Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Осы жұрт Бисеновты біле ме екен?

1313
Осы жұрт Бисеновты біле ме екен? - e-history.kz

Батыста, оның ішінде Тайпақ өңірінде Тана руының Асан тайпасынан шыққан Есенгелді Жалмырзаұлын Кіші Жүзге аты әйгілі он мыңнан астам жылқысы болған адам ретінде көпшілік білетін болар. «Есенгелдіден бір тайы кем» деген мәтел де бар. Оның жылқылары Жайыққа су ішуге құлағанда, өзен екі елі төмен түседі екен деген аңыз бүгінге дейін айтылады.

Есенгелді бай уақытында старшын, дистанция бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, тархан атанған. Анықтай кетер болсақ, сол кездегі патша ағзам тарапынан Ресейдің отарлау мүддесіне қызмет еткен түркі тектес тұлғаларға «тархан» деген атақ берілген. (Орынбор шекара комиссиясының деректеріне қарағанда, тархан атағын алғандар саны ХІХ ғасырдың ортасында 20 ғана адам екен). Осы Есенгелдінің Итемген, Сүтемген деген інілері болған.  Итемген бай (1743-1836) Базартөбе ауылдық округіне қарасты Тайқожа қорымында жерленген. Кезінде атақты Сүгір жырау:

...Егізімнің сыңары,

Егеуімнің сынығы,

Есен бе екен, сау ма екен.

Бессары, Асан, Қалқаман.

Мәмбет, Үмбет, Қосдәулет

Есенгелді, Итемген

Ауылынан кеңес тараған, – 

деп жырға қосуының өзі Жалмырза ұлдарының абырой-беделіне байланысты болса керек. Итемген байдан – Сатыбалды, одан – Бисен, Бисеннен – біз бүгін сөз еткелі отырған Бақтығали туған.

Бақтығали (Бақтыгерей, Бах, Бақыш) Бисенов 1890 жылы 10 желтоқсанда Орал облысы, Ілбішін уезіне қарасты Қызылжар болысы, №5 ауылда дүниеге келген. («1997 ж. 20.05. №9-13 облыстық мұрағат анықтамасында 24 тамыз 1887 туған, 1914 жылы Саратов  университетін бітірген»-деп көрсетілген.)

1901 жылы орыс-казак мектебін бітірген.

1910 жылы тамыз айынан бастап Саратов Императорлық Университетінің медицина факультетінде оқыған.

1911 жылы жедел түрде латын тілінен емтихан тапсырып, Оренбург қаласында №323 куәлік алады. 

1914 жылы әскери байланысқа орай 9 семестрді жедел түрде тапсырды. Кейін бұл оқуды жалғастырып, Саратов Императорлық Университетінде 1917жылы сәуірде соңғы емтиханды ойдағыдай тапсырып, «врач» мамандығы бойынша диплом алады.

Осы жылы Орал облысы ХІІІ Қызылкүлгін ауылында ауылдық учаскелік врач болып орналасып, 1920жылға дейін жұмыс жасайды.

1920 жылы Орал облысы Калмыков уезіне аудандық денсаулық сақтау бөліміне тағайындалады.

Б.Бисеновтың 1921 жылы жиналыстағы жұмысы жөнінде есеп беруі мұрағатта сақталған. Осы жылдары Калмыков уезінде 120 мың халық тұрған. Уезд врачтық және 10 фельдшерлік пунктерге бөлінген. Өкінішке орай азаматтық сот халықтың көмегіне кедергі келтірді. 

1924 жылдың басында Б.Бисенов Орал облысындағы Байғұтты ауруханасында, кейін Жымпиты ауруханасында жетекшілік етті.

1928 жылы тамыз, желтоқсан айы аралығында Тайпақ ауруханасын басқарды.

1929 жылы 15 шілдеде Тайпақ ауданының Базартөбе ауруханасына меңгеруші болып тағайындалады.

1936 жылы 15 шілдеде Тайпақ ауданының Базартөбе ауруханасына меңгеруші болып тағайындалады. Бұл жұмысты 1937 жылдың тамыз айына дейін жасағаны жөнінде деректер айтылған.

1937 жылы 16 қыркүйекте Б. Бисеновты №58-2-бабымен «Халық жауы» деп айыптап, тұтқынға алған.

Батыс Қазақстан облысы УНКВД үштігінің отырысында 1938 жылы 15 ақпанда Б. Бисеновтың мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілді. №2463 ісі бойынша Б. Бисеновқа Алашордашыл, халық жауы деген айып тағылды.

15 ақпан 1938 жылы Б. Бисеновты ату жазасын орындау ісі 19 ақпан 1938 жыл 21 сағат, 15 минутқа ауыстырылды. Осылай Б.Бисеновке жала жабылып, репрессияға ұшырап, жазықсыз атылды.

Есенгелді Жалмырзаұлы

Ардақта азамат кейін 1958 жылы ақталды. Ақталуына, ол туралы мәліметтерді тауып, жинастыруға қызы Роза Бақтығалиқызы Бисенова (1936 ж.т.) көп еңбек сіңірген. Ол Қазақтың мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітерген. Әке жолын жалғастырған білікті дәрігер. Көп жылдар Қарағанды қаласында бас балалар дәрігері боп қызмет еткен. Балалар денсаулығын жақсартуға арналған ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендермен марапатталып, екі мәрте облыстық кеңестің депутатығына сайланған. Бүгінде Астана қаласында тұрады. Елмен үнемі байланыста. Әкесінің жақсы атын қалыптастыруда еңбегі ерен. 

Б.Бисенов туралы әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Дегенмен, ол туралы деректер бар. Бұл кісі жайында майдангер-журналист Бисен Жұмағалиев кезінде былай деп жазған:

«Бақыш Бисенов революциядан бұрын Саратовтың медицина институтын бітіріп, елге келіп, өз ауылында аурухана ашқан. Оның «Бәлнес төбесі» деген аты әлі сақталған. Бүкіл Орал-Атырау еліне аты жайылған шипагер Алаш қозғалысына да қатысқан. Халел Досмұхамедовтың серігі болған.

1938 жылы Жымпитыда ауданның бас дәрігері болып жүргенде түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген. Ғ. Мүсіреповтың жұбайы Ғазиза Бисенова осы текті кісінің қызы» («Орал өңірі» газеті №35, 22.03.2002).

Б.Бисеновтың Алашорда қозғалысындағы қызметін әлі де зерттей түсу керек.

Ал Ғазиза Бисеноваға келсек, біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, ол – Бақтығалидың үлкен ағасы Нұрғалидың (1882-1948) қызы. Ғазиза Бисенова (1914-1987) – Орал драма театрының әншісі, Орал филармониясының алғашқы әртістерінің бірі. Кейіннен Алматыға барып, стенографист-машинистка мамандығын меңгерген. Ол апамыз машинка басқанда пианинода ойнағандай көрінеді екен. М. Әуезовтың «Абай жолы» романын ауызша айтудан машинкаға үлгеріп басқан. Қазақтың классик жазушысы Ғ. Мүсіреповтың соңғы жұбайы.    

Б.Бисеновке қатысты деректерді жинастырғанда, біздің қолымызда өлкеміздің тарихынан сыр шертетін құнды дүние Арнольд Иосифович Янтаревтың Ставропольдағы кітап баспасынан 1958 жылы жарық көрген «Село дәрігерінің жазбалары» («Записки сельского врача») атты кітабы бар екенін айта кеткен жөн. Кітапта Қазан университетінің медицина факультетін бітірген, азамат соғысына қатысушы, түпкі тегі нижегородтық жас маманның /кітап авторы/1925 жылы шалғайдағы бейтаныс өлке – Батыс Қазақстанға аттанып, жолдамамен Калмыковқа келуі, онда дәрігерлік қызмет атқаруы туралы айтылады.

Осында жүргенде ол көршілес Байғұтты ауруханасының жұмысымен де танысып, Бақыш Бисеновпен кездескенін де жазады. Кітаптан келтірілген үзіндіні орыс тілінде түпнұсқада берілуін жөн деп санадық:

«...Нам на встречу вышел видный мужчина лет сорока, аккуратно подстриженный и побритый, томным черными глазами. Лицо у него - холеное, самодовольное, взглядь - неподвижный, приковывающий. Одет он был, мягко говоря, не для приема гостей – в розовые в белую полоску кальсоны, заправленные в мягкие сапоги-ичиги, и такого же цвета рубашку. На голове красовалась расписаная ковровая тюбетейка. Его осторожные и мягкие двежения почему то напомнили мне пантеру.

Бах Бесеневич Бесенов, – отрекомендовался он протягивая мне небольшую, холеную, с длинными пальцами руку... (116-117-стр.)

...На меня поездка к Бесенову произвела ужасное впечатление. Я кипел от возмущения, от всего виденного и слышанного. Обо всем этом я рассказал Ялову (председатель волисполкома) и просил его, как члена КазЦИКа, вмешаться в дела Байгутинской больницы. Ялов обещал заняться, посоветовав, однкао, написать обо всем, что я видел, еще в губздрав. 

Через месяц днем неожиданно  зашел ко мне в больницу Бах. Он рассказал,что его переводят в уезд. И его это совсем не устраивает. 

Вместо него должен приеахть молодой русский врач, только  что окончивший Саратовский университет.

Не хотелось Баху, а все же пришлось бросить насиженное, удобное место и перекочевать в Джамбейту. Значительную часть своего скота он рассовал в степи по многочисленным родным, которых крепко держвл в кулаке.

Но в Джамбейте Бесенев прожил недолго. Его, как крупного бая, раскулачили переселили в другие места»... (А.И.Янтарев, «Записки сельского врача» Ставрапольское книжное издательство, 1958) 

Совет өкіметі кезіндегі таптық көзқарас тұрғысынан жазылған бұл жазбалардан, әрине, Бақтығали Бисеновке деген көре алмаушылық пен өшпенділік анық көрінеді. 

Оның салқыны ақыры өз зардабын тигізді. Сол тұста жұқпалы аурулар таралып халықтың денсаулығы мүшкіл халге түскен кезде бар күш жігерін елдің денсаулық әлеуетін көтеруге, шалдыққан дерттерінен айықтыруға жан аямай жұмсаған, Алашорда қатарында қазақ елінің бостандығы мен азаттығы үшін қызмет еткен қайран ер  1937 жылдың 16 қыркүйегінде тұтқынға алынады.

1937 жылғы 15 желтоқсандағы Батыс Қазақстан облысы УНКВД үштігінің отырысы Б.Бисеновты 10 қыркүйек 1937 ж. мерзімен бастап есептеп, 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберу туралы қаулы шығарады (РСФСР ҚК 58-2-бабы), яғни контрреволюциялық ұлтшыл-көтерілісшіл ұйымға қатысы бар деп айыпталады (№18 хаттама көшірмесінен).

15.02.1938 жылы Батыс Қазақстан облысы УНКВД үштігінің отырысы Алашорда үкіметі мүшелері арасында үлкен беделге ие, бұрын сотталмаған Б. Бисеновты ату жазасына кесіп, оған тиісті мүлікті тәркілеу туралы қаулы шығарады. Контреволюциялық көтерілісшіл-ұлтшыл ұйымда болғаны үшін деп (РСФСР  ҚК 58-2-11-бабы) айыпталады (№1 хаттама көшірмесі).

15.02.1938 жылғы Батыс Қазақстан облысы бойынша УНКВД үштігінің Б. Бисеновты ату жазасы қаулысы 1938 жылы 19 ақпан айында 21 сағат 15 минутта орындалғаны туралы. Үштік хатшысы (Троицкий) (АКТ көшірмесі).

Батыс Қазақстан облыстық сотының Президиумы 14.06.1958 жылғы қаулысымен Бисенов Бах Бисенұлына қатысты Батыс Қазақстан облысы бойынша  бұрнғы УНКВД үштігінің қауылысы жойылып, Б.Бисеновтың іс-әрекетінде қылмыс белгісі болмауы себепті іс өндірістен қысқартылды. 

Б.Б Бисенев  қайтыс болғаннан кейін толық ақталды.

(Анықтама 10.05.1958)

Кейінгі ұрпақ бүгінгі тәуелсіз күн үшін өз жандарын қиған Бақтығали Бисеновтай ұлдарын білуі керек. Тарихтан тағылым алсақ қана Тәуелсіздігіміз мәңгі болмақ! 

                         Мәлік Берді Әлі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

                                        Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?