Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ашаршылық құрбандары: Есімнамалық мәліметтер базасы

2522
Ашаршылық құрбандары: Есімнамалық мәліметтер базасы   - e-history.kz
Қазақ халқы 1930-жылдардағы ашаршылықтан үлкен демографиялық опатқа ұшырады: миллиондаған адам ажал құшты, жүз мыңдаған қазақ отбасы Қазақстан аумағынан тысқары кетуге мәжбүр болды

Ашаршылықтың құрбандары қарапайым ауыл адамдары болғандықтан күні бүгінге дейін есімдері белгісіз күйінде қалып келді. Ашаршылықтың негізгі түрткісі болған большевиктер партиясын адамнан гөрі партия билеттері қатты алаңдатты. Сондықтан да аштан қаза болғандар туралы арнайы түзілген деректер жоқтың қасы. Қасіретті жылдар туралы халық жадына ғана сүйену жеткіліксіз. Өйткені оқиға куәгерлері азайып барады, ал олардың ұрпақтары 3-4-ші буын болғандықтан естеліктер санадан шыққан. Бұған ұлттық идеологияның қарусыздығы да әсер етті. Дегенмен еліміздің деректанушы ғалымдары тарихқа қайта үңілу үрдісі жаңа басталған 90-шы жылдары-ақ арнайы экспедиция ұйымдастырып, бүкіл республиканы аралап, көз көргендерден деректер жинақтаған екен. Алайда экспедиция шеңберінде нәубетте қаза болған 2,5 миллионды жинау мүмкін емес еді.

Ал қазір инновациялық технология дамыған заманда ақпарат алмасу тәсілі анағұрлым жоғары деңгейге көтерілді. Дәл осы үрдісте ХХ ғасырдың саяси тарихын басты сақтаушы болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті Архиві өз қызметінде деректі мұраларды сақтаумен қатар, электронды құжаттық негізде зерттеу жүйесін қалыптастыру жаңа бастамаларын міндет етті. Осындай бастамалардың бірі 1930–1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық жобасы. Негізгі мақсаты - қасіретті жылдардағы құжаттарды бір орталыққа шоғырландыру және нақты ашаршылық салдарынан қаза болған азаматтарымыздың аты-жөнін анықтап, республикалық бірыңғай электронды мәліметтер базасын жасау болып табылатын жоба бүгін де жұмысын жалғастыруда. Бұл база қазақ халқының тарихи мұрасын жаңартудың тетігі болып табылады. Сондықтан ол көпшілікке арналып жасалған, яғни оны толтыруға ашаршылық жылдары нәубетке ұшыраған адамдар туралы қандай да бір мәліметі бар кез келген азамат қатыса алады. www.asharshylyq.kz сайтының Ашаршылық құрбандары деректер базасына мәліметтерді енгізу үшін сайтта көрсетілген арнайы нысан бойынша толтыруға болады. Базада жеке басы, оның ұлты, туған күні мен өлген күні, туған жері сияқты жеке мәліметтері жазылады. Базадағы Босқыншылық деген тарауда ашаршылық салдарынан қоныс аударғандардың көшкен жылдары мен жерлері қосымша көрсетіледі. Сонымен бірге берілген арнайы бағанда дерек көзі көрсетіледі.

Өткен жылы наурыз айында Архивте осы мәселеге арнап Дөңгелек үстел өткен болатын. Онда халыққа қаза болған туыстары туралы мәліметтер беру жөнінде арнайы үндеу тасталды. Осыдан кейін еліміздің барлық мемлекеттік архивтерімен жұмыла жұмыс істеп, олардан бірқатар құжаттар топтамалары жинақталды және ол құжаттар зерделеніп, қаза болған азаматтардың есімдері сүзіліп алынды. Облыстық архивтерден БМСБ (ОГПУ) жиынтықтары, оқиға болған ауылдарда түзілген фельдшерлер мен учаскелік милиция, ауылдық кеңес төрағалары бірігіп аштан қаза болғандарға жасаған актілері, денсаулық сақтау органдарының мәліметтері сияқты құжаттар келіп түсті.

Жобаға ғылыми қызметкерлер да атсалысуда. Алғаш болып үн қатқан филология ғылымдарының докторы, профессор Асхат Қамзаұлы Әлімов болды. Асхат Әлімовтың, редакциясымен өңделген "1931–1933 жылдардағы Ашаршылық: куәгерлер сөйлейді" атты Жетісу өңірі бойынша естеліктер жинағының нұсқасы құрастырылған. Осы жинақтың электронды нұсқасын біздің ашаршылық сайтына жолдаған болатын. Естеліктердің ішінен 30-дан аса есім анықталды. Олардың барлығы базаға енгізілді және жинақтағы естеліктер авторлары көрсетіле отырып сайттың арнайы айдарына жеке-жеке орналастырылды. Бұл зерттеу-іздестіру жұмысын Асхат Қамзаұлы 2003–2009 жж. – Академик Ө. Жолдасбеков атындағы институтта (кейіннен Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы) - қызметте жүргенде студенттер қауымымен бірге ұйымдастырған. Асхат Қамзаұлы қазір «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның «Педагогикалық шеберлік орталығы» Алматы филиалының аға менеджері болып қызмет етеді және ашаршылық тақырыбы проблемаларымен әлі де айналысады.

Асхат Қамзаұлына осындай келелі зерттеу жұмыстары аса құнды мәліметтер болып отыр. Осындай ашаршылық тақырыбы бойынша студенттерді тартып, келелі зерттеу жұмысын жүргізген белгілі деректанушы ғалым, профессор Қамбар Махамбетұлы Атабаев болды. Экспедиция жұмысының нәтижесінде студенттер дәптерлеріне түсірген есептік қолжазбалар түзілген. Осы қолжазбаларды бізге Қ. Атабавтың жұбайы Майгүл Мауытханқызы Садықова мемлекеттік сақтауға әкеп тапсырды. Қолжазбалардың ішінде біз іздеген құнды деректер – ашаршылықтан қаза болған есімдер бар.

Ашаршылық сайты арқылы бізге басқа да жеке азаматтардан келіп түсті. Олардың бірі – Алматы қ. тұрғыны Есболаева Маркиза Базарбайқызының ашаршылық жылдарындағы өз әулеті туралы естелігі. Онда автордың 12 құрбан болған туыстары көрсетілген; "Ашаршылық қоғамдық бірлестігі" төрағасы Рамазан Құрманбаевтан оның қызметі жөніндегі материалдар келіп түсті. Бұл белгілі режиссер Е. Рақышевпен бірлесіп "Ашаршылық" деректі фильмін түсірген шығармашылық иесі; Қызылорда обл. Арықбалық ауылы, Жиделі колхозы тұрғыны Қарабураева Қанзададан өз әулеті туралы естелік келіп түсті.

Сайтта көрсетілген арнайы форма бойынша толтырылып жолданған есімдер де бар. Базаға бүгінгі күнге дейін ашаршылық құрбандарының жақындары мен туыстарының естеліктері негізінде толтырылған 51 есім енгізілген.

ҚР Президенті Архивінде үлкен кітапхана қоры бар. Кітапханадағы ашаршылық тақырыбына жазылған кітаптар бойынша 102 есім анықталды. Мәліметтер базасы деректерінің көпшілігі архивтік құжаттар болып отыр. Осындай жалтартпас жәдігерлердің басым көпшілігі ҚР Президенті Архиві қорлары болып отыр. Бір ғана құжатта – аудан басшысының Орталық партия комитетіне жазған хатында 173 аштан көз жұмған адамдардың тізімі (латын әрпімен) берілген. ХХ ғ. 30 жылдарын қамтитын Қазақ өлкелік партия комитетінің қорындағы БМСБ (ОГПУ) жиынтықтарынан да ішінара біраз есімдер сүзіліп алынды. БМСБ жиынтықтарында сіздің поэмадағы ҚР Президенті Архивінен тағы мынадай дереккөз табылды.

Ойран аяқталған соң, 1934–1935 жж. партия билігі барлық облыс бойынша өзінің мүшелерінің билеттері мен есепке алу карточкаларын түгелдей бастады. Түгелдеу жұмысы барысында іс-түссіз жоғалған, партиядан шығарылған, қаза болған коммунистердің тізімдері түзіледі. Алдынғы және кейінгі жылдарда мұндай тізімдер жоқ. Өйткені одан ол жылдары жаппай ашаршылық өлімі болған жоқ. Тек осындай тақырыпта 5-6 іс табылды. Олардан барлығы 932 аса есім анықталып отыр. Жарты жыл ішінде барлығы 1000-нан аса есім анықталды.

Осындай есепке алу тізімдері коммунист еместерден де шығуы мүмкін. 1930–35 жж. ауылдық кеңес құжаттары мен балалар үйлері құжаттары сияқты деректер көздерін зерделеу қажет. Ондай құжаттар облыстық, орталық мемлекеттік архивтерде. Еліміздің барлық архивтеріне сұрау салу жасалып, ашаршылық құрбандарының есімдері болуы мүмкін нұсқаулық құжаттар көрсетілген болатын. Алайда мұндай іздестіру жұмысы уақытты талап етеді. Әріптестеріміз осы жобада жоспарлы түрде жұмыс жасап жатыр.

Өз халқының өткеніне ұқыптылықпен қарау, құрбандардың есімдерін есте сақтау – бұл орта, жас буынның келешек ұрпақтары алдындағы парызы. Деректерді архивке тұрақты мемлекеттік сақтауға өткізу өз кезегінде құжаттардың өмірін ұзартады және келер ұрпақ үшін ұлттық жадының сақталуын қамтамасыз етеді. «Мәңгілік Ел» идеясының даусыз да, өзекті ұғымдарының бірі осында.

Жасалып отырған бірегей деректер банкі 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандарына деген құрмет және ол жұртшылықтың тарихи танымын кеңейтуге ықпал етеді. Үндеуде "бұл бастама жаңа қазақстандық патриотизмді арттырады және мемлекет, қоғам, халық арасында өзара сенімді-серіктестік қарым-қатынас орнатады" деп айтылған болатын. Сол себепті біз көпшілікті, зерттеу орталықтарын, тарихшылар мен деректанушыларды осындай ортақ игілікті іске қатысуға шақырамыз. Ашаршылық құрбандары туралы мәлімет жіберем деушілерге берілетін байланыстар: 7272-646907; 87016487694; эл почта: aina-as2015@mail.ru; asharshylyq.kz сайты

Айнаш Сейсенбаева

ҚР Президенті Архивінің бас маманы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты

қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық 

сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. 

kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?