Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соғыстың ұмыт болған батыры

2769
Соғыстың ұмыт болған батыры - e-history.kz
Әскерге әкеткен кезде Қасым Ахметов бар болғаны 17 жаста ғана еді. Жасына қарамастан, Қостанай облысының тумасы совет-фин соғысына, кейін совет-герман соғысына да қатысып үлгереді.

Қасым Ахметов 1917 жылғы 1 қаңтарда Меңдіқара ауданының Төлеңгіт ауылында (совет заманында – Қарақоға ауылдық советінің Орловка ауылы) ауыл еңбеккері, кезінде Амангелді Иманов бастаған көтерілістің қатысушысы Ахметтің отбасында дүниеге келеді. Отбасында үш ұл мен екі қыз бала бар еді. Ұлдардың кенжесі – Қасым болатын. Туыстары – ақсақал Қажымұрат пен Гүлсім Әміржанқызы Ахметовтардың естелігі бойынша, Қасым бала кезінен-ақ зерек, батыл, еңбекқор болыпты. Олар үлкен отбасы болып тұрды, әр баланың өз міндеті болатын, олардың орындалуын Ахмет ата мен Шоқалай әже қадағалайтын. Бұндай қатынас бала жастан тәртіпке тәрбиелейтін.

Қасым жеті жасында мектепке барады. Оны бітірген соң Меңдіқара ауданының Чапаев атындағы колхозда еңбек етеді. 1939 жылдың қыркүйегінде Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскері қатарына шақыртылады. Жерлесі К. Маманов былайша есіне алады: «Қасым аға ортадан жоғары бойлы, мінезі салмақты, үлкенді де, кішіні де сыйлап тұратын. Біз оны үлгі тұтатынбыз. Ол менің есімде жақсы сақталған. Ол Қызыл Әскерге кетіп бара жатқанда, бүкіл ауыл болып шығарып салғанбыз. Мен ол кезде 13-те едім».

Әскери борышын Ахметов Златоуст қаласы түбіндегі Орал әскери округінің әскери бөлімінің санитарлық ротасында қатарды жауынгер болып атқарды. Ең дайындалған жауынгерлерді, олардың ішінде Қасым да бар, 1939 жылы 85-ші атқыштар дивизиясының 477-ші атқыштар полкінің құрамында Фин соғысына жібереді. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін қатардағы жауынгер Ахметовқа кіші сержант атағы беріледі, бөлімше командирі етіп тағайындайды. Қызмет мерзімі аяқталып келе жатқан, бірақ ол әскерден қайтып үлгермеді – Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

1943 жылдың шілдесінде Белорусь майданының Батыс бағытында қиян-кескі шайқастар орын алады. Жекелеген қалалар мен елді мекендер совет әскерінен жауға бірнеше рет өтті. 1943 жылдың 22 тамызында Қасым Ахметовты Қызыл Ту орденімен марапаттайды. Оның бұл марапатты не үшін алғанын туыстары Ахметовты басқа ерлігі үшін Совет Одағы Батыры атағына ұсынған сол бір наградтау парағынан  егжей-тегжейлі біледі. 1943 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылған құжатта Белорусь майданының 63-ші армиясының 41-ші атқыштар дивизиясының 244-ші атқыштар полкінің командирі гвардия подполковнигі Колесов былай деп жазады: «26.07.1943 жылы Хатетово теміржол станциясының маңында болған ұрыста жау артиллериясы мен пулеметінен қарша бораған оқтың астында Ахметов: «Отан үшін, Сталин үшін» деп ұрандатып, бірінші болып шабуылға көтеріліп, барлық ротаға қуат берді, бірінші болып теміржолға жетіп, сол жерде бекінді. Өзінің ерлігімен Ахметов теміржолды басып алуға, неміс тобын жоюға және полктың шабуыл операциясын дамытуға жағдай жасады».

Әрі қарай полк командирі өз ойынша, Ахметовтың Совет Одағы Батыры атағын иеленуге лайықты деп санайтын ерлігін сипаттайды: «25.12.1943 жылы Малые Козловичи селосының аумағында танк және өздігімен жүретін қарудың қолдауымен жау қорғанысты бұзып өтіп, 17 адамнан құрылған жолдас Ахметов басқарған жауынгерлер тобы қорғап тұрған қолайлы шеп – зиратты басып алуға тырысты. Жолдас Ахметовтің тобы түгел қоршауда қалса да, 3 сағат бойы танк және өздігімен жүретін зеңбіректің көмегімен шабуылдаған жаудың жаяу әскерінің 6 рет жасаған шабуылына төтеп берді. Осы ұрыста 100-ден аса гитлершінің көзі жойылды, бірақ, 3 күнге созылған қиян-кескі ұрыста қол жеткізілген маңызды шепті жауға берген жоқ».
Бұл наградтау парағы инстанциялардан қалай өтті, жалпы, тиісті мемлекеттік органдарға жетті ме, жоқ па – қазір бұған ешкім жауап бере алмайды.

Қасым Ахметовтың 1944 жылдың 8 ақпаны І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталғаны ғана белгілі. ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысында: «Майдандағы жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, неміс-фашист басқыншыларымен күрес кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін» деп жазылған.

1945 жылғы 16 сәуірде Қасым Ахметов, бұл кезде взвод командирі еді, Одердегі шайқаста қаза табады. Жеңіске бар болғаны 23 күн ғана қалған еді. Ол Герман Федеративтік Республикасының Лебус қаласындағы совет әскерлерінің бауырластар қабірінде жерленген.

Өкінішке қарай, Ахметовтар отбасында Қасым ағаның құжаттарынан, майданнан жазған хаттарынан, наградаларынан ештеңе қалмаған. Ұлының қазасы туралы қайғылы хабарды алған кезде анасы күйініштен, оны есіне салатын барлық заттарды өртеп жіберген екен.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?