Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шахислам Лайсханов, географ-ғалым: Үкіметтің жас ғалымдарды  қолдауы ерекше

668
Шахислам Лайсханов, географ-ғалым: Үкіметтің жас ғалымдарды  қолдауы ерекше - e-history.kz

Отандық ғылымның қолданыс аясын кеңейтіп жүрген жас ғалымдар шоғыры бар. Қазақ ғылымының өркендеуіне өз үлесін қосып, жас та болса бас болып жүргендердің бірі де бірегейі географ-ғалым Шахислам Лайсханов. Шахислам мырзамен отандық ғылымның бүгінгі хал-ахуалы туралы турасында аз-кем әңгімелескенбіз.

– Оқырмандарымыз үшін өзіңізді таныстырсаңыз. Шахислам Лайсханов деген кім?

– Мен, Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы – географ-ғалыммын,  PhD доктормын. Қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессорымын. 

Қазақтың жоғары білімінің қарашаңырағы – Абай университетінің Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы және ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарамын. 

 «ЖОО үздік оқытушысы – 2022» республикалық байқауының жеңімпазы және 2022 жылғы Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми сипендия иегері атандым. 

Шама шарқымша қазақ ғылымына, ағартушылығына үлес қосып жүрген азаматпын десем болады.

– Бәрекелді! ⁠Сіз Отандық ғылым саласындағы ең беделді жас ғалымдардың бірісіз. Қазіргі уақытта ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасарысыз. Жуырда өткен Президент Қ. Тоқаевпен кездесуде Мемлекет басшысы алдында сөз сөйледіңіз. Қазіргі жас ғалымдардың әлеуеті қандай?

– Ағымдағы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық Кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде «Жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажет. Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі» деп атап өтуі, осы жақында ғана жарияланған ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау жөніндегі конкурстың қорытындысы бойынша сайланған 6 академиктің 2-еуі (Здоровец Максим, Сураган Дурвудхан) жас ғалым екендігін және ең маңыздысы, соңғы уақыттары жас ғалымдардың құнды ғылыми нәтижелерге қол жеткізуі және олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі – жас ғалымдардың отандық ғылымды дамытудағы рөлін айқындайды. 

Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, жас ғалымдарды ғылымға тарту және оларды рухани және материалдық тұрғыдан ынталандыру жұмыстарының жүргізілуі – талай жастардың ғылым жолына түсуіне себеп болуда. Мысалы, Жас ғалымдардың ғылыми-зерттеулерін қаржыландыру мақсатында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс» 2020-шы жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Жыл сайын өтетін конкурстың жалпы қаржыландыру көлемі 9 млрд. теңгені құрайды. «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы тағы бар.

 2021 жылдан бері өткізіліп келетін бұл конкурстың да жалпы қаржыландыру көлемі қомақты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесуінде алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейетінін, ол үшін бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ,, жас ғалымдар үлкен ғалымдар арасында өткізілетін ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына қатыса алады. Мықты жас ғалымдарымыз үлкен ғалымдармен бәсекеге түсіп, тіпті ол конкурста да олжалы болып жатқан жағдайлар аз емес. 

Менің ойымша, ғылымдағы жастардың жаңа зерттеу әдістерін, озық технологияларды және ағылшын тілін жетік білуі – оларға зор мүмкіндік беріп отыр. «500 ғалым» бағдарламасы бойынша жылына жүздеген жас ғалым әлемдік үздік ЖОО мен ғылыми зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуде. Бұл бағдарлама олардың тәжірибе жинауына және кәсіби біліктілігін арттыруға зор септігін тигізуде. 

Осы жылдың ақпан айында ҚР Президенті жанындағы ҰҒА-да Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Консультативті-кеңесшіл ұйым ретінде бұл кеңес еліміздегі талантты жас ғалымдардың пікірталас алаңына айналып, ғылым саласындағы мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылап, құқықтық-нормативтік құжаттар мен ережелердің жобасын дайындау және оларға өзгеріс енгізу кезінде өз ұсыныстарын береді. 

– География саласының даму турасында айта отырсаңыз.

– Географияның зерттеу нысаны – географиялық қабық (литосфераның жоғарғы бөлігі, атмосфераның төменгі бөлігі және гидросфера мен биосфераның өзара күрделі байланысы мен әрекеттесу ортасы). Сондықтан, география ғылымының ауқымы кең, көптеген ғылым салаларымен өзара байланысып жатыр. Физикалық география – жер туралы ғылым ретінде жаратылыстану ғылымының құрамына енсе, әлеуметтік-экономикалық география қоғамдық ғылымдарға кіреді. Осындан география ғылымының негізгі артықшылығы келіп шығады. Ол артықшылық – географияның басқа ғылымармен пәнаралық байланысқа еркін түсе алуында болып отыр. Ғылымдағы «кешенді зерттеу» ұғымы пәнаралық байланыстың жемісі екені айтпаса да түсінікті. Кез-келген мәселені терең, кешенді зерттеу арқылы ғана түпкілікті шешім алуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Мысалы, топырақтанушы, ботаник, гидролог, геолог, климатолог өз зерттеу нысанында болып жатқан мәселені физикалық географияның (ландшафттың) заңдылықтарын ескермей шешуі мүмкін емес. Солай болған күннің өзінде ол уақытша ғана эффект беруі мүмкін. 

Мысалы, мен Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп жүрген уақытта осы институттың және ресейдің топырақтанушы ғалымдармен бірге ғарыштық әдіс арқылы тұзданған топырақтарды картографиялаудың-әдістемесін, Былтырғы жылы тұзданған топырақтарда өскен жүгері дақылының өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірледік. Мұның барлығы пәнаралық зерттеудің нәтижесі. 

Сондықтан география ғылымының дамуы – басқа ғылымдардың дамуымен біте қайнасып жатыр. Ал география ғылымының маңыздылығы – ғаламдық климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың орын алуы, интеграция жағдайында қоғамдық мәселелердің шиеленісе түскен қазіргі уқытта өзекті бола түсуде. 

– Өзіңіз де қазір PhD философия докторларын даярлау мәселесіне белсене араласып жүрсіз. Өзіңіз қорғатқан я қорғатқалы жатқан докторанттардың ғылыми ізденісі, жаңалығы турасында айтсаңыз.

– Былтырғы жылы менің жетекшілігіммен бір шәкіртім – Исаков Ерлан докторлық диссертациясын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алды. Болашақ география мұғалімдерінің туристік-өлкетану құзыреттерін қалыптастырудың теориялық-практикалық негіздерін зерттеп, осы құзыреттерді қалыптастырудың әдістемесін жасады. Бұл география пәні мұғалімдері игеруі тиіс құзыреттілік түрі болып табылады. Өткен айда Ерлан екеуміз жасаған география мұғалімдерінің біліктіліктігін арттыру курсымыздың білім беру бағдарламасы Оқу-ағарту министрлігінің ұсынған бағдарламалар тізіміне енді. Мұның барлығы да зерттеуге негізделген еңбектің нәтижесі. 

Ал қазіргі уақытта 4 докторантқа жетекшілік етемін. Олар географиялық білім беруде геоақпараттық технологияларды, жерді қашықтан зерделеу материалдарын, STEМ-технологиясын қолданудың мәселелерін зерттеп, әдіс-тәсілдерін және әдістемесін жасау бойынша ғылыми жұмыстармен айналысуда. 

Бірер апта бұрын ҚР Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен «Мектеп географиясында Жерді қашықтан зерделеу (ЖҚЗ) материалдарын қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған әдістемелік әзірлемелерді дайындау» тақырыбындағы ұсынған ғылыми жобамның өтінімі гранттық қаржыландыруға ие болды. Осы жоба бойынша зерттеу жұмыстарын докторант-шәкірттеріммен және Жаратылыстану және география факультетінің ғалымдармен бірге орындайтын боламыз. 

– Еліміздің болашақтағы ЖІӨ -дегі ғылымның үлесі қандай болмақ?

– Мемлекеттің ғылымға көңіл бөлуі жақсы құбылыс. Дегенмен, жалпы алғанда біздің еліміздің ғылымды қаржыландыруы әлі де тиісті деңгейде емес. Соңғы жылдардағы оң өзгерістерге қарамастан, Қазақстан ғылымға инвестиция құю бойынша әлі де артта қалған ел болып саналады. АҚШ, Қытай, Германия, Жапония сияқты дамыған елдерде ЖІӨ 2-3 пайызы ғылымға бөлінеді. Бізде оның үлесі әлі де 1 пайызға да жетпейді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұл көрсеткіш 2023 жылы 0,2 пайызды құраған екен. Бұны 1 пайыз межеге жеткізу 2027 жылға жоспарланған екен. Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген керемет сөз бар ғой. Осы бағыттағы жұмыстар қазіргідей жақсы қарқынмен жалғасын таба берсе, елімізде ғылым дамудың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз. 

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге ризашылық айтамыз! Еңбегіңіз елене берсін! 

Сұхбаттасқан Ж. Алаш

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?