Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«ПЕ-2» ұшағының қазақ экипажы

461
«ПЕ-2» ұшағының қазақ экипажы - e-history.kz

 Жоғарыдағы фото Қызыл Армияның Әскери әуе күштерінің үнпарағы «Сталинский сокол» (жауапты редакторы В.П.Масковский) газетінің 1944 жылы 5 желтоқсан күнгі № 98 (292) санына жарияланыпты. 

Фотоның астына: «Бірінші Прибалтика майданы. Қазақ экипаж. Звено командирі үш орденді гвардия аға лейтенанты Есіргепов - 100 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Звено штурманы гвардия лейтенанты Имашев – 50 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Екі орденді радист-атқыш гвардия сержанты Тәжібеав 30 дүркін жауынгерлік ұшу жасаған. Барлығы – Сталинград, Белоруссия, Прибалтика шайқастарына қатысқан. Суретті түсірген И. Фигурова» деп жазылыпты. 

Бұндағы үш тұлға екінші дүниежүзілік соғыста «Қазақ экипажы» атанған ұшқыштар. Ота соғысы тарихында үш қазақ бір ұшаққа отырып, қатардан қалыспай ерлік көрсетіп, күллі фронтқа үлгі болған оқиға бұдан басқа жоқта шығар. 

Онымен қоймай осы үш қазақтың екеуі Байтұрсын Есіргепов мен Қадес Имашев соғыстан аман оралыпты. Радист-атқыш сержант Төлебай Тәжібев майдан даласында қаза тапқан екен. 

Осы орайда, бір ұшақтың кабинасында тізе қосып, тірерге тұяқ, ұстауға тұтқасы жоқ ашық аспанда ажалмен бетпе-бет келіп, жаумен жағаласып ерлік ісімен танылған қазақтың үш батыр ұланын партол оқырмандарына таныстыруды жөн көрдік. 

Экипаж командирі Байтұрсын Есіргепов (1917-1984). Бұл кісі 1941 жылдың тамыз айынан бастап соғысқа қатысқан. Алғаш Алматы қаласында балалардың аэроклубында жаттыққан екен. 1937 жылдың көктемінде Орынбор қаласындағы әскер ұшқыштар училищесінен кісілер келіп, әуесқой-ұшқыш жастар арасына іріктеу жүргізеді. Сыннан сүрінбей өткен Байтұрсын ұшқыштар оқуына тура екінші курстан қабылданады. Оқуды бітірген соң Забайкалдағы әскери қосынға келіп, ұшқыштар арасында «Катюша» деген атымен белгілі «СБ» ұшағына отырады. Осында жүріп гитлерлік Германия Советтер одағына соғыс жариялағанын естиді. 

Көп ұзамай Есіргепов қызмет етіп жүрген 28-ші авиациялық дивизия Батысқа қарай майдан шебіне атанады. Тамыз айында полк ұшқыштары алғашқы аспан шайқастарын бастайды. Кеңестік мақтаулы «СБ» жойғыш ұшағы немістердің мессершмидінің жанында атпен жарысқан өгіз сияқты әсер етеді. Бір күнде (31 тамыз) бес дүркін әуеге көтеріліп, неміс ұшақтарымен шайқасқан Байтұрсын жерге аман оралады. 

Ертеңінде тағы шабуылға шығады. Кенет сарт еткен соққыны сезеді. Ұшақ астында зенит оғы жарылыпты. Байтұрсын сол жақ мотордың тоқтап қалғанын көрді. Дереу өрт шалмас үшін жанармай баратын тетікті жауып тастайды. Ептеп жау шебінен өтті. Айналасын көзбен шолып келеді. Қонуға ыңғайлы жер керек. Бір уақытта ұшақ бауырымен жер сызып, тұмсығымен бір шұлғып тоқтайды. Байтұрсын ұшқыш аман қалған атқышын жетелеп полкке жаяу келеді. Осы жолғы шайқастан полктың көп ұшағы оралмайды. Сөйтіп, ұшақсыз қалған полк демалысқа шығады. 

****

Кешікпей полк жаңа техникалармен жабдықталып, Есіргепов шүйілгіш бомбылаушы ұшақ «ПЕ-2»-ге отырды. Бұл «СБ»-ға қарағанда сағатына 540 км жылдамдықпен ұшып, бауырына 800 кило бомба тиеп алатын жақсы ұшақ.  Оның сыртында ұшқыш, штурман, радист-атқыш отыратын орындар оқ өтпейтін сауытпен қапталған. Бұрынғы ұшақтардан айырмасы радист-атқыш артына қарап отырады. 

Байтұрсын Есіргепов бейтаныс машинаны тез меңгереді. Бірақ 1941 жылдың жазы ауыр болады. Герман әскері барлық майданда ілгері жылжыды. Кеңес әскері тек шегінумен болады. Ұшқыштар ұшақжайын тез-тез ауыстырып отырады. Ұшқыштар ұшып шығып, аспанда жау ұшақтарымен майдандасып қайта оралса бұрынғы ұшып шыққан дала аэродромын немістер басып алып қоятын. Сондықтан басқа қонатын жер іздеуге тұра келді екен. 

Қазақ экипажының екінші мүшесі  штурман Қадес Имашев (1919-2004) қан майданға 1941 жылдың 3 шілдесінен бастап қатысып, соғысты майор шенімен аяқтаған екен. Бұл кісі соғыстан бұрын 1938 жылы Өскемен қаласындағы коммунистік саяси ағарту техникумын тәмәмдап, облыстық радиода диктор болып істейді.

Одан кейін ата-анасының батасына алып, комсомол жолдамасымен Краснодардағы әскери ұшқыштар училищесіне келіп емтихан тапсырады. Бірақ қысқа аяғы ұшақ тепкісіне жетпей қалып, штурман оқуына ауысады. Оқуын бітірген соң Батыс әскери округына барып, 32-ші авиациялық барлау полкында штурман болады. 

1941 жылдың маусым айының басында кезекті демалысын алып, республика астанасы Алматыға келеді. Осында жүріп соғыс басталғаны туралы хабарды естиді. Дереу кері қайтады. Ол жеткенде полк орналасқан Минскі қаласына жау келіп қалады. Имашев округ штабына келсе, ондағылар байланыс эскадрильясына бар дейді. Сөйтіп, қасында Варя деген қыз бар Қадес «У-2» ұшағына отырып, әскер штабтарға пакет жеткізу ісіне жегіледі. Бұл ұшақ сағатына 90-100 км жылдамдық алатын шабан техника. Оның сыртында рация мен пулеметі жоқ. Бір ерекшелігі – сарша бүркіт сияқты кез келген жерге қона алады. Мұндай шабан ұшақты немістің жойғыштары көріп қалса қолма – қол жер жастандырады. Осыдан сақтанып Қадес үнемі жер бауырлап ұшады. 

Бір қызығы полкта ұшқыштар мен штурмандар жетіспейді, бірақ бастықтар Қадесті ұшаққа жолатпайды. Оның себебін ешкім түсіндірмейді. Шетқақпай көрген Имашев Мәскеуге рапорт жазады. Осыдан кейін «штурман Қ.Х.Имашев 28-ші бомбалаушы авиация дивизиясының қармағына жіберілсін» деген нұсқау келеді. Оның өзінде дивизия басшылары ұшаққа отырғызбай тәжірибе жетілдіру курсына жібереді. Осында оқып жүріп Қадес «ПЕ-2» ұшағын меңгереді. 

Жалпы штурманның міндеті – ұшақты басқару және бомба тастау. Яғни, штурман ұшу кезінде бағытты дәл анықтап, маршрут бойынша ұшу жылдамдығы мен биіктікті белгілеп, бомба тастау үшін «шүйіл» бұйрығын беретін сәтті дұрыс есептеу. Бұл процес әдетте 30-40 секундқа созылады. 

Осылай дайындықтан өткен Қадес 38-ші полкқа келеді. Сол күні полкта мерекелік жиын өтіп, ұшқыштарға орден-медаль тапсырады. Осы мерекеде түрі қазаққа келетін орта бойлы сындарлы жігіт «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін алады. Жиынның соңында Қадес ол жігітті іздеп тауып:

  • Штурман Қадес Имашеа, Шығыс Қазақстаннанмын, - деп өзін таныстырады. 

  • Мен полкта жалғыз қазақ едім, енді екеу болдық, - дейді ана жігіт қазақ тілінде. – Менің атым Байтұрсын Алматыданмын. 

1942 жылдың шілде айы болатын. Күн шіліңгір ыстық. Әуе шабуылынан қайтқан ұшқыштар шалғынның үстінде дем алып жатады. Олардың үстіне немістің барлаушы ұшағы келіп листовка тастайды. Бірақ мұндағы жазуды комиссар түсінбей, полктағы әр ұлттың өкілдеріне көрсетеді. Ешқайсысы оқи алмайды. Есіргепов қараса листовка қазақ тілінде екен. Оны бастықтарға орысша аударып оқып береді. 

Сол Байтұрсын Есіргепов қандасы Қадес Имашевті шақырып алып, «Сен маған кел, таза қазақ экипаж құрайық» деп ұсыныс жасайды. Қадес келіседі. Бірақ бұлай жасау үшін дивизия командирі генерал Сандаловтың ұлықсаты керек екен. Полк командирі мен комиссар жігіттердің «қазақ экипаж құру» туралы бастамасын айтқанда, генерал «Имашевтің жақын туысқаны немістердің тұтқынында, оған сенуге болмайды» дейді. Бұл сөзі естігенде Қадес өзінің бұрын неге шетқақпай көргенін түсінеді. Бірақ полк командирі «бұл жігіттерге сенуге болады мен басыммен жауап берем» деп кепілдік алып шығады. 

****

Арада бірнеше күн өткенде Қадес жұмыс бабымен дивизия штабына барады. Дәлізде дивизия туын күзетіп, ұзын бойлы еңгезердей сақшы тұр. Өңі қазаққа ұқсайды. Бірақ күзетте тұрған сақшымен тілдесуге қатаң тиым бар. Қадес жан-жағына қараса ешкім жоқ. Ол қабырға газетін оқыған сыңай танытып ақырын ғана:

 – Мен ұлттарды атаймын өз ұлтыңа келгенде бас иіп белгі бер, - деп ұлттарды атай бастайды. «Қазақ» дегенге келгенде сақшы бас изейді. Лейтенат Қадес штабтан шығып, қарауыл тапсырушыдан:

  • Сақшы қашан ауысады, - деп сұрайды.

  • Жиырма минуттан кейін, - дейді ол.

Қадес 20 минут сыртта күтеді. Біраздан кейін жанына бағанағы жігіт келіп:

  • Радист – атқыш сержант Төлебай Тәжібаев, - деп қолын ұсынады.

Қадесте қазақшалап «Штурман лейтенат Имашев Қадес» деп өзін таныстырады. Төлебай оңтүстіктің азаматы екен. 

****

Осылай бірі кәсіби ұшқыш, бірі штурман, бірі радист-атқыш үш қазақ екінші дүниежүзілік соғыс тарихында, мүмкін тұңғыш рет 1942 жылдың тамыз айында «Қазақ экипажын» құрады. Әрине, бұл іс полк командирі мен комиссар тарапынан қолдау табады. Жігіттердің ниетін түсінген полк командирі «фашист идеологтары өз еңбектерінің жемісін көрсін» деп күліпті. Төлебай дереу ұшақтың фюзеляжіне көк бояумен әдемілеп «Қазақ экипажы» деп көрнекі түрде жазып қояды.

****

Бұл жерде оқырмандарға түсінікті болу үшін тәпсірлейтін жайт – «ПЕ - 2» ұшағының экипаж үш адам болады. Ұшқыш машинаны басқарады, штурман карта бойынша ұшу бағытын анықтап, орталықпен байланыс жасап отырады. Ұшаққа жау жойғышы шабуылдаса командир екі қанатқа бекітілген екі пулеметті игереді. Жоғары жақта айналмалы тұғырда қондырылған пулеметпен штурман қорғайды. Ал артқы жақты қорғау радио-атқыштың міндеті. 

Осылай қазақ экипажы 1942 жылы 17 тамыз күні алаш рет жауынгерлік сапарға аттанады. Бұл оқиға туралы 2005 жылы Өскемен қаласында жарық көрген Елтай Елғонның «Жеңіс жолында от кешкендер» атты кітабында: «ПЕ-2 шүйілгіш бомбалаушы – өте айбарлы ұшақ. Ішінде ұш қазақ рухтанып отыр. Кенет ұшақты әлде бір жойқын күш солқ еткізіп, көтеріп тастады. Радист ұшаққа оқ тиді деп ойлады. Сөйтсе, штурман барлық бомбаны бірақ тастап жіберген екен. Төменгі орман қара түтін мен шаңға оранды. Кей тұста өртеген от жалыны көрінеді. Ұшақ зенит снарядтарының құрсауында келе жатыр. Бір ғажабы ұшаққа бірде-бір оқ дарыған жоқ... Атқыш көз салып еді, немістің «мессерлері» күн жақтан шабуылдап келе жатыр екен. Олардың жолын «ЯК»-тар кесуге ұмтылды. Сөйтіп аспанда айқас басталды. Зеңбірек пен пулемет оқтары аспанды тілгілеуде. Төлебай пулеметін алай-бұлай бұрып жай отыр. Атайын десе қапталдасып келіп қалған өз полкінің ұшақтары бөгет болуда. Төлебай жерден бақылап отырған командирдің радиостансадағы сөзінен жаудың 25 жойғыш ұшағы шабуылға шыққанын білді. 

– Атқыштар төменде жау жойғыштары, оларды атып шепке жақындатпаңдар, - деген полк командирінің бұйрығы естілді. Ұшақ тізгіні экипаж бастығы Есіргеповтің қолында. Ол бар күшін сарқып ұшып келеді. Кенет қапталдасып келе жатқан полк ұшақтарының бірі отқа оранды. – Төлебай ат, - деген Қадестің ышқынған дауысы естіді. Пулемет дүрілдеп қоя берді. Кенет жаудың ұшағын қуған ЯК шыға келеді. Төлебай оған оқ дарытып алармын деген күдікпен атуды доғарды. Төменгі жақтан «абайлаңдар, төменде жау ұшақтары» деген дауыс естілді. Заматта екі фоккер бұларға шүйіліп жетті. Төлебай пулеметке жабысып жау ұшағын атқылап жатыр. Жалпы әуе шайқасы көпке созылмайды. Жау ұшақтары жайына кетті. Үш қазақ аман-есен жерге оралды» деп жазады. 

****

Үш қазақ қызмет етіп жүрген полк 1942 жылдың аяғында 127-ші гвардиялық полк атағын алады. Қазақ экипажы Морозовскаядағы жаудың әуежайын барлау туралы тапсырма алды. Бұл өте қатерлі еді. Ұшақ қалың жауған қардың астында сырғып келеді. Экипаж жаудың ту сыртынан шықпақ болды. Имашев ұшақ бағытын қадағалап, ең қолайлы нұсқаны ұсынды. Экипаж солтүстікке қарай ойысып 4500 метр биікке шығып алды. Штурман нысаны анықтады. Бұлттан шыға келген экипаж жаудың әуежайын анықтады. Ұшу алаңы толған ұшақтар, бос орын жоқ.

Кенет жаудың зенит зеңбіректері атқылай бастады. Экипаж фотоаппартты іске қосты. Экипаж әуежайды биіктен суретке түсірді. Бұны байқаған жаудың «Ю-88» және «Ме-109» жойғыш ұшақтары бұларға қарсы көтерілді. Әуе шайқасы басталды. Жау ұшақтары қазақ экипаждың төрт жағынан тап берді. Қадес пен Төлебай оларға пулеметпен жауап берді. Экипаж командирі Байтұрсын ұшақты бірде оңға, бірде солға бұрып, бірде көкке өрлеп құбылтумен болды. 20 минут арпалыстан соң қазақ экипажы аман-есен өз шебіне өтті. Бірақ жаудың жойғыш ұшақтары қалар емес, әлі қуып келеді. Неміс ұшқышы қызбалыққа салынып, қапталдай қуғанда Қадес оны атып түсірді. Осы сәтті пайдаланып Байтұрсын төмен құлдилап,  сайдың ішімен жүйткіп жаудың шеңгелінен құтылып кетті.

Қазақ экипажын әуежайды жедел жәрдем күтіп алды. Жердегілер жау ұшағының қоршауында қалған қазақ экипажы жараланды деп ойласа керек. Штурман Қадес шекесін пулеметке соғып алғаны болмаса басқасы аман. Ұшақтың фюзеляжы мен қанаттары шұрқ тесік. Барлау бөлімінің қыздары келіп фотопленкаларды алып кетті. 

****

1943 жылдың 15 мамыр күні Кубань даласының аспанында қырған шайқас болды. Бұл айқаста немістер аса қуатты «МЕ-190Г-2» және «МЕ-190Г-4» жойғыш ұшақтарын сонымен қатар алғаш сынақтан өткізу үшін «Хейншел -129» ұшағын қосты. Кеңес ұшақтары бұлардың шаңына ілесе алмайды. 

Бұл шайқасқа аса тәжірибелі саналған қазақ экипажы полкты бастап шықты. Бұлар жолай немістердің зенитшілер тосқауылынан өтіп, негізгі нысанаға таяғанда:

 – Фоккерлер шабуылға шықты, - деді Төлебай. Олар биікке шығып алып, шабуылдауға ыңғайлана бастады. Командир Есіргепов топты бастап, нысанаға шүйілді, бомба тастады. Кенет ұшақтың қанатынан өрт шықты. Командир Байтұрсын өртті сөндіруге әрекеттеніп, ұшақты кері бұрды. Кабина іші көк түтін. Командир қақпақты ашып тастады. Жалын радиошыны шарпыды. Байтұрсын Төлебайға «секір» деп бұйырды. Ол люкті ашып секіріп кетті. 

Ұшақ жер бауырлап келіп, соғылып тоқтады. Қадес пен Байтұрсын иықтарындағы парашют жібін сыпырып тастап, жанған ұшақтан атып-атып шықты. Қынабындағы пистолеттерін суырып алып, алыстай қашты. Кенет олар машинаның мотор үнін естіді. Бұлар жерге қонған ұшақтың ұшқыштарын іздеп шыққан өз жауынгерлері екен. Бұларға ілесіп Байтұрсын мен Қадес полкке келді. 

Ал ұшақтан секіріп кеткен Төлебай жау шебіне түседі. Ол парашютын тастап, күндіз жасырынып жатып, түнде жүреді. Әбден арып-ашып 8 тәулік дегенде өз әскерлеріне кездесіп, полкке келеді. Ол біршама уақыт фоккер медсанчаста емделіп, экипаж құрамына қайта қосылады. 

****

Қазақ экипаж 1943 жазда Сталингард шайқасын қатысады. Осы шайқаста фашистер орасан шығынға ұшырады. Осы майданда қазақ экипажы сағатына 600 км ұшатын немістің «Фокке-вульф – 190А» ұшағымен шайқас салды. Осыдан кейін кеңес әскері Прибалтиканы жаудан азат етті. 

1944 жылдың тамыз айында «Қазақ экипажына» екі жыл толды. Бұл оқиғаны полк ұшқыштары атап өтті. Полктың саяси жұмыс жөніндегі орынбасары К.П.Финогенов осы отырыста Жамбылдың:

Ерлер көкте шырқаған,

Болат құсың самғаған,

Серік болып бұлтпен,

Жау үрейін ұшырған,

Көктен жасын түсіріп,

Жау тынысын бітеген, - деген жыр жолдарын орысша оқып, қазақ жігіттерін құттықтады. Қазақ экипаж сол күні полктың жауынгерлік туы алдына фотоға түседі. Жоғарыда «Сталинский сокол» газетіне жарияланған фото осы. 

****

Содан 1945 жылдың сәуір айында қазақ экипажы эскадрильямен бірге қоршаудағы жаудың шебін талқандауға аттанады. Ұшқыштар белгіленген арақашықтықты сақтап, ұшып келеді. Топ жетекшісі Есіргепов тежегіш торды босатып, ұшағын шаншылта төмен зымыратты. Командирдің қимылын басқалар қайталады. Жауға шүйілген ұшқыштар пулеметтен оқ жаудырды. 

Кенет жарқ етіп шағылысқан жарық Байтұрсынның бетіне ұрды. Штурвал қолынан шығып кетті. Бар күшімен құлдырап бара жатқан машинаны еңсеруге тырысты. Ұшақ ептеп көндікті. Бұларға оқ атқан фоккерге арттағы топ тап берді. 

  • Командир мен жараландым, - деді Төлебай Тәжібаев. 

  • Шыда, - деді командир Есіргепов. 

Кенет ауыр жарақат алған Төлебайдың «менің өлгенімді анама естіртпеңдерші» деген соңғы сөзі ышқынып шықты. Қадес жылап жіберді. Ұшақ жерге қонды. Төлебайдың мәйітін арнайы топ жерлеуге алып кетті. 

Осылай үш жылға тарта бір ұшақта отырып, жаумен шайқасқан «Қазақ экипажы» бір жолдасынан айырылып, аман қалған екеуі соғысты аяқтады. 

****

Қадестің естелігінде:  «Соғыс біте салысымен полкта бірінші болып Байтұрсын Есіргепов орыс қызы Татьяна Демидинаға үйленді. Ол үйлеген соң ұзақ мерзімді іссапарға кетті. Кетерінде маған «Жеңгеңнің аяғы ауыр көз-қырыңды сала жүр» деп тапсырды. Таня ұл туды. Оның атын мен «Асқар» деп қойдым. Байтұрсын іссапардан бір жылдан соң оралды» деп жазыпты (Е.Елған. «Жеңіс жолында от кешкендер». Өскемен: 2005 ж. 145-б).

Соғыстан кейін Байтұрсын Есіргепов пен Қадес Имашев екеуіде Алматы қаласында тұрыпты. Қадес майдандас досы Төлебайдың анасы мен қарындасын ұзақ жыл іздепті. Газетке жазып сұру салыпты. Бірақ таба алмапты. 

Ал майданда аса ерлік көрсетіп Батыр атағына ұсынылып ала алмаған майдангерлер тізімінде біздің кейіпкер «Байтұрсын Есіргепов» есімі жүр. Осындағы анықтамалықта: «Аты аңызға айналған ұшқыш, гвардия капитаны Байтұрсын Есіргепов 1941 жылдың шілдесінен 1945 жылдың мамырына дейін соғысқа қатыса отырып, 174 сәтті жауынгерлік ұшу жасаған» деп жазылыпты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?