ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақ даласында баспа ісі жақсы жолға қойылған еді. Семей, Омбы, Орал сияқты мәдени орталықтарда әртүрлі кітаптар басылып, сан алуан мерзімді басылымдар шығып тұрды. Сонымен қатар танымдық, тақырыптық газеттер мен журналдардың да таралымы жақсы еді. Солардың бірі «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы болатын.
Бұған дейін Qazaqstan Tarihy порталы аталмыш журналдың әр жылдары шыққан нөмірлеріне шолу жасап, сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы қандай деңгейде болғаны, сол дәуірдегі зерттеушілер мен ғалымдарды қандай мәселелер қызықтырып, немен айналысқаны жалпы ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер жайлы жазып бастаған еді. Осы жолы аталмыш журналдың 1966 жылғы санын ақтарып отырып, біршама қызықты дерекке тап болдық. Ол – «Иттерді мал бағуға қалай үйрету керек» деген зерттеу материал. Мақалада итті мал қайыруға үйрету, жоғалған малды іздеу, қасқырға салу, сондай-ақ Орта Азия овчаркасы, оңтүстік-орыс овчаркасы және кавказ овчаркасының «малсақтық сезімінің (инстинкті)» нашар болатыны, керісінше неміс овчаркасы, шотланд овчаркасы «колми», ағылшын овчаркасы «бордер-колли», венгер овчаркасы «пули мен «пуми» секілді тұқымдардың өте «малсақ» келетіні айтылады. Әрі иттердің өзіне тән тұқымдық ерекшеліктері де сөз болады.
Ең қызығы, сол дәуірде Алматыдағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында иттерді мал бағуға үйрету тәсілдерін зерттейтін арнайы лаборатория жұмыс істеп тұрыпты.
Авторы – Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында иттерді мал бағуға үйрету тәсілдерін зерттейтін арнайы лабораторияның меңгерушісі Ю. Пильщиков деген адам.
Иттерді мал бағуға қалай үйрету керек?
Ит – ежелден-ақ малшының сенімді серігі. Мал шаруашылығында оның адамға тигізер қолғабысы қазірде де аз емес. Ол малды ит-құстан қорғап қана қоймай, отарды бір жерге жинауға, шашау шыққандарын қайыруға, белгілі бір бағытқа өргізуге, егінге жібермей иіріп ұстауға, жоғалған малдарды іздеп табуға, тоғытқа түсіруге, қойларды суатқа бөліп-бөліп жіберуге, т. б. көмектеседі.
Иттерді іріктеп алу
Мал бағуға иттердің барлық түрлерін де үйретуге болады.
Шопандардың мына бір жағдайды ете ұстағандары жөн: күшік кезінен мал ішінде өскен иттер мал бағуға икемді келеді және оларды үйрету де қиынға түспейді. Күшіктерді мал бағуға 6-8 айлық кезінен бастап үйреткен жөн. Тым есейіп кеткен иттерді мал бағуга үйрету ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін.
Иттерді қолға үйрету тәсілдерінің жүйесі
Иттерді қолға үйрету тәсілдерінің жүйесі екі бөлімнен – жалпы және арнаулы бөлімдерден тұрады. Жалпы бөлімде ит қарғыбау киюге, жетелеп жүруге, иесіне ілесіп бос жүріп отыруға, атын атап шақырған кезде келуге, «кет, «жат», «тұр», «отыр» деген бұйрықтарды орындауға үйретіледі.
Арнаулы бөлімде ит мал бағуға машықтандырылады. Мұнда ол шашау шыққан қойларды отарға қосуға, отарды белгілі бір бағытқа өргізуге немесе бір жерге шоғырландырып иіруге үйретіледі. Иттерді мал бағуға үйрету кезінде жалпы бөлім мен арнаулы бөлімде қамтылған тәсілдерді катар қолдану керек. Сонда ғана іс нәтижелі болып, ит тез машықтанады.
Иттерді жаттықтыру орны мен уақыты
Егер ит адамдардың, транспорт жүріп жатқан жерлердің маңында жаттықтырылса, ол әр нәрсеге бір алаң болып, үйреткенінді жөнді ұқпайды. Мұның өзі иттерде шартты рефлекстің қалыптасуына кедергі келтіреді.
Иттерді жаттықтыруға у-шусыз, оңаша, оқшау орынды таңдап алу керек. Иттерді машықтандыруға жазда ертеңгі және кешкі салқын, ал қыста – түс кезі қолайлы. Оларды жаттықтыруға тамақ беруден екі сағат бұрын, ал тамақ бергеннен кейін екі сағаттан соң алып шығу керек.
Иттерді мал бағуға үйрету оңай емес. Мұның өзі шопанның тынбай ізденіп, талмай еңбектенуін, асқан шыдамдылық көрсетуін қажет етеді.
Иттерді қолға үйрету және өзіне қойылған атқа дағдыландыру
Жаттықтыру, серуендеу, тамақ беру кездерінде ит жаттықтырушы адамға, яғни өзінің иесіне әбден үйреніп алады. Жылы сөйлеп, үстін сипап еркелеткенді ит те жақсы көреді. Жаттықтырушының жүріс-тұрысына, дауысына, бүкіл қимыл-әрекетіне, иісіне, оның қолынан ас ішуге ит тез дағдыланып кетеді. Соны мен бірге итке ат қойып, оны сол атымен шақырып әдеттендіру керек.
Итті қарғы мен тұмылдырық киіп жүруге үйрету
Итті алдымен қарғы киюге, одан кейін бірте-бірте тұмылдырық киюге үйрету керек. Алғашқы кезде ит қарғы мен тұмылдырықтан мазасы кетіп, одан қайтсе де құтылуға тырысып бағады. Сондықтан оны жиі-жиі серуенге шығарып, әлсін-әлсін қарғы мен тұмылдырықты қысқа мерзімге шешіп алып, біраздан кейін қайта кигізу керек. Серуеннен, жаттығудан келгеннен кейін итті қарғысыз, тұмылдырықсыз бос жіберуге болады. Иттің қарғы бау, тұмылдырық киіп жүру мерзімі бірте-бірте ұзартылады. Сонда ол бұған әбден дағдыланып, қарғы мен тұмылдырық кигізсе болды, серуенге не жаттығуға шығатынын өзі де сезетін болады.
Тұмылдырық пен қарғыны иттің мойны мен тұмсығына лайықтап таңдап алу керек. Бұлар оның мойнына, көзіне батпайтын, тыныс алуына кедергі жасамайтын болуы тиіс.
Итті жетекке жүруге үйрету
Алғашқы кезде иттің қарғы бауын қысқа (20-30 см) ұстап, оны жаттықтырушының сол жағын ала қатар жүріп отыруға үйрету керек. Егер ит не озып кетіп, не артта қалып, не басқа бір жаққа бұлқынатын болса, «қатарға жүр!» деп зекумен бірге қарғыбауды қаттырақ тартып қою керек. Ит дұрыс жүріп отырса, «жақсы», «дұрыс» деп еркелетіп қойған жөн. Ит жүріп келе жатып әр нәрсені бір иіскелей берсе де, қарғыбауды сәл жұлқа тартып, оны мұндай әдеттен сол бойда тыйып отыру керек.
Карғыбауды бірте-бірте ұзартуға, кейін мүлдем тақпауға да болады. Жақсы жаттыққан ит қандай жағдайда болса да иесінің жанында қатар жүріп отырады.
Итті шақырғанда келуге үйрету
Шақырған кезде ит ешбір кідіріссіз бірден жетіп келуге тиіс. Егер келмесе немесе самарқау қозғалып, асықпай келетін болса, қашан жүрісін ширатқанша жаттықтыруды қайталай беру керек. Шақырғанда тез келген итке қант немесе басқа бір тәтті нәрсе беріп, оны еркелетіп қойған жөн.
Итті бірте-бірте ыммен, ысқырып немесе басқа бір белгі бойынша шақыруға үйрете бастау керек. Самарқау, шабан қозғалатын иттердің мойнына ұзын қарғыбау тағып, оны шақырған кезде тез келуге сол қарғыбаудың көмегімен үйретуге де болады.
Итті мал қайыруға үйрету
Бұрын-соңды мал көрмеген итті алдымен қарғыбауынан ұстап жетелеп, отарды айналдыра жүргізу керек. Содан кейін малға жақын бір жерге байлап қою қажет. Малдың итке, ал иттің малға көзі үйреніп, бірін-бірі тосырқамайтын болған кезде ғана оны бос жіберуге болады.
Қойлар иттен үрікпейтін, ал ит қойларға тимейтін болған кезде оны мал қайыруға үйрете бастау қажет. Ол үшін иттің мойнына ұзын (10-15 м) бау тағып, оны шашау шыққан малға қарай жүгірту керек. Жаңағы бөлініп қалған қой отарға косылғаннан кейін итті кері шақырып алу керек. Ал иттің отар ішіне кіріп, малға араласып кетуіне жол беруге болмайды.
Бөлініп қалған малды отарға қосқаннан кейін өздігінен кері қайтуға әдеттенген иттерді қарғыбаусыз бос жіберуге болады. Бара-бара ол шашау шыққан, бөлініп не артта қалып қойған малды иесінің ишарасынсыз-ақ өздігінен қайырып, отарға әкеліп қосады.
Отарды оңға не солға қайыруға үйрету
Итті бұл мақсатқа пайдалану үшін алдымен оның мойнына ұзын етіп (10-15 м) қарғыбау тағып, біраз жаттықтыру қажет. Ол үшін итті қарғыбауының бір ұшынан ұстап тұрып жүгіртіп, «оңға» және «солға» деген бұйрықтарды бұлжытпай орындауға дағдыландыру керек. Осылайша біраз жаттықтырғаннан кейін итке мал қайыртуға болады. Бірақ мұнда да алғашқы кезде оны қарғы бауының бір ұшынан ұстай жүріп үйрету керек. Бұл әдіске ит әбден төселгеннен кейін ғана оны қарғыбаусыз бос жіберуге болады.
Қойды бір жерге иіруге машықтандыру
Өрісте шашырай жайылып жатқан қойды ит бір жерге иіріп қана қоймай, олардың бірде-біреуін шашау шығармай сол жерде тапжылтпай ұстап та тұра алады. Бірақ бұған әуелі біраз жаттығу қажет. Ол үшін итті қарғыбауының бір ұшынан ұстап тұрып маяны немесе басқа бір нәрсені айналдыра жүгірту керек. Бұл кезде жаттықтырушының өзі де итпен бірге маяны айнала жүгіріп отырады. Егер ит басқа жаққа бұлтара берсе, оны қарғыбауынан қаттырақ тартып, жөнге салып қою керек. Осылайша біраз жаттықтырғаннан кейін ит иесінің алдына түсіп алып, маяны айнала өзі-ақ жүгіріп отыратын болады. Осы кезде оны қарғыбаусыз бос жіберіп, жаттықтырушы оған қарсы жүргені жөн. Егер ит бағытынан жаңылмай, маяны дұрыс айналып шықса, жаттықтырушы оны сырттай бақылап бір орында тұруы керек.
Айтқаныңды екі етпей орындайтын болғаннан кейін ғана итті мал қайыруға үйретуге болады. Алғашқы кезде оған аз ғана малды жинаттырып, бірте-бірте бүкіл отарды иіруге машықтандырған жөн. Мұнда оның бірен-саран малды отардан бөлін калдырып кетпеуін қадағалау керек.
Отардан бөлініп қалған не жоғалған малды іздеуге машықтандыру
Итті әуелі қарғысынан ұстап тұрып, бір немесе бірнеше қойды оның көзінше бір тасалау жерге апарып жасырып кою керек. Содан кейін оған қойларды жасырған жақты нұсқап, «ал енді іздеп тап» дегендей ишара жасау керек. Сонымен бірге қойлар тұрған бағытқа қарай жаттықтырушының өзі де қозғалуы керек және тіке жүрмей, із кесіп келе жатқан сияқты біраз бұрылыс жасай жүруі керек.
Алғашқы кезде итті тасадағы малдың ық жағынан жіберген жен. Сонда ол малдың иісімен оны тез табады. Біраз жаттыққаннан кейін итті қарғыбауынан жетелеп жүрмей-ақ бос жіберуге болады. Бірақ ол малды бірден үркітіп қуып кетпеу үшін, тасадағы малдың жанында жаттықтырушының көмекшілерінің бірі бола тұрғаны жөн. Малды тапқаннан кейін итті үруге, сөйтіп өзінің иесіне хабар беруге дағдыландыру керек.
Малды ит-құстан қорғауға жаттықтыру
Ірі, әрі күшті сақа иттер малды ит-құсқа алдырмайды. Қасқырмен айқасуға әсіресе төбеттер мықты келеді. Сондықтан мал бағуға 3-4 жастағы бір күшті төбет пен әрі сақ, әрі қабаған бір қаншық және олардан гөрі жасырақ екі төбет асыраған жен.
Шайқасқа түскен кезде қасқыр тамақтап кетпес үшін, иттің мойнына темірден істелген арнаулы қарғы кигізіп қою керек. Қарғы иттің мойнына батып қажамауы үшін, оның сыртын терімен қаптап тастаған жөн.
Итке малды жан-жағынан күзеттірген жақсы. Бірақ алдымен қай иттің қай тұста болуы керектігін анықтап алу қажет. Содан кейін олардың әрқайсысын өз орнына біраз уақыт байлап қойып, тамақты сол жерге апарып беру керек. Осылайша жаттықтырылған иттерді кейін бос жіберсе де, бірден өз орнына барып жататын болады.
Иттің неғұрлым батыл, епті, алғыр болуы үшін оны қасқырға салып үйрету керек. Ол үшін бөрінің қолға түскен бөлтірігіне тұмылдырық кигізіп ұстап тұру керек те, бірден екі-үш итті соған айтақтап қосып жіберу керек. Қасқырға бірден тап берген иттерді атын атап, еркелетіп қойған жөн. Егер жас иттер қасқырға жақындауға бата алмай, жай үріп қана қойса, олармен бірге сақа иттерді де қоса жіберу керек. Қарғыбауынан ұстап тұрып, иттерге қасқырды біраз талатып алуға болады.
Иттің бөріден тайсалмай, бірден айқаса кетуі үшін оны қасқырға салған кезде мылтық атуға да болады. Ал итті қасқырдың орнына басқа бір итке айтақтап қосып талаттыруға мүлде болмайды. Мұның өзі көрші отарлардың иттерінің бірімен-бірі ылғи таласа беруіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол сияқты итке талаттыратын қасқырды да мал басында ұстауға болмайды. Мұндай жағдайда иттің де, малдың да қасқырға әбден бойы үйреніп кетеді де, отарға ит-құс тигенін сезбей қалады.
Мал бағатын иттерді жаттықтыру
Мал бағатын иттерді міндетті түрде үзбей жаттықтырып отыру керек. Әйтпесе оларда пайда болған шартты рефлекстің бірте-бірте жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан үзбей жаттықтыру иттердің бойында қалыптасқан жақсы қасиеттердің онан әрі жетіле түсуіне жағдай жасайды.
Иттерді жаттықтыру кезінде жіберілетін қателер
Иттерді жаттықтыру кезінде жіберілген қатенің қандайы болса да үлкен қиындықтарға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан жаттықтыру кезінде орын алуы мүмкін-ау деген негізгі қателерді және оларды болдырмау немесе түзету жолдарын әрбір шопанның әрдайым есте тұтқаны жөн. Әдетте мына сияқты кемшіліктерге жиі жол беріледі.
1. Кейбіреулер ит те адамша ойлай біледі, адамның айтқанының бәрін ұғады деп есептейді де, оған өте қиын жаттығуларды үйретуге тырысады. Бұл – үлкен қате.
2. Бір жаттығуды қайта-қайта қайталатып мезі қылса, ит иесінің айтқанын самарқау тыңдайды.
3. Орынсыз қыстап не орынсыз тыйым сала берсе де, ит самарқау қалыпқа ауысады.
4. Дауыстап не ымдап белгі беру тәсілдері өзгерсе немесе бұл белгілер айқын болмаса да, ит иесінің айтқанын орындамайды.
5. Ұрып-соғып, қатты зеки берсе де, ит айтқанға көнбейді.
6. Итке екі-ұшты бұйрық беруге, оны басқа бір мағыналас сөзбен алмастыруға, айтқанды істемеген итті еркелетуге болмайды. Мұның өзі шартты рефлекстің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді.
7. Иттердің тұқымдық ерекшеліктері әрдайым ескеріле бермейді. Мәселен, Орта Азия овчаркасының, Оңтүстік-орыс овчаркасы мен Кавказ овчаркасының «малсақтық сезімі (инстинкті)» өте нашар. Сондықтан мұндай иттерді мал бағуға кішкентай күшік кезінен машықтандыру керек. Ал неміс овчаркасы, керісінше, өте «малсақ» келеді.
Шотланд овчаркасы «колми», ағылшын овчаркасы «бордер-колли», венгер овчаркасы «пули» мен «пуми» мал бағуға тез машықтанады және олардың бұл қасиеті ұрпақтан ұрпаққа жақсы ауысып отырады.
Жаттықтырушының басты және негізгі міндеті – қате-кемшіліктерге жол бермеу. Сондықтан ол итті мал бағуға машықтандыру тәсілдерін алдымен мұқият ойластырып алып, іс жүзінде содан кейін ғана қолдануы керек.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. А.П. Мазовер. «Собаководство в сельском хозяйстве». – М.: Госсельхозиздат, 1957.
2. В. Бочарев, А. Орлов. «Дрессировка служебных собак». – М.: ДОСААФ баспасы, 1957.
3. П.А. Заводчиков. «Служебная собака в сельском хозяйстве». – М-Л.: Госсельхозидат, 1955.
4. А.А. Татарский. «Постушьи собаки в обцеводстве». – М.: Госсельхозиздат, 1960.
5. Ю.Н. Пильщиков. «Рекомендации по дрессировке постушьих собак». Алматы: «Қайнар» баспасы, 1966.
Ю. Пильщиков, Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ит өсіру лабораториясының меңгерушісі.