жаңа сайманды пайдалану арқылы аусымдық тапсырысты 2/2,5 пайыз орындаған. Бұл көрсеткішті 1942 ж. желтоқсан айында осы заводтың жұмысшысы П. Комиссаров артығымен өзгертті: ол тапсырманы 2175 пайыз орындап, детальды жонып-әзірлеп шығаруға қажетті 43 сағат орнына, 2 сағат уақыт жұмсады. Ауыл шаруашылық техникаларының әскери мекемелерге берілуіне және механизаторларының жаппай майданға аттануына байланысты ауыл шаруашылық жұмыстарының негізгі бөлігі қолмен атқарылды. Соған қарамастан, селодағы жұмыс қарқыны толастаған жоқ. Мысалы: «Коминтерн» ұжымшарының А. Тұрғалиева басқаратын бригада мүшелері аптап ыстыққа, еңбектің ауырлығына төзіп, 7 күн бойы егістік алқапта, үзіліссіз еңбек етті. Сөйтіп, олар мемлекеттік астық тапсыру жоспарын 100% орындап шықты.
Қалалықтардың жанқиярлық еңбегінен ауылшаруашылық қызметкерлері де қалыспады. Ең ауыр жұмыс - соғыс өрті шалған аудандардан келген малды қабылдап, мал басын аман сақтап қалу болды. Біздің облысқа Запорожье, Сталинград, Днепропетровскі, Ростов, Воронеж, Черников облыстарынан, Ставропол өлкесінен, Қалмақ автономиялық облысынан малдар әкелінді.
Батыс Қазақстан облысы малшылары Ұлы Жеңіске өлшеусіз мол үлес қосты. Олар 131 мың 777 бас малды, соның ішінде ірі қара 41340, қой және ешкі 83279, жылқыдан 7158-ін сақтап қалды[11].
Негізінен мал: Фурманов, Тайпақ, Бөрлі және Жаңақала аудандарында бағылды. Бұл аудандарда жалпы эвакуацияланған малдың 65-70 пайызы болды. Облыстық атқару комитетінің 1942 ж. 5-қазандағы шешімімен Жымпитыда Ростов «Ет-сүт комбинаты» орналасты. Жалпы 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы барысында облыс бойынша мемлекетке 368,1 мың тонна астық, 74,393 тонна ет, 92,792 тонна сүт және 4,984 тонна жүн тапсырылды.
Неміс-фашист басқышыларының Сталинград қаласына таяп қалуына байланысты әскери округтарда түбегейлі өзгерістер болды. Сталинградқа қатер төнгенде Сталинград майданның құрамына кіретін 28 - армия жасақталды. Оған Оралда құрылған 152-ші дербес атқыштар бригадасы енді. Бұл бригада негізінен Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, Алматы, Шымкент және Арыс қалаларынан шақырылған жауынгерлер есебінен толықты. 1942 жылы 5 тамызда Жәнібек Казталовка, Орда және Фурманов аудандары Оңтүстік - Орал әскери округінің құрамына енді. 1942 жылы
16 қазанда Батыс Қазақстан (Орал) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.С.Василевскийдің басшылығымен Орал қаласын жаудан қорғау комитеті құрылды. Көптеген әскери құрамалар мен қару-жарақ, азық-түлік қоймалары Сайхын, Шоңгай және Жәнібек станцияларында орналасты. 1942 жылдың қазан - қараша айларында Сайхын және Шоңгай станцияларын жаудың 138 самолеті шабуыл жасады. Орда ауданына келтірілген шығын 4 млн. 927 мың 742 рубль болды, сондай-ақ Жәнібек станциясында 41 әртүрлі нысандар бомбаланды. Жалпы шығын 2 млн. 233 мың 951 рубль. Әскери госпитальге тікелей түскен бомбадан 95 жаралы жауынгер мен дәрігерлер және орта буын медицина қызметкерлері қаза тапты.
Сталининград аспанында өзінің ерлік өмірбаянын Орал аэроклубының тәрбиеленушісі Леонид Беда бастады. Ол соғыс барысында 212 мәрте әскери әуе ұрыстарына қатысты. Көрсеткен ерліктері үшін ең үлкен әскери марапат екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры атанды.Сталиниград майданында біздің тағы бір жерлесіміз Иван Гренько батырлықтың тендесі жоқ үлгісін көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. 1943 жылдың 15 қаңтарынан 16-на қараған түні лейтинант Ғаяз Рамаев басқарған взвод ерекше ерлік жасады. Ғаяз жау бекінісіне бірінші болып еніп, өз қолымен 51 гитлершілердің көзін жойды. Ол осы ұрыста қаза тапты. Мамаев қорғанына жерленген.Ғаяз Рамаевкада Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді. Сталининград майданынан өздерінің батырлық жорығын Жәнібек ауданының тумасы Николай Чуликовпен Орда ауданының тумасы Ахмедияр Хусайынов бастады. Кейіннен екеуі де асқан ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Сталиниград шайқасында 1917 жылы Орал қаласын ерлікпен қорғау үшін құрылған 22-ші артилерия полкіде соғысты. Көрсеткен ерліктері үшін бұл полкқа 154-ші Гвардиялық атақ берілді. Сталинград шайқасы ХХ ғасыр тарихындағы ең көлемді шайқас болды. Ол 200 күн мен түнге созылды. Шамамен екі жақтан 2 млн-дай адам шығын болды. 1943 жылдың ортасына дейін біздің облыс Қызыл армияның қажеттілігі үшін: 18 млн. рубль танк колоннасын құруға, 6900 центнер астық, 6155 тонна және 4580 мех тері кожакайы, 23 мың жұп байпақ, 2766 жұн күртешек, 335 мың жұп нәски, 500 жұп қолғап, 11 230 құлақшын жіберген. Сталинград майданының әскери Кеңесінің 1942 ж. 16- қазандағы қаулысы бойынша Батыс Қазақстан облысына әскери госпиталдар да көшірілді. Бұл госпиталдар Чапаев, Орда аудандары мен облыстың орталықтарына орналастырылды[12].
1943 жылдың 21 наурызындағы КСРО ХҚК және БКП (б) ОК және 1943 жылғы 29 тамызындағы КСРО ХҚК мен Қазақстан КП (б) ОК «Неміс окупациясынан азат етілген аудандардың халық шаруашылығын қалпына келтіру» туралы қаулысымен елге келген малдарды кері қайтару жұмыстары жүргізілді. Осы қаулыға сәйкес 1943 жылдың қазан айында Ресей Федерациясына 1944 жылдың көктемінде Украйнаға малдар кері айдалды. Осы мемлекеттік тапсырманы абыроймен орындауға өз үлесін қосқан Жаңакала ауданының атқару Комитетінің төрағасы Бақтығали Уәлиев Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің грамотасымен марапатгалды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы еңбекшілері басқыншылардан азат етілген Ленинград облысының аудандарына 5 мың ірі қара, 156 мың пұт астық, 36 мың пұт ет тағы да басқа өнімдері жіберілді.
Облыстық партия Кеңес органдарының жүйелі жұмысы халықтың бірлігімен табандылығы жеңіске деген жігер, бастысы күннен күнге қуат алған Қызыл армияның майдандағы ірі жеңістері елдің еңсесін көтерді. Бұл оң өзгеріс еңбек өнімдерінің мол және сапалы өндірілуіне ықпал жасады. Осындай ерен еңбектің арқасында 1944 жылы Камен ауданының Шежін МТС-на БКП(б) Орталық Комитеті мен Кеңес Социалистік республикалар одағы Халық комиссарлар Кеңесінің ауыспалы Қызыл туы табыс етілді. Ал Крупская атындғы кеңшарға Кеңес Социалистік Республикалық Одағы совхоздар комиссриатының мемлекеттік сыйлығы берілді.
Егерде 2010 жылы Қазақстан Республикасы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері 46 мың адам болса, 5 жылдан кейін, яғни 2015 жылы олардың саны тек 5 мыңға жуық. Батыс Қазақстан облысы бойынша 200 -ден астам. Олардың ең жасы 88 жаста болатын, қазір олар мүлдем азайды. Ұлы Отан соғысы барша Қазақстандықтарға сындарлы жылдар ғана болып қоймай, Ұлы ерліктің Ордасы болды деп айтуға тұрады.
Әдебиеттер тізімі
1.Анес Ғ.,Тәж-Мұрат М. Батыс Қазақстан облысы энц. – Алматы, 2002.- 216б.
2.Қабжанов Қ. // Егемен Қазақстан. «Қазынасын түгендеген
Шыңғырлау» 10.01.2019.
3.Ақжайық ауданының энц. – Орал, 2008.- 141 б.
4.Сүлейменов С., Сүлейменова Д. Ардагер ағалар.- Орал, 2015.- 19 б.
5.Боранбаева Б. «Бессмертный подвиг наших землячек» //Приуралье газета,
30.04.24.
6.Сулейменов С., Сулейменова Д. Ардагер ағалар.- Орал, 2015.- 11 б.
7.Шынтемирова Б., Боранбаева Б. Отты жылдар қаһармандары.- Орал,2017.-308 б.
8.// Екпінді құрылыс газеті «Халыққа үндеу» 1941. 26.06.№24
9. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі. Қор.2,тізбе 4.
10. // Отанды қорғау газеті. «Қазақстан әйелдері Отан соғысы күндерінде»
1944.13.09.№77
11.Анес Ғ., Тәж-Мұрат М. Батыс Қазақстан облыстық энц.-Алматы,2002.-
320 б.
12.Батырханов А. Тауқымет тартқан тағдырлар.-Орал, 2022.- 280 б.
Сүлейменова Дәметкен
Мемлекет тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері
тарих ғылымдарының кандидаты,қауымдастырылған профессоры