
1127 күнге созылған Ленинград шайқасы — гитлершілер мен олардың одақтастарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең ұзаққа созылған қақтығысы болды. Осы соғысқа қатысқан, соғысқа дейінгі немесе соғыстан кейінгі өмірін Қазақстанда өткізген жиырма сегіз жауынгер Батыр атағына ұсынылды. Олардың арасында Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлия Молдағұлова сияқты аты аңызға айналған тұлғалар да бар. Алайда біз бүгін есімі аса танымал емес қазақстандықтар туралы баяндаймыз.
Бұл қатардағы Төлеуғали Насырханұлы Әбдібеков — Екінші дүниежүзілік соғыстың үздік мергендерінің бірі. Шығысқазақстандық аңшының ұлы бұл салада жас кезінен-ақ танымал болған еді. Кейінірек әскерден оралған соң Оңтүстік Қазақстанда мақта өсірумен айналысты.
1941 жылдың желтоқсанында Әбдібеков майданға аттанады. 1942 жылдың 17 мамырында өзінің алғашқы шайқасына қарапайым атқыш ретінде қатысқан ол маусым айында-ақ полктағы мергендердің көшбасшысына айналды. 1943 жылдың 10 наурызында тұтас Панфилов дивизиясындағы ең үздік мерген атанады.
Соғыс осылайша мақташы бригадирді қаһарлы мергенге айналдырды. Әбдібековтің 1942 жылы жазған хатының бірінде былай делінген:
«Мен тосқауылда отырмын. Үлкен бір бұтаның түбінде жатырмын. Төңірек құлпырып тұр. Алайда табиғаттың сұлулығына сұқтанып отыратын кез емес. Жүрегімді жауға деген кек кернеуде. Жазықсыз әйелдер мен балалардың қанына боялған мына дала маған "жауды жер жастандыр" деп тұрғандай.»
1944 жылдың 22 ақпанында жаужүрек ер жау оғына тап болып, келесі күні қайтыс болады. Қаруластары оны Великие Луки қаласының солтүстік-батыс бөлігіне жерлейді. 8 наурызда Әбдібеков Батыр атағына ұсынылады.
Майдан даласында әккілікке, батылдыққа және қаһармандыққа дағдыланып, атқыштық өнерін жетік меңгерген ол — жаудың әрбір қимылын қалт жібермейтін, құралайды көзге ататын әбжіл мергенге айналды. Осындай шеберлігінің арқасында майданға келген күннен бастап 395 фашистің көзін жойды. Бір ғана шабуылда 48 гитлершіні жер жастандырған кезі де болды.
Сонымен қатар, ол отыз екі мергеннің шеберлігін шыңдап, оларға мергендік өнерінің қыр-сырын барынша жетік үйретті. Алайда Әбдібековке Батыр атағы берілген жоқ. 18 маусымда ол I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Батыр атағы Ленинград шайқасының тағы бір қатысушысы, Алматы өңірінің тумасы Жүнісбай Қайыповқа қайтыс болғаннан кейін берілді. «Социалистік Қазақстан» колхозы ауылдық кеңесінің хатшысы Қайыпов 1941 жылдың желтоқсанында әскерге шақырылып, сол айда майданға аттанады.
1944 жылдың 14 қаңтарында Новгородтың солтүстік-шығысындағы мұздай құрсанған қорғаныс шебін бұзу кезінде Қайыпов басқарған топ төртінші дзотты талқандап, танкіге қарсы қаруды жояды. Жаяу әскерлер мен артиллеристерді жау 300-500 метр қашықтықтан атқылай бастайды, нәтижесінде снаряд тиген екі зеңбірек тобы істен шығады. Алайда Қайыповтың зеңбірек тобы оқ атуын тоқтатпай, жау зеңбіректерімен жекпе-жек атысын жалғастыра береді.
Жаяу әскер шабуылға шыққаннан кейін Қайыпов зеңбіректі жау траншеясына дейін жылжытуды ұйымдастырады. Артиллеристер батпақты жерде тізерлеп жүріп, қарша бораған оқ астында 800 метрге дейін зеңбіректі сүйреп апарады. Олар жау траншеяларының тура алдынан оқ жаудырып, біздің жаяу әскердің неміс қорғанысының екі қапталын бұзуына септігін тигізеді.
Осыдан үш күн өткенде жаудың минометтік батареясы біздің әскерді елді мекенге жақындатпай, үлкен шығынға ұшыратады. Жағдайды барлап шыққан Қайыпов көп ұзамай минометтердің көзін жояды. Осыдан кейін ғана біздің әскер елді мекенге басып кіреді.
Тағы екі күн өткенде, Новгородқа таяу ұрыста Қайыповтың зеңбірек тобындағы екі жауынгер оққа ұшады. Жаудың 300 метр қашықтықтан жаңбырша жаудырған миномет оғынан жасқанбай, Қайыпов жалғыз өзі екі пулеметті жояды. Келесі күні оның зеңбірекшілер тобы қалаға бірінші болып кіреді.
1944 жылдың 23 қаңтарында Қайыпов Батыр атағына ұсынылады. Алайда ол Новгородтың оңтүстік-батысындағы ұрыстардың бірінде қаза табады. Батыр атағы оған қайтыс болғаннан кейін, 1 шілдеде беріледі. Қайыпов Новгородтың солтүстік-батыс бөлігінде жерленген. Оның жатқан бауырластар зираты қазіргі таңда облыстың мәдени мұра нысандарының бірі саналады.
Ақмола облысының тумасы Иван Куприянович Скуридин жерленген бауырластар зираты да Ленинград облысының мәдени мұра нысаны саналады. Ол бастапқыда колхоздың далалық бригадасында жұмыс істеп, әскерден оралған соң «Загадзерно» кеңсесінде есепші болып еңбек етеді. 1941 жылдың жазында әскерге қайта шақыртылады.
1944 жылдың қаңтарында бөлімше командирі Скуридин Ленинградтың оңтүстік-батысында жаудың тірек пункті үшін болған шайқасқа қатысады. Осы ұрыс кезінде гранатаның күші өтпеген жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза табады. Оның осы қаһармандығының арқасында тірек пункті біздің әскерлердің қолына өтеді.
1944 жылдың 13 ақпанында Скуридинге Батыр атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.
Украинаның тумасы Павел Иванович Гончар жерленген бауырластар зираты да Ленинград облысының мәдени мұра нысаны болып табылады. Отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғанда, ол небәрі екі жаста еді. Осы өңірде білім алып, кейін колхозда еңбек етеді.
1941 жылдың шілдесінде ауыл шаруашылығы артелінің төрағасы Гончар әскер қатарына шақырылады. Негізінде танкист болуды армандағанымен, оған саперлік міндет жүктеледі. Бұл туралы бұрынғы әскери тілші Абрам Вениаминович Буров «Ленинград батырлары» кітабында былай деп жазады:
«Павел Иванович Гончар танкистерге қызыға қарайтын. Бірде жерлесі Семен Макагоновқа: "Негізі мен сапер емес, танкист болуым керек еді. Қанша дегенмен, мен механизатор, тракторшымын ғой", — дегені бар. Сөйтіп жүргенде Павел Гончар расымен танкистерге көп септігін тигізді».
Гончарды Батыр атағына ұсыну құжатында осындай екі оқиға қатар аталады. 1942 жылдың 17 сәуірінде ол Ленинградтың солтүстік-батыс бөлігінде миналарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жүрген еді. Сол сәтте қираған Т-34 танкісіне қарай жау солдаттарының қаптап келе жатқанын байқап, көмекке асығады. Жаудың бетін қайтарып, экипажды аман алып қалады. Атыса жүріп, бөлімшесіне қайта оралады.
Осыдан төрт күн өткенде инженерлік жұмыстарды атқарып жүрген кезінде, Гончар шамамен екі ротаға жуық жау әскерінің істен шыққан КВ танкін қоршауға бет алғанын байқайды. Бұған дейін қолданбаған пулеметті танктен алып шығып, оны қолма-қол оқтап, меңгеріп, дұшпанды 40 метрге дейін жақындатып, оқ жаудырады. Шабуылды тойтарғанымен, жау артиллериясының оғынан жараланады. Алайда жарықшақтар тек оның киімін зақымдайды.
Немістер екінші рет шабуыл жасағанда, Гончар оларды 30 метрге дейін жақындатып, тағы да жолдарын бөгейді. Осыдан кейін болған оқиға Буровтың кітабында былайша сипатталады:
«Машиналарын жөндеген соң танкистер онымен қоштасуға келеді. Сол сәтте Гончардың қолының күлдіреп, қан ағып тұрғанын көреді. — Пулеметтің көзі қызып кетті, — дейді сапер. Осы сәтті пайдаланып, Семен Макагонов: “Жігіттер, оны танкистікке ауыстыруға көмектессек қайтеді? Ол — тракторшы ғой. Танкіні еш қиындықсыз меңгере алады”, — дейді. — Алаң болмаңдар. Уақыты келгенде тракторды да жүргіземін, — деп жауап береді Гончар. Танкшілер оны танк бөлімшесіне ауыстыруға уәде береді».
Алайда Гончар өмірінің соңына дейін сапер болып қалады. Ол Батыр атағы берілетін күнді көре алмады. 1943 жылдың 12 қаңтарында Ленинградтың оңтүстік-шығысында ерлікпен қаза табады. Кеңес Одағының Батыры атағы оған 22 ақпанда қайтыс болғаннан кейін беріледі.
Батыр атағы қайтыс болғаннан кейін берілгендердің тағы бірі — Солтүстік Қазақстандық астық совхозының есепшісі Семен Яковлевич Киреев. 1944 жылдың 21 маусымында Киреев басқарған взвод Ленинградтың солтүстік-шығысындағы Свир өзенін кесіп өтеді. Жағаға жеткеннен кейін Киреев жауынгерлерді бастап, жау траншеясына ұмтылып, батальонның өзеннен өтуі үшін плацдарм дайындауға кіріседі. Шайқаста Киреев взводының екпініне шыдамаған жау солдаттары кері шегінеді.
Киреев армияда тура үш жыл қызмет еткен. 1941 жылдың 17 шілдесінде әскерге шақырылып, 1944 жылы дәл осы күні Ленинградтың солтүстік-шығысындағы шайқастарда алған жарақатынан қайтыс болады. Төрт күннен кейін Киреевке Батыр атағы беріледі. Ол жерленген бауырластар зираты да мәдени мұра нысаны ретінде сақталады.
Михаил Степанович Сальников жерленген бауырластар зираты да мәдени мұра нысаны болып табылады. Ақмола облысының тумасы. Әскерге 1937 жылы Қостанай облысынан аттанады. Он тоғыз жасында Ленинград әскери округіне қызметке шақырылып, осында танкінің механик-жүргізушісі болып қызмет етеді.
Ұлы Отан соғысына ол алғашқы күннен бастап қатысады. 1944 жылдың маусымында жаудың тірек пункттері мен қорғаныс тораптарына он рет шабуылға шығып, бес рет барлау жасаған. 18 маусымда Ленинградтың солтүстік-батысындағы қорғаныс желісін бұзып өту кезінде жаудың 76 миллиметрлік зеңбірегінің снарядтары оның танкісінің төрт бөлшегіне екі рет тиіп, тағы бір танкіні отқа ораған. Алайда Сальников еш саспастан өз танкісіне отырып, шынжыр табандарымен жау зеңбірегін таптап өтеді. Осылайша біздің танкішілерге жол ашты.
Осыдан кейін ол үш рет шабуылға шығып, соғыстың барысындағы шабуылдардың санын 121-ге жеткізеді. 1944 жылдың 24 маусымында Сальников Батыр атағына ұсынылып, бұл атақ оған 1945 жылдың 24 наурызында беріледі.
Михаил Степанович Сальников пен Борис Петрович Ушев сияқты Ленинград шайқасын аман-есен аяқтайды. Петропавлдың тумасы Ушев Сібірде білім алып, еңбек етеді. Кейін теміржолшының ұлы Ленинградтағы теміржол көліктері инженерлерінің институтына түседі. Алайда екі жыл өткен соң, комсомолдық жолдамамен жоғары әскери-теңіз училищесіне жіберіледі. Бұл Ұлы Отан соғысының басталуына төрт жыл қалған кез еді.
Соғыс басталғанда Ушев торпедолық катерлер звеносының командирі болатын. Осыдан тура үш жыл өткеннен кейін торпедолық катерлер отрядының командирі Ушев Батыр атағына ұсынылып, екі күннен кейін Балтық флотының әскери кеңесі 93 әскери операцияны сәтті жүзеге асырғаны үшін және бір крейсермен екі соғыс кемесін қиратқаны үшін оған осы атақтың берілуін қуаттайды. 1944 жылдың 22 шілдесінде Ушев Кеңес Одағының Батыры атанады.
Михаил Степанович Сальников пен Борис Петрович Ушев қарулы күштер сапында қызмет етіп, өздері жан аямай қорғаған Ленинградта өмірінің соңына дейін ғұмыр кешті.
Сол соғыстан бері сексен жыл өтті. Алайда Ресейдің солтүстік астанасы және басқа қалаларда қазақстандық батырлардың ерлігін естен шығармақ емес. Олардың ерен ерлігін біз жерлестері де мәңгі есте сақтаймыз.